Жұма, 29 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 9932. Жазылғандар — 4900. Қайтыс болғандар — 37
Дабыл 2731 19 пікір 3 Шілде, 2018 сағат 12:27

Жанұзақ Әкім. Рухты елде азат таң атады!

27 жыл шала ұйқыда жатқан қазақ, алдымен сайлаудағы дауысынан... одан кейін тарихы мен ана тілінен, жерасты байлығынан айырылып, 2009-2010 жылдары биліктің «Доктрина...» дегенінде бұл елде Қазақ деген ұлт жоқ дегенге дейін барса, енді ұлттық экономикасы мен жерінен айырылудың алдында тұр?! Яғни, «бейбіт кезде елді дамытудың орнына тәуелсіздіктен айырлу алдында тұр» деген сөз.

Осыған, мемлекетқұрушы ұлт ретінде елдегі тізгінді өз қолына алудың орнына масылдыққа бойұрып, елдегі бар мәселені билікке сенген яғни өзін тозаққа апаратын жолды таңдаған қазақтың өзі кінәлі. Азаттық, тәуелсіздік пен теңдікті ешкім, оның ішінде Құдай да сыйламайды? Ол үшін күреседі. Күреспеген ел боданға, құлға айналады. «Ұйқы дұшпан» дейді халқымыз. Елдің ұйқыдан оянбағаны өлгені. Ел тұтастығына төнген қауіп пен қатерге уақытында тойтарыс бермейтін тобырдың басы құралып ел болмайды.

1990 жылы казактар Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарын (Теңгіз бен Қарашығанақ) бөліп алып автономия құрамыз дегенде «Азат» қозғалысының ұлтшылдары ол авантюраның күлін көкке ұшырған. Ол, Қазтуғанның, «Еділ үшін егестік, Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қырылдық...» дегеніндегі бірнеше ғасырға созылған мәселенің оң шешілген кезі болды.

Елге қауіп төнсе біз бүгін де оны қорғауға дайынбыз. Бұл жолда түрме де, оқ пен от та тоқтата алмайды. Бірақ бұл жердегі мәселе басқада. Мәселе, ел болған соң әр аймақта отызында орда бұзып, қырқында қамал алатын ұл-қыздары болу керек. Жанынан намысы биік Ерлері бар ел ғана жері мен бостандығын қорғай алады. Ел тағдырындағы Орал оқиғасындағыдай сын сағатта түйеқұстай басын құмға тығып қалған билік, енді жерасты байлығы мен жер сатушы болып шыға келді. Сондағы биліктің мақсаты не? Елге қызмет етіп, мемлекетті дамыту ма, әлде бұл елдегі Қытайдың марионеткасы болу ма?! Билік саясатын өзгертпесе, арты шенеуніктердің басымен доп ойнайтын азамат соғысына апарады.

Елдің билікке ашынғаны сондай, қазір Әбіләзовтың ұры екенін біле тұрып, оның айтқан билікке қарсы митингісіне шығатындар саны күн санап өсуде. Соған ергендердің көбі 2011 жылы сол топтың авантюрасынан Жаңаөзенде қырғын болғанын да біледі. Бұл жердегі мәселе, билікке ашынған топ қазір кімнің болса да артынан еруге дайын екенін көрсетуде. Тіпті олар Хусейннің кезінде Иракты жаулаған АҚШ әскерін гүлмен қарсы алған ирактықтардың рөлін атқаруға немесе АҚШ күлгін (розовый) революция жасаймыз десе соны қолдауға дайын?!

Билікте, қоғамдағы қарсылықты тоқтататын бір ғана шара - құқық органдарының шоқпары, яғни тек жандармериялық әдіс қалған сияқты. Биліктің атынан мейрамдарда «шарлар» мен сексеннен асқан мүгедектерді тұтқындап, бес жасар баланы тінту... сау адамды жындыханаға қамаумен мәселе шешілмейді. Сондай кереғар істермен айналысқан Кеңес үкіметі өзінің қалай құрығанын білмей қалды. Керісінше уақыт өткен сайын қоғамдық ахуал ушығуда. Ол, мүмкін билікке ұмтылған кейбір топтарға тиімді болуы мүмкін. Қалай болғанда да, ол қоғамды тұрақтылыққа апаратын жол емес!

Ел «мәңгі алданудан», сатқындықтан, мемлекеттік жүйені алмастырған корруциядан шаршады. Жастар түрмеге қамағаннан қорқудан қалды.
Қазақ, өзінше бір ел болып, орынсыз мақтаншақтығын қойып, жезөкше сияқты басқаның салған көпшігіне жантая кетпей абыройын сақтап, бейбіт кезде соғыс іздеп өзара жауласпай, мемлекетті ұрлауы мен сатуын тоқтатып, Ел-Жер-Тілін сыйлайтын кезге жеткенде Тәуелсіз мемлекетке айналады.

Елді ұры-қары, оның байлығын Голощекиннің немересі мен қытай билеген мемлекетте қандай береке болады?! Ондай қоғамда өзара сенімсіздік болғандықтан, бір-бірін дұшпан санап, ру-жүзге бөлінудан аса алмайды. Бұл, отарлаушылардың «қамшысының дәмін татқан қорқаулар мен елді бөліп басқару әдістерін көріп өскендер» басқарған кезде болатын жағдай. Біз оны азаттығын алған Африка елдеріндегі ондаған жылдарға созылған трайболизмнің соғыстары мен 30-40 жыл биліктен кетпей отырған араб елдеріндегі диктаторларды халықтың көтеріліспен кетіруінен көреміз. Өкінішке орай өзінің құйрығын жейтін жыландардай сыртқы жауды көрмейтін, өзара соғысқұмар, шындық пен ақиқат үшін күресуге рухы жетпейтін ібіліске ерген қоғамда осы екі анахранизм де бар.

Тарихта себепсіз ештеңе болмайды. Мысалы, қалмақтар қазақтың қанын судай ағызып, ұлын құл, қызын күң қылып, Оңтүстік-шығыс пен Орталық Қазақстанды 70-80 жыл билеп отырғанда сол жердегі қазақтар неге бас көтермеді? Оның бір себебі, Орта жүздің ханы Сәмеке, Ұлы жүз Төле би т.б. «ақсүйектердің» қатындары қалмақ , қырғызбен соғыспаймын деп Кенесарыны сатып кеткен Сыпатай да айыр қалпақтың күйеу баласы. Ал, отбасында сондай мәселелері жоқ Әбілқайыр, Бөгембай, Қабанбайлар елді жаудан тазартты.

Екінші мәселе – ол Қытайдың жібегі т.б. шүберегіне Шығыс Түрік қағанатының бостандығын айырбастаған сатқын қағандар мен Қытайдың түбі қайтаратын қарызына жерді айырбастамақшы биліктің тірлігінде. Қазақ, елі мен жерін сатпайтын халықтан тікелей сайланған депутаттардан тұратын Парламенттік билікке қол жеткізгенде жоғарыдағы мәселелер шешіледі. Қазақ халқы мен қазақстандықтардың алдында тұрған негізгі мәселе және Гамлеттің сұрағы осы! Оны шешсе Ел, шешпесе күл болады! Бүгінде, Қазақтың басқалай тарихи таңдауы жоқ.

Тексіздерге мәңгі ерген ел азып-тозып, қаңғырып кетеді. Қазір ел қаңғыру жағдайындағы жолайырықта тұр. Қазақ, «халық сұраса хан түйесін сояды» дейді. Махамбетше айтқанда, «ақырып сұрайтын» кез келді.

Abai.kz

19 пікір