Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 6022 0 пікір 28 Наурыз, 2018 сағат 09:04

Ақбоз атты ақын

(Баллада)

Ақбоз ат менің тұлпарым

Самғаған көңіл сұңқарым

Сәкен Сейфулиын

1

Елі үшін шейт болған жампоз ақын,

Пейіште жолықтырды ақбоз атын...

Тақымы тисе ыстық сауырына,

Көктегі ақша бұлтқа қол созатын.

 

Тыныстап түннің қоңыр самалымен,

Әнімен жаңғыртатын даланы кең.

Тыңдайтын сұлу ару, нұрландырып

Маңайын айдай аппақ жамалымен.

 

Қонғандай сәулесінен нұр жалына,

Ақбоз ат асығатын сырғалыға.

Жорғалап кейде аяңдап, кейде желіп,

Жүрісін түзеп әннің ырғағына.

 

Әнге еліткен тұяғының дабысына,

Үн қосқан қыздың жүрек қағысы да,

Жүйрік ат, кербез қалқа, ер жігіттің

Болама одан асқан бағы сірә?!

 

Сәнімен аялдатқан пері көшін,

Көркіне сай-саланың берілесің...

Арғымақ ерттеп мініп, қызылға еріп,

Құрмаса сауық-сайран серіге – сын.

 

Осқырып боз тұлпары майда желген,

Аруды алғаш рет сайда көрген.

Арайға тоғытқандай секілденді,

Толған ай көтеріліп айна көлден.

 

Сол еді жүрегінің көксегені,

Жайлаудың құбыладан жетсе лебі,

Көңілін оқығандай тықыршиды,

Ақбоз ат жан серігі – бек сенері.

 

Іңкәрлік ерікті алып, дамылдатбай,

Тізгінін қоя берген бетін қақпай,

Қымтанып шағи көрпе ояу жатты,

Асыққан асылы да сенімді ақтай...

 

Тербеліп ауылының ши, құрағы,

Сәбидей шалықтайды ұйқыдағы.

Тұр әне дөңгеленіп көз ұшында,

Сынаптан құйылғандай үй – тұрағы.

 

...Арудың сұлулығын ай қызғанып,

Жақыннан сұңқылдады байғыз ғарып...

 

Тіршілік тұра бермей солай неге?!

Қар жауды қазан кіріп борай неге?!

 

2

 

Қыртысын қақ айырып жоталардың,

Тірсегін дірілдетіп боталардың,

Үркітіп тіршілікті үрей шықты,

Даусы еді озандаған от арбаның.

 

Қарқылдап қаумалаған қарға ғана,

Қауыпты қанға бөкпей аңғарама?!

Жеті бас айдаһардай жалын бүркіп,

От арба келеді еніп сары далаға...

 

Желкені нарт қызыл ту – қанды жалау,

Дүрлікті бұла тірлік таңғы нарау,

Баласын бір атаның жікке бөліп,

Мұраты жоқты есіркеп, барды талау.

 

Бұлбұлдың ырыздығын тонап қарға,

Қашалды тау мен тасқа орақ, балға.

Топшысын шер-құсадан жартасқа ұрды,

Қырандар тұғыр таппай қонақтарға.

 

Аумайды бұлттар да балқымадан,

Кеңіс жоқ қызыл жалқын шарпымаған,

Сері ақын талықсуда ауа жетпей,

Тер ағып самайынан алты тарам.

 

Ауытқып шындығынан, ғасыр тайып,

Тақтыда қызыл тобыр, басынды, айып.

Қаралап махаббатты, сұлулықты,

Арудың арын таптап, шашын жайып…

 

Мойнында қызыл тұзақ баланың да,

Тұлпарлар ұзай алмас нар адым да,

Ақиқат құлыптанып, десі жүрді

Домалақ арыз, күндес жаланың да.

 

Азаптап сан айыпты тізді күнде,

Ұқсатты ақ құбаша жүзді кімге?!

Түскенбе қызыл сиқыр арбауына,

Өзі отыр от арбаның тізгінінде.

 

Қан қатып ақбоз аттың тобығына,

Артында жете алмай зорығуда...

Қомсынып қызық күнін, тәркі етіп,

Қосылдыма қызылдар жорығына?!

 

Шошынып оянды ақын: түрмеде екен...

Тағдыры неге мұнша күндеді екен?!

Тайпалтып ақбоз атты, ән салушы ед,

Сол кезде нағыз өмір сүрген екен.

 

Елі үшін шейт болған жампоз ақын,

Пейіште жолықтырды ақбоз атын...

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3553