Жұма, 19 Сәуір 2024
Әдебиет 6158 6 пікір 8 Шілде, 2018 сағат 22:42

Аршын Нұрбақыт. Тобылғы түсті торы әуен

Сандырақтау

Мен сені күттім!
дүрмегі мол бақшаның
елеусіздеу бұрышында тұрып -
Таң атып келе жатқанда.
Халықтың назарын аударамын,
Анда-санда барабанымды ұрып.
Түсініксіз қараймын,
Айналамдағы бақтарға.

Бал арасы ұшып жүр,
Гүлден-гүлге қалықтап.
Сен келер тұсқа
қараймын анықтап.
Құйқылжыта бұлбұл сайрайды.
Барабанымды қаттырақ ұрғылаймын,
шабыттана шалықтап.
Қайда әлгі...

Ақұлпа бұлт маңып,
жаңбыр себелеп.
Барабаныма қонып-ұшып,
ойнайды көбелек.
Жапырақтардан
шашылып сәулелер
жәйнайды төңірек.
...Әп-сәтте мына күн құбылды,
Барады жел үдеп.
Қайдасың?

Сұр тұман тұмшалап,
Қар жауа бастады.
Ғайып болды лезде
көктемнің аспаны.
Табаннан сыз өтіп,
қалтырап барамын.
Қайдасың қарағым?

...Жапырақ жауып,
Барабанымда қарлықты.
Жасыл қанат көбелек,
Жүрек тұсыма кеп қалғыпты.
Сандуғаш сайраған баққа
қарғалар саңғыпты.
Гүлдерін үсік шалған
гүл сатушы
қаршадай қыз алжыпты.

Мен сені күттім!
Сонда да тапжылмай,
сұрланып өңім.
Қайдасың бегім?!
Келмейтін болдың ба?
...Келем деп
уәде бермегеніңді,
Қалайша ұмытқам?
...Қой енді қайтайын.
Күн батып барады,
Жымиып миықтан.

Тобылғы түстес торы әуен

Жамалың неткен нұрлы еді! -
Елеусіз ғана
беткейде өскен тобылғы.
Өңмеңдей келіп ит мұрын,
Шырмап апты-ау жолыңды.
Төркініне қарасақ,
Оныкі де орынды.

Елеусіз ғана
беткейде өскен тобылғы.
Қоп-қоңыр жапырағың
өзіңе қандай қонымды.
Жүрек тұсыма басайын,
Әкелші маған қолыңды.
Үстіңе жауып қояйын,
Шешіп алып тонымды.
Аңсарыңмен жұпарлы,
Аластайын жолымды!

Қарағай-қайың деп жүріп,
Байқамаптым өзіңді.
Гүлге арнаптым сезімді,
Кешір албырт кезімді.

Мені қайда салмады -
Жирен сөзді қара өлең,
Жапырақ түстес сары әуен.
Өзіңді әрең таптым-ау -
Тобылғы түстес торы әуен.
Билік болса қолымда,
мына әлемнің бетіне,
Торы бояу жағар ем!

Торы күй тыңдап,
Тербетіп әрі торы мұң.
Торы қыз берген шәйді ішіп,
Түс көріптім топ-торы:
Елеусіз өскен тобылғы,
Орман бопты орының.
Тобылғы түстес толғанып,
Жақсылыққа жорыдым.

...Бұл енді жәй түс қана!

 

Белгісіз күлкі

Тапырақтап шауып келе жатқанда,
Қойторыммен шаңдатып.
Байқаусызда жалманымнан түстім,
Беймәлім күлкі шалма атып.

Бұрын қалай аңғармағам мүлде
кірлеген жүректі.
Орнымнан жәйлап тұрып келе жаттым,
Қарс айырып түнекті.

Белгісіз күлкі, қай жақтан шықты?
Бағдары жұмбақ.
Шақырды мені өзіне қарай
ақырын ымдап.

Көбелектің күлкісі ме екен?
Мүмкін әлде жылқының!
Қарауылым бол, қалғытпа мәңгі,
Айқаса берсе кірпігім.

Басқаша болар шәйтани күлкі,
Сәбидікінен де өзгеше.
Айтып беруге тілім жетпейді -
Жүрекпен оны сезбесе.

...Әне, аласұра шапқан бір топ атты
омақасып құлауда.
...Дауыссыз, түссіз беймәлім күлкі,
Ұласпаса екен жылауға!

 

... солай

Ит мұжыған жылқының тұяғы -
Бағзы бір баян.
Бұлдағы ескілеу сурет,
Тәңірлік аян.
Ырылдасқан иттерге қарап,
Жымиып қоям.

Сайын даланы дүркіретіп,
Желмен жарысқан.
Ерлердің де қанаты болдың,
Өлген намыстан.
...Дәуренің қайда пырағым?!
Тұяғыңнан шаң ұшқан.
Ауызыңмен құс тістеп,
Ауыздықпен алысқан.

Сенбісің, Қамбар ата нәсілі?
...сенгісіз.
Басың қайда жануарым?
...белгісіз.

Еһ, ит мұжыған жылқының тұяғы!
...бұл өзі солай.
Ойлауға ауыр болса да,
Көрерміз талай.
...тұяқтан бөлініп түскен
сынық тағаны,
Аймалап жатты
таңғы бір арай.

 

Қайту

Қарлы тау арасындағы көштен,
Адасып қалған төбет-
Өзінің аңғалдығына налып,
ұлыды кенет.

Айнала ымырт үйіріліп,
Ұйтқыиды ақтүтек боран.
Жеке бір үйшігің болмаса да,
Қайда әлгі жып-жылы қораң.

Қоңторғайлау иесі мұны,
Қайырылып іздеген де шығар.
Әлде басқа ит тауып алды ма?
Қасқыр келгенде сынар.

Бай ауылының тазыларына
ілесіп нең бар еді.
Сені жолдан қалдырған -
Майлы жіліктің әлегі.

Алдың тұман, артың мұз,
Ал, енді сен нетпексің?
Қай иеңді паналап,
Қайда сапар шекпексің?!

...Ескі жұртқа тартарсың,
Нар тәуекел бекініп.
Басқа қылар қайран жоқ.
Ұлығанмен өкініп.

Көштен адасып кеткенің де
Негізі - дұрыс болды.
Тауып алдың міне -
Туған жерге апаратын жолды.

Әйтсе де, иесіз қалған жұрттағы,
Қорқаулар сиғызар ма?
"Бопты. Жолай өзім сынды
адасқандарды жиып,
тартайын сол бар тауға!"

 

Қауышу

Жауған қар ма? қар емес, жасыл шалғын,
Келер менің баладай асыр салғым.
Азынаған аяз бұл - саумал самал,
Сезінеді дәл мендей аңғарса дәл.
Жауып жатқан қар емес - ақ көбелек,
Мұнша сұлу әлемге бақ не керек?!
Ұшып жүрген қарға ма? жаңылыстың -
Қарлығаштар шаттығымды алып ұшқын.
Көл бетіне мұз қатты дейсің маған,
Мұз емес ол - өрнегі сағыныштың!
Балалар жасап жүрген қар адамы -
Бабам сынды мейірлі қарағаны.
...Осынша махаббатпен көз салып ем,
Жалаңаш ай жалт беріп бұғынады.
Қызыл-жасыл гүлді ұстап тоңған қолым,
Тым ызғарлы қарды ұстап жылынады!

 

Анаға сыйлық

"Шалың" кетіп бақиға,
Тағдыр артты салмағын,
Әкем берген сақина-
Саусағыңнан алмадың.

Содан кейін анажан,
Күлгеніңді аз көрдім.
Есейгенде ұл мен қыз,
Жанарыңнан жаз көрдім.

Алмағайып күн қалды,
Артымызға қарасақ.
Алып шықты бәрінен,
Сендегі ұлы парасат.

Өзіңе арнап мен бүгін,
Зәулім сарай салмадым.
Мұсылмандар аңсаған,
Қажыға да бармадың.

Ұяттымын шынында-
Байлық десек бақытты.
Саған бере алмадым,
Алтын, гауһар, жақұтты.

Есесіне мен саған,
"Ғажап" көрпе сыйладым.
Осы болды қазірше,
Азды-көпті жиғаным.

"Карта" салып көрпеңе,
Тарттырды ғой жапасын.
Үш немерең жаныңда,
"Жұпарланып" жатасың.
Тәтті ұйқыға батасың!

 

Оралу

Шулы тыныштық пен нұрлы үнсіздіктің арасын бөліп оралдым.

Кітаптың киесі менен сөздің наласын көріп оралдым.

Жалған ұран мен уайымшыл жүректің жарасын көміп оралдым.

Бақ пен сордың да баянсызын сезіп оралдым.

Өзегімді тауып, өзімнен безіп оралдым.

Көктемнің кешіккеніне өзімді жазғырып оралдым.

Жынымды қағып, періштемді де азғырып оралдым.

Мөліт еткен бір тамшы жасқа да өзімді айптап оралдым.

Батырдай батыл, сәбидей шалықтап оралдым.

Тас мүсіндер мен тәңірді ажыратып оралдым.

Өзім мен өзім жамырасып оралдым.

Қайғыға сабырды, бақытқа арымды билетіп оралдым.

Жазымды қарлы етіп, қысымды гүлдетіп оралдым.

Жалғыздықтың да даралық екенін түсініп оралдым.

Жалқы жүректі жаныма ұсынып оралдым.

Жылаңқы құсымды кеудемнен ұшырып оралдым.

Көлеңкемнің көбелекке сая бола алмайтынына күрсініп оралдым.

Иә, мен мына дүниеге түршігіп оралдым, һәм құлшынып оралдым!

 

Метафизика

Шалқайсаң бөркің ұшар бұл тауға
қарай-қарай қаншама жанар талды.
Бел талды. Көңіл қалды.
Осылай қасіретпен өте беруге тиісті емес қой өмір мәңгі!

Күн мынау жердің апшысын қуырған,
Кеудеден жанды суырған.
Үп еткен жел жоқ, жаңбырда жаумайтын сияқты жуықта.
Қашанғы тұра бермекпіз сүйеніп уыққа.

Таудың етегіндегі біздің байырғы мекенге,
жаңбыр жетпейді таудағы елден.
Бұрында солай, қазірде, келешекте де...
Әу баста жазмыш солай бөлген.

Олардың қуанышы мен мұңын біз білмейміз,
оларға де қызық емес хал біздің.
Осылай отыра бермекпіз бе? көз жасты көлдетіп,
Әрине, сен де - жалқысың, мен де - жалғызбын.

Тау басына телміріп қарағаннан пайда жоқ,
Бәрібір ондағы алтын сарайлар көзіңді қарықтырады.
Аралық жақын болса да, көргенмен естімейді олар.
Осынау дәрменсіз күйге ешкім де емес кінәлі.

Біздің де самал желге кеудемізді ашып,
ақ нөсерге шомылғымыз келеді.
Саясына алса дейміз жасыл орманның желегі.
Қазірше одан белгі жоқ.

Иә, әйтеуір бір өткінші жаңбыр жауар.
Бірақ, ол біздің шөлді баспайды.
Мына қапырық пен жердің шаңын баспайды.
Шемен боп қатқан көңілімізді ашпайды.

Қарашы көбелекке, қонып жүр қураған гүлге,
осының өлмей жүргеніне таңым бар.
Бұлбұлша қарғалар сайрайды.
Шөлден қаталаған біздің алыпсоқ
таудағы арыстан тас мүсіндерге тісін қайрайды.

Қой! енді, көз жастан жаңбыр жасайық,
өзгеше тағдыр жасайық.
Ауыр болса да қанымызды гүлге құяйық.
Салуды үйренейік, бұлбұлдың дауысын, тұлпардың шабысын - екпінінен жел соқтырайық.
Осы бізге лайық.
Бұл мүмкін болмаса, тау болып үйілген сүйектің үстіне,
ең соңғы біреуміз шығып, көбелекті тау басындағы мұнараға қондырайық!

Abai.kz

6 пікір