Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жанайқай 7331 4 пікір 25 Маусым, 2018 сағат 12:22

Елбасының досы ҚР Жоғарғы соты төрағасынан араша сұрады

ҚР Жоғары сотының төрағасы

Жақып Қажыманұлы Асанов

мырзаның назарына

Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің көнекөз құрдасы, Қазақстан магниткасын дамыту ісінің үздігі, екінші топтағы мүгедек, бүгінде 81 жасқа толған ақсақал Маханбет Әткеев Abai.kz ақпараттық порталына жәрдем сұрай келіпті. Денсаулығы нашарлап, аяғын қалт-құлт етіп әрең басып жүрген ақсақал бейнетінің зейнетін көрер шағында сот залдарында табанынан тоздырып, әділдік іздеп жүр. Бірақ, Еңбекшіқазақ аудандық һәм Алматы облыстық соты әділдік іздеген ақсақалдың жанайқайына пысқырып та қарамаған.

Біздің қолда Маханбет Әтекеев пен Тамара Оспанова арасындағы әкімшілік соттың барлық құжаттарының көшірмесі бар. Сол құжаттармен танысып шыққанда түйген жағдайларды қысқаша ғана баяндап кетсек...

2014 жылдың 17 маусымы күні Тамара Оспанова Маханбет Әтекеевтің Есік қаласының ортасындағы (Абай көшесі, 205 г) үйін 40 мың долларға бағалап сатып алады. 2014 жылдың қазан айының аяғына дейін қолхат негізінде 20 мың АҚШ долларын төлейді де, қалған 20 мың АҚШ долларын 2015 жылдың соңына дейін төлеп бітетіні жөнінде қолхат береді.

Содан кейін қалған соманы үйді сатып алушы Тамара Оспанова өтемеген. Екінші топтың мүгедегін мазақтағандай "8 мың АҚШ доллары тұратын автокөлікті ал" деп өтініш жасаған. Егер Оспанова шын мәнінде қалған ақшаны төлегісі келсе, аталған көлікті сатып, ақшасын баяғыда-ақ ақсақалға беруге тиіс еді.

Маханбет Әтекеев әділдік іздеп, Заң орындарына шағымданады.

Заң орындары кешегі АҚШ долларының курсын есептемей, бүгінгі курспен Тамара Оспанованың қаржысын қайтаруға бір жақты шешім шығарып, ақсақалға 5 миллион 580 мың 480 теңгеден аса айыппұл төлеуге міндеттеп тастаған.

Маханбет Әтекеев, Елбасының құрдасы: 

- Мен, басыма іс түскенде бәзбіреулер сияқты таныстарыма жүгірген жоқпын. Елбасымен Қазақстан болатын бірге балқытып, өміріміздің ең қызықты кездерін бірге өткізіп едік. Қазір ол кісіге жағдайымды айтып, жанайқайымды жеткіземін десем, ортақ таныстарымыз да бар. Бірақ, мен бәрін әділ шешілсе деген ойда болдым. Әлі де, жеке басымның мәселесі үшін көнекөз досымды мазалағым келмейді. Бірақ, заң органдарының маған жасап отырған әділетсіздігі төзімімді түгесіп барады. 

Үйімді 40 мың долларға бағалап саттым. Енді оны 4 жыл өткеннен соң, 5 миллион теңгеден аса қаржы төлеп сатып алуым керек пе?

Біріншіден, үйді сатып алғандар төрт жылдан бері үйімді тоздырып тастады. Өз білгендерімен сарайларды бұзды, материалдарын отқа жақты. 

Екіншіден, төрт жыл бойы сол үйде тұрғаны үшін бір тиын төлеген жоқ. Оспанова қандай заң негізінде менің үйімде 4 жыл тегін тұруы қажет. 

Үшіншіден, менің дәл қазір бес жарым миллион қаржы таба алмасымды біліп, заң жолымен үйімді тартып алуға әрекет жасалып жатыр. 

Төртіншіден, осыдан 4 жыл бұрынғы АҚШ долларының бағамы мен бүгінгі бағамды теңестіруге болмайды. 2015 жылға дейін Тамара Оспанова қолхаттағы міндетін орындамады. Ол сол уақытқа дейін менің 20 мың АҚШ долларымды қайтаруға міндетті болатын. Ол жағы неге сотта қаралмайды? Кешегі күннің жағдайы мен бүгінгі күн мүлдем үйлеспейтіні неге қаперге алынбайды?

М.Әтекеевтің Қазақстан магниткасының 50 жылдығына алған медальі

Маханбет Әтекеевтің айтуынша 4 жыл бойы ешкім өз үйіне біреуді тегін тұрғызбайды. Тәуелсіз бағалаушылардың бағалауына сүйенсек, дәл осындай үйді Есік қаласында айына 40 мың теңгеге жалға алады екен. 4 жыл жалға отырды дегеннің өзінде 2 миллионнан аса ақша шығады. Сот келісімшартты бұзған Тамара Оспанованың 4 жыл сол үйде тұрғанын да есепке алмаған. Бұзылған сарай мен бүлінген дүниені де ескермеген.

Енді түсінікті тілмен айтқанда былай: 

Тамара Оспанова осыдан төрт жыл бұрын 2 миллионнан сәл асатын қаржымен үйлі болады. Қалған қарызды өтеуге ниет те танытпайды. Төрт жыл әлгі үйде тегін тұрады. Сосын 5 миллион 580 мың теңгені қалтасына басады да, сүттен - ақ, судан - таза болып шыға келеді.

Ал, екінші топтағы мүгедек ақсақал 4 жыл үйінде тегін тұрған адамдар үшін 5 миллион 580 мың теңге төлеуге міндетті.

Күлесіз бе, жылайсыз ба?

Түйін

Құрметті, ҚР Жоғары сотының төрағасы Жақып Қажыманұлы Асанов мырза! Балалық шағында жетімдер үйінде өсіп, алғашқылардың бірі болып Қазақстанның болатын балқытқан, Елбасының досы Маханбет Әтекеевтің жанайқайына Сіз де бір мәрте құлақ ассаңыз! Қазақтың өндірісінің өрлеуіне атсалысқан ақсақалды зарлатып қою - елдігімізге сын! 

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

4 пікір