Жұма, 29 Наурыз 2024
Біртуар 6412 3 пікір 25 Маусым, 2018 сағат 12:36

Сапарбаев Нөкістегі Айбергенов мазарына зиярат етті

Редакциядан. Өткен аптада Қарақалпақстан астанасы Нөкісте Ақтөбе облысының күні өтті. Сапар аясында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев бастаған делегация осындағы Сорша қорымында жерленген қазақтың ұлы ақыны Төлеген Айбергеновтің басына зиярат етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған рухани жаңғыру мәселесі ақынын ардақтаудан басталатынын Ақтөбе облысының әкімі осылай аңғартты.

Жалпы Төлеген Айбергеновтің кіндік қаны тамған жер — Қарақалпақстанның Қоңырат ауданы, «Таң нұры»  ауылы. Әкесі мен екі шешесі, «Апаларым» атты өлеңінде айтылатын үш бауыры ауыл іргесіндегі «Дастан ахун» қорымында жерленген. 1967 жылы Алматындан туған жеріне іссапармен барған кезде кенеттен ауырып, дүниеден озған ақынды әке-шешесінің қасына қою туралы әңгіме болған. Бірақ оны  Қазақстаннан іздеп келетіндер әуреге түспесін деген ниетпен Нөкістегі әуежай маңындағы Сорша қорымына жерлеу ұйғарылыпты.

Әрине, Қарақалпақ жеріне жолы түскен адамның Төлеген Айбергеновтің басына соқпай кететіні сирек. Дегенмен бір  кезде екі ел арасындағы қарым-қатынастың ойдағыдай болмауы себепті бұнда Қазақстаннан арнайы келетіндердің азайғаны да рас. Өзбек елінің тізгінін ұстаған Шавкат Мирзиёевтің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты аға тұтып, біздің елге кең құшағын ашқандығының арқасында кейінгі кезде бауырлас халықтардың арасында барыс-келіс, алыс-беріс күшейе түсті. Биыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы болып жарияланды. Соның арқасында қарақалпақ жеріне жол түсіп отыр.

Сапарды алдын ала пысықтаған жиында Бердібек Машбекұлы ақтөбелік делегацияның міндетті түрде Төлеген Айбергеновтің басына бару керектігі туралы айтқан болатын. Соны естіген қарақалпақ бауырлар да тыңғылықты әзірленіпті. Ақынның бейітіне барар соқпаққа тас төселген. Бейіттің жан-жағына орындықтар қойылған. Құран оқылып, гүл шоқтары қойылды. «Біз Айбергеновті ұмытпауымыз керек!», — деді Бердібек Машбекұлы аят оқып болғаннан кейін,  — оның рухына тағзым ету — міндетіміз». «Бүгін бейсенбі ғой, — деді сосын молдаға бұрылып, — ертең жұма күні тағы келіп, біздің атымыздан Құран шығаршы». Сөйтті де жөн-жоралғысын жасады.

Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев өзбек билігімен келісе отырып, өзбек жеріндегі қазақ ұлтына қатысты  қасиетті орындардың тізімі жасалып жатқандығын айтты. Айбергенов бейіті солардың қатарына кірмек.

Айта кету керек, Бердібек Сапарбаев пен Ерік Өтембаев —  еліміз Тәуелсіздік алғалы ақынның басына зиярат еткен алғашқы  лауазымды тұлғалар. Өзге шенеуніктер де үлгі алады деп сенеміз.

Бауыржан Бабажанұлы

Abai.kz

 

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3590