Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
«Соқыр» Фемида 7938 0 пікір 10 Мамыр, 2018 сағат 09:51

Сеператисттер мен діни экстермистерден саяси тұтқын жасау кімге тиімді?

Өткенде Қазақстандағы Адам құқығы жөніндегі Халықаралық бюроның сарапшылар кеңесі Қазақстандағы саяси тұтқындар тізімін түзіп шықты. Жаңартылған тізім 2018 жылдың 4-сәуірінде өткен сарапшылар кеңесінің отырысында қабылданған екен.

Аталған бюроның ресми сайты «bureau.kz» материалына назар аударсақ, осыған дейін саяси тұтқын статусын иемденген 4 адам болған. Олар: Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Вадим Курамшин мен Сәкен Тұлбаев. 4-сәуірдегі кеңес отырысынан кейін бұл тізімге тағы 19 адам қосылған.

Саяси тұтқындар тізімі:

Арон Атабек – 2006 жылы 18 жылға сотталған;

Мұхтар Жәкішев – 2009 жылы 14 жылға сотталған;

Вадим Курамшин – 2012 жылы 12 жылға сотталған;

Сәкен Тұлбаев – 2015 жылы 4,8 жылға сотталған.

2018 жылдың 4-сәуіріндегі сарапшылар кеңесінің шешімі бойынша саяси тұтқындар деп танылған азаматтар:

Макс Боқаев – 2016 жылы сотталған

Талғат Аян – 2016 жылы сотталған. 2018 жылы түрмеден босатылды.

Амин Елеусінов – 2017 жылы сотталған

Нұрбек Құшақбаев – 2017 жылы сотталған

Махамбет Әбжан – 2017 жылы сотталған

Санат Букенов – 2017 жылы сотталған

Едіге Батыров  - 2016 жылы сотталған

Ержан Оразалинов – 2016 жылы сотталған

Ярослав Галышкин – 2015 жылы сотталған

Санат Досов – 2016 жылы сотталған

Игорь Сычев – 2015 жылы сотталған

Руслан Гинатуллин – 2016 жылы сотталған

Наталья Уласик – 2016 жылы сотталған

Саят Ыбыраев – 2011 жылы сотталған. Қазір босап шықты.

Игорь Чуприн – 2016 жылы сотталған

Әсет Матаев – 2016 жылы сотталған

Ескендір Ерімбетов – 2017 жылдың 13-қарашасынан бері қамауда

Ақмарал Тобылова – 2018 жылдың 15-наурызынан бері қамауда

Ардақ Әшім – 2018 жылдың 31-наурызанан бері мәжбүрлі түрде ем қабылдады. Қазір босап шықты.

Жоғарыдағы тізімге көз жүгіртсек, кейбір азаматтардың сотты болуы, оларға тағылған айып пен саяси тұтқын сапына қосылуы сұрақ тудыратыны жасырын емес. Енді солардың бірнешеуін тілге тиек етейік.

Сәкен Тұлбаев

Сәкен Тұлбаев деген кім? Сәкен 2015 жылы «діни алауыздықты қоздырған» деген айып бойынша 4 жыл 8 айға түрмеге тоғытылған. Алматыда соты өтіп, өз кінәсін мойындамаған Тұлбаев қазір жазасын Павлодардағы колонияда өтеп жатыр. Оған «Таблиғи жамағаттың» үнпарақтарын таратып, жұртты сол лаңкестік ұйымға тартты деген айып тағылған еді.

Сотта Сәкеннің адвокаттары тағылған айыпты терістеп, таратылған үнпарақтар «Таблиғи жамағатқа»  емес, «Хизб-ут-Тахирге» тиесілі екенін айтқан. Қалай десек те, бұл екі ұйым да Қазақстанда «экстремистік» деп танылған. Тыйым салынған ұйымдар.

«Мен Заңды еш бұзған адам емеспін. Менің қудалануымда – саяси сипат бар. Менің еш кінәм жоқ. Бұл қағаздарды маған әдейі тастап кетті. Мен –бейбіт адаммын. Заңды бұзған жоқпын».  Бұл – Сәкеннің өз сөзі. Соттан кейін осылай деп сөйлеген.

Ал сот кезінде Сәкеннің өзі аттай қалап алдыртқан куә – Мұхаммед Хусейн қажы Алсабеков Сәкеннің жақсы қасиеттері жайлы айта келіп, оның «Таблиғи Жамағатқа» жақындығы барын жасырмаған болатын.

Сөйтіп, Сәкен «діни алауыздықты қоздыру» деген айып бойынша сотталған еді. Діни көзқарасы үшін сотты болған адам саяси тұтқын қатарына жата ма?

Руслан Гинатуллин

Руслан Гинатуллин деген кім? Ринат 2016 жылы 6 жылға сотталған. «Ұлтаралық араздықты қоздыру» және «Ұйымдасқан топ құру, басқару және мүше болу» деген баптар бойынша істі болған.

Ол 2015 жылы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «You Tube» арнасындағы 2 бейне жазбаны бөліскен. Ол бейне жазбалардың мазмұны Донбасстағы әскери шаралар мен Ресей националистерінің әрекеті жайлы болған.

Оған қоса, Гинатуллин Қазақстанда тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир әль-Ислами» деген діни топқа мүше болған-мыс.

«Айыпталушы Гинатуллин «Хизб ут-Тахрир әль-Ислами» діни партиясына адал қызмет етуге ант берген. 2003 жылы. Қарағандыда жүріп агитациялық жұмыс жасаған. Дініи топқа жаңа мүшелер тартумен айналысқан» деген еді судья Айгүл Ахметова.

Иә, Ринат Гинатуллин өз кінәсін мойындаған жоқ. Ал оның адвокаты Бауыржан Азанов деген азамат «Азаттыққа берген пікірінде» өз қорғауындағы Гинатуллинді «өткен ісі» үшін соттап жатқанын айтқан.

Мұхтар Жәкішев

Мұхтар Жәкішев. «Қазатомпром» ҰҚ бұрынғы басшысы 2009 жылы 14 жылға сотталған.

2013 жылға дейін Мұхтар Жәкішев Қазақстандағы саяси тұтқындар тізіміне енбей келді. Ол олигарх, қуғындағы банкир «Мұхтар Әблязов үшін жауап беретін адам» ретінде сипатталып, «саяси тұтқынға қатысы бар тұтқын» қатарына кірген еді.

Игорь Сычев

Игорь Сычев деген кім? Риддердің тұрғыны. Ресейлік «ВКонтакте» желісінде «Подслушено в Риддере» деген әлеуметтік топ жетекшісі, администраторы. 2015 жылы сеператистік көзқарасы үшін 5 жылға сотталған.

Сычев жаңағы «ВКонтакте» желісіндегі өзі басқарып отырған әлеуметтік парақшада сауалнама жариялаған. Сауалнаманың мазмұны - Шығыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының құрамына қосылуын қолдайсыздар ма? Ал сауалы – «Елестетіп көрейік, егер Риддер қаласында дауыс беру болса, қалай болар еді?». «Иә» және «Жоқ» деген екі жауап ұсынған.

Сычевтің сотты болуының себебі – осы. Айтпақшы, «Әділ сөз» сарапшылары Сычевтің бұл әрекетінен сеператистік пиғыл байқамағанын айтқан. Дегенмен, дәл осы ауандағы әрбір жазба мемлекеттің территориялық тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталғана прецедент болып табылатыны рас. Оның үстіне, ресейлік БАҚ-та Қазақстанның территориялық тұтастығына нұқсан келтіруді көздейтін түрлі жазбалар мен провакациялық мазмұндағы материалдар жария болып жүр. Бұл да өтірік емес.

«Шығыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясының құрамына кіргенін қолдайсыз ба?» деген мазмұндағы сауалнама – ашықтан-ашық мемлекет тұтастығына қарсы пиғылдағы контент. Оған қоса, Ресейлік ақпарат құралдарында «Қазақстанның шығыс облысы – Батыс Сібірге тиесілі» деген ауандағы әңгімелер айтылып жүр. Осындай қым-қиғаш ақпараттық қайшылық уағында мемлекеттің тұтас өңірін өзге мемлекетке телу, бұл – сеператизм. Сеператистік көзқарастағы адам саяси тұтқын атана ала ма?

Салыстырмалы түрде айтайық, Игорь Сычев проресейлік пиғылын әлеуметтік желіде асырған алғашқы адам емес.

Игорь Чуприн

Игорь Чуприн деген кім? Солтүстік Қазақстан облысы, Қыжылжар ауданы, Соколовка ауылының тұрғыны. 2016 жылы 5 жыл 5 айға сотталған. Не үшін дейсіз ғой... Өңірді Ресей Федерациясы құрамына қосуға үндегені үшін.

ҚР ҚК 180 бап, 2-тармақ, «Қазақстан Республикасының тұтастығы мен унитарлылығын, территориялық тұтатстығын бұзуға үндеу, мемлекетті дезинтеграциялау» және ҚР ҚК 174 бап, 1-тармақ, «ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған саналы әрекет» деген айыптар бойынша сотталған.

Сотта белгілі болғандай, Чуприн 2014 жылдың қыркүйегінде, өзінің ұялы телефоны арқылы «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде қолданушылармен сөйлескен. 2014 жылдың 1-қыркүйегі мен 2015 жылдың 20-мамыры аралығындағы жазбаларды анықтай келе, Чуприн, өзінің «ВКонтакте» желісіндегі жеке парақшасында «Игорь Чупа» деген атпен түрлі ауандағы материалдар жариялаған. Олардың ішінде қазақтарға қатысты негативті қарым-қатынысты сипаттайтын жағымсыз жазбалар мен комментарийлер бар. Бұл сотта анықталған ақпар.

«Оның жариялаған жазбаларының жалпы мазмұнымен «ВКонтакте» әлеуметтік желі қолданушылар танысып шыққан. Сөйтіп, ол жазбалар желі қолданушыларының арасында негативті реакция байқатқан және кикілжің тудыруға себепші болған. Азаматтық және саяси ұстанымның антиконституциялық сипатын тудыруға ықпал еткен. Ұлтаралық араздықты қоздыруға, тіпті, Қазақстан Республикасының территориялық тұтастығын бұзуға бағытталған ауандағы пікір қалыптастыруға себепші болған». Бұл  – сот үкімінде айтылған ақпар.

«Факт бойынша менің тақырыбымды бірден бұрып әкетті. Қазақстан жері Ресейдің құрамына қосылған националистік картаны жіберді. Мен сол сәтте бұның провокациялық сипатын ұққан жоқпын. Сөйтіп, сөзжарысқа араласып кеттім», деп қазақ халқынан кешірім сұраған еді, Чуприн. Қазақ мемлекетінің тұтастығы мен жерінің бүтіндігіне қарсы бүлік салмақ болған Сычев пен Чуприн "саяси тұтқындардың" "санатына" енсе, төмендегі мына екеу неге ескерусіз қалған? Олар да "саяси тұтқындар" тізіміне енуі керек еді ғой? Ол екеу кім? Қараңыз:

Ермек Тайшыбеков

Ермек Тайшыбеков дейтін бір есерсоқ бар еді. «Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі бос сөз», «Қазақстан Ресейдің бір губерниясы болу керек» деген Тайшыбеков 4 жылға түрмеге қамалған.

Шовинистік пиғылы мен мемлекеттің тұтастығын бұзуға бағыттаған үгіт-насихаты үшін құзырлы орган оны қамауға ұзақ уақыт құлық танытпай жүріп, ақыры қазақ қоғамы өре-түрегелгенде ғана нақты қимылға көшкен.

Міне,  сол елірме Ермек  төрт жылы аяқталмай жатып, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Былтыр. Ермек те  ресейшіл адам. Оны өзі де ашық айтып жүр. «Қазақстанды Ресейге қосу керек» деп ұрандап, прокремльдік пропаганданың "патронына" айналған адам.

«Мен - орыс империалисімін және мен Орыс әлемі үшін туғанмын HYPERLINK "https://eadaily.com/ru/news/2017/10/23/ermek-taychibekov-ya-russkiy-imperialist-i-ya-za-russkiy-mir"»HYPERLINK "https://eadaily.com/ru/news/2017/10/23/ermek-taychibekov-ya-russkiy-imperialist-i-ya-za-russkiy-mir" дегенді айтқан Ермек түрмеде бар болғаны 25 ай ғана отырған.

Немесе Татьяна Шевцовой-Валовой деген бар. Ол да Қазақстанның территориялық тұтастығына қарсы сөздерін әлеуметтік желіде жазған. Сол үшін сотталған. Оның сөзін қазақшаға қотармадық та. Өз сөзі. Алып-қосқанымыз жоқ, міне:

«Будете что-то устраивать тут в КЗ по поводу языка и возвеличивания своей коренной нации, то с вами будет то же самое, что и с Крымом – северные, а, возможно, что и все остальные части КЗ перейдут в РФ. И не путем аннексии, как вы тут визжите на каждом углу, а путем референдума, как это произошло в Крыму, то есть добровольным вхождением в состав РФ», - деген.

Қазақстандағы Адам құқығы жөніндегі Халықаралық бюроның сарапшылар кеңесі Сычев пен Чупринді саяси тұтқын тізіміне енгенін ескерсек, Ермек пен Татьяна да бұл тізімде болуы керек еді...

Енді сұрақ: жоғарыда аты-жөні аталғандар расында саяси тұтқындар ма? Діни жат ағымдармен байланысқан Тұлыбаев пен Гинатуллин қандай саяси көзқарасы үшін саяси тұтқын атанды? (Бұл сауалдарға төменде Abai.kz ақпараттық порталының тұрақты сарапшылары жауап береді).

Қосымша ақпар: Қазақстандағы Адам құқығы жөніндегі Халықаралық бюро сәуірде жариялаған тізімге енген кейбір азаматтар қазір түрмеден босатылған. Олардың ішінде: Талғат Аян мен Саят Ыбыраев бар. Психикалық емдеу изоляторына тоғытылған Ардақ Әшім де қазір бостандыққа жіберілді.

Еуроодақтың 6 депутаты кім?

Айтпақшы, 10-11 мамыр күні Астанаға Еуропарламенттің депутаттары келеді. Олар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестік келісімінің атқарылуы аясында келе жатыр. 6 депутат адам құқығы жөніндегі мәселелерді де сөз ететіні жайлы ақпарат құралдары жазып жатыр. 6 депутат кім? Міне есім-сойлары:

Григуль Петерс (GRIGULE-PĒTERSE), Йохим Зеллер (Joachim Zeller), Андре Мамикнс (Andrejs Mamikins), Вольф Клин (Wolf Klinz), Фульво Мартушелло (Fulvio Martusciello), Ричард Чарнески (Ryszard Czarnecki).

Бұлар келеді деп «Open Dialog» (odfoundation.eu) сайты Қазақстандағы саяси тұтқындар тізімін жариялапты.  Олардың ішінде жоғарыда біз тізбелеп өткен Тұлбаев, Гинатуллин, Чуприн мен Сычевтер де бар екен.

Храпуновтар отбасы мен Әбләзовтың көмекшілері де

саяси диссидент пе?

Айтпақшы, «Open Dialog» тізіміне кәсіпкер Мұратхан Тоқмади де енген екен. Мұратхан Тоқмадиді сот 10 жыл 6 айға соттаған.

«Open Dialog» түзген репорттың 5-бөлімі «Қазақстанның Интерпол көмегімен қудалап жатқан адамдары» деп аталады.

Онда саяси қысым құрбаны ретінде – Виктор, Ләйлә және Ілияс Храпуновтар айтылады. Бұлар да саяси қысымның бейшара "құрбандары" екен.

Оған қоса, қашқын банкир, әккі алаяқ Әбләзовтің жақтасы деп танылған, Қазақстаннан қашып кеткен үшеудің де есімдері аталыпты. Олар – Татяна Параскеевич, Анатолий Погорелов пен Жанар Ахметова.

Жанар Ахметова нақтыланбаған ақпарат бойынша Украинада жүрген болуы мүмкін. Ал Анатолий Погорелов – Біріккен Араб Әмірліктерінде көрінеді. Үшінші Татяна болса, Чехияда тұрып жатыр екен.

Әбдірашит Бәкірұлы: Сотталғанның барлығы саясат құрбаны емес

Әлемде әлі күнге дейін «саяси тұтқын» статусы нақтыланбаған. Себебі, әлемдегі әр елдің саяси құрылымына байланысты «саяси тұтқын»  түсінігін әрқалай интерпретациялау кездеседі. Сондықтан, кейінгі кезде  оның мағынасына  адам құқын қорғау ұйымдарының тарапынан «әділет үшін күрескендер» деген мағынаны ендіруге талпыныс жасалуда. Ол бойынша, егер адам қоғамдағы әділетсіздікке қарсы екенін білдіріп, ашық қарсы шықса, және оның әрекеті  қоғамды ыдыратуға емес, керісінше, оны дамытуға, мемлекеттілік пен тәуелсіздігін  нығайтуға бағытталғанына қарамастан сотты болса, әрине, ондай адам «саяси тұтқын» аталады. Кейде оны «режим тұтқыны» деп те атайды.

Ал мына тізімдегі біраз адамдардың мұндай сипаттамаға сәйкес келмейтіні көзге анық көрініп тұр. Мысалы, «діни экстремизмді» алайық. Бүгінде оның зардабын көптеген елдер шегіп жатыр. Олай болса, дін жолында болсын, мемлекет заңдары мен қоғамда қабылданған ережелерден тысқары әрекет ету - саясаттан гөрі әр адамның қателікпен не жеке ұстаным негізінде «заң бұзушылық» қадамына жатады. Себебі, қоғам үшін зиянды діни-экстремитсік көзқарасты қоғамға «мәжбүрлеп енгізу» әрекеті «ар-ождан бостандығына» сай келмейді. Заңға да сай емес. Мұнда ешбір «саяси астарды» көріп тұрғам жоқ. Бірақ, егер бұл идеологиясы, заңдары дінге негізделген теократтық мемлекет болса, онда, әрине, олар «саяси» болып шығар еді. Алайда біздің қоғам мен мемлекет өзін зайырлы, демократиялық мемлекет деп санайды.  Ендеше, мұнда «зайырлы қоғамның зайырлы заңдары» басшылыққа алынуы тиіс.

Екінші топтағы «саясиларға» «сепаратистік пиғылдағы» адамдарды жатқызыпты. Негізінде елдің тұтастығы мен тәуелсіздігі конституциялық заңдармен анықталған. Ал сепаратистік әрекеттер осы тұтастықты күйретуге бағытталған.  Яғни, ол әрекет ел Тәуелсіздігіне қауіп төндіру болып саналады. Ендеше оларды қалай «саяси» қатарына жатқызуға болады? Меніңше, ежелгі Аристотельдің «Заң дегеніміз қоғамдық келісім, қоғамдық шарт» деген сөзі әлі күшін жойған жоқ. Ендеше,   мемлекетті бөлшектеуге әрекет етушілерді «саяси» деп емес, өзге мемлекеттің барлау қызметінің «жасырын агенттері» ретінде халықаралық заңдармен соттауға болады.  Яғни, олар «ар-ождан тұтқындары» бола алмайды.  Үшіншіден, экономикалық, не өзге қылмыстық әрекеті үшін сотталғандарды «саяси» қатарына көзсіз енгізу дұрыс емес. Ол үшін оған арнайы баға берілуі тиіс. Болмаса, барлық сотталғандар бір күнде өздерін «саясилармыз» деп жариялай салуы да ғажап емес.  Ажыратып көр содан кейін кімнің «саяси» екенін, кімнің «саяси емес» екенін...

Дос Көшім: Нельсон Мандела мен Игорь Сычевтің қатар тұруы құқық қорғаушыларға еш абырой әпермейді

Бұл тізіммен келіспеймін. Осыдан бір ай бұрын осы тізіммен алғаш танысқанда да осы көзқарасымды ашық білдіргенмін. Мен үшін Қазақ еліндегі адам құқығын қорғаушылардың осы тізімді қандай шарттарға сүйеніп жасағаны мүлдем түсініксіз... Алдарына саяси мақсат қойып, сол мақсатының жолында билік тарапынан әділетсіз жазаға тартылған жандар ғана – саяси тұтқын болып саналуы керек сияқты. Алайда, Қазақ жерін референдум арқылы басқа мемлекетке қосуды бастама етіп көтерген Игорь Сычевтің бұл тізімге еніп кетуі – адам құқығын қорғаушылардың беделін көтере қоймайтыны анық. Демек Сычевтің саяси мақсаты (Конституцияны былай қойғанда) – біздің ата-бабаларымыз қорғап қалған жерімізді басқа мемлекетке беруге бастамашыл болу. Әрине, бұл ол адамның жеке көзқарасы, бірақ, олай болса, Гитлердің әлемді жаулап алу деген жеке саяси көзқарасын да Қазақ елінің адам құқығын қорғаушылары табандылықпен қорғап, оны да саяси тұтқындардың (не құрбандардың) қатарына жатқызар. Айта кету керек, мен сол уақытта, Игорь Сычевтің референдум  жүргізу туралы бастама көтерген кезінде, Риддерде орыстілді азаматтармен кездесу өткізіп жүрдім. Жергілікті орыстілді қауымға оның жазған жазбаларының қалай әсер еткенінің куәсі болдым. Бұл – нақты сепаратизмнің көрінісі болатын. Руслан Гинатулин мен Игорь Чуприн де осы бағыттағы адамдар.

Өз басым, Мұхтар Жәкішов пен Мұрат Токмадиді де саяси тұтқындар қатарына жатқызбас едім. Әрине, екеуінің де белгілі бір күштердің не топтардың ойындарының құрбаны болғандары анық, алайда билікпен ұстасып, алдарына саяси мақсат қойып, сол мақсаттары үшін әділетсіз жаза алды деп айта алмаймын. Егер әділетсіз сотталғандардың барлығын саяси тұтқындардың қатарына жатқызсақ, бұл тізім шетсіз де шексіз болар еді...

Арон Атабек, Макс пен Талғаттар, шын мәнінде саяси көзқарастары және сол көзқарастарын жүзеге асыру мақсатындағы іс-әрекеттері үшін сотталды. Бұларды халық дәл осы еңбектері үшін мойындайды.

Қысқасы, Қазақ елінің адам құқығын қорғаушылары әлемге тарайтын тізім жасаудың алдында сол тізімге кіретін жандарды саралайтын нақты шарттарды дайындап алулары керек сияқты. Нельсон Мандела мен Игорь Сычевтің қатар тұруы құқық қорғаушыларға ешқандай бедел әкелмейтіні анық.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған мақалаға пікір айтып, ойыңызды білдіргіңіз келсе, мына парақшаға жазып қалдырыңыз!

Abai.kz

0 пікір