Жұма, 29 Наурыз 2024
Аласапыран 13865 61 пікір 9 Сәуір, 2018 сағат 13:55

Алып ақынның адасқан жері қайсы?

Мұхтар Шахановтың поэзиясы жөнінде әдеби сын

 

Мен өзімнің күнделігіме Мұхтар Шахан бауырымды ұлылардың қатарына қосыппын:

Абай, Мұхтар, қос Ғабиттар ой берді.

Аманжолов өсетұғұн бой берді.

Мұхтар Шахан қораға аздап қой берді,

Мұқағали үйлендіріп той берді, - деппін. Шыным да, ойым да осы. Мұхтар Шахан Қазақ елінің қоғам қайраткері, ұлтымыздан шыққан алып ақының бірі. Ақынның оқырманының молдығы оның алып ақын екендігінің бір белгісі. Еңбекті бағаламау, ар-ұжданымызға, адамгершілігімізге қиянат. Шахановтың «Тоқшылық» «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған» «Жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны немесе Шыңғысханның қаталығы», «Есептен басталған өлең» «Сейхұн дәрия» қатарлы талай-талай өлеңдері Қазақ поэзиясының тайға таңба басқандай мақтанышы. Қазақ тілінің сұлулығының кемдігі демесек, мәні мен жаны тең табысқан, өмір мен көңіл қабысқан шығармалар. Жастардың жастық өмірімен, көңілімен табысқан махаббат жырлары мен ән мәтіндерін тәуелсіздік заманымызда да, қай заманда болсын мәңгілік адамзаттық жыр. Алайда Адамзаттың Алла жаратқан адамгершілік бағытын өзгертпекші болған кеңестік дәуірде жазылған. Ақынымыздың өлеңдерінің көпшілігі, адамдарды бір-бірімен өштікте ұстау арқылы, өз мақсатына жетпек, өз саясаты мен санасын ел жүрегіне ұялатпақ болған дәуірде жазылғандықтан өлеңдерінің көбі өштікпен қастыққа, жалған алдамшы махаббат дегендерге я саналы, я, санасыз түрде толы болды. Сөзімізге дәлел үшін біраз өлеңдерінен көшірелік. Дәлелсіз сөздің дәмі қайда? «Қасымды қабылдамаған адам хақында»:

"Ең айбарлы ақынды жаны көктем,

Албырт, алау таңдарға әні кеткен.

Ең айбарлы ақынды,

 Ең айдарлы ақынды,

Туған халқын жанып сүйген ақынды,

Туған елдің гүлі болған,

Заманының үні болған ақынды,

Мұқаттым деп мақтануға бола ма?" деген жолдар Қасым бағасын бағалай алған десек те мына жолдарын ұлттық салтымыз бен моральіміз, тектілігіміз қабылдай алмайды. Кешіріммен кек сақтамау, жүрегі жұмсақтық ұлтымыздың асыл қасиеті. Қазақ «Тас атқанға ас ат» деп ақыл қалдырыпты. Меніңше де жауды өлтірген батыр емес, бағындырған батыр. Өлең уақиғасы былай: Көлік жүргізуші жас жігіт қартайған адамды көлігіне отырғызады. Көлік ұзақ шөл далада жүйткіп келе жатады. Тізгінші Қасым өлеңдерін жатқа оқиды. Сонда:

Ә, Қасым ба деді шал тыжырынып,

.......................................................

Қарсы алып ек дүние ай талайды өрде

Мен бастық боп тұрғанда осы ақының,

Пәтер сұрап алдыма талай келген

Тіпті жиі соғатын дамылдамай,

Қайтаруш ем көбінде қабылдамай...

 

- Әуре еттім деп Қасымды әні нардай,

Мақтанасыз ақыңыз әлі бардай.

Кәне, жылдам түсіңіз машинадан

Деді жігіт ызадан жарылардай.

................................................

Сондай есер сезіміңіз үшін,

Қазір сізді тастап кетем далаға

Өлеңнің өлер жері осы.

Абай: «Ит қапты деп, итті мен қапсам, аузымда қайсы дәм қалады» демеді ме? Қазақтың ол кім болса да қартын сыйлайтын ұлттық мінездемесін әлгі жасқа Мұқаң неге қимады екен? Я, бұл уақиға осы күнгі көкелердің көңіліне ұлттық сана ұялатуға пайдалы десек те ұрпағымызға орны толмас зиян. Әлгі кеудемсоқ тізгіншінің есерсоқ көкеден несі артық?  Біз қалам ұстағандар, өзіндік сезімді емес, біздің сезіміміз ел санасына сәуле құюы керек, ұлттың рухани әлемінде серкелік орында болуға міндеттіміз. Солайда Қасымды осы биіктен көрсете білу Шахановтың білгірлігі. «Жароков көшесіндегі кездесу» атты өлеңі, «Отан» (Қалекеш Қарағұловқа) атты өлеңі тағы да біртоп өлеңдері де осы деңгейдегі өлеңдер, «Отан» өлеңінің ойы терең десек те ұрпаққа тастар үлгісі орта. Әкесі (Ұлықпан хакім) өліп жатса, әкеңді мақтай алмадың деп, хакімнің туған ұлын, өлімге жиналған қауымға дүрелету - сыйымсыз-ақ! Қайсы атамызда бар еді, мынадай сұмдық әдет? Өлім үстінде өлең оқу қазаққа да, мұсылмандыққа да жат. Жат діндегілердің трагедиясын, өзімізге үлгі ету - Шахановтың бәйтерек образына күйе. Бұл Кеңестік қоғамның Ұлт дәстүріне түсірген жегі құрты. Осыларға салыстырғанда «Шапағат» атты өлеңі ұлтқа, ұрпаққа өзіндік шапағаты тиетін өлең деп білеміз. «Махамбеттің соңғы сөзі» Мұхтардың өлеңдерінің арасындағы биік өлең. Биіктігі мынада:

Туған елім арман, мұңым,

Енді сені жетелейді жол қалай?

Менің бассыз қалғандығым,

Сенің бассыз қалғандығың болмағай!

..................................

Мен сенемін күні ертең,

Нұрлы үмітпен оянар деп кең өлкем.

..................................

уған елім құдыретімсің аңсаған.

Алдан жарқын күн шыққанша,

Кескініңді көрмейінші шаршаған.

Дулығаны қақ жарып гүл шыққанша,

Жер астынан қарап жатам мен саған!

Ұлтты сүю, ұлт тағдырын ойлау деп осыны айт! Бұл өлең бір ұлт жөнінде алып ақынның алыптығын айтатын мәңгілік жыр, отанымыздың тәуелсіздік жыры. Тәуелсіздік үшін құрбан болған сансыз батырлардың жүрек қанымен жазылған жыр. Махамбетті өлім алдында осылай сөйлете алған Мұхтар Шаханның да өзіде бір Махамбет дер едік. Осылай айтып, осылай жазып келе жатып тағы алып ақын адасады. Ал адасқан адам жат ниетпен адаспайтыны шындық.

«Әке өкімі» атты өлеңі қатты нашар өлең. «Іштен шыққан шұбар жылан» өз баласын, қанша қылмысы болса да өз қолымен өлтірген, Қазақ тарихында болып көрмеген жауыздық үлгі. Ол халық болып таспен ұрып, мылжалап өлтірілуге тиісті жауыз еді. Бірақ олай болмайды. Мұхтар Шаханов былай жазады:

Дала заңы - баба заңы қарағым -

Деп әкесі қолына алды садағын... Мынадай адамзатқа жат заң тек кеңестік тұстың идеялогиясы мен заңдарында ғана болса керек. Тап күресі деген зымияндық адамдарды адамдарға, туысты туысқа, баланы әкеге, әкені балаға айдап салған жауыздықты заң етіп көрсету – қарапайым халық тұрмақ, Шахан сияқты әдебиетіміздің серкелерін адастырып әкетіпті. Мынау коммунизім көрпесін бүркенген тарихтың трагедиялы дәлелі болмақ. Мұхтар сияқты жүрегі қазақ, қаламы азап қаламгерлеріміз қаншама?

Мен Мұқаңның «Тоқшылық» атты өлеңін әрбір жас отау көшіріп жазып алып өз бөлмесінің төріне іліп қоюға тиіс деп білем.  Өйткені осы шағын өлеңде Қазақ атты ұлттың бітімі мен жаратылысы әлгі қарт әкеде жойылмастай сақталыпты. Әлбетте автордың басында қазақ атты ұлы есім сақталмаған болса, Мұхтар мына өлеңді жаза алмас еді. Солайда қатыгездік қазаққа тән емес. Қатігездік пен қанішерлік бір туған. Келінін қуалау қазақтың әдеті де емес. Қазақ: «Білімді елге түскен келін, келі болады. Білімсіз елге түскен келін келсап болады» деп біліп айтқан, әрі қазақ дәстүрінің, өмір өлшемі еткен. 130 жұртты отанына ел еткен қазақ, бір білімсіз жас келінді тектілікке баули алады. Тағы да айтарым қолына қалам алған қалам иесі жаза бастаудың алдында оқырманына үлгі мен тип жарату жөнінде ойланбаса, не беремін дегенді ойламаса адасу оңай.

..........................................................

Сүйіктім ау сәнсіз өмір мәнді ме?

Мәнсіз өмір шырқай алмас әнді де

Жұбайлар бар әңгімесі таусылған,

Ал махаббат таусылмайтын әңгіме.

...Мына бір шумақ өлеңді «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған» атты өлеңнен алдым. Алу керек. Сол өлеңді түгелімен әрбір жанұя жаттау керек. Жанұя құрған адамдар өз жан дүниесімен салыстыру керек деп түйдім. Өйткені бұл адам жанының, жұбайлар тағдырының шындық өлеңі. Осындай өлеңдерді Мұхтар Шахан өлеңдерінен көптеп табамыз. «Мен қыз үшін ұялдым» «Ғашықтар жазған хаттардан» қатарлы жалғамалы өлеңдері де жаныңды баурайды. Көркемдік пен адамдар көңіл күйі тамаша сәйкестік табады.

Бір өзі бір дәуірдің романы секілді ешкім өшіре алмайтын, есті адам есінен кетіре алмайтын, бір өзі бір тарих секілді «Отырар дастанынан» үзіндіні көшірейін:

Қинаса да сансыз қиқар, соқпақ, қисық жол,

Өзі туған қасиетті өлкенің,

Ауасымен дем алуға тіиісті ол

Мен осынау борышыма әкелік,

Немқұрайды қарадым да,

Кінәлі боп ар алдында,

Жібердім зор орны толмас қателік.

Міне төрім бірігіп тұр көріммен.

Көрінетін бетім бар ма еліме?

Мына сатқын ұлымменен қосақтап,

Өлтіруге міндеттісің мені де.

Мұхтар Шаханның бұл ерлік пен елдік дастанын бағалауға, зерттеуге көп уақыт пен үлкен қарым қажет. Бұл дастан бір - аксиома. Дастан көркем әдеби шығарма болып қалмастан, ұлттың ұлы тарихы, ойға батырар ашты сабағы. Өз отанының топырағына аунап өсіп, өз тауларының ауасымен дем алмаған, өзінің әке-шешесінің құшағында өспеген, өз ұлтымен бір жүріп, бір тұрмаған пенденің, өз тілімізбен айтқанда «жатбауыр» болып кетері хақ. Өз отанынан жат жерде өскен адам үшін, отанның қадір-қасиеті көк тиын. Олардың ел басына күн туса отанын сатары хақ. Қайырханның баласы осының типтік мысалы. Ақынның таңдаған тақырыбы тамаша! Я, қазіргі кездегі қазақтардан шетелге қашқыштар мен доңыз етін жеп өскендерден, тәуелсіз қазақ еліне қайыр аз. Алладан ел басына күн тумасын деп тілейсің! Опырып айтқан ақынға алтын алғыстан басқа айтар жоқ.

Үш шумағы үш жүз жыл өмір кешсе де ескірмейтін мына ғашықтық хатты оқыңыз:

Ар алдында адал, ақпыз десек те,

Сан сұрақтар алар кейде жағадан.

Мүмкін бізді таңар шулап өсекке,

Мүмкін бізді түсінбейді көп адам.

 

Алуан өмір алуан жаққа тартады.

Сан көңілдің тұйығына малтыдым.

Ғашық болып көрмегендер мол тағы,

Олар бізді қайдан ұқсын алтыным.

 

Көзімді алмай маздап жанған оттардан,

Саған сенем, саған сенім артамын.

Қорықпаймын түсінігі жоқтардан,

Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын.

Мынадай көңіл мен өмірдің көркем шын бейнесінің суретін сыза отырып, жан жылтатын өлеңдер Шаханов поэзясында мол табылады. Әсіресе ән мәтіндеріне айналған өлеңдеріндегі сезім тербелісі мен философиялық, драмалық қақтығыстар барысында оқырман қауымының алар ләззаты жан-жақтылы. Оның әлем поэзиясының қатарында екендігі менмұндалайды. М.Шаханов қолына қалам алған жарым ғасырдан бері жас оқырмандар арасында үлкен дүмпу туғызған ақын. Ақын өлеңдерінің оқырман әлеміне ықпалы мен тәрбиесі мол. Солайда біз ендігі ұрпағымыз үшін, әсіресе тәуелсіз қазақ елінің әдебиетінің қажеті үшін қаламгерлер өзіміз үшін, өткен ғасырдағы әдебиетіміздің ақ пен қарасын айыру - тәуелсіз қазақ әдебиетшілерінің жаңа қосынын құру үшін әдебиет тарихымызды електен өткізу кешпес парыз. Осы сын мақаланың мақсаты да сол. Серкең түзелмесе жалған мен шын араласқан қойыртпақ әдебиеттен тазара алмайсың. Жаңғыру деген жалаң, құрғақ сөз болып қала береді. Жүктің ауырын нар көтереді. Ел бастаған серкесі сергісе, қазақ әдебиеті де серпілмек, сергімек, тазаланбақ. Осындай адал ниет, ортақ мақсатпен Мұхтар Шаханның «Дәуір дастандары» атты кітабындағы оқырманын ойға салған көлемді туындыларына да тоқтала кетуді жөн санап отырмын. Оң терісіне қоғам, уақыт, оқырман қалыс.

«Ғашықтық ғаламаты» қандай бұйым? Бұл дастанды Кеңестік биліктің тұсында, коммунистк идея дегенді қалқан жасап, Совет одағы мен Қытайдағы қазақтар, әсіресе екі ауыз өлең білетін жастар аузынан тастамай жаттағаған өлеңі.  Затты тану үшін, «Ғашықтық ғаламатынан» тәуелсіз Қазақ оқырманының санасымен үзіктер оқып көрейін. Қазақтар бодандықтан құтылғаннан кейін таза ұлттық бітім болмысы бойынша қайта оқысын! Шаханов «Ғаламаттың» алғы сөзін былай деп қара сөзбен бастайды:

Естай ақын өлерінде досы Нұрлыбекке: «...Сүйегіме түсетін қарттарға ескерт! Мына жүзікті жарты ғасыр қолымнан тастамай келгенімді білесің. Ендеше қалған ғасырларда да саусағымда жарқырап жатсын. Ұлы сезімін кішкентай жүзігіне сыйдырған «Қайран Қорланым -ай!» - деп ағыл- тегіл жылапты.

Бірде Евгений Евтушенконың үйінде шетелдік достармен болған бас қосуда мен осы уақиғаны әңгімеледім (таңғаларлық нәрсе Шахановтың Қазақ достарымен бірге болғанын байқай алмайсың. Н. Ж) Кенет италян мүсіншісі орнынан тұрды да: «Мұнда сүйгеніне қосыла алмаған Естай ақынның сағынышы мен зары ғана емес, мұнда бір ұлттың махаббатқа деген мінезі мен ерлігі жатыр екен...» Айтыңыздаршы! Біз осы сөзді айтқанда (жазғанда) ұлтымыздың тарихын, дәстүрін, сенімін (дінін) ескердік пе? Ойладық па? Ұрпақтың кім болуымен санастық па? Исламды қабылдаған ұлттарға өлгенде екі кез ақ матадан басқа бұйырмайтынын, әр қандай заттық бұйымдарды мәйітпен бірге көмбейтінін ақын өзі де біледі. Әрі Қазақ салтында махаббат белгісі деп бір-біріне жүзік салу болмайды. Бұлар құранда жазылған, әрі ұлттық болмысымызға сай емес іс. Кейбіреулер біледі - «Біліп тұрып көлге сиеді». Ойдан жасалған (орысша) өтіріктер арқылы неге Естай мен Қорлан образын жатқа теліп жібердік? Ұрпақ солардай болсын дейміз бе? Ұлттық махаббатымызды неге жат дінге қарай итереміз? Ұлы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романын жазып, Абайды әкесі Құнанбайға қарсы қоюы, Мұхтар Әуездің «Атты беріп, қолбасыны аман алып қалуы» деп түсіндік. Әуезов жарайды, өзі құлар ордан айналып өтіп, жер шарына қазақты қазақ ретінде танытты. Ендеше Мұқаңның «ғаламатын» қалай түсінбекпіз? Мұқаң Қорланды өлерінде былай сөйлетеді:

Ол туралы (Жүзікті айтып отыр) айтқан кезде Қорланға

Егер олай етпесе, Естай, Естай бола ма?!

....

Деп жылапты еңкілдеп,

Ақ жаулығы ай нұрымен желкілдеп.

Нағыз ғашық қарттығыңа көнер ме?

Қорлан өзі кейінірек қылтамақтан өлерде,

Күйеуін сыртқа шығарып жіберіп,

Бойжетіп қалған немересіне,

Естайдың әнін салдырып,

Жанарын шоқтай жандырып,

«Бақыттымын», «Бақыттымын» депті де,

Көз жұмыпты мәңгілік…

Қорлан шын солай еткен болса қазақтың адал ақ жаулықты аналарынан садаға кетсін! Мұхтардың осы айтқандарын шын болсын делік. Сонда әдебиеттің қоғамдық құны мен тәрбиелік рөлін, берер жемісін Мұхтар ойлаған ба?  Өмірдің өзін ар мен ұяттан, адалдықтан тұрады деп қарайтын, қазақ ұлтының жанұясы мен баласын, алған жарын жанынан артық көретін қазақ атты осы ұлы ұлт  Мұқаңның бұл «ғаламатын» әсте қабылдамайтыны сөзсіз. Мұхтардың өзі де бір өлеңінде: «Ар алдында адал, ақпыз десек те, Сан сұрақтар алар кейде жағадан» деген болатын. Өмір деген сұмпайының шындығы да осы. Біз ес білгеннен кейін, әсіресе үйлі ошақты болғаннан кейін өмірдің сан сұрақтарына адалдықпен жауап беруге, сан соқпақтарынан жанұямыды аман өткізуге ұмтылуымыз керек. Қорлан бала-шағалы әйел бола тұрып тағы бір еркекті ойлауға қалай ар ұяты көтереді? Өтірік, сайқалдық сөз. Егер осыны шын десек, махббат деген атаудың бәрі жалған.  Немереге, жастарға осылай үлгі көрсетіп тәрбиелесек, қазақтың бітімінен не қалады? Бүгінгі күндерде осылай бұзылып жүргендер аз болып жатыр ма? Тірі жетімдер мен тастандылар ше? Мұхтардың айтуынша болғанда, Қорлан өзінің құдай қосқан, немере сүйгізген жарына елу жылдан бері жүрегін де, тілегін де қоспаған арамзаның өзі екен.

«Ғашықтық ғаламатындағы» тағы бір сорақылық, әлгі сорлы орыс кемпірдің жалғыз қызы «Екі баласы бар, бұйрабас әртістің артынан үш жыл салпақтап еріп алады. Мұхтар ойы бойынша бұл да «Ғашықтық ғаламаты» екен. Қартаң ана Мұхтардан көмек сұрайды. Олай болатын себебін кемпірге айтқызады:

Туар айым тумай қалды оңынан.

 Үш жыл болды, бұйра бас бір әртістің,

Сорлы қызым жүгіріп жүр соңынан.

Ал ол иттің (бұл қорлықты қарашы)

Бар әйелі, баласы.

Үйленуге қайдан келсін шамасы.

Қызым соны білмей ме? Біледі.

Біле тұра селт етпейді жүрегі.

...............................

Кешір қалқам саған аштым сырымды.

Сен ерекше сыйлы жансың қызыма,

Сыйлайтыны жатқа оқиды жырыңды.

Жеңе алмаспыз өр мінезбен ұрда -жық.

Өтінемін сол бақытсыз сорлыға,

Қол ұшын бер, ой саларлық жыр жазып...

Ақын ойында ана тілегі түкке тұрғысыз. «Көз алдымнан кетпей қойды жас ғашық» болды да мынадай өкім айтады:

.......................................................

Күдіс пейіл қайтқанымен меселі.

Ғашық жүрек өз тағдырын өзі ғана шешеді.

Жыға алмайды оны жұрттың өсегі,

Бұған дәлел құдіретті «Қорлан» әні кешегі.

Ниеті бұзылған заман өз ақынын, өз адамын жаратпақ. Мұхтар Шаханов «Заманың түлкі болса, қыран болып шалудың» орнына жем іздеген түлкілердің қатарына аңдамай барып қалған. Заманы солай болған соң оны күнә деу ауыр кетер. Сол заман адамдарының талайының санасында жалған ғашықтық дейтін, таптық сана дейтін абстракт ұғымдар билікке шығып, ұлт, ұрпақ қамы сияқты шындықтар естен көтерілді де, адал сезім, жанашырлық азайып, алаөкпе, көрсе қызар, ғашықсымақтар өрбіді. Мынадай былыққа шылық қосылған, батыс пен шығыстың алдамшы мәдениеті араласып, ұлттарды өзінің таза ұлттық мәдениетінен азғындату белең алды. «Ғашықтық ғаламаты» айлалы, қандыауыз қоғамның жемісі. Әлгі алакөкек орыс қызы да сол заманның адамы. «Әпекеме жездем сай, борсыған етке шіріген май». Шаханов ол заманда жас еді. Сол мүттайым заманның адамы, ақыны еді. Болмаса анау бұйра бас әртістің тірі жетім қалар баласына, зарлаған қарт анаға, бүгін ғашық, ертең сордың есігін ашқалы тұрған қызға жаны ашып, ұнамды жыр жазып, ана тілегін орындар еді. Бұл қылмысқа Шаханов жасаған заман да, автор да кінәлі.

Кеңестік социализм, коммунизм идеологиясының алдамшылығы - Қазақтың өзіне тән ұлттық махаббатының сорына тышты. Қараңыз! Кеңестік отаршыл идея қазақтың махаббат қаһарманы Қызжібектің де образын былғап фильм түсірді. «Қызжібектің» ежелгі таза, қазақи нұсқасында Қызжібек ғашығы Төлеген өлгеннен кейін өзінің махаббатын ұлтының махаббат бітіміне ерлікпен атап ұлтының салты бойынша әмеңгер қайнысы Сансызбайды ержеткенше 8 жыл күтіп отырды. Сүйтіп бір ұлттың махаббатының анасына айналды. Біздің қазақтың ендігі ғашықтық ғаламаттарымыз ұлт қаһарманымыз Қызжібек сияқты аруларымыз. Қазір Қорлан сынды ол да кеңестік саясаттың «ғашығына» айналып қалды. Біз кеңестік дәуірдегі  бір топ қалам алыптарын түсінеміз. Алайда «судыңда сұрағы бар». Біз ендігі жас оқырманға істің ақ-қарасын ашып бере алатын уақытымыз жетті. Біз тәуелсіз Қазақ ұлты билік алған елміз. Бұл Ұлы дала елінің өз мәдениетін қалыптастыруында сөзсіз жүретін жолымыз.

Енді «Сенім патшалығына» аз кем тоқталайық. «Сенім патшалығы» сахналық шығарма. Әдеби өлшеммен таразыласақ, бір романның айтарын қамтыйды. Бірақ уақиғалар жауапкерсіз, зорлап қисындастырылған. Қазақтың сақ дәуірінен кеңестік дәуірге дейінгі қазақ тарихын айтпақ па, әйтеуір түсініксіз. Алайда Қазақтың арғы атасының жуан тамырының бірі Сақ екенін, Қазақтың ата салты содан басталғанын автор білетін сияқты. Тіпті «Қазақ байыса қатын алатын» салты ең көп біледі екен. Адасқан жері - билеуші ұлт сияқты қазақты ақылға кем, жабайы ұлт етіп түсінетіндей әсер қалдырады. Олай дейтінім, алып ақын жазған, алып шығарманың бірінші бөлімі «Сенім патшалығындағы» кейіпкерлер мен қатынасушылардың барлығы аспаннан түскен жабайы адамдар. Есімдері қазақша, ханы жауыз, алдамшы. Хан қызын ең бай адамға беремін деп жар салады. Сол замандағы хандықтың адамдарының бәрі кеміс пе қайдам, он қатыны мен мыңғырған малын алдына тартып, ханның жалғыз қызын он бірінші қатындыққа алмақ болып Көңбай жетеді. Ұлтымызды сайқымазақ ету деген осы. «Жарғақ құлақ бір ешкісі жоқ» тақыр кедей Көңбайдың жылқышысы (малайы) жас жігіт Жайық «достық атты байлығым бар» деп хан қызын қатын еткісі келеді. Түк көрмеген тек «достық» деген сөзді малданған, тәрбиесіз малай Ханға ханнан биік сөйлеп тіл тигізіп зынданға түседі. «Байлығым достығым» деген сөзді арқалап, Жайықтың досы Мерей атты жігіт Жайықты құтқаруға келеді де Ханды былғаныш тілдермен шаншиды. Мерей Ханға өзінің үлгі етер адамы бар екенін айтады. Үлгісі мынадай әңгіме екен: "Сақтардың тағы бір ханы, тағы бір елдің жігітін зынданға салады. Оныңда өзі секілді жан досы бар екен, ол ханнан досын сұрап барады. Хан әлгі жігітке: «Қос көзіңді досыңның төлеміне бер! Екеуіңе бір көз жетеді. Біріңді бірің жетектеп бір бағытпен жүресің» дейді. «Батыр» жігіт мақұлдық береді. Хан әлгі досының екі көзін ойып алады (Ақын жанды адам қалай ғана дәті шыдап осы арадағы ең жауыз сюжетті шімірікпестен қисынсыз құрастыра алды екен десеңші). Мерей аққан кос көзді үлгі ете отырып, ханды қанжар тілмен тілдеп ханға жаулық көрсеткені үшін, адам айтқысыз қинауға ұшыраса да ханға тізе бүкпейді. Досын құтқарды. Қайсарлығына тәнті болған хан қызы мен тағын береді. Сөйтіп ақын ешбір елі-жұрты, әке-шешесі тау-даласы белгісіз, тіпті қалай өсіп, ержеткені белгісіз, «достық» деген атаудан басқа түгі жоқ, тамыр-танысы жоқ екі тақыр кедейге патшаны «жеңгізіп» қызын алып, патша болады. Өтірікші социолизм идеясы жеңімпаз, пролеторлар жеңіп шығады. «Қазақ өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен» деген екен. «Тамырсыз ағаш бәйтерек болушы ма еді? Сусыз қалай шөп шықпақ? Кімнен туып,  кім асырап, қалай өскен екі жігіт? Патша болу соншалық оңай болып па? Мыңғырған малы, он қатыны, Мерей мен Жайық сияқты бір топ құлы бар Көңбай ақымақ патшалықты байлықпен алам деп патшаның қақпанына түсіп, барлығынан айырылып «көң сасып» айдалада қалады. Хан Көңбайды өлді деп өтіріктен жариялағанда, әлгі жабайы қазақтар, байдың малын алды-алдына айдай жөнеледі. Кәрі қатындарын қаңғыртып, жас тоқалын қатын жасап, үйінің мүлкін талап алады. Қазақтардың арғы тегін осылай суреттейді. Шахановша болғана қазақ тарихта жабайы тонаушылар болған мыс.... Шығармада байлар, хандар жауыз, қанішер, есерсоқ, есалаңдар болып келеді де, тек тақыр кедей болса болды адал, батыр болады-мыс. Дәлелсіз, дәнекерсіз сөз түкке тұрмайды. Төрт мүшесі сау адам кедей болса, ол ақылсыздығынан кедей болмақ. Қазіргі нарық заманда, тәуелсіз елімізге, алдамшы пролетариат пен оның идеясының зиянынан басқа керегі жоқ, әдебиетінің тіпті де зияны көп.

Менде, Мұқаңда сол идеяның алдауына түскендерміз. Ендігі жастардың көзі ашыла ма деп осы мақаланы жазып отырған жайым бар. Біз зияндалушылармыз. Ендігі жерде Ұлы ұлтымыздың тап-таза руханияты мен мәңгілік елдің тәуелсіздігінің жемісі гүл ашса екен! Біздің ұлттық рухымыз, топырағымызға сұқтанған құртты көздерге тотияйын болып құйылса екен деп тілеймін! Тілегімнің орындалатынына сенемін! Сөзімнің дәлелі болсын деп «Сенім патшалығының» екінші бөлімі «Жан-жағымнан қаумалайды жалғандық, киіміне жасырынып ап шындықтың» атты бөлегінен сөз қозғаймыз. Бұл сақ дәуірі емес, Социолизм дәуірі... Уақиғада той жүріп жатыр. Кеңестік дәуірдің кемеліне келген кезі. Тойға қатысушылардың аты-жөні қазақ болғанымен, тойдың жүргізілуі басқаша. Қазақ тойының иісі де, белгісі де, әні де, сәні де жоқ. Кейіпкерлер: тарих та, ақын да (қүйеу жігіт Маздақ) той жүргізуші де, ақынның әкесі Медет те, басқа адамдар да барлығының кітапта Мұқаң жазғандай, тілі қазақша да уақиғаның өрбуі мен қимылдар Орысша, Келіннің сәлемі, жастардың үлкенге, әкенің балаға ибасы бұл тойда атымен жоқ. Қазақтың қыз ұзату салттары жоғалған. Баласының кімнің қызын алатынынан Медет шал хабарсыз. Құдалар тойға кешігіп келеді. Медеттің түсіріп жатқан келінінің әкесі, Медеттің жан досы, Маздақтың әкесін өлтірген, Маздақтың шешесінің өліміне себепші болған НКВД-ның бастығының қызы болып шығады (Өліп болған адам). Көп сөйлеп қайтейін! Қазіргі той жасап жатқан ақын Маздақ-Медеттің өзінің кіндігінен болған екі ұлын өрт ішінде қалдырып, екі ұлының тірлігінің бодауына өрттен құтқарып қалған Көрік деген досының баласы еді («Ақымақтың таяғы аса-аса тимей ме»). Той үстінде осыларды еске алып кек кернеген Медет қария:

О, Жарандар, Жарандар,

Айтпасқа не шарам бар.

Мына тойды Маздағымның,

Оқу бітіру думанына санаңдар.

Менің ұлым үйленбейді бұл қызға.

.....

Маздақ әкесінің қызды алма деген сөзіне бола Медеттің алқымынан алады. Әкенің жағасынан алу, қарттар үйіне апарып тастау, сықылды мұсылман баласы кешпес күнәні алыптар бастап, қалғанымыз қостап өз қаламымызбен өзіміз жастарға үлгі ретінде осылай жазып үйреткен екенбіз. Ақын дастанынында Әкенің алқымынан алғандағы Маздақтың қимылын, сол майдандағы әке өлімін ештеме болмағандай, үйлесімді қимыл етіп жазады. Тіпті ерлік қимыл ретінде суреттей келіп баласының қолынан болған әке өліміне қаламы арқылы: «Мүмкін менен өткен шығар пенделік» деп, баласы әке өліміне нақ майданда себепші болған қылмысты пенделікке ауыстырып, пенделікке де қимай, «Мүмкін» деген сөзбен арашаламақ болады. Ғазіреті Әли Шерінің баласы Мәді әкесін танымағандықтан әкесімен күресіп қойғандығы үшін «Әкеме қолым тиді» деп сол қылмысын, дәл бүгінге дейін Самарқанның көк тасының ішінде өз жазасын өтеп, Алланың кешірімін күтіп жатыр емес пе? Кейбіреулер мұны аңыз дейтін шығар. Бұл аңыз болсын, мейлі болмасын мыңдаған ғасырларда Ислам жамағаты ұстанған, бойұсынған, құрметті моральдық заң болып қалптасқан қасиетті қазақ ұлтының ұлттық моральі екендігін ешкім терістей алмайды. Қазақтың ұлылығы да дәл осында жатыр. Шаханов бұл заңды белден басты. Ұрпаққа үйреткен, басқызған тағы сол кешегі социалистік идея, социалистік әдебиет. Үйреткен солар, үйренген өзіміз. Мұхтар қаламы арқылы өз дәуірінің еркектері былай сөйлейді. Маздақ әкесі Медеттің жағасынан жармасып тұр:

Медет (әкесі) ақырып:

Тарт қолыңды!

Ұл емес пе ең санатты....

Маздақ (күйзеліп)

Өле-өлгенше кешірмеймін мұныңды.

Өмір бойы қарғап өтем осы қара күнімді.

Енді сендей әкенің,

Құны маған бір тиін             (Сұмдық-ай! Н: Ж)

...

Медет:

Күтпеп едім......

Күтпеп едім сенен мұны...а..а..а (Жүрегін ұстаған күйі еденге кұлап түседі. Айымбек басын сүйейді)

Ақын (Маздақ)

Өлді..

Терең қазып жерледік.

Мүмкін менен өткен шығар пенделік.

Егер көзбен қарар болсаң байыпты,

Ол жағдайға түгел әкем айыпты.

Тарих

Ешкім терең танымаған,

Сенің әкең алып адам.

Маздақ

Жоқ әкемді санамаймын алыпқа,

Қонбады оған ел сыйлайтын даңқ та.

Жанын салып мені оқытты, өсірді,

Түптеп келсек сол алыптық болып па?

Ұрпағы үшін өз өмірін қимай ма?

Балық екеш, титтей гете балық та!

......

Деседағы әйелімнің әкесін,

Артық көрем әкемнен...

Сонда ақыры не болды? Өлген әкесінің кім екенін тарих оған айтып берді. Бұл өз әкесінің өлуіне себепші болған опасыз, сатқын. Мұндай сатқындар Мұхтар ақын жағынан айыпталудың орнына ақталып, мақталып шықты. Шаханның қортындысында әлгі опасыз, қандықол Маздақ, Медет әкесі туралы дастан жазатын жақсы ақын бағасын алады. Тірісінде әкесінің алқымын сыққан баланың өлгеннен кейінгі дастаны кімге керек? Ол дастан, жат діндегі ұлттың азғындарына ғана керек. Қазақ үшін, мұсылман үшін алғанда ұрпақтың қартайған әке шешесін бағу борышы бар. Алайда осы бөлімде әлгі тойда гете балықтың ұрпақ тарату рухы мадақталады да, әке-шешелер ұрпақ үшін өлу міндеті мадақталады. Тіпті Мұқаң Маздақтың аузына сөз салып: «Ұрпағы үшін өз өмірін қимай ма? Балық екеш титтей гете балық та» дегізеді.

Қортынды: Қарттар зейнетақысымен ұрпақтарын бағуға міндетті, ондай бола алмаса гете балықтай өлу керек болады-мыс! Осыдан Мұқаңның қай дәуірдің ақыны, қайсы ұлттың ақыны екенін қайта ойластыруға керек сияқты. Қазақтың: «Анаңды Меккеге арқалап көтеріп барсаң да еңбегін ақтай алмайсың» «Әкең жынды болса байлап бақ!» дейтін ұлылығынан дастан садаға кетсін! Осындай тәлімді ақын жазушылардың кітабын оқып өскен бір буын ұрпақ қазір нені істеп, нені ойлап жүр?

Мұхтар Шахановтың «Дәуір дастандары» атты кітабындағы бір келеңсіздік- жалпы шығармаларында өлім көп. Ынтымақ, келісім, кешірім, кеңдік, обал-сауап, мейірім дегендер аз. Сол қоғам бітімі мен мінезі ақын шығармасында шалқалап бой көрсетеді. Дәуір солай болған соң сол дәуірдің қаламгері де бейім болар. Мұхаң қаламы арқылы «сайланған» хандарының денінің қылышынан қан сорғалап тұрады. Шыңғысханның тұқым жою қырғынын шын десек те, Мұхаң қаламынан жаратылған, тарихта аты бар аты жоқ хандардың барлығы солай (Бұлар түркі әлемінің хандары) Жодай хан алдынан кесіп өткендігі үшін, екі қабат әйелді ешбір жазықсыз құрсағына теуіп жүріп өлтіреді. Ақсақ темір хан он жеті жасында (Жодайдың өлер шағында) Жодайдың басын өз қолымен шауып анасының кегін алады (Тәртіп бойынша хан өз қолымен бас кеспейді. Бас кесерлеріне бұйырады). Дастанға аты жазылмаған бір хан, бүркітінің тұяғының төлеміне бола қарапайым ананың қос қолын, білезігінен қырқып тастайды. Мұхаң «Сенім патшалығының» (Аты жазылмаған) ханы және жендет бастығын былай сөйлетеді: Жендет бастығы «Пәленшені келтір дедің келтірдім. Өлтір дедің өлтірдім» десе, Хан:

"Қатал болдым қылышынан хан тамған.

Талай баста менің салған бар таңбам"... дейді. Сонда тарихтағы түрік әлемі мен Қазақ хандарының сипаты осындай ма еді? Біздің жастарымызбен ендігі ұрпағымыз Шахановтар осылай жазса, тарихымызды осылай түсінбегенде қайтеді? Мұхаңның қарауынша Сталин заманы дәурендегенде, миллиондаған бейкүнә жандардың қанын ішіп, мал-дүниесін талап, жер-суын тартып алғаны, қастандық пен жоспарлаған ашаршылықтан миллиондаған халықтың қырылғаны, сансыз ұлт құрбандары мен қормалдары азаматтармыздың кеудесін оқ тесіп өлгені, мыңдаған, он мыңдаған адамдардың Сібір даласында ит пен құсқа жем болғандығы, отан үшін жауға тұтқын болғандығы, қырылғаны мен азабы Мұхтар Шахановтардың қаламынан тыс қалғаны адамды таңдандырады. Олар туралы, ұлт тарихы туралы неге қалам тартқысы келмейді? «Дәуір дастандары» деп ат қойылған соң Қазақтың қаралы күндері мен теңсіздігі туралы бірер тақырып көтерсе несі кетер еді? Оған да өкпе жоқ. Бодандық, құлдық сана оған жол бере қоймайды. Олай болатыны бар жамандық пен жауыздықты хандар, билер, байлар жағынан келеді деу осы заманның надан ұғымы мен алдамшылығынан аспайды.

«Дәуір дастандары» кітабы - еркіндік, теңдік атауын теріс жағынан түсіндірмек болған, аузы жаз, жүрегі мұз жылдардың жемісі. Алып ақынымыздың адасқан жері де осында. Адастырған заман. Алланың бізге тәуелсіздік бағыштайтынын ол заман зорлықшылары да, заман ақындары да білмесе керек. Ұлттық сана жойылған елде ұлттық намысты ойлау да қиын....

Ендігі шығар жол - атомның жарылысынан қалған улы қалдықтарды тазалағандай, бодандық дәуіріміз бен мәдениетіміз, әдебиетімізді былғаныштан тазарту, қисығы мен қылмысын айта отырып аластап, тәуелсіз ұлттық әдебиетіміздің сара жолын жасауға міндеттіміз. Жетпіс жылғы бодандықтың ұлтымыздың рухани әлеміне салған улы қалдықтарын тазалау. Кейінгі ұрпаққа ұлттық рухтың не екенін шынайы шындықты айтып түсіндіру, осы негізде әлем әдебиетінің ортасынан орын алуымыз тиіс. Бұл мақаламның мақсат, міндеті де осыдан басқа емес. Жүктің ауырын нар көтереді. Ел үшін айтылған сөздің ауырын Шаханов сықылды ұлттың нары көтерер деп сендім.

Нұрмұхан Жанұзақұлы

Abai.kz

 

 

61 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616