Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 5383 16 пікір 27 Маусым, 2018 сағат 14:18

Шымкенттік кәсіпкерлерді шырылдатып жүрген кім?

Майлы қызмет түгілі күзетші мен еден жуушының орнының өзін саудаға айналдырған пысықайлар талай дүниенің күрмеуін кері кетіріп, қарапайым халықтың несібесі есебінен күн көріп отыр. Тек амалын тауып жоғарыдағылардың көңіліне жаққандар мен  бармақ басты-көз қыстылықты мықты меңгергендердің ғана тасы өрге домалап, керісінше ешкімге әке-көкелемей-ақ күнін көрмекке бел буғандардың тауы шағылып, маңдайы тасқа тиетін заман болап тұр. Адал жолмен мал таппақ болған мұндай кәсіпкерлердің біразы ақыр соңында қаптаған тексерулер мен әкімшілік кедергілерге төтеп бере алмай бизнесі шатқаяқтап, банкротқа ұшырап та жатыр. Тіптен «істі болып» әр түрлі мерзімге жаза арқалап кетіп жатқандары да жоқ емес.

Жақында дәл осындай жағдайдың құрбаны болдық деген оңтүстік қазақстандық (қазіргі Түркістан обылысы) бір топ кәсіпкерлердің арызын арқалап келдім деп Әшірхан Байгөзов бір азамат хабарласты. Кейін редакциямызға арнайы іздеп келіп мән жайын өз ауызымен баяндап берді. Өзінің айтуынша, жеке кәсіпкер екен. «Өзімнің жеке кәсібім бар. Зейнет жасындамын. Жасым 68-ге келіп отыр «Құрылысмаркетинг» атта серіктестік құрғамыз. Техникалық бақылау, құжаттама, рұқсат беру ісімен айналысамыз. Қысқасын айтқанда, нысандарға техникалық бақылау, қадағалау жұмыстарын жүргіземіз. Бастапқы он шақты жыл жаман болған жоқ. Ешқандай кедергісіз, ел қатарлы жұмыс істедік. Әр түрлі нысандарға сараптама жұмыстарын жүргіздік. Техникалық қадағалау жұмыстарымен айналыстық. Алайда 2016 жылы жағдай күрт өзгерді. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы әрі облыстағы  мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің басшысы Құттыбек Жамашев мырзаның қырына іліндік. Турасын айтайын, мәселе мұнымен ғана шектелмейді. Облыс көлемінде кәсіппен айналысуға берілетін лицензиялар, катергориялық санаттар мен аттестат алу дегеніңіз қиямет қайым болып тұр. Тегін берілетін лицензиялардың өзін парасыз ала алмайсың. Тегін алғандар қудалауға түседі. Мені осындай халге жеткізіп отырған да осы жағдай. Лицензиялардың ставкасы 5 мың, категория алғыңыз келсе санатына байланысты 10  мыңнан 20 мың доллар аралығында сыйақы ұсынуға тура келеді. Онсыз болмайды. Заңды жолмен құжат алғандардан «ілік» тауып алады. Жұмыс істетпейді. Мәселен «Сымбат Проект» мекемесінің директоры ұзақ уақыт жүгіріп жүріп екінші санаттағы категория алған еді. Алайда кейін тексеріліп, айыппұл салынды. Облыстан қайыр болмаған соң Қызылорда қаласына барып бірінші санаттағы қадағалаушы аттестатын алып келген Мәлік Шораев деген кәсіпкерге де жарты миллионға жуық айыппұл салынып, лицензиясын жарты жылға жарамсыз етті. Сондай ақ, «Қалтай», «Фарабқұрылыс», «Нұротан құрылыс», «Жолшы и К», «Арх Нано-Проек» секілді шаруа қожалықтары иелері де тура осындай сүргінде жүр. Басында айтып өттім ғой, өзім де осындай жайттың құрбанымын. 2012 жылдың ақпан айында «жоғарыдан тапсырма түсті, құжаттарды тапсырыңыз, аттестациядан өтесіз» деп Жамашев шақыртты. Сөйтсем, мен ғана емес барлық кәсіпкерлер де шақыртылыпты. Аттестат алу алты мың АҚШ доллары керек деді. Бірақ мен «ондай ақша жоқ, қабылдамасаңдар қабылдамай ақ қойыңдар!» деп шығып кеттім. Кейін екі айдан кейін аталмыш басқарманың бөлім басшыларының бірі Сейітқасым Мүслімов деген азаматқа кіріп құжаттарымызды қабылдатып алдық. Расы керек, Жамашевтің ставкасынан алты еседей арзанға түсті. Алты адам едік. Сол жерде құжатымыз дұрыс шыққан төрт кәсіпкер болып аттестатымызды қайта қорғап шықтық. Бірақ көп ұзамай ол бөлім басшысы ұсталып кетті. Содан бастап Жамашевтің сыртынан іс бітірген сол кәсіпкерлермен бірге мен де қудалауға түстім. Әлі қудалауда жүрмін. Ашықтан ашық жауығып алды» дейді Әшірхан Байгөзов.

Байгөзов мырзаның айтуынша, дәл сол жылдың шілде айында «нысандарды қабылдау кезінде заң бұзушылыққа жол берді» деген желеумен кәсіпкердің сыртынан айып тағылып ірі көлемде яғни ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 317 бабының үш бірдей тармағы бойынша әрқайсысына   200 айлық есептік көрсеткіштен барлығын қосқанда 600 АЕК көлемінде  (1 272 600 теңге) айыппұл салыныпты. «Яғни бір мотивпен үш мәрте айып салған. Ол аздай менің лицензиям алынып, үш бірдей аттестациям тоқтатылған екен. Оны мен білмегем. Тек сырттай «шақырттық, келмеді!» шешім шығарып ұра берген. Тағы бір шешімде «айыпталушы Әшірхан Байгөзов шешімді оқып келісімін берді» деп жазылғанын оқып жағамды ұстай жаздадым» дейді ол.

Кәсіпкердің басына бәле болып жабысқан нысан Түлкібас ауданындағы «Қайнар» шаруа қожалығына тиесілі мал қорасы болып шығады. Кейіпкердің айтуынан түсінгеніміз, аталмыш қожалықтың иесі Талғат Маймақов 2015 жылы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына барып салынып дайын тұрған қорасын мал бордақылау алаңы ретінде тіркетпек болады. Алайда басқарма басшысы Құттыбек мырза «заң өзгерейін деп жатыр, күте тұрыңдар!» деп Маймақовты қайтарып жібереді. Расында айтқандай келесі яғни 2016 жылы нысандарды техникалық қадағалаушы, авторлық қадағалаушы, тапсырыс беруші және мердігер қабылдайтын заң қабылданады. Бұрын басқаша болатын. Осыдан кейін Маймақов тіркету үшін басқарма басшысының алдына тағы барған. Ол жолы Жамашев «заң өзгеріп кетті, өздерің мердігер, тех бақылаушы тауып қораларыңды қабылдата беріңдер» деп рұқсат беріп шығарып салады. Осыдан кейін «Қайнар» қожалығының иесі кейіпкерімізді іздеп тауып, маман ретінде көмегің керек деп қолқа салады. «Мен қарадым. Құрылыс 2015 жылы аяқталғандықтан кейін жасатқан жоспары мен АПЗ (сәулет жоспарлау тапсырмасы) болған жоқ. Есесіне авторлық қадағаушының пайдалануға дайын деген сараптама қорытындысы болды. Сосын қора-жайын көріп бәрі заңға сай болған соң қабылдау комиссиясының шешіміне техникалық қадағалаушы ретінде қол қойып берген едім. Сол жылдың 21 маусымында халыққа қызмет көрсету орталығына барып тіркетіп жұмысын бастап кетті. Мәселенің барлығы осыдан басталады. Сөйтсем, меншік иесі тіркеу туралы декларацияны сәулет-құрылыс бақылау басқармасына апарып тапсырмаған. Осыған ақыры мен кінәлі болып шығыппын. Заң бойынша, үш күннің ішінде бұл құжатты тапсырыс беруші аталмыш басқармаға апарып тіркетуі тиіс. Алайда ол менің құзырыма кірмейтін дүние. Бірақ неге екені белгісіз, тапсырыс беруші ретінде мені көрсетіп айыппұл салып отыр. Кейінгі істің барлығында мен «тапсырыс беруші» болып көрсетілдім».

Осыдан кейін Байгөзов «заңсыз шыққан шешімді жарамсыз деп тану әрі тапсырыс беруші емес екенінін дәлелдемек болып сотқа арызданады. Бірақ арыз қанағаттандырылмайды. Істің негізгі мотивінде Байгөзов сол күйі тех бағалаушы емес «тапсырыс беруші» болып қала береді.

Сөйтіп жүргенде «заңсыздыққа ұрындық» деп «Қайнар»  қожалығының иесі Талғат Маймақов та Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысы Жамашевтің үстінен Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына арыз береді. «Өйткені оларға да айыппұл салынған екен. Авторына, қорасына, иесі тб деп барлығымызға барлығы екі жарым миллион теңге айыппұл салынады. Олардың да арызы қанағаттандырылмайды. Осылайша, толық заңға қайшы әрекетер болып жатты. Заң бойынша тапсырыс беруші арыз жазса ғана тексеру керек. Ал менің үстімнен ешкім арыз жазбаған. Құжат, сараптама бәрі дұрыс болды. Екінші бір мәселе, заң бұзылғанын дәлелдейтін фактілер де жоқ еді.  Ешқандай анализ алынбаған, қораның іргетасы атылып, қабырғасы тексерілмеген. Офисте отырып пәтуа шығарып «Байгөзов қабылдаған нысан жарамсыз» деп қорытынды жасай салған. Үшіншіден адамды бір бап бойынша екі мәрте жазалауға болмайды. Бұл жерде керісінше бір мотив бойынша үш мәрте жаза алып отырмын. Бұл заңда жоқ нәрсе. Төртіншіден, соттың шешімінде «Байгөзовтың өзі дауыстап оқып бас тартты делінген тұстар бар. Мені шақырмаса, сотқа кірмесем, қатыстырылмасам қалай қол қоямын? Айтуларынша, 13 шілде күні маған сотқа шақырту туралы хат жолданыпты. Бір қызығы, сотқа келу мерзімі  «8 маусым» деп көрсетілген. Яғни, шақырту бір ай өткен соң жіберілген.    Екінші мәрте жібердік деген хатында да солай: шақырту 8 шілде күні жіберілген. Ал келу күні 18 маусым деп көрсетілген. Адам түсінбейтін бірдеңе. Қысқасы, сотқа мені қатыстырмаудың барлық амалы қарастырылған. Кейін бірнеше мәрте қайта арыздандық. Экономикалық сот қарамады. Азаматтық істер жөніндегі сот «іс күшін жойғандықтан қарауға жатпайды» деп кері қайтарды. Ол рас болса, шешімде «күшін жойғандықтан айыппұл төлеу туралы шешім бұзылсын» деп жазылуы тиіс еді. Ол да жоқ» дейді арызданушы ағамыз.

Айтпақшы, Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы әрі облыстағы  мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің басшысы Жамашевтың қырына ілігіп отырған Байгөзов қана емес секілді. Сөз арасында Әшірхан аға  өзі секілді Жамашевпен соттасып, әділдікке жете алмай жүрген он шақты кәсіпкерді танитынын айтып қалды. «Соның бірі Патима Тәжібаева деген үлкен адам. Зейнеткер. Мүгедек қыз тәрбиелеп отыр. Ұзақ жылдар бойы сол Жамашевпен соттасты. Шағын кәсібі бар еді.  Үй ауласындағы шағын нан пісіріп сататын дүңгіршегі бар. Арасында қымыз сатады.  Сол адамға басқарма тарапынан қысым жасалып тіркеу құжатынан кінәрат тауып сотқа арыз берілген. Айыппұл салынды. Сондағы тапқаны үй ауласындағы дүңгіршектің жобасы дұрыс емес екен. Төрт жыл жүгіріп жүріп әрең дегенде әділдікке қол жеткізді. Ол дұрыс болмаса неге қабылданған? Ал оны қабылдаған Жамашевтің өзі емес пе?»

Айтпақшы, осыдан екі жыл бұрын оңтүстік өңірдің біраз шаруалары.  Кәсіпкерлер палатасының облыстық бөлімшесі ғимаратында БАҚ өкілдерін шақырып арнайы брифинг өткізіпті. Барлық телеарналар мен газеттер келіп шаруалардың жанайқайын көтереді. Сол жерде лицензиясынан айырылған немесе қайта ала алмай жүрген он бес шақты кәсіпкер ойларын ашық жеткізген екен. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы әрі облыстағы  мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің басшысы Құттыбек Жамашевтың тарапынан болып отырған заңсыздықтар туралы ашып айтады. Сонымен қатар, басқарма басшысы кәсіпкерлер мен жеке тұрғындарға заңсыз шүйліккенше сапасыз салынып жатқан мемлекеттік нысандар мен қоғамдық орындар және тротуарларды комерциялық нысандардан неге тазартпайды деп үн көтерген болатын. Бұл брифингке біз сөз етіп отырған «Қайнар» қожалығы өкілдері де келіп қатысады. Алайда еш нәтиже болмайды. Жағдай сол баяғы жартас күйінде қалып, Жамашевтің мұрты да қисаймастан орнында қалады. Керісінше көп ұзамай қызметі өсіп өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың өкіміммен облыстық құрылыс басқармасының басшысы болып шыға келеді.

Болмаған соң біраз кәсіпкерлер басын қосып ішінде «Қайнар» қожалығы да бар «Шаруа жүргізіп, адамдарға жұмыс тауып беріп жатырмыз. Алайда сол еңбегіміз еш кетіп жатыр.  Қалалық құрылыс басқармасы тарапынан айыппұлдар салынып, кедергілер жасалып жатыр. Жамашевтің тірлігін тексеруді сұраймыз» деп Мемлекет басшысынан араша сұрап хат та жазады. «Сонымен қатар, Сол кездегі Бас прокурор Жақып Асанов пен  Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбековтың атынан біраз кәсіпкерлер атынан ұжымдық арыз жаздық. Дәлел ретінде 100-ге жуық құжат тіркедік. Бір данасын облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың атына да жолданды. Қабылдауына жазылдық. Амал не нәтиже бомай отыр» дейді Байгөзов.

Бір қызығы Жамашев осы шудан кейін «Қайнар» шаруашылығының иесі Маймақовтың біраз айыппұлын өзі төлеп беріпті. «Ал мен әлі төлеген жоқпын. Не үшін төлеуім керек? Ақыры іс сот орындаушыларына беріліп құжаттарымызға қаржымызға шектеу қойылды. Бірақ ол қаулының өзін тірілей әлі көрген жоқпын. Заңгеріміз барып ала алмай жүр. Көрейік десек бермейді, көрсетпейді. Соның салдарынан жалақы ала алмаймын. Керек болса, екі жыл болды зейнетақымды да ала алмай отырмын» деп атап өткен ол құзырлы орган өкілдерінің қарапайым халық пен шағын бизнес өкілдеріне шүйліккенше мемлекеттен миллиардтап қаржы ұрлап жатқандар мен жемқорларға неге жаза қолданбайды деп бір күрсініп алды. «Біз секілді кәсіпкерлер мен ұсақ түйектер ғана тұзаққа түсетін. Қаншама қаржы ысырап болып,  халықтың қыруар қаржысы қолды ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетіп жатыр. Мәселен, 2013 жылы Түркістан қаласында 500 адамдық ауқымды емхана салынды.  Құрылыс жұмыстарына деп 958  млн теңге бөлінді. Алайда сол емхананың жайы сұмдық енді. Суық, қыста жылымайды. Төбесінен су сорғалап тұр. Сметалық құжатта іші газаблок деп көрсетілген. Ал іс жүзінде гипсокартонмен бөлінгені белгілі болды. Сыртының өзі жай блоктан қаланған. Заң бойынша құрылыстан он пайыздық ақша айырмасы шықса қайта сараптама жүргізілу керек. Бірақ ол жасалмай отыр. Мен маман ретінде осыны талай мәрте көтердім. Әлі күнге дейін сараптама жасата алмай келе жатырмын. Жылына 30 мың тонна дизель отынын жағып отыр. Бәрі дұрыс жолмен салынғанда 15 мың тонна май кету керек болатын ол жерге. Қайран халықтың ақшасы. Ішің удай ашиды.  Сол секілді Отырар ауданы Шәуілдір ауылында 250 адамдық аурухана салынды. Сол аурухана әлі бітпей жатып комиссияның қабылдауынан өтіп кетті. Өйткені басында айтып өткенімдей 2016 жылы қабылдау ережесі өзгергенше үлгеріп қалайық деген жымысқы әрекет екенін ішіміз сезді. Ал жұмсалған қаржы сұмдық енді. Бір млрд 40 млн 879 мың теңге бөлінді. Сондай заңсыздықтарға жол беріп отырған Жамашев неге жауапкершілікке тартылмайды. Бір айта кетерлігі, соңғы кездері жоғарыда сәл жылымық орнап жатыр. Сот саласы мен прокуратураға іскер басшылар келіп жатыр. Ендігі үмітіміз Жоғарғы сот Төрғасы Жақып Асановта. Жоғары сотқа арыз түсірдім. Нәтиже болады деп сенемін. Ал одан қайыр болмаса не істерімді білмеймін» дейді  Әшірхан Байгөзов.

Расында еліміздің оңтүстігі жемқорлық жайлаған өңірлердің көшін бастап тұр. Тіптен бұл жағдайға президенттің өзі кейістік танытып өңір басшысы Жансейіт Түймебаевқа еден жуушы болып жұмысқа тұру үшін пара сұрайтын ұятты жағдайға жеткен облыстың жағдайын реттеп, жемқорлықты тоқтату туралы қатаң тапсырма берген еді. Ал сол Түймебаев мырза басқаратын өңір бүгінде қайта құрылымданып, облыс дәрежесі қасиетті Түркістанға ауысып жатыр. Қысқасы, президенттің тапсырмасын орындайтын сәт келіп-ақ тұр...

Б.Нұратай

Abai.kz

16 пікір