Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 5840 33 пікір 3 Сәуір, 2018 сағат 10:37

Ұлттың ұлы тұлғаларының әруағына тиіспейік

Пендешілік әр адамның басында болады. 1969 жылы жазға салым Алматыдағы «Жетісу» газетінің редакциясына Шәмші Қалдаяқов келді. «Шәмші, Шәмші» десті журналистер. Секретариат бөлімінде екен. Жаспыз, құлағымыз елең етті. Әндерін өзіміз сүйіп тыңдайтын композиторға барып сәлем бердік. Неше түрлі әңгімелерді жіберіп отыр. Уақыт түске жақындаған. Бір кезде: «Ай, жігіттер, үйге кірген жыланға ақ құйып шығарады» деуші еді, маған ақ емес бір стақан қызыл болса да жетеді. Қайсың барсың?!» дегені. Рүстем деген суретші-ретушер ағамыз орнынан тұрып «Шәке, жүріңіз! деді. Редакция ол кезде Фурманов пен Совет көшелерінің қиылысында. Бірінші қабатта асханасы болатын. Рүстем аға сол жерден Шәкеңнің «бұйымтайын» орындап риза қылып жіберіпті.

Ал осы пендешілігі үшін, жүз грамм ішті екен деп Шәмшіні жек көруге бола ма? Шәмшіні біз ұлы композитор болғаны, артында өлмес мұра қалдырғаны, сол мұрадан әлі күнге сусындап жүргеніміз үшін жақсы көреміз ғой. «Вальс королі» атанған Шәмші – мәңгілік! Оған «неге қазақ мектептері үшін күреспеді», компартияға қарсы неге жасырын партия құрмады» деп айып таға алмаймыз ғой.

Осындай тағы бір мысал. Сол «Жетісу» газетінің редакциясына ұмытпасам, 1972 жылы болу керек, ақын Мұқағали Мақатаев келе қалды. Редакцияда Жәмилә Молдабаева деген апай болатын. Сол кісіге арсалаңдап «Әпке» деп амандасып жатты. Сәл «буы» бар сияқты. Шағын холлда екеуі сөйлесіп тұрған. Кенет шу шықты. Сөйтсек, газеттің хат бөлімінің меңгерушісі Тасемен Жүсіпов деген қарт журналист болатын, өз бөлімінде істейтін Жәмиләға келгенін жаратпай Мұқағалиға «кет!» деп өзінше сес көрсетіп тұрыпты. Алатаудай алып тұлғалы Мұқаң қарап тұрсын ба: «Жата қалып аунасам астымда қаласың ғой!» деп жатты.

Ешкімге тиіскен жоқ, басқа ешкімде шаруасы жоқ. Кегендік әпкесіне еркелеп келіп амандасайын деген шығар, әрі кетсе бір-екі сом ақша сұрамақ болған шығар. Бірақ адамдардың психологиясы солай, әншейін пендешілігі үшін, сәл ішіп тұрғаны үшін ұнатпай ортасынан қуғысы келіп тұр. Мұқаңды бұдан кейін де Киров көшесіндегі «Шахтадан», Панфилов көшесіндегі «Гармошкадан» жас ақындардың ортасында талай көрдік. Бірақ Мұқаңның пендешіліктерін ойламаппыз да. Керісінше кітаптарын жастанып, өлеңдерін жаттап өстік.

Бізге қымбаты – Мұқаңның дауылпаз жырлары. Халық махаббатына бөленуі де сол өнерінің арқасы. «Ол кезінде неге ұлттың сөзін сөйлемеді?» деу адасқан сұрақ. Мұқаңның жырлары – ұлт үшін, ұлттық сана күрес. Атыраулаған жүрегін жалау етіп әділдік іздегені рас. Әркім өзінің қолынан келгенін жасайды. Қолынан келгенімен ортақ іске үлес қосады. «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, алайда өлтіре алмас өлеңді ешкім» деген Мұқаң – қазақ поэзиясының ақиығы. Бұл халықтың берген бағасы.

Ұлттың ұлы тұлғаларының әруағына тиісу – ұят!

Марат Тоқашбаевтің Facebook-тегі парақшасынан

Abai.kz

33 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1572
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2267
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3567