Жұма, 19 Сәуір 2024
3040 0 пікір 5 Сәуір, 2018 сағат 09:04

Мәскеу мен Душанбе әуе компанияларына өзара шектеуді алып тастады

Ресей және Тәжікстан үкіметі арасындағы әуе қатынасына қатысты түсінбеушілік шешімін тапты. Екі тарап өзара шектеулердің бәрін алып тастады.

Осыған дейін тоқтап қалған рейстердің бәрі қайта ұшатын болады. Бұл жөнінде екіжақты кездесуден кейін Тәжікстанның Ресейдегі елшісі Имомуддин Сатторов мәлімдеді.

Оның сөзінше, тараптар ең басты мәселе бойынша ортақ шешімге келген. Ал қалған проблемалар әлі шешіліп жатыр.

«Ең бастысы біз жолаушыларға бұдан былай бәрі өздерінің бағыттары бойынша ұша алатынын жеткізгім келеді. Біз осыған дейін бекіткен 2017-2018 жылдарға арналған келісім бойынша ортақ шешімге келдік. Әрі қарай да осы жоба бойынша жұмыс істейміз», - деп атап өтті Имомуддин Сатторов.

Тәжікстан елшісі Ресейдің басқа қалаларынан жаңа рейстер ашуға мүмкіндік барын да айтты. Ресей және тәжік ұшақтары бір-біріне кедергі келтірместен ұшатын болады деді.

Интерфакс агенттігі Ресейдің көлік министрлігіне сілтеме жасап, жазғы кестеге тағы жаңадан төрт бағыт қосылатынын жариялады. Олар Пермь - Душанбе, Жуковский - Куляб, Челябинск - Худжанд және Краснодар - Худжанд бағыты бойынша ұшатын рейстер.

Abai.kz

0 пікір