Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ел іші... 4340 0 пікір 2 Сәуір, 2018 сағат 11:53

Тарас Васильевтің естелігі

Оқуға түскен жылымыз болатын. Ол кезде Гурьев қаласы деп аталатын облыс орталығындағы Пединститутының «су жаңа» студенттері болып ауылшаруашылық тәжірибесінен өту үшін Елтайға келдік. Елді-мекеннен жеті шақырымдай жерде орналасқан «Бағырлай» деп аталатын судың жағасында тұрған бір үйге қоныстандық. Күндіз тас басатынбыз да, кешке қарай ас ішетін бөлмеде отырып біразға дейін әңгіме айтатынбыз. Әркімнің көрген-білгені бар. Қызықты әңгімені бірінен соң бірін естіп отырғанда түн болатын. Ұйқымыз қанбай таңертең көзімізді тырнап ашып, жұмысқа кететінбіз. Студенттік романтиканың алғашқы қызықтары осылай басталған болатын біз үшін. Бірде Тарас Васильев деген бір студент құрдасымыз сөз алып, мектепте оқып жүргенде болған бір қызықты оқиғаны есіне алды.

Тоғызыншы класта оқып жүрген кезде аудан орталығында болатын жарысқа барған екен. Қаракөл поселкесінде еркін күрестен аудан біріншілігі өтіпті. Ағадеев Досым мен Омаров Қадыр ағайлары баптаған оншақты жасөспірім бала қатысыпты бұл жарысқа. 62 келіге дейін салмақ дәрежесінде өнер көрсету үшін Тарас Васильевті алыпты.

Жарыс әдеттегідей сенбі-жексенбі күндері өтеді ғой. Үш айналымды жеңіп шыққан Тарас училищеде оқитын байғаниндік Ізбасар дейтін баламен белдеседі. Бұрын жарыстарға шығып жүрген қарсыласы айласын асырып тынып, жеңімпаз болса керек. Тарас жеңілгеніне қатты қынжылады. Әсіресе жеңімпаздарды ортаға шығарып марапаттаған кезде білінеді оның қиналғаны. Сағат төртің шамасында Оймауыттан келген спортшылар автобусқа отырып жолға шығыпты. Досым ағай мен Қадыр ағайлары жол қысқарсын деп әңгіме айтып келеді екен. Кезінде өздерінің қалай күрескенін айтыпты. Ағадеев Досым Қарағанды қаласындағы дене шынықтыру институтын бітірген болатын. Еркін күрестің маманы. Арасында қазақша күрестен де жарысқа шығыпты. Оймауыт орта мектебінде денешынықтырудан сабақ береді. Әрі мектеп спортзалында кешкі уақытта күрестен өткізетін үйірмесі бар. Ал Омаров Қадыр ағайларына келетін болсақ, ол Гурьев пединститутының физика-математика факультетін бітірген. Мектепте сол пәндерден сабақ береді. Орталық Азия елдерінің чемпионы болған атақты Жорис Ысқақовтың шәкірті екен. Өзі де «СССР спорт шебері» нормативын орындапты. Қадыр Омаровтың қалай күресетінін бүкіл ауыл біледі.

Ауылдарына маусымдық жұмыспен шешендер келіп жүретін көрінеді. Солардың арасында Грозныйдың чемпионы болған бір балуан болыпты. Әлгінің күші бойына сыймай жүрсе керек. Құрылыстың басы қасында жүрген қазақтарға өзінің күрескісі келетінін айтып көріпті. Ұсынысы еленбегесін, «Сендер, қазақтар, әлсізсіздер!» деп көптің арына тие бастапты. Осы хабар ауыл тұрғындарына тез тарап кеткен болуы керек. Сол жердің «менеджерлері» жеңген адамға жеңілген адам бір қой береді деп келістіріп те қойыпты. Сол кезде қазақтардың атынан осы Қадыр ағай күреске шыққан екен. Біреудің ауласын күресу үшін арнайы дайындапты. Спортзалдан бірнеше мат алып келіп төсепті. Ауыл адамдарына бұдан басқа қызық бар ма? Осы күресті көру үшін үлкені бар, кішісі бар бүкіл ауыл тұрғындары жиналған екен. Төреші болған Досым ағайлары. Алты минутқа созылған күрестің нәтижесінде таза жеңіспен Қадыр ағайлары жеңеді. Көрермендердің сүйіспеншілігі мен құрметіне ие болған ол талай жастардың рухын көтерген екен сол кезде. Осы оқиғадан кейін ауыл балаларының бәрі күреске жазылыпты...

... Автобус қайта-қайта тайғақтап келе жатып бір жерге келгенде мүлдем батып қалады. Әрі итеріп көреді, бері итеріп көреді. Болмайды, өйткені дөңгелектері терең бойлап кетіпті. Енді не істеу керек? Оймауытқа дейін отыз шақырымдай жер бар. Бапкерлер өзара келісіп, үш-төрт адам болып ауылға бару керек деп шешеді. Автобусты сүйреп шығаратын бір жүрдек машина алып келмесе болмайды екен. Қадыр ағай ауылға өзімен бірге бару үшін шәкірттерін іріктей бастайды. Қасына Марат пен Жұмахан деген екі шәкіртін алады. Сол кезде Тарас ортаға суырылып шығып, өзінің барғысы келетінін айтыпты. Қадыр ағайы қарсы болмайды. Тек жол ауыр болатынын ескертіпті. Ауылға баратындар үстілеріне жылы киімдерін киіп алып жолға шығып кетеді. Қалғандарына бас-көз болып Досым ағайы қалыпты автобуста.

Түнделетіп жол жүру ауыр екен. Тоң түскен уақыт болатын. «Қояндының тақырынан» өткесін балшыққа түсіп, су кешіп ұзақ жүріпті. Арасында құрғақтау жерге шықса болды құлай кетеді екен бәрі. Оншақты минуттай демалып алғасын қайтадан жүрісін жалғастырады. Аяғын зордан көтеріп келе жатқан  Марат шаршаған сияқты, бір кезде тізерлеп отыра кетіпті. Қадыр ағайы оны қолтығынан демеп, жүре алмағасын иығына көтеріп алады. Сөйтіп келе жатқанда алдарынан ауылдың шамдары көрініпті ақыры. Сірә, бес-алтының шамасы сияқты. Маратты үйіне апарып тастайтын болып Қадыр ағайы оны өзімен бірге ала кетеді. Тарас пен Жұмахан өз үйлеріне қарай тартады. Үйіне жеткен бойда Тарас автобустың батып қалғанын, онда кісілердің күтіп отырғанын айтады да, сол жерге жата кетеді. Біраз ұйықтаса керек, оянғанмен көзін аша алмайды. Киімдерін ауыстырған екен, өзінің төсегінде жатқанын біледі. Сөйтіп ұйқылы-ояу жатқанда келесі бөлмеден біреудің дауысын естиді. Сөзіне құлақ түрсе, Қадыр ағайының даусы. Маратты үйіне апарып тастап, жүрдек машина алып автобусты барып сүйретіп келіпті. Бәрі де аман екен. Енді өзімен бірге келгендердің үйлеріне барып, әке-шешесіне балаларының жолда көрсеткен «шыдамдылығын» айтып жүрсе керек. «Су мен балшықты кешіп, отыз шақырым жолды жаяу жүріп келу бұғанасы қатпаған балаға оңай шаруа емес қой. Жарыста жеңімпаз болмадым деп өкініп келіп еді. Одан да зор қиыншылықты жеңді балаңыз. Тарас әлі мықты жігіт болады!» - дейді Қадыр ағайы. Тарас көзін ашпастан ұйықтаған болып жата береді. Ішінен қуаныш сезімі кернеп барады. Құлағына әлсін-әлсін,«Тарас әлі мықты жігіт болады!» - деген сөзі естіліп жатыпты ұстазының.

Әңгіме аяқталған соң бәріміз бөлмелерімізге тарастық. Қасымызда жүрген досымыздың мұндай ерлігі бізді де біраз толғандырды. Сол оқиғаны көз алдыма елестетіп жатып көпке дейін ұйықтай алмадым. Әркімді бір сынайтын сынақ сағаты болады ғой. Тарас құрдасым сол сынақтан өткен сияқты мен үшін...

Қабибек Мұхитов

Атырау облысы

Abai.kz

 

0 пікір