Жұма, 19 Сәуір 2024
Міне, көрдің бе? 4039 3 пікір 19 Шілде, 2018 сағат 10:09

Тоғыз қабат үйдің қабырғасындағы хакім Абайдың бейнесі

Бұл өзі шындығында да жұрт сүйсінетіндей жақсы хабар еді. Қостанайдағы тоғыз қабат үйдің қабырғасында хакім Абайдың бейнесі алыстан көзге шалынып, «мен мұндалал» тұр. Ұлы ақынды кескіндеген «Тигрохауд-крю» бірлестігі көше суретшілерінің  қос шебері - Әли Зәкір мен Ержан Танаев көрсе көз тоятындай етіп жасап шығарды. Аталмыш жоба жолында олар екі апта бойы төр төкті.

Енді еңбектері ақталғандай. Қостанай жұртшылығы Абаймен қайта қауышқандай әсерде десек артық айтпаспыз. Өйткені қанша дегенмен қаламызда еліміздің елге елулі, халқына қалаулы, тарихта есімдері ойып тұрып орын алатын тұлғаларына онша көңіл бөліне бермейтін. Әбден ескіріп, шытынай бастаған Ыбырай Алтынсариннің добалдай етіп жасай салған бюсті мен Амангелді батырдың жалғыз басы ғана бейнеленген ескертіштен басқа іліп алатын ештеңе жоқ-ты. Қостанай топырағында дүниеге келген ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың ескерткішінің жоқтығын айтпағанда, оның қамшының сабындай ғана келте көшесін қаламыздың қиян шетінен әзер тауып аласың. Оны айтпағанда жалғыз батырымыз дейтіндей, осы жердің мақтан тұтар түлегі - Сұлтан Баймағанбетовке де ескерткіш қойып, есте қалдыру ешкімнің де ойына келмеген-ді. Мұның орнына қаламыздың дәл ортылығында, қалалық әкімдіктің қарсы алдында орыстың Пушкині қасқайып тұрып, өлең оқиды. Оны аз десеңіз осы қалалық әкімдікке кіре берісінде Беда мен Павловке көз салмай өте алмайсыз.

Өзімізді емес, өзге жұрттың жақсылары мен жайсаңдарын алақанға салып, әлдилейтін «дәстүріміздің» де өзіндік сыры бар. Қанша дегенмен облысымызда қара көздерден гөрі өзге жұрттың басымдау келетіндігін ескерсек, оған да онша таң қала қоймассыз. Міне, сондықтан да ғұлама Абайдың жарқ еткен бейнесі бәрімізді де «е,бәсе» деп бір серпілтіп тастады.

 - Аталмыш жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Мейірім» қоғамдық қорының қолдауымен дүниеге келді, - дейді қалалық әкімдік тұрғын-үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Алексей Тарасов.

Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс бұдан әрі де жалғаса береді.

«Жақсы сөз - жарым ырыс» дегендей, Тарасов мырзаның бұл сөзіне біз де қуанып қалдық.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

 

 

3 пікір