Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Құйылсын көшің 6100 3 пікір 6 Тамыз, 2018 сағат 17:34

Abai.kz қозғаған мәселе шешімін тапты

Кезекті еңбек демалысынан оралсам, құзырлы органдарға жазған біраз хаттардың жауабы келіп үлгеріпті. Соның бірі «Астана қалалық көші-қон полициясы құжат қабылдаудың еш жерде жоқ «үлгісін» жасап алыпты» атты мақаламызға орай келген жауап екен.

Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын Астана қалалық көші-қон полициясы қызметі басқармасының тұрақты тіркеуге тұруға және азаматтық алуға өтініш білдірген қандастарымыздан құжат қабылдағанда қандастарымыздың өтінішін, өмірбаянын төте жазумен (Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиімен) жаздыртып және сауалнама-өтінішін төте жазумен (Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиімен) толтыртып, оны аударма орталықтарына біздің қазіргі қолданыстағы кириллица әліпбиіне аудартып, ол аударманы нотариуспен бекіттіріп барып қабылдап жатқаны туралы «Abai.kz» ақпараттық порталына жазған болатынбыз. Мақала жазып қана қоймай, ол мақаланы «Ақеділ» жастар шығармашылығы қолдау қоғамдық қорының директоры Гүлісхан Домалайдың атынан «Нұр Отан» партиясына тіркетіп, Астана қаласының прокуратурасына жібергенбіз. Қалалық прокуратура ол хатты Астана қаласы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимал департаментіне анықтауға жолдапты.

Міне, сол қалалық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимал департаменті өтініште тіркелген мәселе негізінде 16-30 мамыр аралығында Астана қалалық ішкі істер департаментінің Көші-қон қызметі департаментіне кезектен тыс тексеру жүргізіп, қызмет түрі бойынша архивтерді ақтарып, жауапты қызметкерлерден түсініктеме алыпты.

Департамент басшысы және әдеп жөніндегі кеңес төрағасы С.Таскинның қолы қойылған жауап хатта «Тексеріс барысында, ҚР азаматтығын алуды тіркеу мемлекеттік қызметіне қатысты нормативтік құқықтық актілер нормасына сай келмейтін талаптар анықталды. Көші-қон басқармасының қызметкерлері мен мемлекеттік қызмет көрсету кезінде қызметалушылардан өтінішті, сауалнаманы және өмірбаянды мемлекеттік немесе ресми тілде беру мүмкіндігі жоқ қызметалушылардан көрсетілген құжаттарды өз қолымен толтырып, мемлекеттік немесе ресми тілге аударуды және оны нотариуспен куәландыру талаптары қойылған.  Яғни, Сіздің өтінішіңізде келтірілген фактілер расталды және тексеріс барысында жойылды, сондай-ақ Астана қалалық ішкі істер департаментінің басшыларына тиісті ұсынымдар жолданды» делінген.

Сөйтіп, қандастарымыздың құжаттануына қаржылық зиян және кедергі келтіртетін «бүйректен шығарылған» бір сирақ кесілді.

Айтпақшы, біз көтергеннен дейін бұл келеңсіздіктің белең алғанына біршама уақыт болған. Өкінішке орай, біздің қойдан қоңыр, қозыдан момын қандастарымыз «Айтсақ, бәле болады!» деп, айтқанға көніп, айдағанға жүре берген ғой.

Естеріңізде болсын, Заңдар мен нормативтік құжаттарда  Тұрақты тіркеуге тұрғанда немесе азаматтыққа құжат тапсырғанда барлық құжат қолмен жазылсын деген талап жоқ, компьютермен теріп әкелсе де бола берді. Бұл – бір.

Екіншіден, «Айтсақ, бәле болатын!» түгі де жоқ, айту керек, жазу керек. Қандастарымыз сергек қимылдап, Заң талаптарын сақтау туралы Көші-қон қызметкерлеріне талап қоя білуі тиіс! Егер, қолда бар Заңның мүмкіндігін пайдалана алмасақ, сорлағанымыз – сорлаған! Елбасының қолы қойылған Заңды дұрыс атқару және атқарту бәрімізге парыз!

Аталған келеңсіздік туралы Алматыдан Ырысбек Тоқтасынұлы бауырымыз телефон шалып, оның жиені көмектесіп жүріп, төте жазуға аударылып, нотариусталған құжаттың көшірмесін бір ағайыннан зорға алып, бұл мәселені біздің көтеруімізге мүмкіндік туды. Әйтпегенде, бүгін Астанада басталған бұл заңсыздық ертең Ақмолада, арғы күні Қостанайда... жалғасып, бүкіл республика көлемінде қанат қағар ма еді, кім біледі?!

Сол үшін, Астана қаласы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимал департаментіне зор алғыс айтамын!

Ауыт Мұқибек

06.08.2018

Астана

Abai.kz

 

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499