Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 9335 16 пікір 12 Маусым, 2018 сағат 13:02

Ауыт Мұқибек: Мен енді еңбекақымның 1%-ын «Отандастар» қорына аударып отырамын

Бүгін мамыр айының соңы мен маусым айының басында болған Қазақ көшіне қатысты екі үлкен тарихи жаңалықты арнайы атап өтіп, Сіздерді Ел өміріндегі осынау зор қуанышпен құттықтағанды жөн деп таптым, Ағайын!

Оның біріншісі – «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018 - 2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі Қаулысының (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1800000280) қабылдануы; Екіншісі, «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамына жаңа президенттiн(http://abai.kz/post/71769 ) тағайындалуы.

Енді осы екі йтулы оқиға туралы жеке-жеке айтып өтейік.

Өткен жылы маусым айының 22-25-і күндері Астанада Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы дүркіреп өткені, сол Құрылтайда Зауытбек Тұрысбековтың Қауымдастыққа төраға болып бір ауыздан сайланғаны – төркүл дүниедегі Алаш баласының бір ұмытылмас оқиғасы болып, есте қалып еді. Қауымдастықтың қатардағы жай ұйым емес екені жайлы (http://abai.kz/post/54914 ) сол Құрылтай қарсаңында тоқталып, өз ойымызды айтқамыз. Міне, содан бері де аттай шауып бір жыл өте шығыпты. Соңғы уақытта ұйымға әртүрлі артық-кем әңгімелер айтыла бастағаны берлгілі.

Әрине, атағы Алатаудай осы үлкен ұйымды басқару, жұмысын жүргізу үшін қомақты қаржы керек екенін біз өте жақсы түсінеміз. Қауымдастық басшысы қарап жатпай, міне, бір жыл дегенде сол қаражат мәселесін шешті. Қаражат болғанда қандай, әрбіреуіне атан түйенің белі қайысатын отызға тарта тармаққа бөлініп, бақандай төрт жылға жоспарланған іс-шараларға емін-еркiн жететін, бес құрлықтағы қазақ атаулыға атбасын тіреуге тарықтырмайтын зор көлемдегі қаражат! Қаулыда аталған іс-шаралар жоспарын қаржыландыру көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетті қалыптастыру және нақтылау кезінде нақтыланады екен. Шынын айту керек, Қауымдастық – Қауымдастық болғалы дәл мұндай Үкімет деңгейіндегі жоспары кемелді, қаржысы қомақты бағдарламаға қол жеткізіп көрген емес. Бұл – біріншіден, тағдыры талапайға көп түскен, алды жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған шеттегі қандастарымызға жасаған Қазақ Үкіметінің зор қамқорлығы, елдігіміздің белгісі болса, екінші жағынан Қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары болып отырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Қауысбекұлының іскерлігі мен беделінің арқасында қол жеткен нәтиже екенін сүйінішпен айтуымыз керек!

Екінші жаңалығымыз, «Отандастар» қорына президент болып Нұртай Әбіқаев ағамыздың тағайындалуы.

Сөз жоқ, Нұртай Әбіқайұлы Тәуелсіз Қазақстанды өркендетуде Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қасында келе жаткан бірегей тұлға. Елбасы бұл кісіге ең қиын сәттерде аса жауаты қызметтерді нық сеніммен тапсырып отырғанын және ол жұмыстардың төңірегіндегі дүлей сын-қатерлерді Нұртай ағамыздың қара нар құсап қайыспай көтере алғанын көзімізбен көрдік. Міне, енді әбден толысып, бет қаратпайтын бедел жинаған Ағамызға Президетіміз тағы бір тарихи-стратегиялық маңызы төтенше зор міндетті арқалатып отыр.

Елбасының көші-қон саясатының қолдаушысы, Қазақ көшінің жанашары  ретінде «Тұңғыш Президенттің көші-қон қорын» құру мәселесін 2011 жылдан бастап (http://abai.kz/post/10603 ), тынбай көтеріп келдім. Себебі, мұндай Қордың ұлтының үштен бірі алыс-жақын шетелдерде тарыдай шашырап жүрген біз секілді жас мемлекет үшін ауадай қажет екенін түсіндім. Сол арман орындалып, өткен жылы Елбасымыз «Отандастар» деген атпен көші-қон қорын құруды тапсырды. Көп өтпей Үкімет 2017 жылғы 13 қазанда №644 қаулысы шығарып, «"Отандастар қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамын» құрды.

Мысалы, еврейлердің "Көші-қон" қорының іргетасы 1846 жылы қаланған. Тұңғыш түйіндемесін жасаған кісі "Өзіміздің" кәдімгі Карл Маркс екен. Қор құрылған тұста Израильде небары 10 мың 29 адам ғана болыпты. Израиль мемлекеті құрылған күні (1848 жыл, 14 мамыр) олардың саны осы ұлттық Қордың жебеуімен бір-ақ күнде 600 мың адамға толыққан. Қысқасы, еврейлер қор арқылы мемлет құрды. Дүниенің түкпір-түкпірінде жүрген этникалық еврейлердің байлары мен орта таптары өз табыстарынан сол Ұлттық Қорларына ақша құйып отырады. Шетелде қоныс тепкен әрбір еврей ұрпағының өмірінде бір рет сол қордың есебінен тарихи отаны Израильге барып, саяхаттап қайтуға құқығы бар.

Міне, «Қор» деп, осыны айт!

Мен Нұртай Әбіқаев ағамыздың «Отандастар» қорына басшы болып тағайындалғанын естігенде қатты қуандым. Есіме бірден еврейлердің "Көші-қон" қоры түсті. Қорды зор ететін – қаржы. Жеті өлшеп, бір кесетін кәсіпкер деген қауым анау-мынауға шығындала бермейді. Аталарының басына тас орнату мен асына ат шаптырудан ары аса алмай жүрген бүгінгі қазақ бұржуаздарын мұндай ұлттық деңгейдегі ауқымды шараға қаржы құйғызу да оңайға соқпасы белгілі. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы өткен жылы Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайында осы «Отандастар» қорын құру туралы Үкіметке тапсырма беріп жатып, «Біз елімізді бай ел жасаймыз деп ұмтылдық. Байлары көбірек болса, олар еліне жұмыс берсе, мемлекетіне көмектессе, ғанибет. Сондықтан мен солардың барлығына, жалпы Қазақстанда тұратын барлық қазақтарға үндеу тастаймын. Біз Солтүстік Кавказдан келген болгарларға, шешендерге барлығына үйімізге әкеп тастағанда, соларға қорған болып, шамамыз келгенше құшағымызды жайдық қой. Ал енді өзіміздің қазақтарға неге солай жасай алмаймыз. Қаны қазақ бизнесмендерге осы қорға әрқайсысы үлесін қосуға шақырамын!» деп, үндеу тастағаны бар.

Міне, сол Елбасы Үндеуіне сай, «Қаны қазақ бизнесмендерге» сөзін өткізе алатын, мен білгенде, екі тұлға бар. Оның біріншісі, әрине, үлкен Нұрекең – Нұрсұлтан Назарбаев та, екіншісі кіші Нұрекең – осы Нұртай Әбіқаев ағамыз.

Ертеңнен бастап, Нұртай ағаның жаңа қызметіне «Құтты болсын!» айтып, кәбинеті алдына кезекке тұратын Б.Өтемұратов, А.Ибрагимов, В.Ким, Т.Құлыбаев пен Д.Құлыбаева бастаған отандық олигархтарымыздын әрқайсысы «Міне, Аға, көрімдігіңіз!» деп, «Отандастар» қорының есепчотына бір-бір миллион АҚШ долларынан лақтырып-лақтырып жіберетініне сенімім кәміл! Ең алдымен бұл Қорға қаржы құюда  алыс-жақын шетелдерде тұрып жатқан этникалық қазақтар мен тәуелсіздік жылдары Атажұртқа көшіп келген қандастарымыз үлгі, бастамашы болуы керек! Өз басым келесі айдан бастап еңбекақымның 1%-ын «Отандастар» қорына аударып отырам. Одан арғы жерде, Қор басшылығы өзін қазақпын, қазақстандықпын дейтін жылдық табысы 100 мың АҚШ долларынан жоғары әрбір кәсіпкер азаматты табысының 0.1 пайызын, қатардағы табыс көзі бар адамдарды табысының 0.01 пайызын аталған Қордың қоржынына салып отыруға міндеттейтін Заң қабыллдатуға немесе Заңдық күші бар Жарлық шығартуға ықпал етсе, тіпті нұр үстіне нұр болар еді. Демек, айналасы төрт-бес жылдың көлемінде біздің «Отандастар» қорымыздың іргетасы нық қаланып, еврейлердің "Көші-қон" қорымен үзеңгі қағыстыра бастайды деп сенем. Ең бастысы, басшы болып қазақ қорының іргетасын қалайтын ірі азаматтың келгені жақсы болды.

Айтпақшы, Қордың Директорлар кеңесінің төрағалығына Дүниежүзілік қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков ағамыздың сайлануы да «Бітер істің басына, жақсы келер келер қасына» болып тұр.

Той тойлап, доп теуіп жүретін уақыт емес. Мың дана таралыммен «Туған тіл» журналын шығарып алып, бес құрлықтағы бес миллион ағайынға «Шетелдегі қазақ мәдени орталықтарының сұраныстарына қарай гуманитарлық бағыттағы әдебиеттермен қамтамасыз етеміз» деп, «Кіші құрылтайлатып» шауып жүретін Мамашевтың заманы келмеске кетті. Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясының бастамасымен Қазақстандағы барлық кітапханаларда онлайн жүйесі іске қосылып, барлық кітап қорының цифрлы нұсқалары дайындалуда. Кез-келген кітап пен оқулықты кез-келген қазақ кез-келген елде отырып оқи береді. Есесіне, еврей құсап қордың есебінен «жас туристерді» Қазақстанға шақырып, Отанымен таныстыру әлде қайда пайдалы болмақ.

Кеше ғана Елбасымыздың Қытай Еліндегі мемлекеттік сапары болып, екі ел арасында 9 ірі келісімге қол қойылды. Оның ішінде адам төзгісіз саяси қысымға ұшырап, Атажұртқа келуі мұң болып отырған Шыңжаңдағы қазақ мәселесінің қамтылмағанын көріп, еңсеміз түсіп кетіп еді. Артынша парасатты Елбасымыз сапарын қортындылап, журналистерге берген сухбатында «Қазақстан мен Қытай арасында шешімін таппаған мәселе жоқ!» деп, үміт отымызды жарқ еткізді. Айтып, ауыз жаппай жатып, «Отандастар» қорының президенті тағайындалып,  өз жұмысын бастағаны мәлім болды.

Бір сөзбен айтқанда, «Отандастар» қоры мен Қауымдастықтың барша жұмысының түйіні - алыстағы ағайынды Атажұртқа тарту! Қазақтың екі қара нары көтерген жүк жолда қалмайды. Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі Бақытжан Сағынтаев қол қойған Үкімет қаулысында Орталық және жергілікті атқарушы органдардың жыл соңына қарай ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне,  Мәдениет және спорт министрлігі ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесіне Жоспардың іс-шараларының іске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат беріп тұруы міндеттелген.

Ал, «Отандастар» қоры мен Қауымдастыққа халықтың қоятын сұрағы мен алатын есебі біреу ғана. Ол – «Атажұртқа биыл қанша қазақ отбасы көшіп келіп орналасты?!».

Екі ағамызды жаңа қызметтерімен, Сіздерді «Отандастар» қоры өз жұмысын бастауымен құттықтаймын, қандастар!

12.06.2018

Астана

Abai.kz

 

16 пікір