Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Анық 6907 16 пікір 21 Маусым, 2018 сағат 15:35

Биліктің даңғойлығы халыққа жұқты...

Жасырып қайтеміз, даңғойлық пен мақтаншақтық бұрында да қанымызға сіңген жаман әдеттердің бірі еді. Өкінішке қарай, кейінгі кездері бұл ауру тым асқынып барады. Абай хакім айтпақшы  «Өзіңде бармен көзге ұрып» жүрген жайымыздың күлетін емес, тіпті жылайтындай күйге түсіргені де шындық. Нарық келгелі бері өзіміздің өзгелерден керемет екенімізді әлемге танытқымыз келіп тыраштанып жатырмыз. Бұл жолда азғантай жиған-тергенімізді аямай шашып, көзге түсіп қалу жолындағы аттанға қосылып кеткеніміз қашан. Бір ғана мысал. Кейінгі кездері машинамызға «крутой» нөмір қондырып алу сәнге айналды. Оның қанша тұратынына санасып жатқан ешкім жоқ. Мәселен, былтырғы жылы мақтаншақ жүргізушілер 4,5 мың нөмірді сатып алуға 1,5 миллиард теңге жұмсаған. Ал биылғы жылдың үш айында ғана 3 385 қазақстандық бюджетке 913 миллион теңге құйып, көзді арбайтын нөмірді алу бақытына ие болған.

Сонда біз осындай жай ғана нөмірді алуға миллиардтаған қаржы шашатын сонша бай ел ме едік? Әлде елімізде шынымен 5 мыңға тарта бай адам бар ма? Бұған, әрине,  сену қиын. Дұрысы, «мен ешкімнен де кем емеспін» деген жалған намысқа еріп, бала-шағасының нәпақасынан жырып, тыраштану демеске лаж жоқ.

Тағы бір мысал. Бүгінде жастарымыздың бағасы удай қымбат «Айфон» секілді қалта телефондарына деген құмарлығын жоққа шығара алмаспыз. Автомашина нөмірі секілді бұған да жаппай жарыс басталып кеткелі қашан. Бір өкініштісі, бағасы кемінде 1 мың долардан кем түспейтін, яғни өз ақшамызбен 300 мың теңгеден асып жығылатын мұндай телефондарды пайызы жоғары өсіммен қарызға алатын көрінеді. Сонда дейміз-ау, «Айфонан» басқа да фирмалар шығаратын, сапасы жөнінен одан еш кем түспейтін телефонды алсақ, тағымыздан түсіп қаламыз ба? Әлде жалған мақтаншақтық бас-көзге қарамастан, отбасының бюджетімен санаспастан, нар тәуекелге  баратын абыройлы іс пе еді? «Айфонсыз» өмір өмір емес пе?

Айтпақшы, әлгі «Айфон» дегеніңіз сол Американың өзінде біздегіден үш есеге жуық арзан болса да, оны жастар еш өсімсіз ұзақ мерзімге, бөліп төлеу әдісімен сатып алатын көрінеді. Ал тіпті олардың сол «Айфон» құрғырды 1 мың долларға сатып алса да қалтасы көтерер еді. Алайда олар мұндай ысырапшылдыққа бармайды. Неге? Өйткені олар жасынан еңбекпен келетін ақшаның қадірін біледі. Мүмкін, ол елдің бай болғаны да осындай ысырапшылдық пен жалған даңғойлықтан бойын аулақ ұстауынан да шығар.

Даңғойлық демекші, елден ерекше болып көрінуге ұмтылу біздің биліктен де байқалып қалады. Бюджет ақшасына жанашырлықпен қарап, оның әр тиынын есептеу  басшылықта отырған азаматтарға тән қасиет емес. Қайта көбірек шашылсақ, соншалықты көзге түсеміз, өзгелердің алдында беделіміз көтеріледі деген мақтанқұмарлық бойларын әбден дендеп алған секілді. Өзгесін былай қойғанда,  Дубайда өтетін «ЭКСПО-2020» көрмесіндегі өз павильонымызды салу үшін ең үлкен жерді сатып алуымыздың қаншалықты қажеттілігі бар еді? Жалпы көлемі 3 мың 420 шаршы километрге жететін ұлан-ғайыр жерде бой көтеретін құрылысқа қанша қаржы кететінін кім есептепті? Жалпы, орысша айтқанда «понт», қазақша айтқанда даңғойлық біз үшін ұлттық "мінезге" айналып кеткен секілді. 

Кейінгі кездері осындай теріс құбылыстың етек алып бара жатқанын Елбасы да сезсе керек. Президентіміздің өзі Астананы дамыту жөніндегі басқосуда облыстардың көзге түсеміз деп босқа әуреленбеуі керек екенін қатаң ескертті. «Облыстарға салмақ салудың қажеті жоқ. Астана үшін кім-кімде бірдеңе істегісі келсе, істесін. Алайда оның пайдалы болғаны жөн. Зәулім ескерткіш қоямын немесе көше, саябақ саламын дегеннен гөрі жиналып, мектеп тұрғызған дұрыс шығар», - деп бағыт та көрсетті.

Орынды да дұрыс пікір. Алайда біздегі шенеуніктер кей-кейде артық қыламын деп, тыртық қылатынын да жақсы білеміз.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

 

  

   

         

 

16 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3503