Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Анық-қанығы 5630 0 пікір 24 Сәуір, 2018 сағат 11:35

Ғабдолла алаяқ бастаған режимнің жалдамалы жалақорларының кезекті шабуылы...

Редакциядан: 

Жақында порталымыздың тұрақты авторы Қажымұқан Ғабдолланың қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлин жайлы мақаласы жарияланды. Мақаланың сілтемесі: «Жасарал Қытайдағы қазақтардың жайына пысқырмай ма?», «Қуанышәлин Козловтың «Ұлтшылдарға қарсы пайдаланатын құлақкесті құлы...»

Abai.kz - еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға әркім құқылы. Бүгін редакциямызға Жасарал Қуанышәлин мырзадан үшбу хат келіп түсті. Қажымұқан Ғабдолланың өзі жайлы жазған мақаласына жауап берген екен. Біз қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлиннің мақаласын да жариялап отырмыз.


Соңғы күндері ұлы палуан атамыздың атынан садаға кеткір Қажымұқан Ғабдолла деген найсап өзінің және басқалардың сайттарында, соның ішінде «Абай.кз» сайтында да, әр түрлі атаулармен («Жасарал Қытайдағы қазақтардың жайына пысқырмай ма?», «Қуанышәлин Козловтың «Ұлтшылдарға қарсы пайдаланатын құлақкесті құлы...») мен туралы жалақорлық сандырағын жариялады және оларына ондаған бүркеншік аттармен өзінің сол сандырақтарын «қолдап, құптайтын» бықсық комментарийлерін жазып жатыр.

Әлбетте, неше жылдан бері маған үздіксіз жала жабумен айналысып келе жатқан бұл мерездің кекшіл және ауру қиялынан туындаған өтіріктерінің өтірік екенін, өзімнің ол суреттегендей «түйе емес» екенімді дәлелдеп, менің оның алдында «ақталғандай» болып шала бүлінетін жағдайым жоқ.

Керісінше, оны және жылдар бойы онымен бірге мені мақсатты түрде, арнайы саяси тапсырыспен «ағаш атқа теріс мінгізіп», ғайбаттап, қаралауды кәсіп қылып алған ұялы қорқаулардың шын мәнінде өздері кімдер екенін жұртқа аттарын атап, түстерін түстеп таныстырғанды жөн көрдім.

Сонымен, бұлар кімдер?

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА: Оралда тұратын, «Жүздесу» атты газеті мен сайты бар биліктің құйыршығы, жалған «ұлтшыл», сасық жалақор, арсыз алаяқ, ауру нарцисс (білмейтіндер болса, бұл – өзіне өзі ғашық гүлдің атауы, Ғабдолла сорлының әртіс әйелдерден бетер қылмиып, жылмиып түскен фотоларын көрсеңіз, бұған көздеріңіз жетеді). Аталмыш газеті мен сайтында жұртты Назарбаевтың жолдауларын жүзеге асыруға шақырады және мұны қолдаушылар ретінде өзгелерді олардың келісімінсіз... сыртынан қосып қояды (бірде осы жолдар авторын да сөйтіп, менен мықтап сазайын алған), ірілі-ұсақты шенеуніктерді мақтап шығарған мақалалар үшін қомақты гонорар, сыйақылар алады. Сонау бір жылдары бүкіл Қазақстанды шулатып жүріп құрған бұл атаққұмар даңғойдың «Қазақ елі» ұйымы оның тек «Мен төрағасымын» деп гүмпілдете кеуде соққанынан басқа түкке жарамайтын өлі дүние болып қалды. Ғабдолланың соңғы «жаңалығы» – өзінің Қытай қазақтарына жаны ашығансып, ватсапта жұрттың қолын жинау мақсатында жариялаған таза популистік және арандатушылық ашық хатында ол Қазақстан билігінің Қазақстанға Аждаһа елінен 51 кәсіпорынды  көшіріп әкелу жоспарын қуана қолдап және о жақтағы өз ата-баба жерлерінде өмір сүріп жатқан ирредент қазақтарды... «диаспора» деп (айды аспаннан бір-ақ шығарған сатқындығын қараңыз: https://www.facebook.com/zhasaral.kuan/posts/1771932389519710),  Қазаққа шын жаны ашитын адам Қытайдағы 1,6 миллион қандасымызға қамқорси отырып, Қазақстанға, сарапшылардың айтуынша, әлгі ескірген, сондықтан Бейжіңнің өзіне керек емес 51 кәсіпорынды 250 мың персоналымен, отбасы мүшелерін қосқанда – миллион ханзумен бірге алып келуге, сөйтіп, мұндағы 12,5 миллион қазақты экономикалық, экологиялық және демографиялық апатқа ұшырататын, сол себепті есі дұрыс қазақ атаулы қазір түгел қарсы шығып жатқан сатқындық саясатты құлшына қолдар ме еді? Геосаяси жағдай өзгерген жағдайда (мәселен, Құдай қалап, Қытай да КСРО тәрізді ыдыраса) жерімен қоса қайтадан өз Атамекені – Қазақстанға қосылу мүмкіндігі бар о жақтағы ирредент қазақтарды «диаспора» ету арқылы ол мүмкіндіктен айыруға ұмтылар ма еді? Бұл тұрғыда «Адамдардың ішіндегі ең жаманы – біреулерге бір бетімен, басқаларға екінші бетімен келетін екіжүзді адам» дейтін хадис Ғабдолла мұнафихке дәл келеді...

Серік САПАРҒАЛИ: бұрын «Азат» қозғалысында болған, тіпті, оның Ақтөбе облыстық бөлімшесін басқарған, алайда, жеме-жемге келгенде сатқын ретінде беті ашылып, масқара болған биліктің құйыршығы, жалған «ұлтшыл», сасық жалақор, арсыз алаяқ. Ол жеме-жем – Жаңаөзен қанды қырғыны. Оған дейін жүрген жерінде үнемі батырсынып, «билікке қарсы қарулы көтеріліс жасау қажеттігін» насихаттайтын және Маңғыстаудағы әулиенің басында «күрес жолынан өлсе де таймайтындығы» жөнінде... ант берген Сапарғали 2012 жылғы Ақтаудағы сот үстінде бұлт ете түсіп, «Біздер бәріміз кінәліміз» деп мойындауы арқылы қасында отырған Владимир Козловты сатып жіберген, сол үшін бостандық алған бойда Ақтаудан Алматыға ұшып келе сала ҰҚК-нің тапсырысымен дереу баспасөз мәслихатын өткізіп, о кезде СИЗО-да отырған, ал кейін мұнайшы қазақтарды қорғағаны үшін режим осы сатқынның көмегімен 7,5 жылға бас бостандығынан айырған Володяға жала жапқан антұрған. Оның осынау жексұрын қылығына орай маған сол жерде оның сатқын екенін бетіне айтуға тура келді. Міне, содан бері бұл сұмырай Әбіләзовқа, Козловқа, сондай-ақ, маған және басқа да өзін әшкерелеген шынайы оппозицияшыл азаматтарға режимнің тролльдарынан бетер өршелене жала жабумен айналысып жүр. Ал, 90-шы жылдардың басынан бері бүгінгі билік режимімен толассыз арпалысып келе жатқан маған бұл есуастың жапқан көптеген сандырақ жалаларының бірі мынадай: «Куанышалиня вляется правой рукой самого кровавого чиновника в истории Независимого Казахстана-Аслана Мусина, который организовал провокации и расстрелы невинных людей в Жанаозене и Шетпе. За его беззаветный труд в укреплении диктатуры Назарбаева НӘН лично вручил ему орден «ПАРАСАТ» (және бұл екіжүзді жалақор   менің Қазақстан тәуелсіздігіне сіңірген еңбегім үшін алған ол орден мен медальдан 2002 жылы бас тартқанымды «білмейтіндей» түр көрсетеді).

Махамбет ЕРҒАЛИ: биліктің бұл құйыршығын, жалған «ұлтшылды», сасық жалақорды, арсыз алаяқты мен ешқашан көрген емеспін, кім екенін, қайдан шыққан бәлекет екенін білмеймін, бар білетінім – «Гу-гу» аталатын сайты бар екені және маған жеті атасының құны кеткендей өшігіп, айдаладан қарадай тиісіп, жылдар бойы неше түрлі жала жауып жүргендігі. Олардың көбісін бұл нақұрыс жоғарыда аттары аталған сыбайластарынан көшіріп алып жарияласа (бұл қорқаулардың барлығы сөйтеді – біреуі мен жөнінде кезекті жалақорлық шимайын жариялаған кезде онда міндетті түрде басқаларының да жалаларын түгел тізіп шығады), мұның Сапарғалимен бірге ойлап тапқан «басты» жаласы: «Козлов «Менің ұлтшылдарға қарсы қоятын торпедом бар – ол Жасарал Қуанышәлин» деді»-міс. Және бұл да, басқа жалақор «әріптестері» тәрізді, жала жапқан кезде оны растайтын дәлел келтіріп, бас қатырып жатпайды. Несін келтірсін, егер ондай дәлелдер ешқашан және  ешқайда болмаса...

Міне, маған режимнің арнайы және тұрақты түрде бекітіп қойған және өз сайттары мен парақшаларында мен туралы жарияланған жалақорлық сандырақтардың толық «коллекциясын» көздің қарашығындай сақтап жүрген иманнан безген арсыз жалақорлардың негізгі «үшттігі».

Қазақтың тамаша ғалымы және жазушысы, қазақ тарихы бойынша сонау 50-60-шы жылдардан бері небір терең зерттеулерімен бұл салаға орасан зор үлес қосып келе жатқан (басқа көптеген ірі туындыларын айтпағанда, «Бес ғасыр жырлайды» кітабының немесе Шыңғысхан бабамыз туралы роман-эпопеясының өзі неге тұрады!) ағамыз Мұхтар Мағауинге арналған «Аңыз адам» журналының өткен жылғы бір санында ол кісі былай деген екен:

«Қазір интернетті ғаламтор деп жүр, мен қазақ интернетін «өсектор» деймін. Әсіресе, «Жас қазақ үні» (мен жоғарыда айтқан Исаның қазіргі «Қазақ үні». – Ж.Қ.) газетінің сайты шектен шыққан. Түгел боқтық, балағат, өсек. Осы сайттарды ақтарып қарасаң, қазақта жақсы адам қалмаған. Мен өзім жөніндегіні айтпай-ақ қояйын. Мейлі, сені қабылдамасын, жазушы, адам деп есептемесін, бірақ ауызына ақ ит кіріп, көк ит шығып балағаттауға болмайды ғой. Мысалы, Жасарал Қуанышәлин деген азамат бар, өзі ұлтшыл жігіт, бір кездері депутат болғанда да өте жақсы жұмыс жасады. Ең бастысы, 1990-жылдары Оралдағы казактардың бетімен кеткеніне тоқтау салды. «Жас қазақ үні» деген сайтта 5-6 жылдан бері екі мақала тұр, біреуі «Жасарал қазақты қалай сатты?» дейді, екіншісі «Адамды алдарсың, Жасарал, Алланы қалай алдайсың?» деген мақала. Біріншісін – 81 мың, екіншісін – 79 мың адам көріпті (одан бері бұл цифрлар жүз мыңдап саналатын «дәрежеге» жетті, Исаның сары майдай сақтап жүрген мені қаралайтын мақалалар саны да көбейді. – Ж.Қ.). Енді жұрт осыған сенеді. Жасаралдың мұны сотқа беруіне де болар еді, бірақ намысы жібермеген сияқты. Мен де өзімді боқтаған балағат сөздерді оқыдым. Баяғыда Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов сөзге келісіп қалыпты, содан Сәбит балағат сөздерді жіберген ғой. Мұхтар үндемей тыңдап болып: «Сәбит, соның бәрін өзіңе қайтардым», – депті. Ал мен өйтіп те айтпаймын. Бұл Жасарал мен маған ғана емес, талайға жасап жатқан қысасы. Сайт ұстап отырғандар дүниенің тұтқасын ұстап отырмын деп ойлайтын болуы керек. Осындай жағдай қазақ баспасөзінің деңгейінің өте төмен екенін көрсетеді» («Аңыз адам», №22, 16-30 қараша 2017 жыл, «Жазушы Мұхтар Мағауин», 22-ші бет).

Біріншіден, Мұқаңның бұл сөздері – тек «Қазақ үніне» ғана емес, «Жүздесуге» де, «Гу-гу»-ге де берілген дәл және әділ баға, әлбетте.

Екіншіден, осы сайттардағы жүрек айнытатын сондай жиіркенішті мақалалар астында мен жөнінде ауыздарына не келсе соны құсып жататын «комментаторлар» Мұхтар ағамыз сонау мұхиттың аржағында отырып білген мынадай ақиқатты шынымен-ақ білмейді ме? Білгенде қандай. Рас, ол кісі айтқандай, жұртшылық арасында жалақорларға сенетін надандар да бар, алайда, лас комментарийлердің кем дегенде 90%-ын жазатындар – неше түрлі жалған никтерді бүркеніп алып, «өзім би, өзім қожа» арсыз принципін ұстанушы «өсектор» иелері – Ғабдолла, Иса, Ерғали және, әлбетте, осындай арсыз «достарының» сайттарын пайдаланатын Сапарғали сияқты арсыздар.

Үшіншіден, сот мәселесіне келсек, мен, бір жағынан, расында да мынадай адам сиқы жоқ екі аяқты мақұлықтармен соттасуға арланып, намыстанамын, екінші жағынан, ондай жағдайда режимнің қуыршақ соты кімнің сойылын соғатынын өте жақсы білемін.

Төртіншіден, жалақорлардың «белсенділігі» осы қазіргідей тым асқынып кеткен кезде мен «Жас Алашта» (07.08.2014 ж., сәл қысқартылған нұсқасы) және Фейсбуктегі өз парақшамда (12.08.2014 ж., толық нұсқасы) оларды әшкерелеген «Жабылған жалаға жауап» атты мақала да жариялаған болатынмын (қараңыз: https://www.facebook.com/zhasaral.kuan/posts/762378133808479).

Бесіншіден, Ғабдолла нақұрыстың маған улы зәрін шашқан «Мұнафықтың «мұңы» немесе Жасарал Қуанышалин қазақты қалай сатты?» атты сасық мақаласын оқыған соң оның шектен шыққан арсыздығынан жағасын ұстай шошынған Кәрішал Асан-Ата ағамыз (иманды болсын!) «Абай» сайтында «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деген мақаласын жариялаған еді (қараңыз: http://www.abai.kz/content/kerishal-asanov-zhaman-ittin-atyn-boribasar-koyady?page=5).

Алтыншыдан, бір жағынан – Ғабдолла, Иса, Сапарғали, Ерғали кімдер, екінші жағынан –Мұхтар Мағауин мен Кәрішал Асан-Ата кімдер? Жауабы айқын. Сондықтан маған жалақорлардан осындай алып ағаларымнан артық қорғанның қажеті де жоқ.

Жетіншіден, жалақорлар мен жөнінде не деп былшылдаса да, сайып келгенде, одан маған келер зиян жоқ. Өйткені, ата-бабаларымыз «Аққа Құдай жақ» деп бекер айтпаса керек, ал менің Алла Тағаланың алдында да, халқымның алдында да, тарих алдында да арым ақ, таза.

Қорыта айтқанда, шын мәнінде КІМНІҢ КІМ екені көзі ашық, көкірегі ояу, саяси сауатты, оңы мен солын, ақ пен қараны ажырата білетін ел азаматтары үшін айқын мәселе екендігіне мен кәміл сенемін...

Жасарал Қуанышәлин

Алматы, 24.04.2018 жыл

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522