Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
«Соқыр» Фемида 5975 7 пікір 7 Тамыз, 2018 сағат 12:52

Қазақстан қазір - Қылмысстан...

Мәнерлеп сырғанаудан олимпиаданың  қола жүлдегері  Денис Теннің қарақшылар қолынан қайтыс  болуына байланысты ғаламторда біраз пікірлер жазылды. Оның негізгісі  - тәртіп сақшыларының жұмысы талапқа сай еместігі, осыған байланысты Ішкі істер министрі Қалмұқан Қасымов және біраз шенеунектерді мәртебелі қызметтерінен аластату жайлы талаптармен түйінделді. Өзінің "жеке мүлкін қорғауда көрсеткен ерлігі үшін" Тенге "Халық қаһарманы" атағын беру керек деген де ұсыныс болды. Іле шала қылмыстылар ұсталды, олар жұмыссыз, күнкөріс үшін автокөлік тонаумен айналысатын, осыдан бұрын да істі болған қандастарымыз көрінеді.

Ішкі істер министрлігі қарап жатпады,  іскерлігін көрсету үшін жүздеген полицейлердің қатысуымен Алматы, Тараз, Шымкент, Астана қалаларының автобөлшек сататын базарларын шұғыл тексеріп, бизнес өкілдерін біраз дүрліктірді. Осыған байланысты біздің санамызда "Олар бұрын не бітірген?", "Ұрылардың қолынан қарапайым адам қайтыс болса мұндай дүрлігу болар ма еді?" деген секілді сансыз сұрақтар  дөңбекшіп жатты.

Егемендік алған 27 жыл аралығында қол жеткен табыстарымыз аз емес. Есілдің сол жағалауында Астана бой көтерді, жыл сайын халықаралық деңгейде неше түрлі шаралар өткіземіз. Алматыда  ірі спорт кешендері салынып қысқы Азиаданы, ТМД елдерінің ішінде бірінші болып Астанада ЭКСПО-ны өткіздік. Қаншама  сауда орындары, тұрғын және қонақүйлер бой көтерді, көшелер толған шетел автокөліктері, ертелі-кеш кептелістен жүре алмайсыз. Осыған қарап халықтың жағдайы жақсы, тұрмыс деңгейі жоғары деп ойлауға болады. Бірақ  шынтуайтқа келетін болсақ, тұрақты жұмысы мен баспанасы жоқ қаншама жастар отбасын құра алмай Астана мен Алматы және басқа ірі қалалардың базарларында сандалып жүр. Аталған қалаларда салынып жатқан зәулім тұрғын үйлерді сатып алуға  олардың мүмкіндігі жоқ, бір-екі бөлмелі пәтердің құны 50-60 мың АҚШ долларына жетеді. Ресми деректер бойынша жұмыссыздар саны 4,9 пайызды құрайды екен, 500 мың адамға жуық, шынайы көрсеткіш бұдан әлде қайда жоғары болуы мүмкін, оған өзін-өзі жұмыспен  қамтып отырған екі миллионнан асатын тұрғындарды қосыңыз. «Халқымыздың 40 пайызға жуығы ауылда тұрады» - деген ресми дерекке де сену қиын. Себебі ұжымшарлар мен кеңшарлар жекешелендіріліп, таратылғаннан кейін ауылда мектеп пен аурухана сияқты бюджеттік мекемелер болмаса, істейтін жұмыс қалмады. Тұрғындардың, әсіресе жастардың көпшілігі қалаға ағылды. Егемендікке қол жеткен алғашқы жылдары олардың жағдайы да мәз емес еді, ірі өндіріс орындары жабылып, жұмыссыздық белең алған. Күн көріс үшін халықтың көпшілігі сауда- саттықпен айналысып, ала сөмке көтеріп, Қытайдың арзан тауарларын тасыды.

Алматы қаласы мен төңірегіне назар аударсаңыз, батыста Ұзынағаш, шығыста Есік, теріскейде Қапшағайға дейін  қаптаған сауда орындары, азық- түлік болмаса, сатылып жатқан  тауарлардың көпшілігі Қытай мен Түркия, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты елдерден әкелінген. Соншама егістік жер мен мал жайылымдары бола тұра  Белорусь пен Қырғызстаннан сүт пен май өнімдерін тасымалдаймыз. Елбасының үстіміздегі жылы АҚШ-қа сапары кезінде 2,7 млрд долларға азық-түлік өнімдері мен қызметтер көрсету жөнінде келісімге қол қойылыпты. Демек, біз еліміздің емес, шетел экономикасын көтеріп жатырмыз, мұнай мен металл және басқа шикізаттарды сатудан түскен табысымыз халықтың  игілігі мен тұрмыс жағдайын жақсартуға емес, билік басындағы және айналасындағы ат төбеліндей адамдар қызығын көріп отыр. Мәселен, еліміздің экономикасы тұралаған 2017 жылы Forbes тізіміне енген кейбір байларымыздың табысы екі есе артыпты. Соңғы жылдары жан басына шаққандағы жылдық табыс екі еседей құлдырап 5 мың АҚШ долларынан аспайды, осыдан он жылдай бұрынға көрсеткіштен екі есеге жуық төмен, бізді  Ресей мен Өзбекстан басып озды. АҚШ пен Канада және көптеген Батыс Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 100 мың долларды құрайды екен, бір миллиардтан аса халқы бар шығыстағы көршіміз Қытайда 25 мыңнан асады.

Өкінішке орай біз рухани жаңғырып емес, құлдырап бара жатқан сияқтымыз. Тұрақты жұмысы мен баспанасы болмағандықтан қаншама жастар отбасын құра алмай жүр, құрғандардың  ішінде 30 пайызға жуығы ажырасуда. Ұлы Отан Соғысы жылдары Кавказдан еріксіз көшірілген шешендер мен болгарлар, түріктер мен азербайжандарға, Қиыр шығыстан жер аударылған кәрістерге пана болған халқымыз қазір қатыгезденіп кеткендей. Бейсен Құранбек жүргізетін «Қаракет» бағдарламасынан неше түрлі жан түршігерлік жағдайларды естіп көресіз. Тапқан  3-4 баласын тастап, күнкөріс қамы немесе жеңілтектікпен қаңғып кеткен келіншектер. Жетім балалар үйлеріндегі сәбилер мен жасөспірімдердің көпшілігі өзіміздің қарагөздер, біразы егемендік жылдары шетелдерге сатылып кетті. Жаңа туған нәрестені саудалаған, дәретханаға немесе қоқысқа тастаған, жүріп бара жатқан автокөлік терезесінен лақтырған да өзіміздің қандастарымыз. Ғаламторда жарияланған деректерге қарағанда кәмелетке толмаған үш мыңнан аса қыздар екі қабат болыпты, оның жартысына жуығы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысынан көрінеді.

Сот пен құқық қорғау  мекемелері және халыққа қызмет  көрсету орталықтары қызметкерлерінің салғырттығынан жапа шегіп жүрген адамдар қанша ма? Жақында  «Abai.kz» порталында елімізге танымал әнші Қажымұрат Шешенқұл 5 жылдан бері өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүргенін жазды, қайтыс болған інісінің орнына тізімнен шығып қалған. Бұл орын алған бір ғана  келеңсіздік емес. Бастауыш сыныпта оқитын немересінің зорлануы жайлы әжесінің арызы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданбаған, қылмыскерлер жергілікті шенеунектердің балалары болған. Жақында осындай ақпарат  тарады. Түркістан облысының Абай ауылында 22 жастағы жігіт өзін екі ер адамның қалай зорлағаны жайлы жазыпты, арызы бойынша шара қолданылмаған.

Егемен еліміздің қоғамында орын алып отырған осындай көңіл көншітпейтін, тіптен жан түршіктіретін  теріс құбылыстардың басты себебі жұмыссыздық, болашаққа деген сенімнің болмауы, ру мен жүзге бөліну, билік  пен құқық қорғау органдары мен тәртіп сақшыларын жайлаған парақорлық пен жемқорлық. Жұмыссыздықтың салдарынан жастар күн көрудің қамымен неше түрлі  қылмыстарға баруда. Мәселен, Алматы қаласы бойынша өткен жылы ірілі ұсақты 30 мыңнан аса қылмыс тіркелген, олардың тек 40 пайызы ғана анықталыпты. Өкінішке орай  мінбелерден айтылған әдемі сөздер, үкіметтік басылымдар мен телеарналардан берілетін ақпараттар мен нақты істердің арасында үлкен алшақтық байқалады.

Мәселен, бір жылдан аса  уақыт "зейнетақы көтеріледі, ол нақты еңбек өтіліне байланысты қайта есептеледі" деп жар салынды. Мен ғылым докторымын, профессор атағым бар, зейнетке 2005 жылы 40 жылдық жұмыс өтілімен шыққан едім, 39 жыл  бір мекемеде істедім. Соңғы үш жылдағы айлық жалақымның орташа мөлшері 100 мың теңгеден асатын, ең болмаса зейнетақым 40-50 мың болар деп ойлаған едім. № 1 тізімге сәйкес маған 10487 мемлекеттік және 3000 теңге  жәрдемақы тағайындалды. Ұлттық валютаның бірнеше рет құлдырауына және жыл сайынғы инфляцияға байланысты 2018 жылы алатын зейнетақым 106630 теңгеге жеткен еді, оның 15 274 теңгесі базалық, соған бар жоғы 13 000 теңге қосылыпты. Салыстырып көрелік. Жақында  Германияда тұратын бір қандасымыздың Abai.kz порталында отанына не себепі оралмауы жайлы сұхбаты жарияланды. Ол қарапайым жұмыс атқарған, жұмыс өтілі жеткілікті болғандықтан зейнетке ертелеу, жасы 60-қа жетпестен шығыпты, ол үшін тиеселі қаржыдан 10 пайыз ұсталады екен. Соны есепке алмағанның өзінде алатын зейнетақысы  2 200 еуро, немесе теңгеге шаққанда 900 мыңнан асады. Күнделікті тұтынатын азық-түлік пен коммуналдық төлемдерге, бір екі рет шетелге барып, демалып қайтуына толық жетеді. Сонда тұратын жақындарымен бірлесе елімізге келіп кәсіппен айналыспақ болған екен, қолдау таба алмапты. 2001-2007 жылдары  Еңбек пен халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған, зейнетақы тағайындау жөнінде талай былық шылық жіберген Гүлжан Қарақұсова он жылдан аса Парламент депутаты болып отыр, қаржы саласын басқарады. Жаңылмасам кезінде "он тауығы бар  отбасы өзін өзі асырай алады" деп көкіген де осы кісі болатын.

Үстіміздегі жылы  қауырт іске асыру қолға алынған екінші бір шара - барлық салаларды цифрландыру болып тұр.  Мемлекеттік телеарналарды қарап отырсаң жарты жыл өтпестен қол жеткен нәтижелер жеткілікті көрінеді. Ауылшаруашылығына келсек, қанша егіс көлеміне тұқым себілді және минералдық тыңайтқыштар қолданылды, жанармай жұмсалды   т.с.с. ақпараттар анықталып отыр. Шындығына келсек, бұның бәрі шетелдерден әкелінген GPS және т.б. дәлдігі жоғары құралдармен жабдықталған техникалар арқылы бірнеше жылдан бері іске асырылып жатқан жұмыстар.

Денсаулық сақтау саласына  назар аударалық.  Енді дәрігер бұрынғыдай қағаз толтырып отырмайды, науқас жайлы ақпарат электронды нұсқада болады, орталықтанған жүйеде сақталмақ. Барлық  елді мекендер ғаламтор жүйесімен қамтылған ба, шағын ауылды қойғанда, аудан орталығында электронды жүйені игеріп кететін мамандар бар ма? Мен Алматы қаласынындағы Президент әкімшілігінің емханасына тіркелгенмін, бірнеше жыл бұрын ол электронды жүйеге көшкен. Бірақ та, дәрігердің қабылдауына кіру үшін, карточкаңды алып жүргенің, ең бастысы ол сені 20-25 минут қабылдаса, 15-20 минуты компьютерге ақпарат ендіруге кетеді.

Үкімет  денсаулық саласына көңіл бөлмейді деуге болмайды, жылына миллиардтаған қаражат бөлініп, бекітілген тізім бойынша науқастар бекер дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуде, аудан мен облыс орталықтарында жаңа ауруханалар салынып, олар заманауи құрал жабдықтармен жарақталуда. Сөйте тұра өкінішке орай барлық дәрігерлердің білім деңгейі жоғары, қызметтерін талапқа сай істеп жатыр деп айта қою қиын. Мәселен әріптесімнің жұбайына қалалық онкологиялық ауруханада екі рет ота жасады, алдымен апроскопия тәсілімен, арада он-он бес тәулік өтпей ішін жарып, жыныс пен зәр мүшелерін толықтай алып тастады. Қойған түтікшесі бірде бітеліп немесе шығып кетіп, қаншама азаптанды, жедел жәрдем шақырса, оның дәрігерлерінің қолынан келмейді, Қалқамандағы ауруханаға апарады. Бейшара қаншама азап көріп, екі -үш айдан кейін көз жұмды, мүшкіл жағдайын біле тұра дәрігерлер екінші отаны  не үшін жасағаны бізге түсініксіз.

Көктемнен бері  жұбайым қатерлі ісікке шалдығып, медицина саласының жұмысының қыр-сырымен танысып, цифрланрдырудан бұрын шұғыл шешуін қажет ететін көп түйткілдер бар екеніне көзім жетті. Ауру белгісі наурыз айының соңына қарай ультрадабыстық тексеруден (УЗИ) өткенде байқалып, МРТ зерттегенде расталды. Дәрігер онкология институтында Сергей Владимирович деген тәжірибелі маман істейді, соған барыңыз деп кеңес берді. Ол   ота жасауға кіріп кеткен екен, тапжылмай екі сағаттан аса күтуіме тура келді, МРТ қорытындысын қарасымен ұйқы безінің ісігінен өт жолы бітеліп, ол қанмен денеге таралып жатқанын, механикалық сары ауру деп аталатынын, шұғыл ота жасату қажет екенін айтты. Бүгін бейсенбі бізге қанның дайын анализ қорытындыларымен келулеріңіз  керек, оған бір-екі тәулік уақыт кетеді, науқас шыдамауы мүмкін. Сондықтан Сызғанов атындағы хирургиялық орталыққа апарғаныңыз жөн болар деп кеңесін беріп, бөлім меңгерушісінің аты жөнін, қайдан табуға болатынын жазып берді. Жұмыс аяқталуға тақап қалған, екі сағаттан аса күтуге тура келді, жас жігіт екен, ертең таңертең алып келіңіз, бірден жатқызамыз,  тексерістен өткізіп сенбіге қалдырмай ота жасаймыз деді. Жұбайым ауруханада екі аптаға жуық жатты, дәрігермен бірнеше рет кездестім, телефонмен сөйлестім, қарапайымдылығымен, сыпайылығымен, біліктілігімен науқастарға деген ілтипаттығымен есте қалды.

Аурудың негізгі себебі қатерлі ісік болғандықтан, ота жасалғаннан  жарты ай өткеннен кейін, сол түйткілмен айналысуға тура келді. Тұрғындар саны екі миллионға жуықтаған  Алматының қалалық онкологиялық клиникасы өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған екі қабат ғимаратта орналасқан екен (жақында ғана ол орталық Папанин көшесіндегі 4- хирургиялық кешенге көшірілді) , коридоры тар, қайда бармасаң да кезек күтіп тізіліп отырған науқастар, көпшілігі егде адамдар,  орта жастағылар да кездеседі. Алдымен хирургта болдық, ол терапевке жіберді, 2-3 тәуліктен кейін оның қабылдауына кірдік. Аптасына бір рет қана өтетін консилиумды оншақты тәулік күттік, қабылдайтын уақыты екі сағат, кезекте 20-ға  жуық науқас. Жұбайыма ота жасауға болмайтындықтан химиотерапия тәсілімен емдеу ұсынылды. Онкология институына бардым, бөлім меңгерушісі орта жасқа жетпеген қандасымыз екен, қабылдауында болып жолдама алдым. Квота алу үшін қалалық онкология ауруханасына келсем, онда мамандар кеңес беруі ұсынылған екен, қол қойылмаған. Қайтадан институтқа келдім, таңертеңгі сегіз бен тоғыздың арасында ғана меңгерушіні ұстай аласың. Қабылдау бөлмесіне кірсем, ол қол астындағы 4-5 қызметкердің апшысын қуырып жатыр екен, алдыма үлкен адам келіп тұр деп қымсынбайды, аузынан «ақ ит кіріп, қара ит»  шығады, 4-5 минут аралығында «в ...т» және «с ..а» деген сөздерді неше рет қайталанды. Жағдайды айта бастап едім, қазақша жете түсінбейтінін білдірді, ұлтаралық тілге көшуге тура келді. Жолдаманы түзеткізіп, қол қойдырып, сол күні қалалық клиникадан квота алдым. Сонымен ауру белгісі байқалғаннан, науқастың ем алуға жатқанына дейін бір айдан аса уақыт өтті. Осы екі арада талай науқастармен сұхбаттастым. Бірнеше ай сенделіп жүретіндер бар екен, кейбіреулер сонау Атыраудан келген. Жұбайым химиялық терапиядан өту үшін институт ауруханасына жатты, жаңа салынған ғимарат болса да жағдайы шамалы, бір бөлмеде 5-6 төсек, бірнеше палаталарда жатқан науқастар жуынатын және дәрет алатын бөлме біреу ғана. Сонымен науқастың жатқанына екі тәулік өтті, химиясын әлі бастамаған, қасында жатқандардан сұрастырып білсе, қосымша ақша дәмететін көрінеді, амалсыздан беруге тура келді. 7 тәулік емін алды, ауруханадан ертең шығарамыз деген түні  аяқ астынан қан қысымы төмендеп, 2-3 сағатқа жуық реанимация бөлімінің дәрігерлері көмек жасапты, ертеңгілікте келсек, тамырынан қан құйып жатыр екен. Бөлім меңгерушісі кабинетіне шақырып, науқасты бұдан ары ұстай алмайтынын, реанимация бөліміне жіберетінін, одан өз аяғымен шыға қоятыны екі талай екенін немесе хосписке орналастыруға көмектесетінін, қаласақ үйге алуға болатынын айтты. Сонымен жұбайымда ауруханадан шығарып алдық, бір-екі тәулікте аздап өзіне келді, нұсқауда көрсетілген дәрі-дәрмектерін сатып алып «Орбита» ықшам ауданындағы «Медикер Алатау»   ауруханасында бір аптадай емделді, дәрігерлердің көмегімен беті бері қарады. Кейін Қытайдан келген тәжірибелі дәрігерден он реттен төрт курс ем алып, денсаулығы біраз түзелді.

Денис Теннің өліміне байланысты Ішкі Істер министрлігі мен оны көп жылдан бері басқарып келе жатқан Қалмұқанбет Қасымовтың атына айтылған сын дұрыс деп ойлаймын. Соңғы екі-үш жылда қаншама ойланып толғанбаған шикі заңдар мен ережелер қабылданып, халықты дүрліктірді, көпшіліктің наразылығын тудырды, тіптен кісі өлімдеріне дейін апарды. Мәселен   жол ережелерін бұзғаны үшін автокөлік жүргізушілеріне салынатын айыппұл мөлшерлері , жас сәбилер мен жетіншіктерді автокөлікпен тасымалдау, азаматтарды уақытша тіркеу және т.с.с. Ірі қалаларда автокөлік бөлшектері және басқа заттарды ұрлау, есірткі тасымалдау мен сату, ауылдық жерлерде малбарымталау сияқты қылмысты істерде тәртіп сақшыларының қатысы болуы мүмкін  деген күмәннің негізі бар сияқты. Осыдан 2-3 жыл бұрын малдарын сатуға Ұзынағаш базарына әкелген арыстай үш оралман жігітті автокөлігімен айдалаға апарып, өлтіріп кетті, естуімше қылмысты бір адам ғана мойнына алып, сотталды. Негізінен бұл ұйымдасқан топтың ісі; ішінде тәртіп сақшылары мен құқық қорғау органының қызметкерлері болуы мүмкін.

Денис Теннің   өлімі көпшілікті қатты толғандырды. Елбасы оның отбасына көңіл айтып, Ішкі істер министрі мен Бас прокурорға қылмыскерлерді ұстап, заң бойынша жазасын беруге арнайы тапсырма берді. Қылмыскерлер ұсталғанымен, біздегі келеңсіздіктер жойыла ма?

Мұрат Қойшыбаев, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530