Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Өмірдің өзі 4988 3 пікір 24 Шілде, 2018 сағат 08:05

Тек өзім ғана тазамын...

Мен жаны дертті адаммын. Өй, бірақ қазір кімнің жаны дертті емес дерсің. Дегенмен, менікі ешкімге ұқсамайтын бөлекше дерт. Ол дерт – біреуді көре алмаудан және біреуге тиіспесем тұра алмайтын әдеттен пайда болған. Бойымдағы осы дерт бұрындары анда-санда мазалайтын еді, қазір жасым елудің төртеуіне келгенде тіпті құтырып кетті.

Негізі, мен таза да жақсы адаммын. Менің дертімді қоздыратындар айналамдағы адамдар ғой. Олардың бәрі оңбағандар, жемқорлар, алаяқтар, елге, халыққа зияндық ойлайтын суаяқтар болып көрінеді де тұрады маған. Расын айтсам, мен мұндай дертке бала кезден шалдығыппын. Шалдықтырған – өзімнің қазақ емес, бірақ мұсылман жұртынан шыққан анам. Мектепте оқып жүрген кезімде ол үнемі совхоздың директоры мен басқа да бастықтардың үстінен арыз жазатын. Олармен қоса, күллі ауылдың адамдарын жамандап отыратын. Осыдан ба, өз анамнан және өз отбасымыздан, қала берді, өзімнен басқа адамдардың барлығы жаман деген пиғыл менің санама сіңіп кеткен. Содан болса керек, мектепте оқып жүрген кезімде еш болмаса, бір баламен шын достаспаппын. Өйткені анамнан алған тәрбием бойынша, оқушылардың бәрінің бойларында кемшілік көп, тек өзім ғана тазамын.

Мен, осылайша, жалғыз жортатын бөрі сияқты болып өстім. Бойымдағы әлгіндей дерт бірге қоса өсті. Енді  біреудің сәл ғана кемшілігін айтпасам, оны сырттай келеке қылмасам, тек жүре алмайтын жағдайға жеттім. Бірақ айналамдығы жігіттердің кемшіліктерін ылғи көрсете беруге, кейбірінің жетістіктерін күндей беруге, шынымды айтсам, қорықтым. Себебі, бір-екі рет осылай істеп едім, оңбай таяқ жеп қалдым. Сонда да, өз тірлігімді туралыққа балайтын әдеттен арыла алмай, ылғи өзімдікін жөн санайтын адам боп өстім.

Сөйтіп, табиғатыммен біте қайнасқан дерт қанша таяқ жесем де, қанша сөз естісем де басылмады. Сөйтіп жүргенде үйлендім. Алғашқы махаббатым менің тек туралықты қуатын қылықтарыма шыдамады ма, әлде, шешемнің адуынды мінезіне төзбеді ме, кешікпей кетіп қалды. Мен енді тиісетін қара таппай, қатты қиналдым. Ақыры, «өзі асыраған күшік өзін қауіптінің» керіне түсіп, туған шешеммен айтысқа түстім. Содан шешем де қайтпады, мен де қайтпадым, екеуміздің арамызда небір айтыстар жүрді, құлақ естуге ұялатын небір былапыт сөздер айтылды. Соңында мен байдан шыққан бір қатынды алып, үйден кетіп тындым.

Ақымақ жұрт менің тірлігімді қате десті. Мен өзімдікін жөн дедім. Өйткені ерте өлген әкемнен кейін шешем жүріс жасаған. Әрине, оның жүргіштігін көзбен көргенім жоқ. Жұрт солай деген. Ал маған жұрттың айтқаны жеткілікті. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген принципті қатты ұстанатын мен, көлденең сөздің бекер шықпайтынына әркез сенімдімін. Осы сеніммен мен шешемнің әркіммен ойнас жасағанын  жұрттың көзінше оның бетіне басып, өзімнің қылығымның дұрыстығын дәлелдеп шықтым. Ол аздай, күйеуден ажырасқан туған қарындасымның да жүргіштігін көпке жария қылып, оның да масқарасын шығардым. «Туған қызыңды әркімнің құшағында жататын «тряпка» қылып тәрбиелеген – сен! Өйткені өзің де сондай болғансың!» – деп айқайладым шешеме со кезде.

Сонда шешемнің аузына құм құйылған. Әрі мен алғаш рет үлкен айтыста жеңіске жеткем. Содан бастап, кіммен айтыссам да, тек жеңіске жетуді мұрат тұтатын пиғыл сіңген санама. Сол пиғылмен шешемді ақырына дейін жеңейін деген ниетпен «айтысқан осындай болады» деп, ең соңында, оны  әкемнен қалған үйден сот арқылы қуып шығып, өзін қариялар үйіне өткізіп жібердім. Қарындасымды ел кездіріп, тентіретіп жібердім. Тірісінде жабайы бөріге ұқсас менімен айтысқаны үшін «өлмесе, өмірем қапсын» деп, кейін қариялар үйінде қайтыс болған шешеме барғаным да жоқ.

Мен, негізі, жазуға талантым бар адаммын. Елден ерек жанр – сатираға қалам тартқам. Бір-екі газет шығарып, журналист, редактор  атанғам. Бірақ жұртты елең еткізер қанша нәрсе жазсам да, көреалмаушылар мені көздеріне ілгілері келмеді. Осыдан кейін бұрынғыдан бетер қатайдым. Өзімді менсінбегендерге көрсетейін деген оймен біреулердің үстінен арыз бен жала мақалалар жаза бастадым. Осылай етіп едім, қалай екен-ә, бәрі өре түрегеліп, менімен санасатын, айтысатын жағдайға жетті. Сөйтсем, мені талантым – сатирада да  емес, журналистикада да емес, біреудің соңынан шам алап түсетін қырағылық қасиетпен астасады екен.

Сырттай естимін, біреулер мені жаман адам дейді екен. Солай айтқандардың өздері жаман. Жігіт болған шағымнан осы күнгі  кісі ағасы болған жасыма дейін қаншама жігіттер менімен достасуға ынтықты. Жасыратыны жоқ, кейбірімен жақсы достастым. Небір сырларын айтты. Алайда менің бойымдағы турашыл мінез олардың  кейбір қылықтарын көтермейді. Сөйтем де, дереу солардың артыннан «компромат» жинай бастаймын. Бір кездері маған айтқан сырларын енді өздеріне жау қылам. Содан бері жанымда бір жан досым, бір жақын жолдасым жоқ. Оған өкінбеймін. Кілең пәлеқорлар мен итмінезділермен дос болғанша, адалдық жолында жалғыз жүргенім, жалқы арпалысқа түскенім абзал. Қазір байқасам, барған, істеген орындарымдағы пәлеқор, жалақор, ішкіш, жегіш, жалпы нашар пенделерді қойға ұқсатып маңыратып, ботаға ұқсатып аңыратып кетіппін. Итке ұқсатып ұлытып кеткендерім де аз емес. Жалпы, мен барған жерімде лаң салып жүргенді жақсы көрем. Өйтпесем, ішім кеуіп, жүрегім жасым, көңілім пәсейіп, қатты ауырып қалам.  

Қанша дегенмен, мен шыли ақымақ адам  емеспін ғой, кейде өзімнің де көтімнен боғым ағып жатқан лас екенімді сезем. Бірақ маған жұрттың  кемшіліктері менікінен он есе артық болып көрінеді де тұрады. Сондай сенімге тоқмейілсіген менің біреуге ақыл  айтқым, барлық жерде ақылды көрінгім, болмаса әлдекімді мұқатқым келеді де тұрады.

Көре алмайтындар мені облыстық белді телеарналдар мен газеттерге жұмысқа алдырмады. Білемін, оларға мен тәрізді білімді де талантты, аяғының  ізі түскен жерде туралықты іздейтін талапшыл һәм қоғамшыл жан керек емес.

Ә, айтпақшы, «Отырар» арнасының жанынан шығатын «Рабат» газетіне бас редактор болған екенмін ғой. Бір айдан кейін оның қатын басшысы барлық сырымды біліп қойып, жұртқа жария етіп жүрер деп қорықты ма, мені қызметтен қуып жіберді. Содан кейін бір газетке бардым тілші болып. Бағанадан бері айтып жатырмын ғой, мен барған жерімде кемшілікті ашпасам, болмаса, болмағанды болды қылып, тыныш ортаны алатайдай бүлдірмесем, артымның қышуы қанбайды деп. Мұнда келгенде, жатқан былықтың үстінен түстім. Негізі, іздегенім де осы еді. Екі айдан соң бас редактормен айтыса бастадым. Тағы  екі ай өткенде оның аяғын аспаннан келтіріп, жеті жылға соттаттым да жібердім.

Мен жаман кекшіл адаммын. Кекшілдігім, әлбетте, тек туралық жолында. Қайбір жылы орталық базарда шығатын газеттің  компьютерін үйге жасырып, иеленіп алдым. Себебі базарда ақша көп, компьютер керек болса, басқасын алсын деп ойладым.

Бір кездері нақты құжатының бар-жоғын өзімнен басқа ешкім білмейтін бір баспа ашып, өтірік мәліметтермен талай кітап шығардым. Құдайдың бір сақтағаны – осы қулығымды ешкім білмеді. Әй, бірақ білсе, өздеріне шабуыл жасайтын едім, себебі, ондайлардың шикі тірліктерін бір-бір папка қылып, жинастырып қойғанмын.

Сол жылдары бір байлардың  ғимараттарын жалға алып отырдым. Олардың ішінде қонақүй де бар еді. Бірақ солардың бірде-біруіне ақша төлемеппін. Талайынан қашып құтылып  кеттім, талайының ақшасын «бүгін ертең берем» деп алдап кеттім. Олар мен ақша бермесем де, жұтап қалмайтын байлар ғой және мен сияқты адал әрі артық дүниесі жоқ адамнан ақша алғанша, өле салмай ма...

Қайбір уақытта бірнеше пәтерлі бір көпқабатты үйдің тұрғындары мені сол үйдің «домкомы» етіп сайлады. Тұрғындармен келісім бойынша, сол үйдің қырықтан аса пәтерлерінің сулары мен жарығына кететін ақшаны мен жинайтын болдым. Жиналған ақшаларды үкіметке өткізуім керек. Бірақ тұрғындардың өздері ақымақ. Су мен жылудың ақшасын бір уақытта жинамайды. Бес-алты ай бойы әр күні жиналған ақшаны өзіме жаратып жібердім. Кейін бәрі маған жабылды. Мен өздерінің кемшіліктерін, яғни ақшаны белгіленген күні өткізбегендерін алға тартып, барлығын жеңіп кеттім. Одан соң, маған сенбейтіндері бар екен, нелері бар мені «домком» сайлап. Оны қоя берші, бәрінен бұрын тұрғындардың маған өткізген ақшалардың барлығы адал еңбекпен келген емес. Бұл жерде мен «ұрыны қарақшы тонайдының» қылығын жасадым. Біреуі бірдеңе істей алды ма маған?

Айналамдағы жолы мен қолы таза еместер бір-бірін тауып, ылғи топтасып  алады. Ондайлар мені қатарларына қосқысы келмейді. Араларына бара қалсам, бәрінің көздерінен «Әй, кет!» «Ә, кет!» деп тұрғандай көзқарасты  сезем. Осындай кезде жүрегімдегі адалдық пен көңілімдегі тазалық тағы бас көтеріп, зиянкестермен ары қарай арпалысқым келіп кетеді. Бірақ мен біреуді мұқатар алдында ешқашан асықпаймын. Алдымен онымен жақын адамдардың көңілін тауып, ол туралы барлық жақсы-жаман мәліметтерді жинап аламын. Мәліметтердің өтірік-растығына мән бермеймін. Содан соң ғана оған қарсы шабуылды бастаймын.

Қысқасы, маған жақпағандардың барлығы арам адамдар. Бұл жолда ешкімді аямаймын. Туған шешемді де аямағынымды жоғарыда көрдіңдер ғой. Осыдан кейін  туралық жолында мені біреуді аяйды, біреуге жақсылық тілейтін дос болады деп ойлайсыңдар ма... Осындай шыншылдықтың арқасында (майда-шұйда адамдарды айтып қайтем) өз руымнан шыққан бір үлкен жазушымен, республикаға белгілі бір ақын қатынмен соттастым. Анау жазушы менің үлкен баламның  біреуді атып сотты болғанын, екінші баламның біреудің «соткасын» ұрлап қамалғанын айтып, ал ана қатын тіреуішінің мықтылығының арқасында осы сотта мені жеңіп кетті. Сот маған ақшалай айыппұл салды. Бірақ екі айыппұлды да төлеген жоқпын. Менің ақылым, керек болса, судьялар мен сот орындаушыларын да ақымақ қылуға жетеді.

Бір кездері мен  ҚР Президентіне, оның саясатына, қазіргі биліктің жұмыс тәсіліне қарсы шыққам. Н. Ә. Назарбаевты әбден жамандағам, сыбағым. 2000 жылдардың басында жекеменшік газет шығарып, оның бірінші бетіне сол кездегі бір облыстың  әкімі болған, кейін Елбасыға қарсы шығып, шетелге қашып кеткен Ғалымжан Жақияновтың үлкен суретін басып, «Болашақ Президент – осы!» деп жазып қойғам. Сол үшін жауапқа да тартылғанмын.

Артынша, күн көруім қиын болып кетуі себепті тамыр-дос, жора-жолдас сындыларға біраз уақыт тиісуімді қойдым да, үкіметке деген көзқарасымды дереу өзгерттім. Енді жүрген жерімде Президент пен үкіметті, әкімдерді мақтай бастадым. Жоғары жақтағыларға жағыну мақсатында «Жемқорлық – Қорлық» деген газет, өздерін мақтаған екі-үш әкімнен басқа ешкім  оқымайтын бір-екі сайт аштым. Жемқорлықпен айналысқан талай шенеуніктерді газетіме басамын деп қорқытып, ақшаларын ала бастадым. Сайтымдағы шала-пұла стильдермен жазылған мақалаларымды оқыған бір-екі әкімнен мақтау естідім. Мақтау не, жолым болып, ешкім білмейтін сол сайттар үшін тендер алып, әкімдердің өздерін ақымақ қылдым. Әйтпесе, жалпы жұрт оқымайтын, оқыса да іштері пысып кететін  мәнсіз жазбаларыма бола, әкімдер миллиондап тендер бере ме?..

Расында, сайт деген нәрсе  ашылғалы бері менің жолым қатты ашылды. Сайт ашқан адам «блогер» атанады. Блогер – технологиясы қатты дамыған,  ақпарат тасқыны сел боп аққан осы заманның жаршысы. Оның жұмысы кез келген газет-жорналдардан мықты. «Заманың тазы болса, түлкі боп шал» дегендей, мен осы блогерлігімнің арқасында талай әкімдердің аузын аңқайтып жүрмін. Олар менен қорқады. Өйткені қайсысының болса да арттары таза емес. Таза еместігін сол әкімдермен бірге істейтін адамдардан сұрастырып біліп аламын және кімнің не істегенін күнделік етіп жазып жүремін. Біреуі қит етсе, сол жазбаларды көрсете саламын. Жаны қалмаған олар, «Не істейік, Әкөте?!» деп жалынып өліп қала жаздайды. Ал маған бір-ақ нәрсе керек...  Оны басшылар жақсы біледі.

  Ал менің осынау қылықтарымды парақорлық немесе алаяқтық деп кім айта алады? Неге десеңіздер,  мен жегіштердің үстінен жеп жүрген адаммын. Бір жағы мен – халық ақшасын талан-таражға түсіргендерден кек алып жүрген, олардың арам ақшаларын әкетіп жүрген патриотпын! Иә, әке-шешем  менің атымды бекерге – Әкет деп қойған дейсіңдер ме...

Елуге келгенше елуден аса пәлеқорлар мен қисық мінезділермен айтысыппын. Алпысқа келгенше олардың саны алпыстан асуы заңды.  Жетпіске жеткенімше егер бір қаскөйлер желкемді қиып тастамаса, жетпіс зиянкестің тамырына балта шапсам керек.

Иә, мен осылайша, қоғамды қисықтардан тазартам деп аласұрып жүрсем, біреулер мені «Бүкіл облысқа жексұрын болған пәлеқор», «Абыройы қашқан албасты», «Қадірсіз оңбаған», «Реңі қандай ұсқынсыз болса, іші де сондай лас», «Харамдағы есектен де өткен хайуан», «Біреуге жақсылық ойламайтын қаныпезер», «Күштілердің артына кіргіш жағымпаз, жәдігөй», «Ешкіммен дос бола алмайтын сатқын», «Оның аты Әкет емес – Әкөт!»  деп жамандайды, күндейді екен. Күндей берсін. Өздері мен сияқты бола алмаған соң әрдеңені оттайды да олар. Атымды да Әкөт дей берсін. Қайта сөз бен көз тимейді. Бір жағы – Әкөт дегенге үйреніп те қалыппын. Содан шығар, кейде біреулермен танысқанда өзімді Әкет дегеннің орнына Әкөт деп те атап қоя беремін. Несі бар дейсің, баяғыда Көтен, Сасық, Құйрықбай, Боққайнат деген аттарды иеленген кісілер де өмір сүрген ғой.

Әпәнди деген фамилия да өзіме құп берілген. Ойбай-ау, мен бір жылдары әпенділік жасап, артыма қарамай, облыстық мәслихатқа депутаттыққа түскем ғой. Мен үміткерлікке түскен ауылдан басқа басқа емес, тура өз ағайындарым қуып шыққан. Одан соң далбасалап, кезекті бір сайлауда  «әліпті таяқ деп білмейтін» сауатсыз қатынымды сайлауға салғам. Иә, мойындасам, әпенділігімде шек жоқ қой, жұрттың бәрін осы күнге дейін Мәскеудегі әдебиет институтында оқығанмын деп алдап келем. Баяғы мектепте бірер жыл орыс класында оқығаннымның пайдасы сондайда тиеді. Орысша  әжептеуір білетінімді көріп, бәрі Мәскеуде «оқығаныма» сенеді.

Өткен жолы жүріс-тұрысы жақпай қалған бір жігітке тиісіп едім, ол пәлекет мықты екен, мені бір ұрып талдырып тастады. Есімді жиғанда, өзімнің патриот һәм халықтың сөзін сөйлейтін адал қаламгер екенім есіме түсіп әрі анау ұрдажық неменің пәпегін басып қояйын деген оймен мұрнымнан аққан қанды бас-көзіме, көйлегімнің омырау-жеңіне жаға  салып, телефонға жармастым да: «Сот! Прокурор! Полиция! Қайда жүрсіңдер?! Халық пен биліктің арасында дәнекер болып жүрген журналист Әкөт Әпендиге қол көтерілді!» деп айқай салдым. Айқайда салғаныммен, ары қарай ештеңе істемедім, Айқайымнан онсыз да қорқып кеткен анау дәу пәлені одан бетер қорқытпайын деп, полиция мен сотқа арыз жазбай, райымнан еркектерше дереу қайта қойдым. Иә, менің кейде осындай сотқарларға кеңпейілділік танытатын адамгершілігім де бар.  

  Қазір мен бұрынғы жұрт менсінбейтін Әкөт емеспін. Пысықтығымның арқасында әкімдермен қатар отыратын дәрежеге жеткен – Әкөтпін! Мен білемін, қазіргі әкімдерді мақтасаң, сайттарыма тендердің ақшасы түгілі өз жүректерін де суырып беруге даяр тұрады. Тағы да, бәрінің өздерін мақтағанды жақсы көретінін және тек қорыққандарын ғана сыйлайтынын білемін. Міне, мен сондай жолмен сотты болғандығыма қарамай бір ауданның «Құрметті азаматы» атағын, «Облысқа сіңген еңбегі үшін» медалін, сондай-ақ бірнеше Мақтау қағаздарын алғанмын.

Қысқасы, мен бүгінгі күнмен күн көріп жүрген адаммын. Ертеңім, бала-шағамның болашағы, оларға кейінгілер мен туралы не айтатындары  мені тіпті ойландырмайды. Ертең үкімет ауысып бүгінгі биліктегілерді жамандаса, мен қазір өзіме жақсылық жасап жүргендерді оп-оңай сатып, аналарға қосыла  кетемін. Өйткені қазір көзімнің нақты жеткені – қай заманда да билікпен дос болу керек екен. Ал адамдармен дос болу – әурешілік екен. Себебі мен өмірде құбылмалы, «кімнің тарысы піссе, соның тауығы» болуға дағдыланған адаммын.

Мен кейде Құдайға да сенбейтін адаммын. Құдайға, оның  ақиқатына сенейін десем, «Неге ол мына өмірге осыншама жаман адамдарды келтіреді?» деген күдік көңілдімді торлайды. Мені бала-шағамның болашағы да, араласатын ортасы да ойландырмайды. Бір кездері оларға әлдекімдер: «Сендердің әкелерің өзінше әділдік іздеуде бүкіл елмен қырылысып, туған шешесімен де соттасқан, жесір қатындармен жаға жыртысып, өзінің боғымен жасты жас қыз-жігіттермен салғыласқан, ағайын-туысымен сойылдасып, дос-жаранымен шабысқан, өзі білмейтін бейтаныстармен де қырқысқан. Қасына өзі сияқты ылғи сауатсыздарды, бір-бірін жамандайтын екіжүзділерді жиып жүретін. Әкім-басшылардың көтіне кіретін жағымпаз, қалтасына бес тиын артық бітсе, көзіне шел бітіп кететін, біреудің үстінен пәле  іздегенде өтірікті суша сапырып жазатын нағыз нәкәс, есі ауысқан, жүйкесі ауытқаған тұрлаусыз адам еді. Оның өзі айтатын әділдік жолындағы күресі – жеке басының мүддесіне және ақша табуға арналушы еді. Ол осы жолда облыстағы ең сұмырай адам атанды» десе, балаларым ондайларға лайықты жауап тауып айта алатынына сенемін. Және де болашақта кімдермен құда болатынымды, той жасай қалсам кімдерді шақыратынымды, бәрінен бұрын қартайғанда қасымда қарайып жүретін бір досым бола ма, болмай ма, бұлар жайын да еш ой тезіне салмайтын ойсыз, қу көкірек, зәнталақ адаммын...

Қазір  тендердің  арқасында біраз ақшаға ие болдым. Содан битім семіріп, тиісерге қара таппай жүрмін. Жо-жоқ, тиісетін адамдарды тауып қойдым. Күні кеше бір арбаға таңылған бір мүгедек қызға: «Баласыз, тұлдыр сорлы» деп тиістім. Сіздерге өтірік, өзіме шын, осы сөзден кейін сәл жеңілдеп қалдым. Ал бүгін тағы да денем құрысып, шекем  тырысып тұр. Демек, тізіміме алып қойған және бір қисықтарды тезірек тезге салуға кірісуім керек. Ондай қисықтардың кімдер екенін білгілеріңіз келсе, ашып қалсаң пәле төгіліп тұратын, болмаса кез келген билік өкілін өтірік мақтайтын менің жеке парақшамнан көз алмай жүріңіздер. Иә, қызық болады, қарай жүріңіздер...    

Әкөт Әпәнди

Abai.kz

3 пікір