Жұма, 19 Сәуір 2024
Әлеумет 23510 104 пікір 29 Наурыз, 2018 сағат 11:21

Қазаққа қазақ қайырымдылық жасап жатыр

«Заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме» дейміз ғой біз. Әсілі, қоғам қазір шая мінез, шу құмарланып бара жатқаны өтірік емес. Сенбесеңіз соңғы уақтағы ақпараттық кеңістіктің басты трендтеріне шолу жасап шығыңызшы. «Атып кетіпті» мен «шауып кетіпті» дегеннен өзге дені сау жаңалық таппайсыз. Өйткені жұрттың қуғаны – сенсация. Не үшін дейсіз ғой.. Рейтинг үшін. Сөйтеді де бәдік тілді, сала-құлаш сөйлемді, бейәдеп ақпарат алға озады. Ақпарат құралдарының, әсіресе, интернет желісіндегі ақпараттық сайттардың төс пен төсек төңірегін торуылдап қалғаны содан. Себебі түсінікті. Әлеуметтік желіге желімдей жабысқан әумесерлердің сұранысы бұл. Сөйтсе де, сол сандалбайлардың бүгінгі рейтингі ертең жоқ. Рейтинг деген –құбылмалы дүние.

Өкініштісі – осындай азғындықты жариялау жарысының тасасында ізілікті іспен айналысып жүрген жандар көрінбей қалып қойып жатыр. Біз бүгін қайырымдылық жайлы сөз етеміз.

Британдық «Charities Aid Formation» дейтін халықаралық ұйым бар. Сол ұйым бүкіл әлем бойынша «Қайырымдылық индексін» түзіп шыққан. 2017 жылдың есебі бойынша – 139 елдің ішінде Қазақстан 87-орында екен. Біз «жын-ойнақтың», «жынысынан жаңылғандардың жері» деп үрке қарайтын америкалықтардың 90 пайызы қайырымдылықпен айналысса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 10 пайыз ғана. Бұл да рейтинг.

Десек те, бізде де қазір қайырымдылық қорлары көп-ақ. Көп болғаны жақсы. Балаларға, қарттарға, үйсіз-күйсіздерге қаражат жинап, жанын салып жүретіндер бар. Сондай қайырымдылық қорының бірі – «Харекет».

Телефонға тынымсыз кеп жататын хабарламалардың арасынан осы қор жайлы аз-кем ақпаратты көзіміз шалып, байланыс номерлерін таптық. Сөзге тарттық. Аз-кем сұхбат құрдық. Мінекейіңіз:

-Алмагүл ханым (Алмагүл Мұханқызы), әлеуметтік желіде «Харекет» қайырымдылық қоры жайлы аз ғана ақпар мен қорға қаржылай көмек сұраған үндеу жүр. Содан біз, бұл өзі қандай қор екенін білмекке, өзіңізге хабарластық. Сіздердің қайырымдылық қорларыңыз ресми тіркелген бе? Қашан құрылып еді?

-«Харекет» қайырымдылық қоры 2017 жылдың қыркүйек айында ресми тіркелген. Қорды құрушылардың бірі Гүлмира Мұқанқызы былай деп жазып еді: «Мұсылман бауырлар, осы фейсбукте бір жазбаны көзім шалып қалып еді. Онда: «Менің 3000 досым бар екен. 1000 теңгеден жинап «черный касса» ойнасақ қалай болады?» деп жазыпты. Сол жазба маған ой салды. Әрдайым жетім-жесірлер жайлы жазып жүрміз. Сол жетімдердің басынан сипай алдық па? Жесірлерге қол ұшын бере алдық па? Аш отырған көршіңізді тамақтандырдыңыз ба? Біз қандай жақсылық жасадық? Алла Тағала Құранда: шаңның тозаңындай жақсылық істесең оны көресің деген. Ол жайлы уағыз-өсиет қаншама: бір әйел итке су бергені үшін оған жәннат нәсіп болған немесе адамдарға кедергі болмас үшін жердегі тасты алып тастағаны үшін жәннат нәсіп болған т.б. кішкентай жақсылығың үшін Алланың кешірімін алуға болатынын білеміз.

Мұсылман бауырлар, менің ойым мынадай: әр айда 1000 теңгеден жинап 5 мың адам 5 миллион жинасақ, бір мұқтаж жанға (міскінге) бір үй салып берер ек. Мүмкін қайырымды жандар одан көп болып жатса, екі адамға қол ұшын созармыз. Ол кісілердің қуаныш көз жасын көру қандай бақыт десеңізші. Жақсылық жасап жарыссақ. Сіздер қалай ойлайсыздар?.. Ол кісілерді табуға мешіттер көмектесер. Жер-жерден еріктілер табыла жатар. «Шын жүректен» деген бағдарлама болған, сол секілді жариялап отырармыз.  Жылына 15-20 адамды бақытты қылып жатсақ...» деп жазған. Міне, осы оймен, осы мақсатпен қор құрылды. Халықтың  демеуімен, мұқтаж жандарға, жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі кісілерге, жалғызбасты аналарға т.с.с. жандарға үй немесе жер телімін алып беру, үй салуына көмектесу және осы ісімізді үздіксіз жүргізіп тұру еді.

-Жаңағы мұқтаж адамдарды әлеуметтік желілерден, мешіт қауымының айтуымен тауып жатқандарыңызды айттыңыздар...

-Иә, біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға көмекке мұқтаж жандардан, олардың туыстарнан күн сайын көптеген хаттар келіп түсіп жатыр.

-Сол хаттарды екшеп отыратын тағы өздеріңіз ғой? Жалпы қорда қанша адам жұмыс жасайды?

-Біздің қайырымдылық қорымыздың 6 мүшесі бар. Олар: Алғадай Әбілғазыұлы, Гүлмира Мұқанқызы, Ардақ Бекзатұлы, Азамат Елубайұлы, «Нұр-Мүбәрәк» Ислам университетінің докторанты, қордың кеңесшісі Қуат Қабдолда және мен. Міне, осы комиссия көмекке мұқтаж адамның жағдайымен жіті танысып шыққан соң барып шешім қабылданады. Жалпы көмекке мұөтаж жанның жайы 1 ай көлемінде тексеріледі.«Әр қазақ - менің жалғызым» деп білетін әрі сауаптан үміт еткен әрбір азамат қордың шотына 1000 теңгеден салып отырады.  Қордың құрылтайшылары қатысқан жалпы жиында ақылдасып, кімдерге берілетіні шешіледі. Сатып алынған үй немесе жер телімі әлеуметтік желіде жария түрде көрсетіліп отырады.

-Қаржы халықтан жиналады делік. Жалпы бұл бастамаға Мемлекет тарапынан немесе қалталы азаматтардан, меценаттардан қолдау болып жатқан шығар...

-Құдай қаласа, ондай көмектер болып қалар. Біз тек сол жиналған жылудың ақшасына үй алып беріп жатырмыз. Мемлекеттен тендер алған жоқпыз.

(Аягөздегі анаға баспана сыйлау сәті)

-«Харекет» қорының бірнеше жұмысын естіп-біліп жатырмыз. Күні кеше ғана Аягөзде жесір анаға үй алып беріпсіздер.

-Алланың қалауымен, «Харекет» қайырымдылық қоры және «Өнер Қырандары» бастаған өнер адамдары Аягөзден тағы бір отбасына үй сыйлады. Бұл қызыл су жайылған кезде, сол үйде пәтер жалдап тұрып жатқан Гүлжайна Тұрсынбекқызына берілді. Өзі жетімдер үйінде өскен екен. 3 баласы бар жалғызбасты ана. Кеше сол үйді табыс етуге қордың директоры Алғадай Әбілғазыұлы мен Шәрипа Малғаждарқызы Аягөзге барды.  Үйдің кілтін табыстау рәсіміне Аягөз қаласының әкімі Жұмағали Дүйсенбаев, қала имамы Думан Нәдірұлы, қалалық мәслихат депутаты Еркін Юсупов, Мамырсу ауылындағы мектептің директоры, ақын Ринат Зайтовтың әкесі Рифхат Зайтұлы, «Хабардың»жергілікті тілшісі Болат Көкенайұлы қатысты. Осы аттары аталған азаматтар осы отбасын таңдауға көмектескен еді. Гүлжайна Тұрсынбекқызы мен оның бала-шағасының қуанышында шек жоқ. Үйдің кілтін алып тұрып, Гүлжайна: «Мен анамның мейірімін көрмей өскен ем. Осы мейірімді сіздерден көріп отырмын» деп ағынан жарылды. Бұл біз салып берген 4-үй. Осыған дейін 3 үй табыстаған ек. Барлығы жер үйлер. 4-5 бөлмелі, ауласы бар. Ең бірінші үйді Қарағандыда бердік. Сәтпаев қаласында. Кеше міне, Аягөзде төртінші үйімізді табыстадық.

(Аягөздегі анаға баспана сыйлау сәті)

-Істеген істеріңізге береке берсін! Келешектегі жоспарларыңыз қандай?

- Жалпы біздің қордың мақсаты – осы. Қайырымды жандар аз емес қой. Лайым сондай жандар көп болса... Келешекте осы Алматы облысынан 5 қабатты үй тұрғызсақ деген ойымыз бар. Құдай сол күнге жеткізсін деп тілейік.

(Қайырымдылық қоры сыйлаған 4-ші пәтер)

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

104 пікір