Жұма, 26 Сәуір 2024
Өз сөзі 5519 8 пікір 4 Шілде, 2018 сағат 09:29

Әбіқаев: Шешімді президент өзі қабылдайды

Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы,Қазақстан билігіндегі «сұр кардинал» деп сипатталатын Нұртай Әбіқаев жақында пікір айтыпты. Айтқанда да, Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент Назарбаев туралы Батыс ақпаратына айтқан пікіріне пікір қосыпты.

Әңгіме былай ғой. Қазақстанда келесі Президент сайлауы 2020 жылы өтеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанды үздіксіз басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев ол сайлауға қатысатыны я қатыспайтыны жайлы әлі айтқан жоқ.

Ал, Британ телеарнасына сұхбат берген Сенат спикері Қасекең, Қасым-Жомарт Тоқаев сөз арасында «Нұрсұлтан Әбішұлының 2020 жылғы сайлауға қатысуы екіталай» дегенді айтты.

Нұртай Әбіқайұлы Қасым-Жомарт Кемелұлының пікіріне пікір қосып былай деді:

«Ол өз ойын айтты. Меніңше, шешімді Президенттің өзі қабылдайды. Ол кісі бір сөзінде егер халық қолдайтын болса және қойылған міндеттерді орындауға қауқарлы команда дайын болса, әрі қарай да жұмыс жасауға әзір екендігін білдірген болатын»

Неше жылдан бері Президенттің оң қолы болған «сұр кардиналды» сенатта отырған жерінен Ақорда зейнеткерлікке мақтау-мадақсыз, медаль, шапансыз шығарып салған-ды. Содан бері Нұртай Әбіқайұлы жылы төсегінде тым-тырыс жатқан болатын. Ол туралы жазған-сызған, атын атап шақырған ешкімді естімегенбіз.

Өткенде, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жанынан «Отандастар» қоры құрылды. Міне, сол қорды басқаруға Нұртай Әбіқайұлы келді. Қазір, экс-комитат басшысы қоғамдық қорды басқарып отыр.

Нұртай Әбіқайұлы еліміздің Ұлыбритания, Ресей сияқты империялық елдердегі елшісі, екі рет президент әкімшілігінің басшысы, екі рет сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, екі рет республика қауіпсіздік комитетінің төрағасы, сенат төрағасы, депутаты болып қызмет істеді.

Бір кездері шенеунік біткен «сұр кардинал» атап зәре құты қалмай қорқатын Нұртай Әбіқаев қазір аттан түскен. Еске түседі, 1999 жылы Қазақстаг Солтүстік Кореяға оқтұмсық зымырандар сатып, онысы жұртқа тарап, масқарасы шыққан. Ол кезде бір емес, екі емес қырықын сатқан еді.

Содан президент пәрмен беріп  қорғаныс министрі М.Алтынбаев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Н.Әбіқаевты қызметтерінен босатып жіберді. Бірақ ол далада қалмады.

Екі жыл өтпей жатып президент әкімшілігінің жетекшілігіне тағайындалды. Ал 2004 жылы сенат спикері болып тағайындалды.

2006 жылғы ақпан.  Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісіне жасалған саяси қастандықта «сұр кардиналдың» қызметкері, сенат аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаев «тапсырыс беруші» ретінде танылды. Аяқастынан ауруханаға түсіп, «жүрекжарды» ашық хат жазған Н.Әбіқаевты досы «отқа» тастамады. «Сұр кардинал» Ресейге елші болып кете барды.

Кейін көп ұзамай ұлттық қауіпсіздік комитетіне қайта оралды. 2012 жылы ұлттық қауіпсіздік комитеті тағы да тосын оқиғамен жұртты тосылтты.  «Арқанкерген» постында 12 шекарашы мен бір орманшы төтенше оқиғадан, қанды қырғыннан қаза тапты. Бұл кезде де Әбіқаевтың аты жиі аталды. Сарапшылар бұл шетін оқиғаны  «ведомствоаралық кикілжің» деп сипаттаған еді.  ҰҚК төрағасы болып тұрған Нұртай Әбіқаев бұған да былқ етпеді. Көпшіліктің сынын құлағына да ілмеді. Сонан соң сенатор болды.

Ақпарат көздерінде айтылған Н.Әбіқаевтың мемлекеттік қызметтегі жолы мен болмысы қысқаша қайырғанда осылайша көрінеді. Міне, сол адам 2020 жылы елімізде болатын президент сайлауына байланысты  пікір айтуына қарағанда саясатқа қайта оралған сияқты.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

8 пікір