Сенбі, 20 Сәуір 2024
Түйткіл 3284 0 пікір 5 Сәуір, 2018 сағат 08:47

Кемерево. Жемқорлық өрттей лаулаған елдерде қауіпсіздік туралы айтудың өзі артық

Атамыз қазақ: «Бәле – қайда деме, аяқ астында» дегенді көрегендікпен айтқан. Орыстың Кемеревосында ойын-сауық орталығына көңіл көтеруге барған ондаған адамдар (арасындағы басым бөлігі күнәсіз сәбилер...) тағдырдың жазуымен үйлеріне мәңгі қайтпай қалды...

Кемерово қаласында сауда орталығындағы өрт құрбандарының туыстары өрттен 41 бала қаза тапқанын мәлімдеді. Қаза тапқан балалардың тізімі туыстары құрған штабта жазылып, ілінді...

Наурыздың соңғы күндерінде Кемерово қаласы әкімдігінің алдына жүздеген қала тұр­ғыны жиналды. Олар биліктен өрт пен құрбан­дар туралы шынайы ақпарат беруін талап еткен. Жиналғандардың көпшілігі биліктің өрт құрбандары туралы есебіне сенбейді. Наразы жұрт сонымен қатар Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеевтің отставкаға кетуін талап еткен.

«Зимняя вишня» сауда және ойын-сауық орталығында өрт 25 наурыз күні күндіз басталған. Ресей Тергеу комитетінің мәліметі бойынша, өрттен 64 адам қаза тапты. Бірақ, куәгерлер іс жүзінде құрбандар саны «бұдан әлдеқайда көбін» айтады...

Кеше ғана сайлауда жеңіске жеткен Ресей президенті Владимир Путин Кемерово қаласына жылдам ұшып барды. Ол өртенген «Зимняя вишня» сауда орталығында құрбан болғандарды еске алатын орынға гүл қойып, қайғылы оқиғаға «салақтық пен ұқыпсыздық» себеп екенін мәлімдеді.
Орыс орманындағы қаны қазақ жалғыз қазақ-губернаторы Аман Төлеев халыққа үндеу жария­лап, өзінің қызметінен кететіндігін мәлім етті... Осы күндері қазақтың Үкіметбасы Бақытжан Сағынтаев елдегі сауда және ойын-сауық орталықтарының өрт қауіпсіздігі талаптарына қаншалықты сай екенін тексеруді тапсырды.

«Кемероводағы сауда орталығында болған қайғылы оқиға бізге сабақ болуы тиіс. Ішкі істер министрлігі өрт сөндіру қызметімен және әкім­діктермен бірігіп, сауда үйлерінде тексеру жүргізіп, қажетті шараларды жасауы тиіс», – деді Бақытжан Сағынтаев ұйқыдан шошып оянғандай...Әй, қайдам! «Бармақ басты, көз қысты» һәм сыбайлас жемқорлық өрттей лаулаған елдерде қауіпсіздік туралы айтудың өзі артық. Кім білсін, үкіметбасының тапсыруымен бұл мәселені бақы­лауға алуды мойнына жүктеген Премьердің бірінші орынбасары Асқар Мәмин мәжіліс залының табалдырығынан шыққан алғашқы қада­мында-ақ аса жауапты тапсырманы ұмытып кетті ме екен?!.

Ал, жүзге тарта адамды жалмап, мыңдаған жанды қайғыға ұшыратқан Кемерово өртінің неден тұтанғаны әзірге белгісіз... Басты себепті біреулер «сыбайлас жемқорлық»-тан көрсе, келесілері «қазақ-губернаторы Аман Төлеевті қызметінен кетіру мақсатында әдейі ұйымдастырылған қастандық» деп бағалайды...

Қалай болғанда да, мейлің жемқорлық пен ұр­лық-қарлық; мейлің қаперсіздік пен қастандық бол­сын, адамның өмірімен ойнау – бірдей қауіпті...

Қажымұқан Ғабдолла

Abai.kz

0 пікір