Сенбі, 20 Сәуір 2024
Күбіртке 6237 3 пікір 26 Шілде, 2018 сағат 11:38

Қаскелең перзентханасы жаңа туған сәбилерді сатып келген

Қаскелең перзентханасының қызметкерлері жаңа туған сәбилерді сатып келген. Бұл туралы Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Сергей Незнаев хабарлады.

ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының және Қарасай ауданы полициясының қызметкерлері жүргізген арнайы операция нәтижесінде, жаңа туған нәрестелерді сатуды ұйымдастырып жүрген топ құрықталыпты.

Қасымов басқаратын министрлік бұл іске қатысты тергеу құпия түрде жүргізіліп жатқандықтан өзге ақпаратты жарияламайтындығын ескертті. Бірақ, күдікті ретінде бірнеше медицина қызметкерінің аты-жөндері аталған.

Сонда олар кімдер?

Сәбилерді кімге, қаншаға “саудалады"?

Оның артында қандай топ тұр?

Бұл іс туралы тағдыры таразыға тартылып тұрған Ішкі Істер Министрі Қалмұхамбет Қасымов не айтады? Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ше?

Біздің қазақ азаттық алғалы бері "саудагерлікті" кәсіп етті. Асты-үсті байлықтарымызды сатқанымыз аздай, шет елге жетім сатып масқара болдық. Сонда да ел алтын сандықтың үстінде әлі күнге жалаңаш отыр...

Енді міне, перзентханалар ескі әуеніне қайта салып, шақалақ сатуды тағы бастапты. Анасынан жаңа туған сәби сатылып жатқанда құпия тергеу мен құпия сот сатылмайды дей аламыз ба?

Аталған министрліктер мұндай істі ашық, жария түрде жүргізуі керек. Бала сатқыштардың жазасын қандай болатынын елдің білгісі келеді.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

3 пікір