Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5785 0 пікір 27 Сәуір, 2018 сағат 10:12

Өмірбек Жұбаниязов ҚР Суретшілер Одағына төраға болып сайланды

Кеше, 26 сәуір күні Алматыдағы Оқушылар сарайында Қазақстан Суретшілер одағының кезекті құрылтайы өтті. Оған Республиканың түкпір-түкпірінен мыңға жуық делегат қатысып, Одақтың бұған дейін атқарған жұмысымен танысты әрі жаңа төраға сайлауға дауыс берді.

Құрылтайға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Әбіл Жоламанов бастаған арнайы өкілмен қатар, елімізге танымал суртшілер түгелге жуық қатысты. Суретшілер одағы әкімшілігінің баяндамасы тыңдалып, жарыссөз өтті. Одақ жұмысын оң бағалап, алда атқарар шаруалардың көп екенін сөз еткендермен қатар, өздерінің қарсы пікірлерін білдіріп, одақ жұмысы жариялы түрде жүруі керек дегендер де кезікті.

Бұдан бұрын өткен Құрылтайда шешілуге уәде етілген көптеген проблемалар әлі шешілген жоқ деушілер де болды. Әсіресе, Алматыдағы суретшілерге тиесілі шеберханалардың құжаты жасалынбағанын айтқандар көп болды. Суретшілер одағы әкімшілігі бұл аса күрделі шаруа екендігін, осыған дейін заң аясында қыруар шаруа атқарылғанын, алдағы аз уақттың ішінде шешім табатынын жеткізді.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе одақтың жаңа төрағасы сайлау болды. Әсет Жақыпбек, Алпысбай Қазғұлов, Өмірбек Жұбаниязов секілді елге танымал суретшілер кандидат ретінде ұсынылды. Делегаттардың жабық дауыс беру нәтижесінде басым көпшіліктің қолдауымен ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Ө. Жұбаниязов ҚР Суретшілер одағы Басқармасының Төрағасы болып сайланды.

Өмірбек Жұбаниязов – белгілі қылқалам шебері. Оның картиналары өзіндік бояуымен жаңашыл бағытымен жұртшылықтың назарын аударған. ТМД көлемінде, алыс-жақын шетелдерде еңбектері жоғары бағаланып жүр. Бұған дейін ғылыми жұмыспен айналысқан. Ұзақ жылдар бойы Өнер академиясында ұстаздық еткен. Тәлім алған шәкірттері өнертану саласында белсенді қызмет етіп жүр.

Abai.kz

0 пікір