Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Алаш арысы 9553 64 пікір 27 Наурыз, 2018 сағат 07:34

Мұқағали әруағына тас ату басталды ма?

"Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, белгілі ақын Жанарбек Әшімжан "Кезек Мұқағалиға келді ме?" деген шағын ғана пост жариялап, ақиық ақынымыз Мұқағалиға арналған "Мұқағали Мақатаев пен "Жұқағали Бұқатаев" туралы ой толғау" деген белгісіз автордың өлеңінің көшірмесін жариялады, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

"Енді қазақ поэзиясының даңқты тұлғасы Мұқағалидың әруағына тас ату басталды ма? Әй, соры қайнаған... Біткен екенбіз ғой...

Надандық пен пасықтықта, жарыместікте шек болса ше? Мына шатпақты тақпақ еткен қос аяқты кім болса да есінен ауысқан шығар, сірә... Масқара... Абай... Жамбыл... Сәкен... ендігі кезек күллі қазақ жата жастана оқитын Мұқағалиға келіпті... Бұл кімнің шатпағы? Ұлыларымызға тас ату қашан тиылады?" дейді Жанарбек Әшімжан.

Редакциядан. Соңғы кездері Абай, Жамбыл, Сәкен сынды қазақтың біртуар ұлдарын қаралайтын түрлі материалдар жарық көре бастады. Мұның астарында не жатыр? Елдің, ұлттың мақтанышы боларлық тұлға қалдырмау саясаты ма? Алтай мен Атыраудың арасы Мұқағали жырымен тербеліп тұрған кезде ақын әруағына шек келтіру арқылы бұ ақын нені дәлелдемек? Қызғаныш па? Жоқ, әлде бәрі әдейі, қасақана ұйымдастырыла ма? Біреу шатпақтап жыр жазды екен деп, Мұқағалидың абыройы кеміп қалмайтыны анық. Бірақ, осындай үрдістің көбеюінен сақтанатын кез келген сияқты. 

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

64 пікір