Жұма, 19 Сәуір 2024
Дабыл 3702 1 пікір 25 Сәуір, 2018 сағат 14:12

Денсаулық және демография. Қостанайдағы қорқынышты деректер не дейді?

 

 

Қостанайда дәрігерлердің өте тапшы екендігі ешкімге де құпия жайт емес. Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркін Дауытбаевтың айтуына қарағанда, өңірімізде қазіргі таңда жетпей тұрған дәрігерлердің саны 275 адамды құрайды. Бұлардың төрттен бірі зейнеткер жасынан әлдеқайда асып кеткен. Демек, дәрігер тапшылығы жыл сайын өсе береді деген сөз бұл. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 74 адамға жетіп жығылады. Балаларға және перзентханаға арналған кадрларға деген мұқтаждық 85 адамды құрап отыр.

«Жығылғанға – жұдырық» дегендей дәрігерлердің жетіспеушілігі секілді проблемаға бала туу көрсеткішінің де құлдырап кеткендігі қосылып отырғандығы ерекше алаңдатпай қоймайды. Ол облысымызда кейінгі бес жылда тек қана төмендеп келеді. Оның үстіне ВИЧ сырқатының үш есеге жуық өсіп кеткендігі де жасыруға болмайтын жағдай. Оны аз десеңіз, санитарлық дәрігерлер өңірімізде балалар арасында сальмонеллез, гепататит, туберкулез секілді жұқпалы аурылардың бой бермей кеткендігін айтып, дабыл қағуда. Емханаларда гельминтоз аурына ұшыраған балаларды тексеру де бетімен кеткен. Ал енді жас нәрестелердің аурханада шетінеп кетуінің де көбейіп бара жатқандығы жүректі ауыртпай қоймайды. Мәселенің асқынып кеткендігі соншалық, жақында облыс әкімі Архимед Мұқанбетов Арқалық қаласы мен Әулиекөл және Таран аудандаррының төрт бірдей бас дәрігеріне қатаң сөгіс берді. Бұлар басқаратын Арқалық қалалық перзентхана, Арқалық аймақтық емхана, Әуликөл мен Таран аудандық аурханалар нәрестелердің шетінеуінен облыста алдыңғы қатарға шығып кеткен.

-Егер алғашқы жартыжылдықта жағдайды дұрыстамасаңдар, орындарыңды босатасыңдар,--деді ол, - ең нашар көрсеткіш сіздерде. Және де бұл жағдай жыл сайын қайталанып отыр.

Әрине, әкімнің бұлайша қатты кетуін әркім әртүрлі бағалар. Алайда оның бұдан басқа қолынан келері де жоқ. Облысымызда ғана емес, бүкіл елімізде етек алып бара жатқан осынау теріс құбылысты бір облыстың әкімі тоқтата алады деуге ешкімнің ауыз бара қоймас.

Дегенмен, осы арнайы жиналыстың өзінде шенеуніктердің әкімнен жасырып қалған жағымсыз жайттардың кейін беті ашылып, бұл бағытта мәселенің тіпті асықынып кеткендігі мәлім болды. Мәселен, облысымыздағы кардиология саласындағы жағдай дабыл көтерерліктей екен. Сырқаттардың жүрек талмасына ұшырауы 5,9 пайызға, қан айналымы жүйесінің сырқаты 7,35 пайызға, жүректің ишемиялық ауруы—10,5 пайызға өсіп кеткендігі анықталды. Ал жұрттың инсульт алуы бірден 13,9 пайызға бір-ақ секірген.

Тағы бір алаңдатарлық факт: адамдардың аурудан көз жұмуы бірден 21 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш облысымызда еліміздегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда  анау-мынау емес, тура 60 пайызды құрап отыр. Мұны аз десеңіз, облысымызда қан тамырларын кеңейтіп, соның арқасында жүректің жұмысын жақсартатын жүректі стенттеу секілді хиругиялық операция жасау кейінгі кезде күрт азайып кеткендігін қосыңыз. Ол 2016 жылы 204 адамға жасалса, былтырғы жылы тек қана 141 адамға ғана жасалды. Ал бұған еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің былтыр Қостанайдың емханаларында кардиологиялық операциялар жасауға тиым салғандығын қосыңыз. Сонда облысымыздағы денсаулық сақтау саласындағы жағдайдың қаншалықты күрделі екендігін айқын сезінер едіңіз.

Міне, бұлардың бәрі де өзіміз айта-айта тіліміз де жауыр болған дәрігерлер тапшылығы секілді өте күрделі мәселеден туындап отыр. Бұл тек біздің облысқа ғана тән жағдай емес. Ашығын айтқанда, ол бүкіл елімізде сезіліп отырған қатерлі құбылыс. Бұрынғыдай оқу бітірген соң жоспарлы түрде облыс, қала мен аудандарға мәжбүрлеп жіберу тоқтатылғаннан бері, дипломы қолына тиген жастар үлкен қалаларды жағалап, сонда қалып қоюға тырысады. Бұл бір деңіз. Екіншісі, солардың өзінің де білім деңейі тым төмен. «Емтиханды ақшамен ұрып аламын» деген студентте терең білімді маман болайын деп тырысатын, сол жолда маңдай терін төгіп оқуға деген құлшыныс қайдан болсын. Оның үстіне елімізде жыл сайын қанша дәрігер маман даярланып жатыр, оның сапалық деңгейі бүгінгі заман талабына қаншалықты сай келеді деген мәселеге ешкім де бас қатырып отырған жоқ. «Нарық бәрін шешеді» деген сылтауды желеу еткен үкіметіміз мұндай ұсақ-түйек мәселеге бас ауыртпайды. Ал айналып келгенде осыдан қарапайым халық зарпап шегеді. Бұған созылмалы ауруға ұшырап, жаны қиналып жүрген сырқат жандардың жыл сайын тегін дәрілерді дер кезінде ала алмай  сорлап жүргендігін қоссаңыз, еліміздегі медицинаның бүгінгі адам шошырлық жағдайына көзіңіздің анық жетері сөзсіз.

Ал шындығында сәл де болса жанашырлық танытқан адамға осы тапшылықты біржолата шешіп тастамаса да, аздап жеңілдететін жолдардың бар екендігін байқар еді. Мәселен, «Дипломмен—ауылға» атты мемлекеттік бағдарламаға сәл-пәл өзгеріс енгізіп, ауылға тек мұғалімдерді ғана емес, дәрігерлерді де жіберуді қоссақ, бір түйін болса да тарқатылар ма еді. Сосын ауылдық жерлердегі аса ірі фирмаларға сол ауылға қажетті дәрігерлер үшін арнайы грант бөлуге ынталандырса да артық емес.

Ал әзірге біздің облыстық онкологиялық диспансерге қаралу үшін адамдар таңертеңгі сағат алтыдан бастап кезекке тұрады. Жарайды, қаладағылар бірдеңе істер. Ал сонау бір шеті 700 километрден асып жығылатын алыс аудандардан келген сырқаттар қайтеді?  Диспансерге келіп түней ме? Онсыз да көңілі жаралы, алдағы тіршіліктен күдер үзбесе де, сенімі сетіней бастаған жандарды кім аяйды? Иә, тек құдай аяйтын шығар. Өзегелерге бұлардың пәлендей қажеті болмай тұрғандығын жасырып қайтеміз.

Осының бәрі де дәрігерлер тапшылығы мен олардың біліксіздігі деген «диагнозға» тіреліп тұр. Мұны үкіметімізге қарай бағыттап айтсақ та, шындыққа қиянат жасай қоймаспыз.

Жайберген Болатов

Қостанай

Abai.kz

  

 

1 пікір