Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Талқы 5699 29 пікір 29 Наурыз, 2018 сағат 14:01

Министр: Халықтың 83,1 пайызы қазақ тілін еркін меңгерген

Қазақстан халқының 83,1 пайызы қазақ тілін еркін меңгерген. Бұл 2017 жылдың қорытындысы бойынша шығарылған мәлімет. Мұны Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкімет отырысында Үкіметбасына есеп беріп жатып айтты.

«2017 жылдың қорытындысы бойынша, мемлекеттік тілді меңгерген азаматтар саны 83,1 пайызды құрады. Ал үш тіл меңгерген ересек азаматтар саны 22,3 пайыз болды», - деді Министр.

Биліктегілердің ішінде былтырға дейін былқ етпей жатқандары бар еді. Міне, солардың орталық атқару органдарында жұмыс істейтін 610-ы мешін жылында мемлекеттік тіл курстарына барып, арнайы сабақ оқыпты. Еліміздің барлық өңірін есептегенде 89 тіл үйрету орталығы бар екен. Сол аймақтарда 58 мыңы дәріс тыңдаған.

Оған қоса, былтыр 22 мың мемқызметкер қазақ тілінен тест тапсырып, мемлекеттік тілге жүйріктігін дәлелдепті.

«2017 жылдың қорытындысы бойынша, іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу – 92 пайызды құрады. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мәліметінше, қазақ тілді БАҚ контенті 72 пайызға жетті», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бұл нақты ақпар. Бұлтартпас факт. Қазақ тілін білмейтін, білгісі де келмейтін кертартпалар, орысияның орманына қарап оқыра тиген өгіздей мөңірейтін өлермендер өттері жарылып кетсе де шындығы осы. Бітті.

Биыл 26 ақпанда Президент пәрмен берді. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдап, Үкімет те, Парламент те жұмысты қазақ тілінде жүргізсін деген нақты тапсырма берді. Көрдік. Есім-сойы елге белгісіз Ақорда жақтағы көп шенді бір түннің ішінде тілдерін бұрап, сөйлем-сөздерін қазақшалап шықты. 27 жыл шегінде қазақ тіліне қабақ шытып келген келімсектілді әлгілер әйай қызметтен әдіре қаламыз деп қорықты ма, әйтеуір тіл сындырып, әдемі жарасып-ақ, қалып еді. Дәу үйдегі Дариға қыз «орысшаға ешкім шектеу қойған жоқ» деп жоқ жерден айды аспанға бір-ақ шығарды. Дариғаның дәридайы дестік біз.

Президент айтты. Естерінен шығып кетсе деп ескерттік біз. Президенттің әр жылдарда қазақ тілі жайлы айтқандарын соқырға таяқ ұстатқандай қылып тізіп көрсеттік. (http://abai.kz/post/66843 ) Статистика міне тағы. Енді не керек?!

Түйін. Статистика қазақ тілінде оқып, сөйлеп, жаза алатындар 83 пайыз дейді. Біз Қазақстанда 5 пайыз болсақ та, негізгі ұлтпыз. Біздің тіліміз - мемлекет тілі. Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің барлығы дерлік осы тілді білуі керек. Сөйлеуі - міндет.  Сөйлемейді деген сөз – қазақ тілін мемлекеттік тіл деп мойындамайды дегенмен пара-пар. Бұл қылмыс.

Өкініштісі сол, елімізде басым ұлт болсақ та, санымыз артса да біз өзіміздің мақсат-мұратымызды жүзеге асыра алмай келе жатырмыз. Әрине, бізді басқарушылардың ойлау жүйесі, санасы бұрынғы тотолитарлық режимде  тәрбиеленген. Сол идеологияға қызмет еткен сана. Өмір бойы көрген-білгені, тәжірбиесі сол тотолитарлы тәрбие. Сол тәсіл.  Коммунистік партияның райком, обкомынан шыққандар билік басында тұрғанда бәлендей өзгеріс болып кетуі екіталай. Ол үшін жаңа ұрпақ билік басына келуі керек.

Біздіңше қазақ тіліне қырын қарайтындар - маригиналданған бизнес-элита мен саяси элита. Өйткені олар үшін қазақ тілінің доминант тіл болғаны қауіпті.

Жоғарыдағы статистикадан көрдік: халық қазақыланды. Білім саласы қазақ тіліне үстемдік берді. Ақпарат қазақша сөйледі. Президент те жыл сайын қазақша сөйлеңдер деп пәрмен беріп келеді. Сөйлемей отырған, сөйлегісі келмей отырған кім сонда?.. Биліктегі аз топ қана.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3512