Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Алашорда 8406 26 пікір 24 Шілде, 2018 сағат 15:38

Шыңғысханның ұрпаққа аманат еткен "ғақылиясы" туралы...

Қазақ хандарының тегі мен тектілігін Шыңғысханнан іздесек, көптеген адамдар өз тамырымызды өзгеден іздегендей тосырқай қарауы мүмкін. Дауы мен таласы көп осы тақырыптың тереңіне бармай-ақ, қолымызға іліккен, ойымызға оралған сарабдал ойларға жүгінсек те біраз шындықтың беті ашылады.

Тіпті құлақ естігенді емес, көз көрген тарихқа жүгінсек, Шотаман Уалиханов және оның немере атасы Шоқан Уалихановтың тегі мен тектілігі хақында да біраз әңгіме қозғауға болар еді. Өзім көз көргендерден Әбілпейіздің шөбересі Шәріпхан Көгедаевтың шәкірттігінде болған талай қартпен кеңесіп едім. Шәріпхан десе екі қолын төбесіне қоя хан көтеретін сол қариялар асыл бегзадасына шаң жуытпайтын. Сондағы көп әңгіменің бірінде Шәріпханның «Қазақ-қырғыз ұйымын» басқарып тұрған бір кезінде, ауылда бір той болып, Шәріпхан жоқта тұс-тұстан ерулік, тойлық, көрімдік деп көп мал жиналған көрінеді. Сырттан келген Шәріпхан өзінде жоқ көп малдың қайдан келгенін тектеп, дереу аталған ұйымның қазынашысын шақырып, малды соларға өткізіпті десетін. Сол қара көктің тұқымын Шың Шысай аяусыз ұрып-соғып бас идіре алмағанда, дөрекі тергеушінің бірі сүйегіне тиетін ащы сөздермен тілдесе керек. Етіне таяқ тигеніне мыңқ етпеген сабаз қорлаған сайқымазаққа төзбей, тергеушіні қолындағы кісенмен ұрып жығыпты. Өзін жаулар сол 1943 жылы Үрімжіде кескілеп өлтірді.

Бұл мысалдарды неге шұбырта жөнелдік. Көз көргендей болған осы хикаялардың астарында не бар?. Шәріпханды халқы алдында хан көтерген тектілік сыры қайда жатыр? – Міне, мұның бәрі біз сөз өткелі отырған «алтын әулеттердің» бастауындағы Шыңғысхан заманынан бұрын және кейінгілер арқылы жалғасқан таза қандылық, тектілік арқауы. Шыңғысханды моңғол деп бізден алыстатпай-ақ, ұлттық бөгенайымыз айқын аңғарылмаған тұстағы түркі жұртының көсем, қолбасшысы деп тануымыз лазым. Оның қарапайым мысалын Мағжан Жұмабаевтың мына өлеңінен байқаймыз:

Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,

Данышпан, тұңғыиық ой, болат жігер.

Шыңғыстай арыстанның құр аты да,

Адамның жүрегіне жігер берер.

Ендеше, Шыңғысханның артына қалдырған ғақылиялары мен өсиеттеріне жүгіне отырып, ойымызды одан ары өрбітейік.

 

Әлем халықтарын сүю идеясы

Шыңғысханның әлемге соғыс ашуы тек қана жер бетінің қожасына айналу ма? Әлде «адамзаттың бәрін сүй бауырым» дегендей, дүниеге ортақ «комунизим» орнатпақшы болып, халықтар бірлігінің ортақ мұратын ойлады ма? Әрине, тамыры терең талай сыр бар. Түркілік одақтықты ыдырату пиғылымен қараушылардың кез-келгені бізді бір-бірімізге жау қойып, Шыңғысханды тек қана «шапқыншы, жауыз» көрсеткісі келді. Сайын далада жасаған бір тұтас ағайынды халықты тайпалық, ұлттық текке бөлді.

Ал, өзі не дейді?

 

Дүниежүзін орнықтырамын десең,

Дүйім жұрттың басын қос.

Әлемнің халқын ынтымақтастырамын десең,

Әуелі олардың көңілі мен сенімін тап.

  ***

Шығыстан батысқа дейін,

Мұнша жұртты биледім.

Қаны бөлекті бауырластырдым,

Жаны бөлектің басын қостым...

   ***

Бүгінге дейін менің естуімше үш мың қылмыс кінәнің ең ауыры қайрымсыздық екен.

  ***

Қатыгез емес, әділ шыншыл, турашыл адал, білікті, ақыл парасатты адамға құрмет көрсете білу керек.

  ***

Бір адам туып түмен жұртты орнықтырса адамзаттың барлығына шарапат. Осылай істесе көктегі тәңірге, жердегі адамға абырой.

  ***

Хан адам тек билік ұстаушы ғана емес, халықтың ата-анасы, олардың бірлігін сақтаушы, ой санасын бір арнаға түсіріп, біріктірушісі болмақ.

   ***

Аққу құстай жиналып,

Адамның барлығы жырғаса деймін.

Өтірікшінің сөзіне алданып,

Бос сөзге мас болмаса деймін.

Ақ құтандай жиналып,

Адамның барлығы жырғаса деймін.

Қырт адамның сөзіне сеніп,

Қырғын соғыста өлмесе деймін!

  ***

Дүниедегі ғаділдікті тілеу,

Әр адамның ұлы арманы.

Дүниедегі жамандықтан жирену,

Әр адамның өзінше қорғаны.

  ***

Дүниежүзі бір жан ұядай тынышталып, бейбіт өмір орнаса менің жаным жай табар еді.

  ***

Менің ақылгөй ғалымдарды шақырып, талантты талаптыларға сүйенуге құмартуым дүние жүзін тыныш орнықтыру үшін еді.

Міне, көріп отырғанмыздай Шыңғысхан ешқашан «басқа халықты жаула, қанын судай ағыз, тоздыр» деген секілді сөздерге бармайды. Жер бетіне әділдік, тыныштық орнатуды армандайды. Және де мұны тектен-текке айта салмайды. «Мен жалғыз ауыз сөзді ағат айтсам бүкіл елді бұзады. Жалғыз ауыз сөз болса да жалған айтпауға тырысамын» – деп, «хан екі сөйлесе қара болады, қара екі сөйлесе қатын болады» деген қағиданы ұстанады. Олай болса біз көріп өткен сөз басындағы жарқын мысалдардың түп-төркінінің қайда жатқанын аңғару қиын емес. «Бүкіл дүние жүзі пролетариаттары бірігіңдер!» деген Ленин жарықтықтың сөзінде қаншама жыл қатық қылдық.  Ал Шыңғысхан болса аталарымыздың атасы, түркі-қазақ жұртының жиһангер баһадүрі емес пе!?

 

Мемлекетшілдік идеясы

Бүгіндері жалпақ жаһанға машһүрмыз деп шіренген қытайлар өз тарихына: «Жұңгоны (қытай елін) бірлікке келтірген Юан патшалығы (Құбылай патшалығы)» деп алтын әріппен жазып қойды. Ал бізде, Шыңғысхан десе, моңғол десе, тап бір солар оянып кетіп мемлекет билігін тартып алатындай үрке қараймыз. Бүгінгі қазақ мемлекетінің шығу төркіні Шыңғыс құрған қуатты елден басталатынын мойындасақ, онда оның мемлекетшілік идеясы біздің де барар бағыт, жүрер жолымызды көрсете алады. Ежелгі һұн дәуірінің түркілер арқылы жалғасқан мемлекеттік құрылымы, кемелді заңы болғанын еске алсақ, сол арқауды Шыңғысхан бізге жалғады. «Бұрынғының сөзі – мұра, ескінің жосыны – заң» деп, өзінен бұрынғыны жәй ғана жалғап қойған жоқ – өз мемлекетін басқару түзімін орнатып, атқарушы органдардың басқару жүйесін қатаң бақылауға алып отырды.

Шыңғысханның Жошыға айтқан ақылында:

Бөлім жұртты басқара алмасаң,

Бөлек ел бола алмайсың.

Ас тағам дайындаушы аспаз,

Алқа топқа жеткізуге міндетті.

Ұлы елді тең басқару,

Асты алаламай жеткізумен бірдей, – дегені, әрине, бізді меңзегені емес пе!?

Тағы да ары қарай қарап көрейік:

 

Өз тәнім талықса да,

Ұлы мемлекетім қалжырамасын.

Бүкіл денем шалдықса да,

Бүтін елім бүлінбесін!

Өз тәнім талықса талықсын,

Ұлы мемлекетім құламасын.

Бүкіл денем қиналса қиналсын,

Бүтін елім қиналмасын!

  ***

Қалың елді басқара алмасаң,

Қандас ағайын бола алмайсың.

Ұлы елді басқару жосыны,

Ұлыстың қамын ойлап,

Көптің көңілінен шығып,

Артыңнан ерте білуіңде.

  ***

Келешекте 500,1000,10000 жыл өтседе дүниеге келіп билік ұстайтын ұрпақтарым қайсы елге де жол-жоралғы бола алатын «Үш жарғы» заңын бұлжытпай орындасаңдар сол елді мәңгілік тәңір қолдап, олар әрқашанда қуаныш жырғаулы, бақытты болмақ.

  ***

Мәртебелі нояндар! туыс-туғандарыңа ғана қол ұшын беріп, бөгде адамдарды шеттетсеңдер, байлық дәулеттеріңе сараңдық істеп, үкіметтік дүниені жымқырсаңадар, онда жалған жолға түсіп, ұрлық қарлыққа салынғанмен тең. Сондай қылықтан мемлекет құлап, жауға жеңілесіңдер. Мұндай жат пиғылға жол бермеңдер!

  ***

Ұлысыңды құтқарамын десең,

Ұлтыңды құтқар.

Ұлтыңды құтқарамын десең,

Рухыңды құтқар.

  ***

Жасанды жалған жосын көбейсе, қара халықтың үні ханына жетпей, залым сайд санаттары бас пайдасын олйап, мемлекетті ойрандайды.

***

Мемлекеттік жосынды,

Білікті биден сұра.

Білмейтін нәрсеңді,

Ақылгөй ақсақалдан сұра.

  ***

Мемлекеттік жол-жосынды байсалды әділ орындаса көпке қадірлі болмақ. Түзу жүрсе жақсы атағы жайылып, көрер көз, естір құлаққа жағымды болмақ.

***

Келешек ұрпақтарым!

Шынайы көңілдің әмірімен,

Ел үшін аянбай еңбек етіп,

Ұлы мемлкет құрсаңдар;

Ат атақтарыңды сақтап,

Аттарың жақсы жария болса;

Мен өлсемде рухым өлмей,

Аруағым сендерді жебейтін болады!

***

Мәңгілік тәңрінің жебеуі, бабалар аруағының қолдауымен ұрпағым үшін ұланқайыр елді орнаттым. Оның орталығынан төрт құбылыасына дейін бір жылдық жер. Енді, сендер үшін ынтымақ берекелі болуды ғана өсиет еттім.

Осы сөздерден Шыңғысханның өз мемлекетін құру жолындағы қиындығы мен оны жан-тәнімен қорғау идеясы анық аңғарылады. Мемлекетшілдік және оны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау арқылы халықтың адаңсыз өмір сүру иядеясының маңыздылығы қайта-қайта қадағаланып отырады. Демек, ханның қара басын емес, халқын, мемлекетін сүю идеясы  шынайы сүйіспеншілікпен бейнеленгені анық.

 

Хан және ел басқару хақында

Хан деген кім, оның халық алдындағы міндеті не дегенді Шыңғыс әулеті атадан балаға алтын арқау, бұлжымас заң ретінде жалғап отырады. Тағы да ханның өзін тыңдайық:

Менің хан тағыма ұрпағымнан кім мұрагер болса да жақсылыққа жақсылық істейтін болсын.

  ***

Ханы ақылды елде,

Қарасы тыныш табады.

Жартасты жерде,

Ешкі тыныш табады.

***

Хан жырғаулы болса,

Мемлекетінің қуаттылығынан.

Қара жырғаулы болса,

Ханының қуаттылығынан.

Ханым жырғаулы болса,

Ерінің ақылдылығынан.

Халық жырғаулы болса,

Ынтымақ бірлігінен.

  ***

Ақылды ханның елі,

Қараңғыда адаспайды.

Ақылсыздың ауылы,

Ашық күнде адасады.

***

Өз басың әділ болса,

жарлықсыз-ақ іс бітер.

Өз басың әділетсіз болса,

Өрге сүйресеңде,

Өзге жұрт артыңнан ермес.

***

Кеше мәртебелі таққа отырып,

Бүгін ұлыстың тағдырын ұмытып,

Қара басыңның қамын ойласаң,

Бүгінгі елдік жосынға жат,

Ертеңгі ұрпақтан ұят.

***

Хан адам қараменен тең емес,

Көрінгенмен жарбаңдасып,

Күлкі болу жөн емес.

***

Білім мен жарлықты, қайрымдылық пен айбатты ұштастыра білген шақта әлемді иелене аласың.

***

Талпыныс, күресті бағалай білмеген қараңғы ханның алдында бас июдің қажеті жоқ.

***

Өзімшіл хан, нояндар,

Өз жерінде ғана сыйлы.

Терең ойлы адамдар,

Қайда жүрсе де сыйлы.

***

Ұлы ұлыс еліңді,

Ұлағатты басқар.

Ел мақтар атағыңды,

Басынан бастап ескер.

***

Хан сарайындағы орынсыз шалқып тасу ұрпақтардың тәрбиесін бұзып, бақталас араздыққа, көрсеқызар дүниеқоңыздыққа соқтырады.

***

Жан тыныштықты ойлаған,

Жан рахатына бөленген,

Жандайшаптың сөзіне еріп,

Жалған мадаққа марсиған Ел иесі,

Жасына жетпей алжасып, ынжық болады.

***

Жарғыны хан шығарып, уәзірлер жариялайды,

Жарғыны иханнан қараға дейін жүзеге асырады.

Жарлық қатты болса оның иесі де орындасын,

Жарғышының жариясын кім болса да бұлжытпасын.

***

Хан адам тек билік ұстаушы ғана емес, халықтың ата-анасы, олардың бірлігін сақтаушы, ой санасын бір арнаға түсіріп, біріктірушісі болмақ.

***

Хан адам,

Қараның қылығын көрсетсе,

Қауымды елінен айрылады.

Қара адам,

Хан боламын десе,

Қара басынан айрылады.

***

Хан адамның қылығы,

Майдан қылшық суырғандай,

Тап-таза болса,

Әр сөзі әділ болса,

Хандық деген сол болмақ.

***

Хан адамның ұлы елі,

Ұлылыққа тоқтайды.

Халықтың адал ниеті,

Қараңғыда адастырмайды.

Шыңғысханның жер бетіндегі атақты хандардың бірі және бірегейі болғанын ескерсек, оның хан туралы, ханның әділетті болмағы туралы айтқандары әкенің балаға айтар өнегелі өсиеттерінің биігі саналады. Және де ол бұл сөздерді аузымен ғана айтып қойған жоқ, қолымен істеді. Тірісінде аспанның тіреуіндей тіректі ханға айналып, атағы жер жаһанға жетті.

 

Заң-түзім және тәртіпке бойұсыну жайында

Шыңғысхан дәуірінде мемлекеттің ішкі басқару тәртібі ерекше болған. Кейбір зерттеушілер айтқандай онда «жабайылық», «зорекер, қанпезерлік», «дүниені жаулау арам пиғылы» болмаған. Жер бетінің барлық адамына, барлық хандарына ортақ тәртіп орнатып, халық бір атаның баласындай алаңсыз өмір сүрсе екен деген аталық пиғыл болды. Сол себепті де оның заңы барынша қатал, нағыз шындық пен кемел тәртіпке құрылды. Көрелік:

Құр кеуде құмарлыққа салынба,

Тәртіп, жосыннан айрылма.

«Ай» дейтін ажаң болсын,

«Қой» дейтін қожаң болсын.

***

Жандайшап, мейрімсіз, қайрымы жоқ, бассыз баусыз жаннан жиреніп, қылмыскерді аяусыз жазаласаң қарапайым халқыңды жырғаулы ете аласың.

***

Жарлықты орындай алмаған ондықтың басшысын дереу босатып, сол ондық ішінен басқа адамды таңдау керек. Қандай бір жарлық әмірді бұйырғанда міндетті түрде үш адамның пікірі тоғысқан болуы керек.

***

Ұры, зорлықшылар тер төкпей, басқаның тапқан малын пайда көреді. Қара қарғадай ұрлықшы, бұзақыларды жермен жексен етіп таптау керек.

***

Көріп білмей тұра,

Көрдім деп айғақ болып.

Шындыққа қиянат жасаушыны,

Шыбын жанын аямай жазала!

***

От, дастархан, ыдыс-аяқтан аттап, судың көзіне шомылып, кір жуған, күл мен суға сиіп, мәңгілік тәңірді шамдандырған адамды қатал жазалаңдар!

***

Өз арын таза сақтаған адам,

Өз елінде ұрлықтан тазща сақтайды.

***

Ұл, қызы ата-аансын сыйламаса,

Бауыры ағасын қадірлемесе,

Әйелі ерінің сөзін естімесе,

Қосшысы басшы сөзін орындамаса,

Оларды қатаң жазалаңдар!

***

Алым салық бар жерде,

Мемлекет бар.

Мемлекет бар жерде,

Алым салық бар.

***

Жер – елдің тұрағы. Менің елімнің жерінен құдай сұраса да беруші болмаңдар! Жер байлығын жат елге бергенді ешбір кешірімсіз жазалаңдар!

***

Ұрлық істеп, тонаушы болған адамды сұраусыз жазала!

***

Иесіне қастық істегенді аяма. Кім деп ойлап онымен жақындасасың! Мұндай адамды түп-тұқиянымен құрт.

***

Егер менің ұрпақтарымнан «Ұлы Яса» заңды бұзса ақыл айтыңдар. Екінші рет бұзса жазалаңдар. Үшінші рет бұзса алаысқа жер аударылсын. Қайта оралғанда ойына бір нәрсе түсер. Егер түзелмеген болса мойнына бұрау салып қамаңдар. Сонсоң алыс, жақын жанашырлар жиналып, ақылдасып шешіңдер!

***

Әскер басшылары сарбаздарға тиянақты ұғындырыңдар! Өз еркімен бағынған елдің баспана, дүние мүлік, егіндік жер, бау бақшасын тонауға тиым салып, тонап алған заттары болса қайтарып бергізуі керек. Және де баспана үй, бейіт қорғандарды бүлдіріп, тонауға болмайды!

***

Келісім бағамен қарызға зат алып шығынға ұшыраса, екінші рет қарызға беріңдер. Екінші рет шығындалса үшінші рет көмектесіңдер. Үшінші рет пайдалы сауда жасамаса қатал жазалансын!

Көріп отырғанмыздай ел ішін басқарудағы әскери тәртіп, қазыналық бақылау, сауда-саттық істері, қарызбен сүйемелдеу, салық тапсыру, т.б. бүгінгі мемлекеттердегідей барлық құрлымдық қызмет жүйесі мен  қатаң бақылау барысын байқаймыз. Біздің жеңіл көзқараспен қараушылардың ой тұжырымын терістесек, кемелді заңсыз ел-жұртын басқарып, айдай әлемге жария болуы мүмкін емес еді.

(Шыңғысханның ғақлиялық сөздері Сұлтан Тәукейдің аудармасынан алынды)

(Жалғасы бар)

Жәди Шәкенұлы, жазушы, Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі

Abai.kz

 

26 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3511