Жұма, 19 Сәуір 2024
«Соқыр» Фемида 5434 2 пікір 2 Сәуір, 2018 сағат 10:40

Аружан Саинның айтқандары жалған

ОҚО-дағы 6 жасар қызға байланысты Аружан Саин жариялаған ақпаратты қыздың ата-анасы жоққа шығарды, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

2018 жылғы 30 наурыз күні Түркістан қаласындағы «Евразия» қонақ үйінде баспасөз брифинг өтіп, қыздың ата-анасы Аружан Саинның ақпаратының шындыққа жанаспайтынын жеткізген. 

Сөздің басында қыздың әкесі қызының мектепке барып жүргенін, әріп танып, есеп шығаруды меңгеріп жатқанын және жалпы жағдайының жақсы екенін жеткізді.

Бастамасында қыздың ата-анасы Түркістан қаласындағы ХҚТУ клиникасына емделген. Кейіннен Ташкент қаласында қатынап жүріп, 1 жылдай ем қабылдаған. Содан кейін ата-ана әлеуметтік желі арқылы Аружан Саин көмек береді деген ниетпен хабарласып, көмек сұраған.

Аружан Саин қыздың құжаттарымен танысып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына баланың ата-анасына қатысты «ата-ана құқығынан айыру» туралы арыз берген. ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық іш ашып, ОҚО және Түркістан қалалық прокуратураларының бақылауымен 1,5 жылдай уақытта тергеу жүргізілген.

Осы тергеу амалдары жүргізілген аралықта баланың денсаулығы нашарлап, ем қабылдауына қатты кедергі болды. Өйткені баланы күтуші ата-анасы мен туған туыстары, көршілеріне дейін тергеуде болған.

Осылайша көмек сұрап барған ата-анаға Аружан Саин арыз беріп, баланы тірі ата-анасынан айырып балалар үйіне өткізбек болған. Нәтижесінде сот баланың ата-анасына қатысты «ата-ана құқығынан айырылмайды» деп өкім шығарып, нүктесін қойған.

Қыздың әкесі Аружан Саинның көмектесудің орнына неге сотқа бергенін түсінбейтінін жеткізді. "Ата-анасы тірі бола тұра қызын "балалар үйіне өткіземін" деудегі мақсаты - «мемлекеттен, шет елдік қорлардан ақша алудың, бизнес жасаудың, күн көрісін қамтамасыз етудің жолы емес пе екен?" деген сұраққа Аружан Саиннан жауап алғысы  келетінін айтты. 

Сонымен қатар, ол: «Фейсбукте тараған "Аружан Саинның қыз тірі ме, жоқ па біле алмай отырмыз. Әкесінің телефоны өшірулі" деген ақпарын 100 пайыз теріске шығарды. Өз сөзінде: "Менің нөмірім ауысқан емес және ешкім бұл тақырыпта хабарласпады" деді. Аружанға өзіміз хабарлассақ телефонын әрдайым көмекшілері көтереді, оған шығу мүмкін емес және қызымның салмағы мен жағдайына қатысты ақпараты да жалған» дегенді жеткізді.

Сөз соныңда баланың әкесі Аружан Саинмен бетпе-бет кездесуге дайын екендігін айтып өтті.

Нұржан Айдархан

Abai.kz

2 пікір