Сенбі, 20 Сәуір 2024
Көкжиек 8272 4 пікір 3 Сәуір, 2018 сағат 18:02

Аңыз Абай

«Балалар әдебиеті» деген бар, ал «ересектер әдебиеті» деген жоқ. «Балаларға оқуға болмайды» деген кітап көрмедік. Керек десеңіз, «Абай жолын» бастауыш сыныптан бастап оқыған балалар бар. Күрделі тақырыптардан қашып, балалардың таным көкжиегін шектей берудің қажеті шамалы. Бала күнімізде қолға түскен кітаптың бәрін оқи беретінбіз және не оқысақ та сорғыш қағаз сияқты сіңіріп алатынбыз. Абай тақпақ жаттаған күннен, ал Әуезов әріп таныған кезден бастап бәрімізге серік болып келеді.

Абайдың суреттері де бізге бала күннен таныс. Суретте қалай бейнеленсе, солай қабылдап келдік. Ол суреттерден ойлы Абайды көрдік, бірақ шерлі Абайды көргеміз жоқ. Көбінесе көңілі тоқ, қайғысы жоқ адам көз алдымызда тұрады. Суреттегі ол адам ойланған болады. Алысқа қараған сияқтанады. Бұл неге бұлай деуге бізде дәрмен жоқ. Кеңестік идеология бәрін бір қалыпқа салып тастаған. Оның таңбасы ұлылардың суреттері мен ескерткіштерінен анық көрінетін. Бір жолы мынандай жағдай болды.

Арыстарымыз әне ақталады, міне ақталады деп жүрген күндер еді. Белгілі басылымға өзін хан атаған бір сұлтанның архивтен табылған суретін ұсындым. «Басқа суреті болса әкелші», – деді қазанның құлағын ұстаған кісі. «Менің жазғаным осы сурет туралы еді», – деп қоймаймын. «Жоқ, мына сурет болмайтын шығар», – деді ол кісі бүгежектеп. «Неге, жақсы сурет емес пе?», – деймін мен түкке түсінбей. «Әй, мынауыңның түрі бүкіл дүние менікі деп отырған түр ғой!», – дегенде барып ішім қылп етті. Енді байқасам, біздің басымызда қыл аяғы суреттен де қорқатын заман болған екен.

Айтайын дегенім, Абайдың осы фотосуреті ерекше сурет. Ешқандай идеологияға тәуелді боп тұрған жоқ. Шынын айтқанда, тәуелді болып тұрмаған біздің санамыз. Жаңаша ой түюге бейім, бекем сана бұл суретке бей-жай қаратпайды. Ішіңнен буырқанып талай ой бас көтереді. Бәрінен бұрын бір жолының өзі бір ғұмырға татитын өлеңдерді осы суреттегі адам жазғанына қапысыз сенесің. Сол ғұмырды басқа емес, өзі сүргеніне де шәк келтірмейсің. «Менің Абайым осы еді ғой» деп іші-бауырың елжіреп табысасың. Ұлтыңның тәуелсіздігі қуаныш-шаттығыңмен қоса, қайғы-шеріңнің де тәуелсіздігі екенін сезінесің. Мына сурет мені осындай ойларға жетеледі.

Суреттегі қас-қабағы алшақ, құлақ-шекесі жұмыр, маңдай алды кең жаралған; дөңгелек жүзді, дөңес мұрынды, қалың ерінді; денесінің толықтығына қарамай жинақы отырған, етек-жеңі жайылып кетпеген қазақ – Абай. Ойшылдың осы сом жаралған бет пішінінен көп дүниені оқуға болатын секілді. Адамға тапжылтпай қарайтын көз бен қабақтың ауқымына жарты әлем сыйып тұрғандай әсер береді. Соншалықты тұжырымды көзқарастан қағыс қалған ештеме жоқтай көрінеді. Көз жанарының ішінен сыртқа тепкен салқын сәуле етіңнен өтіп, сүйегіңе жетеді. Салғырт тартып, сырт салған жүзіне қанша үңілсең де, ішін бермейді, бірақ. Жаратқанның алдында адамның өзін қалай ұстайтыны бимағлұм шығар, ал данышпанның алдында өзіңді тарыдай сезінетінің рас-ау.

Сонымен… Абай… 1896 жылы Семей қаласында екі баласы Ақылбай мен Тұрағұлды екі жағына алып түскен суреті. Бұл өзі ерекше тағдырлы сурет саналады. Ешқандай жасандылығы жоқ, табиғи қалпында түсірілген. Осы суретті түсірген фотографтың шеберлігіне еріксіз тәнті боласың. Жаны бар сурет секілді немесе жан бітіп, қозғалып кететінге ұқсайды. Біз адасып таппай жүрген Абайдың бейнесі қалың тұманнан аршылып шыға келгендей әсерге бөлейді. Тақиясына сыймай тырсылдаған қан қысымынан жаңа ғана босаңсығандай кіреукеленген түрі бар. Тұрағұлдың айтуынша, Абай қан қысымынан дүние салған көрінеді. Мұрнынан, құлағынан қан кеткен деген сөздер естеліктерде жүр. Абайды данышпан ретінде танушылар, енді пенде ретінде танысақ қайтеді деп сасқалақтаған тәрізді. Айналып келгенде екеуінің бір тұлға екенін айғақтайтын осы сурет алдымыздан шыға берсе де мән бермей жүргендейміз. Қараңызшы, осы уақытқа дейінгі суреттер мен ескерткіштердің бір де біріне ұқсамайды. Біз Абайдың бейнесін өзіміздің қалауымызша жасап алғанбыз ба сонда? Кеше кеңестік саясаттан жасқансақ, бүгін тәуелсіздік заманында неден үркеміз? Апыр-ай, суреттен де қорқа ма адам?

Енді әңгіменің жөніне келейік. Бұл суретке көз тоқтатып қарасаң, түрлі ойларға шомасың. Дүние қанша өзгерсе де, қазақ үшін Абайдың тау сияқты өзгермей тұратынын ойлайсың. Жақын келсең биіктейді, алыс кетсең аласарады. Өзгенің қаңсығын таңсық көріп жүргендерге ол бір қарайған жәй төбе болып та көрінуі мүмкін. Қазақ болып ұйысу үшін, діннің де орны бөлек, ділдің де орны бөлек, бәріне қоса өзіміздің үйренген Абайымызға да жақын жүрейікші дегің келеді. Өйткені, қазақ екенімізді атап айтып, қазақ болып өмір сүрудегі ұстанатын қағидаттарымызды белгілеп беріп кеткен сол кісінің өзі екеніне ешкім таласпайды. Ол кісі бізге Алла жолын сүй, Адам баласын жек көрме, Қазақ екеніңді ұмытпа деп кетті. Оны өсиет қып айтып қана қоймай, мыңмен жалғыз алысқан өз өмірімен де, әкелеріне ұқсағысы келген әулетінің тағдыр-талайымен де көрсетіп кетті. Абайға ұқсағысы келген ұрпақ бодан қоғамда қор болса, тәуелсіздік заманында зор болуға тиіс, әрине.

Абайдың өмірінің де бар қазақтың, атам қазақтың өмірінен айырмашылығы жоқ негізі. Әуелі он бала сүйіп, жақсы тәрбие берді. Бірақ қанша ауқатты, әлеуетті, білімді болса да балаларының бәрін бәле-жаладан, ауру-сырқаудан сақтап қала алған жоқ. Әрине, кіндігінен тараған ұрпақтың бәрі данышпан боп кетсе, қазақ даласына данышпан сыймай кетер еді. Бірақ олардың қай-қайсы да өмір жастарының қысқа болғандарына қарамай артына бір қазақтай із қалдырып үлгерген екен. Деректерде бірінші әйелі Ділдәдан Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия, Күлбадан, Райхан туғаны айтылады. Ал екінші әйелі Әйгерімнен Тұрағұл, Мекайыл, Ізкәйіл, Кенже туыпты. Осылардың ішінде ер балалардан Тұрағұл 58, Мекайыл 47, Ақылбай 43, Мағауия 34, Ізкайыл 34, Әбдірахман 26, Әкімбай бар болғаны жеті-ақ жас жарық дүние көріпті. Абайдың өзі 59 жас жасағаны да жұртшылыққа мәлім. Құнанбай қажының 82 жас жасағанын ескерсек, ол заманда ұзақ жасауға мүмкіншілік болмаған екен демес едік.

Әдетте белгілі адамның өмірден ерте кетуі мен осы тараптағы жас өлім ел ішінде түрлі әңгіме тудырып, аяғы аңызға ұласып жатады. Абай өміріндегі бір аңыз осындай өлім-жітімнің көптігінен туындағаны өмір шындығы. Мәселен, Тұрағұл бірде кішкене қызы Мәкеннің жоқтау айтып отырғанын естиді, кейінгі кезде жиі айтылып кеткен жоқтаулар құлағында қалған болса керек дейді. Бесік жырының орнын жоқтау басқан замандар тарихымызда да аз болған жоқ. Соның біріне 1931 жылы «бай тұқымы» деп ұсталғандардың қатарында Абайдың ұлы Мекайыл мен жиен немересі Мәукілдің сотсыз, дәнемесіз атылып кеткенін жатқызар едік. «Сонда бүкіл түрме жылады» деген сөз оңай сөз емес.

Мәкен апа

Мәкен апа

Есімдері де ұйқасып тұрған боздақтардың өмір тарихы да жатқан бір хикая. Әсілі Абай ұрпақтары шығармашылықпен айналысып, есті өнерге ден қойып, ел ішінің игі істеріне араласып, соншалықты құштарлықпен өмір сүрген. Мекайыл да басқа балалары секілді домбыра тартып, ән салып, әкесінің өлеңдерін жатқа айтып, өнерін мұра тұтқан деседі.  Ал, Мәукіл Абайдың Тұрағұлдан көріп, тізесінде ойнатып өсірген немере қызы Ақылиядан туған ұл екен. Оразбай қажылық сапарының алдында Абайға келіп, «арамыздағы өштік сүйекпен кетпесін» деп, құдаласуға бейіл танытыпты деседі. Бұл жайында абайтанушы қаламгер Тұрсын Жұртбаймен сөйлескенімізде, Оразбайдың да жай адам болмағанын, ол жөніндегі көп әңгіменің жаңсақ айтылып жүргенін алға тартты. Тағы бір абайтанушы ғалым Бейбіт Сапаралыдан сұрағанымызда: «Ақыш, Мәкен апалармен көп араластым. Бертінде қайтыс болды. 1989 жылдары Шәкәрім ақталған кезде Жазушылар одағында Абайдың, Шәкәрімнің ұрпақтарымен жиын жасадым. Сол жерде біраз тарих айтылған. Оразбайдың Медеу деген баласынан туған немересі Саниязға айттырып жүргені 1901 жылы дүниеге келген осы Ақыш – Ақылия. «Өздері жаңа дүниеге келіп жатыр. Егер бір-бірін ұнатып, қосылып жатса, менің қарсылығым жоқ» деген Абай атамыздың сөзі бар. Мұхтар Әуезовтің «Еңілік-Кебек» қойылымы 1917 жылы алғаш рет осы атақты екі әулеттің балалары Санияз бен Ақыштың отасу құрметіне қойылып, қазақ театрының шымылдығы ашылған», – деді. Міне, сондағы Оразбайдың баласы Медеу, немересі Санияз, шөбересі Мәукіл Абайдың өнерімен елге танылып қалған ұлы Мекайылмен бірге бір күн, бір түнде атылып кетіп отыр.

Абайдың азан шақырып қойылған аты Ибраһим екенін мектеп жасынан бастап бәріміз білеміз. Ал енді сол ұлы есімнің түп иесі Ибраһим пайғамбардың иығына түскен сынақты заңғар таулар да көтере алмас еді дейді. Мұны айтып отырған себебіміз, Абай ұрпақтарының есімдерінің біразы Құраннан алынғанын көреміз. Құлаққа тосындау Мекайыл мен Ізкайыл деген есімдердің ойландыратыны содан. Мәукіл деген есімнің де Нұр шейһтің Нұршайық боп өзгергені секілді өзгеріске түсуі мүмкін екенін жоғарыда аттары аталған азаматтар айтты. Осындағы Ибраһим пайғамбар баласы Исмайлды құрбандыққа қиюға дәті жетсе, Абай керісінше балаларының қайғысынан күйреп кетеді. Бұл қайғы дана Мұхтар Әуезовтен бастап, бала Думан Рамазанға дейінгі жазушылардың бәрінде Абайдың өмірден кетуінің бір себебі ретінде көрсетілді.

«Абай жапа-жалғыз, баласының жас қабірінің басында, екі сағат тапжылмай, сыртқа шықпай қалып қояды. Кейін, кешке таман ғана моланың ішінен Абай шыққанда сақалы аппақ болып, бет-жүзі күлбеттеніп, бар денесі жер тартқан жандай құр сүлдерімен ғана шыққан екен», – делінеді Мұхтар Әуезовтің «Абай жолында». «Абай бейіттен құр сүлдерін сүйретіп әрең шықты. Сақал-мұрты тұтастай ағарып, өңі қап-қара боп қабарып кеткен. Баймағамбеттің көзі атыздай болып кетті. Танымай тұрған адамдай тесірейе қарады. «Сізге не болған?» деп сұрағысы келді, бірақ батылы жетпеді. Қожайыны пәуескеге келіп отырысымен, божыны қағып-қағып қалды да, жайлап қозғала берді. Артына жалтақтап қарап қояды: «Астафыралла! Не болған? Қас қағым сәтте қалай өзгеріп шыға келген? Ой, Алла-ай, өзің жар бола гөр!..», – делінеді Думан Рамазанның «Құса» әңгімесінде. Осы екі үзіндінің жайын Думаннан сұрағанымда: «Бала күнімде үлкендердің аузынан естігенім бойынша жаздым», – деді. Ел ішіндегі Абай туралы аңыздардың «Абай жолы» эпопеясындағы оқиғалармен жарыса айтылып жүргеніне бұл да бір мысал.

Абай өміріндегі бір аңыз, оның әйгілі дала жолбарысы Құнанбайдың баласы болуына қатысты өрбіген. «Абай жолында» Құнанбайды «Қарадан шыққан хан аталды» дейді. Осы бір сөздің өзіне көп аңыз сыйып тұр. Екінші аңыз Абайдың ақындығы мен ойшылдығынан, оқымыстылығынан тарағаны айтпаса да түсінікті. Үшінші аңыз махаббат пен ғадауат майдандасқан отты өмірдің шырағындай болған «Айттым сәлем, Қаламқасқа» барып тіреледі.     «Өлсем орным – қара жер сыз болмай ма? Өткір тіл –  бір ұялшақ қыз болмай ма? Махаббат ғадауатпен майдандасқан, Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?», – деген өлең жолдарын жеке сүйіспеншіліктен дүниеауи махаббатқа ұластыра жазады. Ал төртінші аңыз ел басқару ісіндегі әділдігі мен Оразбай сықылды алпауыттармен бәсекеге түсуінен шықса керек. Санамалап айтқанда бесінші аңызды Абай ұрпақтарына қатыстыра таратсақ, ол кешегі күнге дейін жалғасып келгеніне куә боламыз. Бірақ бұл аңыз 1990 жылы өмірден өткен Ақылия, екі мыңыншы жылы дүниеден озған  Мәкен Тұрағұлқыздарымен аяқталған, түйінделген секілді көрінеді. Өйткені төңкерістен, аштықтан, қуғын-сүргіннен, соғыстан, ядролық сынақтан қатары селдіреген қазақ ұлтының басындағы қайғы-қасіреттің ешқайсы да Абай ұрпақтарын айналып өтпеген екен. Ең бері дегенде Абайдың үлкен ұлы Ақылбайдың баласы Исрайыл 1959 жылы Семей полигонындағы сынақ кезінде көзі көрмей қалып, қайтыс болып кетіпті. Біразы атылған, біразы босқынға ұшыраған, басқа өңірге  жер аударылған, он бірі соғысқа аттанып, бір ұл, бір қыздан өңге еркеккіндіктісі түгел майдан даласында опат болған. Бесінші ұрпағы саналған біреуі басқа ұлттың қызына үйленіп, айдың-күннің аманында көз жаздырып кетіпті. Көз көрген тағы бір жалғыздың қайбір жылы сұхбат беріп, «Орыс бізге ойлауды үйретті» деген сөзін естімеген болдық. Абайдай данышпанның ұрпағына жанашырлық танытқан адам, бұл жерде ақпарат құралы, оның шөпшегінің аузына сондай сөз сала ма? Әйтпесе Абайдың өзі де, ұрпағы да ұлты үшін күресті, сол жолда құрбандыққа бастарын байлады. Оған жоғарыдағы суретте әкесінің сол жағында тұрған Тұрағұлдың өмірі айқын мысал.

Ақлима

«Фотосуретте әкесіне түр-түсі, кескін-келбеті ұқсайтын да сол, әкесін жақын сезініп, иығына қолын салып тұрған да сол Тұраш», – деп жазыпты Бейбіт Сапаралы. Шынын айтқанда, ел ісін еңсере көтеріп кететіндей еңселі көрінген Тұрағұлдың  кескіні де ешкімді бейтарап қалдырмайды. Көп деректің ішінен Тұрағұлды Абайдың мирасқоры ғой деп болыс қойғанын да оқып қалған едік. Суретке қарасаңыз Тұрағұлдың өзіне сенімді, айналасына батымды адам екенін аңдайсыз. Әкесінікі сияқты керіле біткен ашық қабағы, сәл төмен салған отты да ойлы жанары сол сенімділіктің белгісі. Суретшілер Абайдың жүзін кейде сопақтау етіп, кейде дөңгелек жүзді етіп салады. Соған байланысты анау дұрыс, мынау бұрыс деген әңгімелер де айтылып қалады. Шындығында адам жас күнінде сопақтау келіп, ет алып есейгенде дөңгелек жүзді көрінуі де мүмкін. Тұрағұлдың да мына суреттегі түрі сәл сопақтау келіп, бірақ дөңгелек жүзді әкесіне де ұқсап толыса бастағаны байқалады. Ал енді ішкі жігерінің әкесінікі сияқты шымырлап бетіне шығып тұрғаны қарусыз көзге де айқын білінеді.

Тұрағылдың өмірі үлкен бір шерлі романға сұранып тұр. Әкесінің кітабын шығаруы, Алаш көсемдерінің арасынан табылуы, солармен бірге түрмеге қамалуы, ұлы жазушыға әкесі жайында естелік жазып беруі, оңтүстік өңірге жер аударылуы, ақыр аяғында моласының фосфор зауытының астында қалуы кімді толғандырмайды? Шолақ белсенділердің 1928 жылы «Тұрашы кеткенде, Жебеші де қалмасын» деп мақала жариялатуы да ішіңнен қан жылататын қилы күндерді еске түсірмей ме? Жебеш дегені Мекайыл, Ізкайыл деген тәрізді ұлы ақынның Тұрағұлдан туған немересі Жебірейіл екен. Қалай десек те Тұрағұл Абай ұрпағының тұяқ серпер соңғы тұяғы екен де, оның өзі де мүрдесін қазып алатын адам табылмай, сүйегі тонналаған бетонның астында қалыпты. Осы бір мұңлы да шерлі тағдыр әредікте ғана бір айтылып қалатын естеліктерде болмаса, өсти-өсти ұмытылып кетсе обал емес пе деп те ойлайсың. Жоғарыдағы фотосуретті арнайы таңдап алып, көркем суретке айналдырып көшіртуіміздің бір сыры осында еді.

Мұнымыз біреулерге жәй бір әуестік сияқты көрініп жатса, әйтеуір ниетіміздің оң болғанын түсінер дедік. Ал, мына түпнұсқа фотосуреттің жөні мүлдем басқа, тіпті Абай туралы бүкіл көркем дүниенің шыңы әзірге осы бір ғана фотосурет десек артық емес. Бұл сурет Абай ұрпағының өмір сүру философиясы, «тұқымымызда құсалану болмап еді» деп Тұрағұл айтпақшы, Абайдың өзінен басталатынын әйгілеп тұр. Біз оған әлі бойлап бара да алғамыз жоқ. Абай туралы көркем кітаптарымыз соцреализмнің шеңберінен шыға алмады. Абай өмірі сана ағымымен қабаттасып өткенін кейінгілерден Тұрсынжан Шапай ғана ашып бере алды. Біздің Абай туралы көркем фильмдеріміз «Жас Абайдың» дәрежесінен аспады. Әуезовтің Абайдың жолын Қазақтың жолы етіп көрсеткісі келгенін, бірақ оған заман ауқымы тарлық еткенін ашып айта алмадық. Тәуелсіздік алған тұстағы ой-санамызға Абайдың өмірі жақын, ал Құнанбайдың өмірі алыс екенін мойындағымыз келмеді. Абайдың шындығынан қашып, Құнанбайдың аңызына ұрына беретініміз содан. Абайдың тағдыр-талайынан кеңестік жарқын өмір тудыру идеясы бізді көптеген қателіктерге ұрындырды. Соның сарқыншағы әлі де Тұрсынжан айтқан «монолит Абай» сияқты кеудемізді басып тұр. Абайдың құсалануы – Қазақтың құсалануы екенін өзімізден өзіміз жасырғымыз келетіні тіптен жәдігөйлік. Данышпан адамның кіндігінен тараған бүтіндей бір әулетті жойып жіберу отаршылдықтан басталып, тонын теріс айналдырған кеңестік жүйеде толығымен аяқталғаны ащы шындық екенін толық мойындауға дәрменіміз жетпейді. Тағы да Тұрсынжан айтпақшы, «Қазақтың ең ұлы ақыны – бағдарсыз қоғамның, бас еріксіз, қорғаншақ қор қауымның, жалтаңкөз ұлттың азаматы» болғанын айтсақ, ішімізде бар-жоғы белгісіз бір ойды сыртқа шығарып алатындай мәймөңкелейміз. Ең қызығы, басқасы басқа, ал Абайға келгенде «ананы айтпаңдар, мынаны да айтуға болмайды» деген де ешкім жоқ. Бірақ, қазақтың Абайға деген аңсарын басатындай жаңа дүние жасалмай тұр. Қысқасы, Абайды тәуелсіз ойдың тұғырынан тануға өреміз жететін емес. Егер, «монолит Абай» – аңыз Абайға айналмаса, оған деген қызығушылық төмендей бермек. Ең қорқыныштысы да сол, енді сең қозғалмаса, Абайды кейінгі ұрпақ мойындамай кетуі де мүмкін. Иә, жоғарыдағыдай суретке күнде қарай бермейсің, бірақ қараған сайын осындай да мұңлы ойларға шомасың…

Жүсіпбек Қорғасбектің жеке пікірі

“Ақ желкен” (№3, 2018)

4 пікір