Жұма, 26 Сәуір 2024
Елім-ай 16530 24 пікір 4 Маусым, 2018 сағат 09:07

Әлемдегі қазақтарға үндеу

Редакциядан: "Тәуелсіздіктің 25 жылдан астам уақы­тында экономиканың өсуіне байланысты, сарабдал саясаттың жүргізілуінің арқасында көп азаматтарымыз әл-ауқат жиып, бай адам­дарға айналды. Біздің елде бай адамдар көбірек болуы тиіс. Олар мемлекетке қолдау көрсетуі қажет. Бүгін олардың барлығы­на үндеу тастаймын. Біз кезінде өзге елдер­ден қазақ жеріне күштеп көшірілген халықтар­­ға құшақ жайдық, қорған болдық. Дәл осын­­­дай қамқорлықты енді шеттен келетін өз қандас­тарымызға көрсетуіміз абзал. Бизнесмен­дерді осы қорға өзіндік үлес қосуға шақырамын". Бұл Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шеттегі қазақтарға қарата айтқаны. Дүниежүзі қазақтарының V құ­рыл­тайында сөйледі. 

Елбасының осы бір сарабдал саясатына үн қосу үшін  әлем қазақтарына үндеу жолданды. Оны белгілі ақын Құл-Керім Елемес жазып, редакциямызға жолдапты.

Бисмилләһир рахманир рахим!

Уа, бөтен елде түтін түтеткен, қазағым!

Қытайдағыдай басыңа қара бұлт үйірілмей тұрғанда, Отаныңа орал!

"Жат жарылқамайды, өз өлтірмейді"...

Әлем мемлекет екенін мойындаған Тәуелсіз елің бар...

Қандас қауымың, халқың бар...

Отаныңда сенің де, ұрпағыңның да жер иеленуге, оқып білім алуға, лауазымды қызмет атқаруға қақысы да, еншісі де бар...

Адамдық, азаматтық,теңдік, өзгеге тәуелсіздік жағынан қақың бар...

Жүрген еліңде екіншісің... Түрлі мәміледе, бәрінде екіншісің...

Сол елдің тілінде сөйлеп, сол елдің дәстүр-салтын қабылдауға мәжбүрсің...

Сөзсіз сол елдің азаматы болып қала бересің...

Бара-бара сөзсіз сол ұлттың бір мүшесі болуға мәжбүрсің...

Сен өз тіліңде сөйлей алмайсың. Дәстүрің дәріптелмейді. Сенің тіліңдегі мектеп, газет, журнал болса, жабылады...

Ол елдің әр азаматы саған жат көзбен қарайды...

Жат елде үрім-бұтағың жат болып, сол елге түбегейлі  сіңіп, жоғалады...

Ана тіліңнен, салт-дәстүріңнен айырылып, басқаның салт-дәстүрін қабылдайсың...

Мінез құлқың, түр-тұрпатың түбегейлі өзгереді...

Сол елдің жырын жырлайсың...

Іштей өз Отаныңды, сырттай сол Отаныңды сүйетін боласың...

Бара-бара өз Отаныңды бір белгісіз халмен жеккөретін боласың... Бірақ, сені сөйтті екен деп, ол елдің халқы сені ішіне толық тартпайды...

Негізгі, аса маңызды орындарға сені (ұрпағыңды) әсте отырғызбайды...

Қанденнің "күшік" аты қалмайтыны сияқты, сенің "кірме, сіңбе" атың қалмайды...

Отаныңның саған есігі де, құшағы да ашық...

Сені (ұрпағыңды) мұнда өз орның күтіп тұр...

Өзге елде сұлтан болсаң да, өз еліңде ұлтан болғаныңа еш дәреже жетпейді...

Басқа үйде - бағжаңсың. Өз үйіңде - шолжаңсың...

("Енесі тепкеннің еті ауырмайды"...)

Жалпы қай елде болсаң да, сол елге қосылуың керек.

Отаның сені 27 жылдан бері шақырып келеді...

"Шақырғанда келмесең, шақырғанға зар боласың!"

Құл-Керім Елемес

Abai.kz

24 пікір