Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әдебиет 4588 21 пікір 3 Шілде, 2018 сағат 13:53

Астана мерейтойына арналған мүшәйраның Бас жүлдесін Қазыбек Иса жеңіп алды

«Ел тірегі – Елорда!» деген айдармен Астананың 20 жылдық тойына арналған биылғы мүшәйра да өз мәресіне жетті. Биылғы аламан жыр бәйгесіне Республикамыздың түкпір-түкпірінен 90-ға жуық үлкенді-кішілі ақындар қатысты.

Барлығы да ағынан жарылып, Астана тойын жан-жақты жарқырата жырлауға барын салды. Бәйгеге түскен жырларды Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы төрағалық еткен қазылар алқасы сараптай, саралай келе бірауыздан мына шешімге келді:

Бас жүлдеге көрнекті ақын, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Қазыбек Исаның «Ертегідей Елорда» өлеңін лайық деп тапты.

– Бүкіл ақындар дүлдүлдер өздерінің өлеңдерін арнады. Аламан бәйге деуге болады. Әрқайсысы бұл бәйгеде озғысы келеді. Биылғы жылы Құдай қолдап, бас бәйгені береді екен, – деді өз кезегінде  ақын Қазыбек Иса 31 арна тілшісіне берген сұхбатында.

Бірінші орын талантты ақын қызымыз, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Сәлем саған, Астана» өлеңіне берілді.

Екінші орынның бірін әйгілі айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай «Жиырма жасқа жиырма шумақ» жырымен, екіншісін ақтангер ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы «Ай дидарлы Астанам» өлеңімен қанжығасына байлады.

Үшінші үш орынды жас ақындар Мұқият Қойшыбайұлы «Астана», Біржан Ахмер «Алтын кеме», Нұрбол Мұратбек «Көзімнің қарашығы» өлеңдерімен бөлісті.

Abai.kz

21 пікір