Жұма, 3 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 435. Жазылғандар — 27. Қайтыс болғандар — 3
2089 0 пікір 29 Наурыз, 2018 сағат 13:06

Жастар саясатына тың серпін беретін жаңа құжат қабылданды

Бүгін «Жас Отан» Жастар қанаты Съезінің екінші жұмыс күні аясында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің Конгресс-орталығында «Жаңа әлемге жол саламыз» атты Гала-форум өтті. Онда бойында күш-қуаты тасыған, ел ертеңіне бей-жай қарамайтын жалынды жастар бас қосып, ауқымды мәселелерді талқылады.

Елбасының құттықтау сөзін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді.

– «Жас Отан» елін, жерін сүйетін, өз болашағын Қазақстанның кемел келешегімен байланыстыратын, мыңдаған білімді де белсенді жастардың бастарын біріктіретін, менің барлық бастамаларым мен стратегиялық жоспарларымның сенімді тірегі болып келе жатқан беделді ұйым. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жастар мәселесі менің де, мемлекеттің де ең басты назарында болып, бұл салада көптеген бағдарламалар жүзеге асырылды. Мен осынау мемлекеттің жеңісі мен қамқорлықтың жылуын жастарымыз жақсы білетініне кәміл сенемін, – делінген Елбасының құттықтау сөзінде.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы бүгінде бүкіл әлем ауқымды өзгерістерді бастан өткеріп, төрткүл дүние Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқанына назар аударған. Сондай-ақ, Елбасының құттықтау хатында:

– Мен сендерді белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің терең мұраларын танып білуге, ең бастысы әрқайсыңды өз салаларыңда әлемнің ең озық мамандарымен иық тірестіріп, қатар тұра алатындай деңгейге көтерілуге шақырамын. Сендер, ата-бабаларымызға арман болған, біздің буын негізін қалаған Тәуелсіздікті баянды етіп, біздің жеңісті жолымыз бен жасампаз дәстүрімізді лайықты жалғастыруға тиіссіңдер! «Жаңа әлемге жол саламыз» деген Съездің атауы да жастарымыздың жаңашылдыққа ұмтылысын аңғартып, көңілге қуаныш ұялатады. Мен сендердің тың бастамаларыңды әрқашан қолдаймын! Ендеше жаңа әлемге салған жолдарыңыз әрдайым ашық әрі даңғыл болсын!, – делінген.

Мемлекет басшысының үнемі жастарға қолдау көрсетіп, білікті маман болып қалыптасуына барлық жағдайды жасап келе жатқанын айтқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев екі күнге жалғасқан Съездің мәнді де мазмұнды өткеніне назар аударды.

 

– Съезд кезінде ұтымды ойлар мен өзекті пікірлер айтылды. Жастарымыз белсенділік танытып, түрлі ұсыныстармен шықты. Ең бастысы, біз креативті, заманауи, ел жастарының бағыт-бағдарын айқындаған нәтижелі Съезд өткіздік деп айтуға толық негіз бар. Біз жұдырықтай жұмылып, осындай аясы кең жиынды жаңа форматта, тың бағытта өткізуге болатынын көрсеттік. Сол арқыла жасотандықтар ашықтықтың озық үлгісін танытты. Сондықтан бұл Съезді «Жас Отан» Жастар қанатының жаңғыруының жарқын көрінісі ретінде қарастыруға әбден болады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Гала-форум барысында әр салада белгілі бір биіктерді бағындырған, қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан белсенді жас қазақстандықтар сөз алып, әріптестеріне жетістікке жетудің қыр-сырын айтып берді.

Одан бөлек, Съезд кезінде жасотандықтардың ұйымның дамуы мен еліміздегі жаңғыру үдерістеріне қатысуы жөніндегі стратегиялық міндеттер көрсетілген «Жаңа әлемге жол саламыз» атты құжат қабылданды.

Биылғы Съездің тағы бір басты ерекшелігі ретінде оның VR, яғни виртуалды шынайылық форматында ұйымдастырылуын атап өткен жөн. Соның нәтижесінде Съезд жұмысын қатысушылармен бірге әлемнің барлық интернет қолданушысы 360 градуста онлайн көруге мүмкіндік алып отыр.

Abai.kz

0 пікір