Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Бәсе... 10633 23 пікір 26 Наурыз, 2018 сағат 12:10

«Жебеу» бірлестігі мен Қытай елшілігі ШҰАР-да шиеленіскен ахуалдың шешімін іздеп жатыр

 

Қытай Халық Республикасынан Бабақонысына оралған белсенді, оқыған азаматтар «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігін құрып, оралман мәртебесін иеленген бауырларымызға барынша қол ұшын созып, әлеуметтік әм заңдық, құқықтық мәселелер тұрғысынан жәрдем жасап келе жатқаны белгілі. Жуырда аталған бірлестік ҚХР-дың Алматыдағы бас консулына хат жазып, арғы беттегі елдің басындағы ахуалды ақтарып салды. «Арғы бет» деп отырғанымыз – ҚХР-дың Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы Районы (ШҰАР). ШҰАР-да қазір жергілікті қазақтар ғана емес, Қазақстан азаматтығын алған қандастарымыз да барыс-келіс барысында қыспаққа түсіп, саяси үйретулерге жіберіліп жатыр. Осы және өзге де жайттарды тізбелей келіп  «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі былай деді:

Құрметті ҚХР-дың Алматыдағы бас консулы Чжань Вэй мырза!

Әуелі, бірлестігіміз атынан өздеріңіз ұйымдастырғалы отырған  Наурыз мерекесіне арналған сауық кешке шақырғандарыңызға алғыс айтамын! Бұл шараны ұйымдастыру  консулдықтың елімізге, ұлтымыздың дәстүрлі мерекесіне деген үлкен құрмет,  шынайы тілек деп білеміз. Сонымен бірге, оқуда үздік, отбасылық жағдайы төмен студенттерге жәрдемақы тағайындап, оларға жақыннан жәрдемші болғандарыңызға барлық қандастарымыздың атынан рахметімізді айтамыз.

Бірлестігіміз құрылғалы бері, Қазақстан-Қытай ара бұқаралық барыс-келістің нығаюы, мұғажырлар мүддесінің қорғалуы, екіжақты байланыстың нығаюына пайдалы жұмыстар атқарып келді, оны өз кезегінде өздеріңіз де жоғары бағалап, жылы лебіз білдіргенсіздер. Біздің бірлестіктің мақсатының өзі мұғажырларға, өте-мөте қандастарға заңдық кеңес және гуманитарлық көмек беру, жергілікті ортаға үйлесіп кетуіне дәнекер болу болып табылапды.

Бас консулдық оралмандардың қазіргі жағдайларынан біршама хабардар. 2017 жылдың басынан бастап, ШҰАР-дағы әр дәрежелі үкімет немесе салалық мекемелер ҚХР Конституциясы мен қатысты заң ережелеріне қайшы, тіпті, Қытай орталық үкіметінің саясатына кереғар бірқыдыру жергілікті саясат, ережелер шығарып, оралмандардың екі жаққа қалыпты барып-келуі мен көші-қонына орасан қиындықтар тудырды. Әсіресе, олардың Қытайдағы тіркеуін өшіру мәселесінде әдейі кедергі жасап, қасақана қинап, әуре-сарсаңға салды. Қатты айтсақ айып етпеңіз, қазір екі елдің қалыпты бұқаралық барыс-келісі мен сауда-саттығы осы ШҰАР-дың  (Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы Районы. - ред) жергілікті  саясатының кесірінен тоқырауға жақын. Қазақстан халқы осыны түсіне алмай әлек: «Қазақстан мен Қытай басшыларының соншама жылдардан бері ақыл-парасаты мен еңбегінің арқасында қалыптаса бастаған тату көршілік, достық қатынасы мен стратегиялық әріптестігі бір сәтте өзгеріп шыға келді ме? Екі ел байланысы арықарай не болады?», - бұл сұрақ барлық достық ниеттегі саналы адамдарды толғандырып отыр.

Бірлестігіміз екі ел қарым-қатынасын ойдағыдай ескеріп, кезінде консулдықтарығызға, және сіздер арқылы ШҰАР үкіметіне аталған мәселелерге жолыққан кісілердің арыз-шағымдарын нақты дәлелмен жеткізген болатынбыз. Алайда, өткен жылдың соңғы жарымынан бері қарай нақты немесе қанағаттанарлық жауап ала алмай отырмыз. Жасы ұлғайған науқас зейнеткерлердің ШҰАР-да қамқоршысыз қалып қоюы, ата-анасы келе алмаған балалардың Қазақстанда тірі жетімнің күйін кешуі, ол аз десеңіз, Қазақстан азаматтығын алған кісілердің ешқандай себеп-сылтаусыз “саяси үйрену орталықтарына” жіберілуі сияқты адам санасына кірмейтін жәйттер шаш етектен. Биыл жыл басталғалы бұл әңгіме саябырсығанның орнына, өршіп барады. Қыстық каникулға кеткен оқушылар мен студенттердің басым көпшілігі қайтып келе алмағандықтан, оқуларын тастауға мәжбүр болды. Біздің бірлестігіміз Қазақстандағы оралмандардың құқықтық мүддесін қорғауда өзіндік орыны бар, сондай-ақ, сіздермен селбесіп жұмыс істеп келе жатқан үкіметтік емес ұйым. Сондықтан да, оралман қауымы, тіпті, Қазақстан қоғамы бізге үміт артып отыр, сіздер арқылы аталған мәселелерді шешіп береді, немесе сұрақтарымызға толыққанды жауап береді деп күтеді. Шарасыздық бізді ырықсыз жағдайға итермелеп отыр. Өткен айда сіздердің бастамаларыңызға селбесіп, біраз оралман азаматтарды Алматыдағы Қытайдың ескі жаңа жыл кешіне қатысуға ұйыстырған едік. Осыған түсінбеушілік білдіріп жатқандар бар: “Соншама қандастарымыз ШҰАР-да заңсыз қыспаққа түсіп, қиналып жатқанда, сол елдің консулдығы ұйымдастырған мерекелік шараға қатысу ақылға сыймайды, тіпті сатқындық” деп бағалап, Жебеу бірлестігі “консулдық арқылы ештеңені шеше алмаса, не үшін жұмыс істейтін ұйым?” деп сұрақ қоюда. Осылайша біздің бірлестігімізге қатысты қоғамда теріс пікір қалыптасып отыр. Бірлестік жағынан сізге жазған хаттар мен арыздарымызға жауап ала алмай отырмыз. Осыларды ескере отырып, бірлестік мүшелерінің сауықкешке қатыса алмайтындын білдіреміз. Түсіністікпен қарауыңызды сұраймын.

Мерекелік сауықкеш сәтті өтсін!

"Жебеу" Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы               Омарәлі Әділбек

Хаттың ханзу тіліндегі нұсқасы:

Хатта баяндалғандай, наурыз айының басында ҚХР-дың Алматыдағы бас консулдығы тарапынан сауық кешке шақырту алған «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің кеңес мүшелері ақылдаса келе бұл кешке қатысудан бас тартыпты. Сауық кеші   Жамбыл атындағы филармонияда өтетін болып белгіленген екен. Осыдан кейін ҚХР-дың Алсматыдағы консулдық істер бөлімінің  басшысы Ду Чжян ханым бірлестік төрағасы Омарәлі Әділбекке телефон шалып, бас консулдықтың бұл мәселеге айырықша назар аударып отырғанын, бірлестік кеңес мүшелерін 11 наурызда бас консулдыққа келіп емін-еркін пікір алмасуға қайтадан ұсыныс жасайды. Алайда жебеулік жігіттер ақылдаса келе кездесуді «Жебеудің» кеңсесінде өткізуді әрі бас консулдың келіп қатысуын талап еткен.

Наурыздың 11 күні сағат 11:00- де бас консулдың орынбасары Мияо Хоньбо мырза, консулдық істері бөлімінің басшысы Ду Чжян ханым және сол бөлімнің қызметкері Хай Ла ханым «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің кеңесесіне келіп, бірлестіктің кеңес мүшелерімен қалыптасқан мәселелер жөнінде емен-жарқын пікір алмасқан көрінеді. Кездесуді бірлестік төрағасы Омарәлі Әділбек жүргізді. Бұл турасында http://jebeu.kz сайты жазып отыр.

Алдымен сөз алған Омарәлі мырза: «Ұсынысымызды жерге тастамай, демалыс уақыттарыңызды қиып, пікір алмасуға келгендеріңізге көп рақмет!» - деп сөз бастады да, былай деді:

-ШҰАР-да қалыптасқан күрделі ахуал барлық азаматтарды алаңдатып отыр. Біз былтыр жыл басынан бастап сіздерге, Астанадағы елшілікке, Қытайдағы қатысты мекемелерге көптеген хат жаздық. Кей мәселелер шешілді, кей сұрақтарға жауап келді. Бүгін Жебеудің кеңес мүшелері 95% толық жиналып отыр. Енді емін-еркін пікір алмасып, қалыптасқан мәселелердің дұрыс шешілуіне түрткі болсақ деймін. Осыдан кейін сөз алған Мияо Хоньбо мырза: «Хаттарыңызды тапсырып алдық, бас консул бұл іске өте мән беріп отыр. Негізі жиынға өзі келмекші еді, тығыз шаруалары шығып, орына мен келдім. Былтыр жыл басынан бастап Омарәлі, Талғат, Рахым, Құрмет мырзалармен 5,6 рет кездесіп, бірталай мәселелерді талқыладық. Сіздер жіберген хаттарды, арыз шағымдарды тиісті орындарға жібердік. Біз тек ұсыныс бере аламыз, күштік құрлымдар мен атқарушы органның билігіне араласа алмайымз. Ал жауап хаттың кешігуіне келсек, Пекинде екі құрылтай ашылып, үкіметтік құрлымдарда өзгеріс болып жатыр. Конституцияға өзгерістер енгізілді. Ал ШҰАР-дың жағдайын менен жақсы білесіздер, мемлекеттік құрлымдағы кадрлердің 1/3-і төменге түсіп кеткен. Осыдан көптеген жұмыстар ақсап жатыр. Сіздер қоғамдық ұйым ретінде қандастарыңыздың заңды құқын қорғау жолында міндеттеріңізді дұрыс атқардыңыздар. Біз де дипломатиялық жұмысымызды тиісінше атқарып жатырмыз. Енді сабыр керек, әр істің шешімі болады деп үміттенеміз. ҚР азаматтарының Қытайға барып ұсталып қалуы о ладам ҚР азаматтығын алудан бұрын ҚХР азаматтығынан шықапағандықтан тиісті ережелерді бұзуы мүмкін, сондықтан осы жайттерді анықтау үшін уақытша қалдырылып отырған болуы керек деп ойлаймын. ҚХР-дың азаматтығы туралы заңының 3 бап 9 тармағында шетел азаматтығын қабылдаған кісілердің ҚХР азаматтығы сол сәттен бастап автоматты түрде жойылады дегенмен, осы заңның 12 бабында  әскери адамдар мен мемлекеттік қызметкерлер үкіметтің рұқсатынсыз шетелдің азаматтығын алуға болмайды делінген. Ол азаматтар осы талапты орындамаған болса керек. ҚР ықтиярхатының алынуын заңсыздық әрі жергілікті атқарушы органдардың асыра сілтеуі деп білем». Осы жерде Рахым Айыпұлы: «Зейнетке шыққан адамдар осы санатқа кіреді ме?»,- деп сұрады. Мияо Хоньбо: «Бұл жөнінде талас бар. Біреулер кіреді дейді, біреулер кірмейді дейді».

Рақым Айыпұлы: Мен үш нәрсені атап өтейін: бірінші, Қазақстан паспортын алған азамат Қытай елшілігінің рұқсатымен виза алып, сол елге барады. Халықаралық заң бойынша оларды 4 сағаттан артық ұстауға болмайды. Ал олар не үшін саяси үйренуге жіберіледі? Қылмысы болса дәлелдеп  қытай заңымен соттасын, саяси үйренуге кіргізудің ешқандай негізі жоқ деп білемін. Екінші, тіркеуден шығу туралы айтайын, менің шешем 85 жаста, ол қайтіп барып тіркеуін өшіреді? Ал біздің мына кеңес мүшелері Сабыржан Мұхаметхан, Жеңіс Әмірбектер кезінде жатақханаға тіркелген. Ал бүгін ол жатақханалар жоқ. Олар тіркеуден қайтіп шығады? Ықтиярхат жөніндегі пікіріңізге риза болдым. Жалпы ШҰАР-да көші-қон заңы толық кемелденбеген. Осыны бір жүйеге түсіріп, халықты қиындықтан құтқаруларыңызды үміт етемін.

Мияо Хоньбо: Қытай қос азаматтықты қолдамайды. Әрине, құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің өз белгілемелері мен батуәлары болуы керек. Сіздер осы іске ұшыраған  тұлғалардың жеке пікірін қайталап отырсыздар. Бұл істі жан-жақты зерттеу керек. Тіркеуден шығуды Қытай үкіметі бұрын қузамаса, қазір қузап жатыр. Байқаған шығарсыздар, ҚХР-да қазір көптеген өзгеріс болып жатыр. Кешегі өлшемдер бүгінге жарамайды. Бұрын мемлекеттік қонақасыларда арақ астатөк құйылатын, Корупцияға қарсы күрес басталғаннан кейін мүлде құйылмайтын болды. Осыған әу баста адамдар сенбеген. Қазір бәрі үйреніп кетті. Партиялық тәртіп те күшейді.

Омарәлі Әділбекұлы: Былтыр жазда «Саяси үйрену деген не?» деп өзіңізден сұрағанмын, кейін Пекинге жинға барғанда ҚХР Мұхажырлар министрлігінің департамент бастығы Шын мырзаға осы сұрақты қойдым. Әрине, сіздер атқарушы орган не құқық қорғау органдары емессіздер. Бірақ, қалыптасқан жағдайға байланысты халықтың арыз арманын жеткізеді деп ойлаймын. Қос азаматтық мәселесіне келсек, Қазақстан да социaлистік лагерден шыққандықтан тіркеуге қатты мән береді. Жеке тұлға азаматтық алғанда бұрынғы елдің паспорты мен жеке куәлігін тапсырмай жаңа құжат ала-алмайды. Европа, Канада, Сингапур, Австралия азаматтығын алған қытай азаматтары екі паспортты қатар қолданатын жағдай ішкі өлкеде көптен кездеседі. Біздің қандастарымызды толғандыратын жайт –  тек тіркеуден шығу мәселесі. Олардың жағдайын қос азаматтық деп тануға келмейді. Қатысты орындармен пікір алмасып, осы мәселелердің жеңіл жолын қарастырсаңыздар деп өтінемін. ШҰАР-дағы жергілікті кадрлардың заң жөнінде танымы, саяси мәдениет өресі, төмен болғандықтан көптеген келеңсіздіктерге жол беріп отыр.

Осы пікір алмасулардан кейін Талғат Мамырұлы оралман студенттер мен оқушылардың қыстық каникулға барып, қайта алмай отырғанын қытайға барып, қайтып келе алмай оқуынан қалған үш студенттің басындағы ахуалды мысалға ала отырып жеткізді. Құрмет Қабылғазыұлы тіркеуден шығу мен зейнеткер мәселесінде кереғарлықтың болғанын, зейнеткерлерге не тіркеуден шығып зейнетақыңды алмайсың, не зейнетақыңды алсаң тіркеуден шықпайсың деп жергілікті билік тарапынан заңсыз талап қойлып жатқанын айтты. Серік Сәдуақас 2017 жылдан бастап екі елдің арасындағы барыс-келістің тоқырауға ұшырағанын, қандастарымыздың құжаттарын жинап алғаннан кейін елге келу мәселесі қиындаса, мұндағы қазақтардың қытайға баруға, виза алуға кедергіге ұшырағанын, визасы болғанымен онда баруға ҚР азаматтарының өзін саяси үйренуге әкету істері болғандықтан баруға жүрекісінетіндігін, осының салдарынан екі ел арасындағы сауда-саттық, туризм жақтарының да тоқырауға ұшырап келе жатқанын айтып өтті. Әділ осындағы қандастарымызды шақыру үшін ол жақтағы бауыр туыстарына түрлі қысымдар жасалып жатқанын нақты фактілермен тілге тиек етті.

Жиын барысында кезекті рет сөз алған Мияо Хоньбо мырза бұл кездесудің өте мағыналы болғандығын, осындағы барлық пікірлерді ескеріп тиісті жерлерге жеткізетінін, бұдан кейін де жиі кездесіп, пікір алмасу керектігін атап өтті. Әрі екі ел қарым-қатынасының жоғары деңгейде дамып келе жатқанын, үлкен бағыттың дұрыс екенін, барлық оралмандар арыз арманы, қиыншылығы болса, Алматыдағы консулық пен Астанадағы елшілікке келуін, оларға есік ашық екенін айтты. Бөгде күштердің араласуы, екі елге де тиімсіз, бәрін заңмен, ақылмен шешейік деп қортындылады. Соңында Ду Зжян ханым Қазақстандағы кәсіпкерлерге Қытайдағы әріптестері арнаулы шақыру жіберсе, бір жылға көп мәрте виза алуға болатындығын ескертті.

Кездесу екі сағатқа созылған.

 Тақырыпқа орай:

«Жебеу» бірлестігі ҚХР-дың елшісімен кездесті

2018 жылы 20 наурыз күні  «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас хатшысы, «Жебеудің» кеңес мүшесі Рахым Aйыпұлы, кеңес мүшелері Жеңіс Әмірбекұлы, Сәулен Тоққазыұлы Астана қаласында ҚХР-дың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжаң Ханьхуэй мырзаның  қабылдауында болды. Кездесуге елшілік консулдық басқармасының бастығы Gu Ming мырза, елшілік қызметкерлері Liu Jiangping ханым мен Zhou Jianjun мырза қатысты. Елші мырза жинға қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтай келе, екі ел арасындағы экономикалық-мәдени қарым-қатынастардың маңызы мен дамуына тоқталып өтті. Сонымен бірге, ШҰАР-да қалыптасқан жағдай жөнінде ашық-жарқын бүкпесіз пікір алмасу болды. Бас елші алда, сәуір айында, ШҰАР-ға елшіліктің қызмет тобы баратындығын айтты. ШҰАР-дағы қалыптасқан жағдай бойынша бөлініп-жарылған отбасылардың арыз-арман, мүң-зары болса, Астанадағы елшілік пен Алматыдағы бас консулдыққа жолдауын ескертті.

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1561
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2251
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3504