Сенбі, 20 Сәуір 2024
Аласапыран 13302 13 пікір 24 Мамыр, 2018 сағат 14:20

Асан Нұрболат: Шекаралық полиция өкілдері «Қытай сұратып жатыр» деп жеңгемді алып кетті

Бүгін редакциямызға Асан Нұрболат атты азамат хабарласып, жеңгесін шекаралық полиция қызметкерлері алып кеткенін хабарлады. Асан бүгін редакциямызға іздеп келді. Біз Асанның сөзіне құлақ түрдік. Болған жайды өзі баяндап берді, бізге.

Асан Нұрболат, ҚР Азаматы:

-Мен Асан Нұрболат, Қазақстан Республикасының азаматымын. Алматы облысы, Талғар ауданы, Кеңдала ауылы, Дачная көшесі, 63-үйде тұрамын.

Сіздерге хабарласқан себебім, әкемнің ағасының баласы, менің ағамның келіншегі, яғни жеңгемді шекарашылар үйден алып кетті.

Ағамның аты - Уәли Сләм. Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би ауылы, Виноградный көшесінде тұрады. Өзі Қазақстан Республикасының азаматы. Азаматтық алғанына 2 жыл болған. Бір қыз, бір ұлы бар. Олар да Қазақстан азаматы. Қызы 6-сыныпта оқиды, ұлы 1-сыныпта оқиды.

22-мамыр күні белгісіз екі адам Бәйдібек би ауылындағы ағамның үйіне келіп, куәлігін көрсетіп, аға-жеңгеммен сөйлесіпті.

Олардың әскери полиция деген куәлігі бар екен. Біреуінің әскери шені - майор көрінеді. Онда да біреуі ғана көрсеткен. Біреуінің аты Бауыржан екен. Мен сол мезетте ол жерде болған жоқпын. Ағамның айтуы бойынша ғана білемін.

Сол екеуі жеңгем Сайрагүлді Қорғасқа алып кеткен. Содан біз кеше туысқандар жиналып, артынан бардық. Сөйтсек, бізден де сұрады, жағдайдың барлығын. «Бұл кісі заңсыз кепті. Соны білесіңдер ме» деп сұрады. Біз білмейтінімізді айттық. Содан, Қытай жағы арнайы сұрау салыпты, дейді. «Ол кісі Қытайда ұйымның адамы екен» дейді.

Не ұйым екенін нақтылап айтқан жоқ. Әйтеуір, Қытай жағы сұратып жатыр екен.

Ол кісі Қытайда мектепте мұғалім, сосын директор болған. Міне, Қазақстанға келгеніне 1 айдан аз ғана асты. Жеңгем Қытайдың азаматы. Отасқандарына 15 жылдай болды-ау.  Ағам бала-шағасымен бері өткенде, жеңгем Қытайда қалып қалған. Паспортын алып алған.

Жеңгем бастауыш мектепте директор болған. Сосын анау Қытайдың саяси оқыту лагерлерінің үстінен қарайтын адам болған ба, ол жағы маған жіті түсінікті емес. Әйтеуір, Қытайда қызметте болған. Компартияның мүшесі.

Жеңгемді әлі Қытайға шығарған жоқ. Ол қазір Қорғаста жатыр. Бірақ, Қытай тарапынан сұрау салуына байланысты, шығарып жіберетін түрі бар.  Бізге кеше айтуына қарағанда, адвокат табыңдар деп жатыр. Біз енді не істесек болады?

PS. Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмасуға әрбір оқырман құқылы. Соңғы кездері Қытайдағы ішкі саяси сүргіннің салқыны Қазақстан азаматтығын алған отбасыларға да тиіп жатқанын жазып жүрміз. Әсіресе, бір отбасы мүшелерінің екіге айырылуы практикамызда жиі кездесіп жүр. Оның басты себебі - отбасының кей мүшелері Қазақстан азаматтығын алмаған немесе алып үлгермеген. Бүгін редакциямызға іздеп келген Асанның ағасының да басына түскен жағдай осы ауанда.

Асанның жалғыз сұрайтыны - жеңгесін Қытайға жібермей, елде алып қалу. «Жеңгемді қылмыскер деу ақылға сыйымсыз. Мақұл, заңсыз өтті делік, сонда шекарадан өтерде шекарашылар не қарап отырған? Жеңгем, Қытайда компартияның мүшесі болғандықтан, Қытай сұрау салыпты. Сонда біздің шекаралық полиция Қытай сұраған қазақтың барлығын ұстап бере бере ме?», - дейді Асан Нұрболат.

Abai.kz

13 пікір