Жұма, 29 Наурыз 2024
Құйылсын көшің 5261 2 пікір 23 Мамыр, 2018 сағат 11:48

Көшіміздің бағын не байлайды?

Жұмыс қолы мол оңтүстік өңірден терістік жақтағы ауылдары қаңырауға айналған аймаққа қарай көштің қозғалғандығы жайлы кезінде бірнеше мақала жазып, бұл мәселені үнемі бақылауға алып отырғанбыз. Енді осынау мақсаты биік, болашағы мол бағдарламаның қазіргі таңда қалай жүзеге асып жатқандығына тағы бір көз жіберелік.

Әділіне көшсек, биылғы жыл осы көші-қон мәселесіне ерекше көңіл аударылудан басталғандығы сүйсіндірмей қоймайды. Бұл бағыттағы жұмыстар өзінің жүйелілігімен әрі пәрменділігімен ерекшеленіп отыр. Мәселен, осы жылдың наурыз айында облысымыздағы ауыл әкімдерінің үлкен бір тобы Алматы облысын аралап қайтты. Онда әкімдер осында көшіп келетіндермен кездестіруге арналған бос орындар жәрмеңкесіне қатысуға арнайы барған еді. Дәл осындай екі жаққа пайдалы кездесу Маңғыстау облысында да болды. Енді жақын арада осындай шаралар еліміздің тағы да үш өңірінде өтпек. Оңтүстіктегі бауырларымыз да қол қусырып қарап қалған жоқ. Наурыз айында Оңтүстік Қазақстан облысынан осында ат басын бұрған азаматтар өзіміздегі Сарыкөл, Қарасу және Алтынсарин ауданының жағдайларымен жете танысты.

Алдағы көші-қонға мұншалықты мұқият дайындалудың да өзіндік сыры бар. Өйткені алдағы бес жылдың ішінде облысымызға 10 мың отбасы көшіп келмек. Бұл орта есеппен алғанда 30-40 мың адам деген сөз. Енді осыншама жұртты жұмыспен, тұрғын үймен, бала-бақша және мектеппен қамтамасыз ету оңай шаруа болмасы анық.

-Оңтүстік облыстарда адамдар өте тығыз орналасқан. Оған менің өзімнің де көзім жетті. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының бір ауылы екіншісімен іргелес жатыр. Адамдарға жұмыс жетіспейді. Шаруашылықпен айналысуға деген жер де тапшы. Мектепте балалар үш ауысымда оқиды. Ал бізде жағдай мүлдем керісінше. Өңірімізде жылдан-жылға халық саны күрт азайып барады. Жұмыс қолы да тым қат. Міне, сондықтан да осындай қиғаштықты түзетіп, көші-қон мәселесін орынды шешсек, демографиялық жағдай ғана емес, экономикамыз да жанданары сөзсіз,-дейді Қостанай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Дәмилә Ақпанбетова.

Әрине, көші-қон дегеніміз қалпақпен ұрып алатын дүние емес. Ол жан-жақты дайындықты, алда туындайтын мәселені осы бастан мұқият саралап, дер кезінде әрі жедел шешуді талап етеді. Жалпы, ішкі мигранттар үшін ең басты проблема - жұмыспен қамту болары сөзсіз. Мәселен, олар жаңа жерге келіп, тиісті ақшасын алып, сосын жұмыс іздегендігі мүлдем дұрыс болмайды. Керісінше, өз бетінше келіп, қажетті жұмыс тауып алып, сосын көші-қон квотасына енгізу туралы арыз берсе, аса ұтымды болар еді.

-Бір айырмашылықты ескерген жөн. Көшіп келуге ниет еткендер бар да, нақты шешім қабылдағандар бар. Біріншілерімен біз сол облыстағы жұмыспен қамту орталығы арқылы бір шешім қабылдаймыз. Ал екіншілері осында келіп жұмысқа орналасқандар және қойылған талапқа толық сай келетіндер. Былтырғы жылғы келгендердің барлығы да екіншінің қатарына жатады. Барлығы құрамында 126 адам бар 30 отбасы облысымыздың 14 ауданына орналастырылды,-дейді көші-қон бөлімінің басшысы.

Көші-қон квотасына енудің тағы бір талабы - олар еліміздің Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл және Қызылорда секілді бес аумағынан болуы шарт. Сонда ғана оларға мемлекет көшіп-қонуға кеткен шығын үшін бір отбасының әр мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек беріледі. Сондай-ақ, тұрғын үйді жалға алуға 15-тен 30-ға дейін АЕК көлемінде қаржы бөлінеді. Ал қандай адам өз бетінше үй тауып, оны сатып алуға ниет етсе, онда жұмыспен қамту орталығына келіп, арнайы шарт жасасады. Ол бойынша әлгі адамға бір жыл ішінде сол үйдің құны өтеледі.

Мемлекет көшіп келушілерді жұмыспен қамтуда да біраз нақты шаралар белгілеп қойған. Мәселен, егер жұмыс беруші кемінде 5 маманды үш жыл мерзімге деп жұмысқа алса, онда ол мемлекеттен 450 АЕК, яғни бір миллион теңгеден астам субсидия алады. Бұл да болса жұмыс берушілерді ынталандырары сөзсіз.

Жалпы, келушілердің ең алдымен ауылдық жерлерге бағытталатындығы сөзсіз. Алайда олардың қалаға келіп, орналасуына ешкім шек қоймайды. Мәселен, биылғы жылы Қостанай қаласына 6 отбасы көшіп келді. Арқалық қаласында да Шымқаланың жігіттері жүр.

Алайда жоғарыда аталған жәрмеңкелерге негізінен ауыл әкімдері барады. Жай бармайды, осында қандай мамандықтар қажет, оларды қай жерлерге орналастыруға болады деген мәселені саралап, нақты ұсыныспен шығады. Ол үшін жұмыспен қамту басқармасының мәліметіне сәйкес өңірімізде әсіресе медбике, фельдшер, мұғалім, программист, жүргізуші мен механизаторлардың тапшы екендігін анықтады. Былтыр тіпті біздің Ұзынкөл ауданына бір хореограф та келген.

Өңірімізге ат басын тірегендердің ішінде осында судай сіңіп, тастай батып кеткендері де жетерлік. Мәселен, біз былтыр жылдың аяғында сонау Шымкенттен екі кішкентай қызы бар жас отбасы Қайрат Оразов пен Жұлдыз Сайдулланың облысымыздағы Федоров ауданы Костряков елді-мекеніне келіп, бірі жүргізуші, екіншісі фельдшер болып орналасқандығын жазғанбыз. Жас жұбайлардың айтуына қарағанда, көшіп келудің еш қиындығы жоқ. Мұнда да жақсы жұмыс тауып, жайлы өмір сүруге болатын көрінеді.

Жұлдыз Сайдулла жұмыс үстінде

Жұлдызға бұл жер ұнайды, Адамдары да кең пейіл. Қысылғанда қол ұшын беруге дайын. Қысы суықтау болғанымен, табиғаты тамаша, ауасы таза. Алайда оны алаңдата беретін бір жай бар.

-Біздің балаларымыз балабақшадағы орыс тобына барады. Қазақ тобы жоқ. Оның үстіне мұндағылар қазақ тілін өте нашар біледі. Бір жағынан балаларымыздың орыс тілін білгендігі артық болмас, алайда олар күні ертең қайда барып оқиды, - дейді.

Жалпы, тұрғын үй мәселесі жылдам шешіле қоятын дүние емес. Осы орайда Қайрат пен Жұлдыздың жолы болған. Олар тұрған үйлеріне ай сайын тек коммуналдық қызмет үшін 8 мың теңге ғана төлейді. Су тегін десе де болады. Алайда барлық жерде жағдай бірдей емес. Мәселен, қалаға жақын орналасқан газы да, суы да бар елді қоныстарда басы артық үйді емге таба алмайсың Мұны, Қостанай ауданына қарасты Жамбыл ауылының әкімі Сабыржан Сыздықов та мойындайды.

-Жамбыл ауылы газдандырылған, тұрмысқа қолайлы жағдай толық жасалынған іргелі ауыл. Мұнда басы артық мекен-жай мүлдем жоқ,-деп бұл проблеманы ашық мойындайды.

Демек, келетін жұртқа шындықты ашық айтқан жөн. «Сыбырлағанды Құдай естімей ме?» дегендей осылай қарай ниет еткендер ең алдымен жұпынылау, өз жұрты кете бастаған. Сондықтан ондағы тұрмысқа ешкім көңіл бөле қоймайтын алыстағы ауылдарға баратындығы айдан-анық. Оларда негізінен бөтен ұлттың өкілдері тұрғандықтан әдетте қазақ мектебі болмайды. Кей жерлерде ауыз су да тапшы, оны сатып алуға да тура келеді. Мұның бәрі кезінде «тың көтеру» деген желеуді сылтау етіп ауылдарды өзен-көлден жырақ жерлерге басы-көз жоқ сала беретін солақай сасаттың салдары. Міне, осындай проблемаларды жауырды жаба тоқымай ашық айтып, оларды бірлесе шешудің жолдарын қарастырған мақұл. Әйтпесе, баяғы науқандық ауруға ұшарарымыз сөзсіз. Біздің шенеуніктердің кей-кейде асыра сілтеп жіберетіндігін ескерсек, бұған да таң қалуға болмас.

Дегенмен, ауызды құр шөппен сүртуге болмас, кейбір басшылардың азаматтық танытып, үлгілі іс бастап жүргендігін де айта кеткен жөн болар. Мәселен, облысымыздағы Алтынсарин ауданындағы бір серіктестіктің директоры жоғары жаққа алақан жайып, ешкімнен жәрдем күтпей-ақ, осындағы бос қалған үйлерді өз қаржысына сатып алып, енді оңтүстіктегі ағайындарды өзі шақырып отыр. Мінекей, шынайы жанашырлық деп осыны айт. Шіркін, өңіріміздегі шаруашылық басшыларының бәрі де осындай болса ғой, шіркін. Онда көші-қон мәселесі ешбір бөгеліссіз, ойдағыдай шешілер еді.

Ал оның тәлімді мысалдары да жетіп жатыр. Мәселен, жақында облысымыздың Сарыкөл ауданындағы Соналы ауылына Жамбыл облысынан үш отбасы көшіп келуге бел байлап отыр. Әзірге сол отбасылардың отағасы келіп, осындағы жағдаймен жете танысып, біржолата орнығып қалудың қамын жасауда. Енді әне-міне дегенше отбасының қалған мүшелері келіп жетеді. Бұлар оған дайындық жасап жатыр.

 «Жұмыла көтерген жүк жеңіл»

-Көшіп келушілер де осында картоп, сәбіз, қияр мен қызанақ өсірумен айналыспақ,-дейді Сарыкөл аудандық мәслихатының депутаты, ОРТ базасының директоры Айтжан Есенгелдинов.

Жамбылдықтардың келуіне мұнда да тиянақты дайындық жасалған. Оларға 20 гектардай жер бөлінді. Техника жөнінен аудандағы шаруа қожалықтары қауымдастығының басшысы Баймырза Сатаев көмек беруді өз мойнына алды. Өсірілген өнімді өткізуге Айтжан Есенгелдинов қол ұшын бермек. Ол сол көкөністі Қостанай қаласындағы бөлшек және көтерме сауда базасының аумағында сақтауға көмектеседі.

Жалпы Соналыға тағы да тоғыз отбасы келмек. Бұған әсіресе жергілікті жұрт қатты қуанып отыр. Өйткені мұнда бір кездегі үлкен ауылдан жұрнақ қана қалған.

-Бұрын бізде жап-жақсы орта мектеп бар еді. Кейін жұрт үдере көшкеннен соң небәрі 30 оқушы ғана қалды. Енді жағдай өзгеретін шығар. Өйткені оңтүстіктен келетін ағайындар негізінен көпбалалы отбасылар ғой. Амандық болса, келесі жылы оқушыларымыздың саны 70-тен асып жығылар деп ойлаймыз. Демек, алда сол баяғы орта мектеп дәрежесіне оралатын шығармыз,-дейді ауыл әкімі Сағынбай Сүндетәлин.

-Жаңа оқу жылында тек менің отбасымнан ғана алты бала мектепке барады. Мен - механизатормын, әйелім - аспаз. Біз көп жылдар бойы Шымкентте көкөніс өсіріп, оны осында жіберетінбіз. Енді осы ісімізді осында жалғастыратын боламыз,-дейді сол көштің бір ағайыны Қуаныш Әтімбаев.

Біз де «Ісіңіз сәтті, жұмысмыңыз жемісті болсын» деп тілек айттық.

Көші-қон секілді сан қатпарлы түйіні көп, күрделі мәселені өзімізше сараптай келе, осындағы «Қазақстанның еңбек ері», «Қарқын» шаруашылығының басшысы Сайран Бұқановтың пікірімен түйіндеуді жөн көрдік.

-Жалпы тек көшіп келушілер көп болғанда ғана экономикалық тиімділік болады. Еңбек миграциясы жалпы халықтық сипат алу керек, Поселкелерге келген бес-алты отбасы мәселені шешпейді. Бізде бос жатқан жерлер мол. Ал оңтүстіктегі ағайында іскер де еңбекқор болып келетіндігін жақсы білеміз. Олар көкөніс өсіруде жаңа серпін әкелер еді. Топталып келген соң ауылдарға жан кіреді. Мектептер салынады. Айналып келгенде мұнда ана тіліміздің де тынысы ашылар еді,-дейді тәжірибелі басшы.

Облысымызда аузы дуалы, беделі жоғары Сайран Сәлкенұлының бұл айтқандарына біздің қосып-аларымыз жоқ.

Жайбеген Болатов,

Қостанай

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1579
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606