Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Біздің шенеунік 7315 6 пікір 21 Мамыр, 2018 сағат 10:46

Сын көтере алмаса, әкімнің есебі кімге керек?

Әкімнің есебі не үшін керек? Әкім сын көтермесе...
Иә, әңгімеміз жүйелі болсын деп, жақында өткен Ақтөбе облысы әкімінің есебін тілге тиек етейін. Облыс, аудан, ауыл әкімдері дәстүрлі түрде жылына бір рет халық алдында есеп береді. Халық елім деп еңбек етіп жүрген ел ағаларының еңбегіне баға беріп, өз ойларын ортаға салады.
Мен де өз ойымды айта кетейін.
Ақтөбе облысына әкім боп Бердібек Сапарбаев келеді дегенде ерекше қуанғанның бірі мен едім. Қуанышымның басты себебі, ауыл ақсақалы ретінде ақылымды қоссам да, ел қамын ойлаған әкім қарарларға көмегім тиер деп ойлағам. Ол ойым орта жолда опат болды.
Облыс әкімі өзгерген соңғы екі жылдан астам уақытта Б.Сапарбаев ел алдындағы өз міндетін толық атқара алды ма?! - деген сауал қойып оған жауап іздеу, әрине, қарапайым халық өкіліне оңай емес. Б.Сапарбаевтың Ақтөбе облысында екі жылдан астам істеген жұмыстарын жоққа шығаруға да болмас, бәлкім кейбір еңбектерін жоғары бағалау да керек шығар. Менің мақсатым біреудің кемшілігін іздеп, мін тағу, сын айту емес, өз көзіммен көрген олқылықтарды ортаға салып, орнын толтыруға ат салысу болатын. Осы орайда әкімнің атқарған жұмыстарына халық арасынан ой бөлісіп, баға беріп кету керек деп ойлаймын.Сөздің турасына көшсек, Б. Сапарбаев келгелі біздің аудандағы халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара қоймады. Деректер келтірер болсақ, бұқара халықтың тіршілік көзіне айналған мал шаруашылығы ақсап келеді. Мал басы жыл санап азаюда. Шұбарқұдық ауылының задепо аймағында осыдан 4-5 жыл бұрын 187 ірі қара мал өретін, қазір 112 іріқара қалды. Ал, қазақ ауыл мен базар көшесі аймағында 420 ірі қарадан 250 ге жетер - жетпес мал басы бар. Базардағы ет бағасы екі жыл бұрын 1200 теңге болатын, қазір 1600 теңгеге көтерілді. Міне, бұл тек мал шаруашылығы саласындағы бір ауылдың ахаулы.
Халық тұрмысының тағы бір қайнар көзі, шағын кәсіпкерлік болса, кәсіпкерлер жайы да көңіл көншітпейді. Олардың жайын зерттеп оннан астам сауда орындарының иелерімен сөйлесіп көргенімде халықтың бережағы (қарызы) 2-3 жыл бұрын орта есеппен 300 000 теңгені құраса, қайтарымы 5-6 ай болатын, бүгінде сол сан еселеп өсіп отыр. Қазір қарызға алушылар алған қарызын өтеуден де бас тартып жатады дейді, кәсіпкерлер. Ал, несие алғандарды айтудың өзі бір басқа әңгіме, төлей алмай отырғандары қаншама. Осындай халге жеткеніміз үшін екі тарап та жауапты. Халық пен билік. Халық талпынып еңбек етуде, бірді екі етемін деп тырбанып келеді. Ұлбританияның премьер-министрі болған Маргарет Тэчер «Халықты табиғи байлықсыз да байытуға болады, әрбір адам бай бола алады, бірақ та билік әр адамның талантын ұштай білуі керек» деген болатын. Біздің билікте осы қасиет жоқтың қасы.
Міне, тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде ауданға 5-6 әкім келді. Осылардың халыққа жақын келіп, жанын салып, елмен араласа жүріп еңбек еткенін көрген жоқпын.
Мен өзім кезінде қоғам жұмысына  араласып, бүгінгі заманға сай өз еңбегімнің жемісін жеп отырған адаммын. Өмірде кездескен қиындықтармен де күресе білдім.
Иә, бірді айтып бірге кетіп жатқаным халық жағдайын жеткіземін деп ашынғандықтан болар. Енді негізгі әңгімеміз - әкімнің есеп беруіне келсек, 2016 жылы  жаңа әкіммен халықтың алғашқы кездесуінде елдің сөзін ден қоя тыңдап, көп дүниеге көңіл жеткізгендей болып едік, бірақ, биліктің атына айтылған сыни пікірлерге соғылған шапалаққа ашуланып отырған әкім халыққа ескерту жасаудан жалықпады. «Бұл - концерт емес, жиналыс, қол соқпаңдар» деп тиым салып отырды. Ащы шындық айтқан қоғам жанашырларына көрсеткен халықтың қошеметіне тиым салуға бола ма?! Менің ризашылығымды білдіруіме, рухани құрмет көрсетуіме тиым салуы, ол - рухымды таптауы емес пе? Сонда біз қандай рухани елді аңсап жүрміз?
2017 жылғы 10 ақпандағы кездесуде сол алдыңғы талап қайталанып отырды. «Сын түзелмей мін түзелмейді» демей ме атам қазақ. Бұл көптен күткен кездесуде сөйлеушілерді шала-шарпы тыңдап, халықпен тілдесуге санаулы минуттар берілді. Халық ойын айтуға да үлгермей қалды. Тіпті, бір тұрғын «Айтарым бар еді, 5 минут берші» деп жалынып, жыларман болғанына да көпшілік куә. Сонда кездесуге әкім неге келді халықтың арызын тыңдап қызмет корсетіп парызын орындамаса?!.
Сол кездесуде халық қамын ойлайтын ел ағалары, кәсіпкерлер, ақыл айтар ақсақалдар отырды. Қара халықтың арызын тыңдап, бағыт-бағдар беріп, мемлекет көрсетіп жатқан мүмкіндіктермен таныстырып, жол көрсетуге болады ғой. Ал әкім халықпен билік арасындағы алтын көпір емес пе?
Осындай сөзі желге ұшатын парықсыз кездесулерге қара халық қазір бармайтын болып алды. 400 орындық кездесу залында қарапайым халық емес, мемлекеттік мекеме қызметкелері лық толып отырады. Олар әкіммен кездесуде зал бос болып қалмасын деген оймен мекемелерден арнайы тізіммен шақыртылған адамдар. Ал қарапайым халық арасынан келген адамдар (2016 ж-30 адам, 2017 ж-27 адам) залда орын болмағандықтан жиналысқа кірмей қалды.
Биыл әкіммен кездесу 5 ақпанда болды. Мен жылда асыға күтетін бұл жиынға барғым келмеді. Себебі ештеңе шешілмейтін, сын айтылмайтын, ой-пікір тыңдалмайтын асығыс-үсігіс әсіре бояумен, әкімді марапаттаумен өтетін халық жүрегінен орын ала алмайтын кездесуге уақыт кетіруді жөн санамадым. Дегенмен көңілімде бір алаң болды. Ол - қыс ортасында жұмыссыз қалған «Қызылжар-2030» теміржол мекемесі жұмысшыларының шағымына қолдау көрсету еді. Сол ойым маза бермей кездесуге не боларын ішім сезсе де бардым.
«Қызылжар-2030» теміржол мекемесі 80 жылдық тарихы бар Совет өкіметі кезінде 1000 адам еңбек етіп,  нәпәқасын тапқан Темір ауданындағы үлкен мекеме болатын. Қазіргі заман ол мекемені жағасынан алды. Сол тауқыметіне қарамастан 20 жылдан бері С.Ғабдсаттаров қолынан келгенінше жұмысшыларын еңбекпен қамтып, кешіктірсе де оларға жалақы төлеп, сол тарихы тереңде жатқан қарт мекемені нарық қыспағынан сүйреп келе жатыр. Алдағы күндерінен көп үміт күтіп келе жатқан мекеменің «ҚазТрансгазаймақ» мекемесіне қарызы өсіп кетіп, қаңтар айында ол мекеме көгілдір отын беруді тоқтатқан екен. Содан бері мекеме қызметкерлері жұмыссыз қалып, мекеменің барлық жылу жүйесі істен шыққан. Міне, осы мәселе бойынша мекеме басшысы облыс әкімінен көмек сұрап өтініш айтқан еді, әкім шиеленіскен мәселенің оңтайлы шешімін қарасырар деген үмітіміз су сепкендей басылды. «Мекеменің жабылғаны дұрыс, солай болуы керек деп» бір ауыз сөзбен жаба салды.
Еліміз бойынша Темір ауданы көгілдір отынға ең бай аудан. Көгілдір отынның көптігінен Кеңқияқ, Жаңажол, елді мекендерінде бірнеше жерден көгілдір отын ауада жанып, табиғатымызды ластап жатыр.
Міне, осындай ел ішіндегі ұсақ-түйек мәселелерге көз жұма қарайтын әкімнен енді бір нәрсе сұрау да әбестік шығар. Бұл мәселені ақыры Елбасына айтып, сол арқылы оңтайлы шешім таптық. Дегенмен мәселені облыс әкімі шешеді деп сеніп жүргенімізде  қатып қалған жылу құбырларын қалпына келтіру үшін мекеме 30 млн. шығынға батты.
...Әкіммен кездесу 1 сағат 26 минутта аяқталды. Оның бір сағаты әкімдердің есеп беру баяндамаларымен өтті. 26 минут халық еншісіне тиді.
Аудан әкімі аудан орталығындағы көше асфальтын, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан тұрғын үйлерді және алдағы уақытта салынатын мектеп пен балабақшаның салынатынын айтып, мемлекет бағдарламасын толық орындағанын баяндады. Ал өзінің халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін қанша тонна көкөніс пен картоп өндіру үшін қандай шаралар қолданғаны жайлы бір ауыз сөз айтпады. Себебі аудан әкімінде ондай әрекет болған жоқ еді. Халықпен бірлесіп жұмыс істеу жағы мүлдем қолға алынбаған іс.
Облыс әкімі тағы да халыққа өкпе айту, сын айту, ақыл айтумен болды.
Ал, халыққа берілген 26 минутта ешкім өз ойын айтып, пікір бөліспеді. Кездесу аудан әкімдігі дайындаған ауылдың екі ақсақалы мен әртістік ролдерін жақсы орындаған бюджеттің 5 қызметкерін марапаттаумен аяқталды.
Егемендігіміздің алғашқы жылдарында марқұм академик Советқазы Ақатаев жастарға тәрбие насихат ретінде «Біз мықты ел болу үшін, мықты Президентіміз болуы керек, ал мықты Президентіміз болуы үшін оның артында Отансүйгіш, еңбекқор, адал, күрескер халқы болуы керек» деп айтқан еді.
Облыс әкімі сынды ұнатпайтындығының тағы бір дәлелі: былтырғы жылдың мамыр айында аудан әкімшілігінде өткен кездесуде қазір билік пен халықтың арасының ажырап бара жатқанын, жаңа әкім келгелі ауыл ақсақалдарымен кездесу өткізілмегенін, халықтың әлеуметтік жағдайы айтарлықтай емес екенін, діни ағымдағылармен жұмыс жасау үшін мемлекеттен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалып жатпағандығын, жастар арасында ажырасу елімізде 40% өсіп отырғанын, осындай кемшіліктердің алдын алу үшін аудандық мәдениет үйінен әжелердің салт-дәстүрімізге сай тәлім тәрбие беретін орталығы ашылып, жұмыс жасаса деген сияқты ұсыныстарымды алдыға тарта келе аудан әкімі А.Жүсіпәлиевтің осы бағытта жұмыстанбай отырғанын айттым. Бұдан өзге де айтар ойым көп еді, менің осы сөздеріме ашу шақырып, біраз уақыт өзінің істеп жатқан жұмыстарын дәріптеді және маған «Біз болмасақ көрер едім күніңді» деп сілкінді облыс әкімі.
Мен сенген, халқы сенген әкім сын көтермесе, келер күнге артар сенім қайда? Мемлекеттік қызметтерде көп жылдардан бері  келе жатқан азамат Әлихан Бәйменов: «Жақсылық пен жетістікті көре алмау - көрсоқырлық, ал қылмыс пен қателікті айтпау -  қатыгездік» дейді.
Ал қылмыс біздің ауданда  жетіп артылады.
Менің көзім көргені: таксисттерден 6 жылдан бері заңсыз ақша жинап жүрген диспечерлер бар. Олар такси тұрағында жоқ механик пен медик штатына айлық төлейміз деп, айына 2000 000 теңге ақша жинайды ,әрі алған ақшасына түбіртек бермейді. Көлеңкелі табыспен айналысып отырған осындай топтардың заңсыздығынан таксистерді қорғау мақсатымен аудандық прокуратурадан бастап Бас прокуратураға дейін арыз жаздым, ешқайсысынан тұшымды жауап ала алмадым. Осындай қалмыстың кесірінен кеше жыл басында 52 өзбек азаматының тағдырына күнәлы болдық, әлі де қаншама адамның тағдырына балта шабылады - оны бір Құдай біледі. Ал бақылаушысы жоқ елдің тағдыры не болмақ?!
Хамит Қырқымбаев
Зейнеткер,
Темір ауданы
Ақтөбе облысы
Abai.kz
6 пікір