Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жөн-ақ 3989 0 пікір 29 Наурыз, 2018 сағат 10:15

"Жер менікі!" деген ұстанымды санамызға шегелеп алуымыз керек!

Осы бір - бір жағынан қарапайым, екінші жағынан - аса терең мағыналы қазақ сөзін көп қазақ ұмытқалы қаш-ша-ан!

Әрине, тұрмыс тауқыметін тартып жатқан жандарға артар кінә жоқ. Өйткені, із қалдыру үшін де адамда оның руханидан бөлек материалды алғышарттары болуы тиіс. Құр қабілетпен адамның өзін-өзі толық ашуы өте қиын, әркімнің маңдайына жазыла бермейтін тірлік. Иә, адам болып жаратылған соң ізгілікке ұмтылу - табиғи нәрсе. Бірақ қолды жоқшылық байлағанда пайда болатын шарасыздық кез келгеннің аяғын тұсайды...
Сондықтан, осындай жағдайға ұшырамас үшін, қоғам әділеттілікті аңсайды.

Алайда, өмір деген шиыр-шиыр. Әруақытта көптің қалауы бола бермейді. Бірақ бұл жоғарыдағы қазақ даналығының мағынасын өзгерпесе керек еді!

Өкінішке қарай, бүгінде "із қалдырудың" өзі спекулятивті сананың атрибутына айналып бара жатыр. "Із" мағынасына формализм дендеп еніп, ол бұрынғы биік - Отанға, Елге, Халыққа, мәдениетке, тарихқа қызмет ету мазмұнынан алшақтауда. Содан болар, қазір оның сыртқы көрінісі, яғни, қосалқы атрибуттары алға шығуда.

Ол, өз кезегінде, ұлттық құндылықтарға ревизия жасауға, бұрын қанға сіңбеген жағымсыз әрекеттерді "заман талабы" ретінде көрсетуге, даңғазалық пен мақтанды таңдап алды. Енді, тіптен, маңдай термен жасалатын еңбек те аса мәртебелі болмай барады. Сананы жағымпаздық, тамыр-таныстық дейтін сұрқия жолдармен жетуге болатын "табан астындағы атақ", "табан астындағы байлық", "табан астындағы лауазым" жаулауда...

Бұл жағдай ұзақ жылдарға созылғандықтан - қоғамның бойы оған үйрене бастады... Нәтижесінде, қоғамның өзі Жасампаздық қабілетінен ажырап, жетекке жүргіш, әрекетсіздігін тәубемен бүркелегіш болуға үйренуде!

Негізі, адам баласы ізгілікті істі күш-қайратының барында жасап қалуы тиіс. Кешіксе, ізгіліктің "елесі бар, өзі жоқ" болып шықпақ. Міне, осы қауіпті.

Бүгінде көп лауазым иелері "лауазымды болғанын" ғана ізгілік санауды дағдыға айналдырып алды. Барған жерінде өзіне де лауазымға сай құрметті талап етуге дағдыланды. Қоғам да оған жайылып жастық болуға әзір... Еңбек пен Маңдай тер, отаншылдық және өзге асыл қасиеттер туралы сөз көтеру - көргенсіздікке балануда. (Оған көнбегендер іштен ғана тынады).

Бұл қалыпты түбірімен өзгертетін кез келді, не болмаса, жақындап келеді....
Ол үшін бізге аспандағы айды алудың қажеті жоқ. Ол үшін бізге алдымен "Ел менікі!", "Жер менікі!" деген ұстанымды санамызға шегелеп қағып алуымыз керек! Ізгіліктің шынайы атрибуттары осы құнардан өсе бастайды!

Ал бүгінгі осы тақылеттес ұрандар нақты әрекеттермен түйінделмесе - ол жалғандық пен екіжүзділіктің ұраны болып қалмақ. Өйткені, декларативті ұрандар астарында шынайылық пен ниет тазалығы жатқан жоқ, ешқашан болмайды да!

Ақ пен қараны ажырата білейік ағайын!
Ел емеспіз бе!!??..

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір