Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
2713 0 пікір 21 Маусым, 2018 сағат 10:10

Елбасы: Бүкіл заңдар мен нормативтік құқықтық актілері Конституция ережелеріне толық сәйкес келуге тиіс

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады.
Кездесу барысында конституциялық реформаның жүзеге асырылу барысы, Конституциялық Кеңес қызметінің нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған жоспары және Конституция күнін мерекелеуге дайындық барысы жөнінде әңгіме өрбіді.

Қазақстан Президенті Конституциялық Кеңестің Ата Заң үстемдігін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган екеніне тоқта­лып, оның әлеуетін одан әрі арттыра түсу қажет­тігіне назар аударды.

– Парламенттің, еліміздегі мемлекеттік органдардың қабылдаған бүкіл заңдары мен нормативтік құқықтық актілері Конституция ережелеріне және нормаларына толық сәйкес келуге тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Конституциялық Кеңес төрағасы Қ.Мәми Мемлекет басшысына Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституция күнін мерекелеуге дайындық барысы жөнінде мәлімдеді.

Елбасы Н.Назарбаев Татарстанға жұмыс сапарымен барып, сапар барысында Татарстан республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесті.

Келіссөзде екі елдің әлеуметтік-эконо­микалық даму қарқыны, сауда-экономи­калық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру, машина жасау, қорғаныс және ғарыш өнеркәсібі салаларында бірлескен кәсіпорын құру, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит әлеуетін дамытып, инфрақұрылымдық бағ­дар­ламаларды жүзеге асыру және т.б. бүгінгі күннің өзекті мәселелері сөз болып, дос­тық пен ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде әңгіме өрбіді.

– Сіздерде ІТ-технологиялар саласы жақсы дамып келеді. Біздің жастарымыз бұл тәжірибені зерттеуі керек. Өңіраралық ынтымақтастық та ілгерілеп келеді. Екіжақты сауда көлемі 700 миллион долларға дейін өсті. Енді 1 миллиард доллар көрсеткішіне қол жеткізу керек, – дей келе, Мемлекет басшысы барлық мемлекеттер баламалы энергия көздерін пайдалануға көшетінін, таяу 50 жыл ішінде мұнай мен газға деген сұраныс та сақтала беретінін тілге тиек етіп, осы уақыт аралығында өңдеу өнеркәсібін құру қажеттігін назарға алды.

Ауыл шаруашылығы саласының маңыз­ды­лығына тоқталып, жоғары сапалы сиыр етін өндіру үшін шетелден асыл тұқымды ірі қара мал алынғанын, болашақта ауыл шаруа­шылығы ғылымын дамыту қажеттігін жеткізді. Білім саласы да ­назардан тыс қалмады. Білім беру мен медицина саласындағы байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері қаралды.

ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Қазан қа­ла­сының табысты дамып келе жатқанына қуаныштымын. Ресеймен өзара жалпы қарым-қатынасымыз тұрғысынан алғанда Татарстан жетекші орындардың бірінде. Біз екі халықтың игілігі үшін ынты­мақ­тастығымызды жалғастыра беретін боламыз» дей келе, Р.Миннихановтың екі елдің ара­сындағы достық қарым-қатынасты, өзара тү­сіністік пен сенімді нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, Татарстан басшысын І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Өз кезегінде Рустам Минниханов Қазақ­стан татар елінің басты серіктесі екенін атап өтіп, бірлескен жобалардың нәтижелі болатынына сендірді. Қазақстандағы білім беру жүйе­сінің даму қарқынына мән беріп, студент алмасу үдерісін жандандыруға дайын екенін жеткізді.

Іссапар барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазан федералдық универси­тетінде болып, оқытушы-профессорлармен және Қазан қаласында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен жүздесіп, ашық жарқын әңгіме құрды.

– Тарихи деректерге сәйкес, Қазан уни­верси­тетінде 1877 жылдан бастап қазақ интеллигенциясы да білім ала бастаған. Оқу орнының Қазақстанмен тарихи байланысы бүгінге дейін жалғасып келе жатқаны қуантады. Қазіргі уақытта мұнда түрлі мамандық бойынша 500-ден астам қазақстандық студент оқиды, – деген Елбасы Н.Назарбаев білім ордасының академиялық және ғылыми базасы мықты екенін, елден арнайы білім іздеп барған жастардан мол үміт күтетінін жеткізіп, сенім білдірді.

Мемлекет басшысына Қазан федералдық университетінің Құрметті профессоры атағы берілді. Рәсімнен соң Қазақстан Президенті Қазан федералдық университетінің Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Қазақстан мен Ресейдің 25 жылдық дипло­матиялық қатынастары кезеңінде екіжақты саяси және экономикалық ынтымақ­тастық үлгі боларлық дәрежеге жеткенін атап өтті.

– Тығыз ынтымақтастығымыздың ар­қасында ТМД кеңістігінде жаңа интегра­ция­лық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ пайда болды, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты Астана мен Мәскеудің стратегиялық серіктестігінің маңызды элементі деп атады.

– Қазақстан үшін бауырлас татар хал­қының орны ерекше. Біздің тарихи тамырымыз ортақ, тіліміз, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз ұқсас. Елдеріміз арасындағы тарихи достық дәнекері Қазақстан мен Татарстанның қазіргі кезеңдегі ынтымақ­тастығы үшін берік негіз болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Н.Назарбаев екі елдің мәдениет пен халықты жақындастыра түсу ісінде татар диас­по­расы маңызды рөл атқарып отыр­ғанына ерекше тоқталды.
Қазақстан Президенті Татарстан респуб­ликасымен бірлесе отырып, жүзеге асырылып жатқан жобаларға да тоқталды.

– Біз машина жасау, мұнай химиясы, әскери-техникалық және көлік-логис­тикалық ынтымақтастық салаларында түрлі инвестициялық жобаларды бірлесе іске асырып келеміз. Біздің елордаларымыз – Астана мен Қазан арасында бауырластық байланыс орна­ған, ал Алматы мен Қазан серіктес қалалар саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан мен Ресей арасындағы тату-тәтті тығыз қарым-қатынасты одан әрі дамыту жолында жастардың маңызды рөл атқаратынын меңзеп, жас көшбасшылардың форумы, т.б. бірлескен іс-шаралар ұйымдас­тыруды ұсынды.

Сапар аясында Елбасы Н.Назарбаев өнер­кәсіп кәсіпорындарының көрмесіне барып, кеме және машина жасау, қорға­ныс өнер­кәсібі кешені саласындағы кәсіпорын­дардың өні­мімен, экологиялық тұрғыдан таза және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын көлік техникасының үлгілерімен, Бұлғар қаласы мен аумағындағы Град Свияжск аралын қайта қалпына келтіру жоспарларымен танысты.

Бағдагүл Балаубаева

Abai.kz

0 пікір