Жұма, 19 Сәуір 2024
Ұят-ай! 6373 10 пікір 26 Наурыз, 2018 сағат 11:56

Әлемжелідегі әккі алаяқтың акциясы һәм көк шар дауы

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» деген бар еді, енді оны «Әбіләзовтің көк шары» десіп жүр жұрт. «Көк шар» жайлы, дәлірек айтсақ, «көк шар ұстаған» көп жұртты дедектеп  жүріп көк жолақты көлікке тоғытқан полицейлер жайлы, бұйрықты бұлжытпай орындауға әбден бейімделген олардың басшылары жайлы жазбасқа болмады.

Өткенде Мұхтар Әбіләзов деген экс-банкир «You Tube» желісінде бейне жазба жазып, өз жақтастарына жолдау жолдапты. Сөйтіп, «Қазақстанның кешегі әм қазіргі билігіне наразылық ретінде – "Наурызда алаңға көк шар ұстап шығыңдар" деп бұйрық беріпті ол.  Ол бұйрықты Әбіләзовтің әләулайымынсыз бойына  ас батпайтын адал жақтастарының бірлі-жарымы ғана естіп көрмесе, былайғы жұрт білмеген де, естімеген де еді. Расында солай болды. Әбіләзовтің әлгі акциясына тегін жарнама жасап, қоламтасын қоздырып берген басқа-басқа емес – Астанадағы шолақбелсенділердің нақ өзі болды.

Қалай дейсіз ғой... Әбіләзов әлеуметтік желінің ар жағында отырып әлгіндей ұсыныс айтты. Иә, ашық үгіт жасады. Мұхтар Әбіләзовтің «You Tube» желісіндегі парақшасында бұл бейне жазба 20 наурыз күні жария болыпты. Күні бүгінге дейін ол үндеуін 143 230 адам көріпті. Тіпті сенсеңіз, осыдан бес күн бұрын бұл бейне жазбаны 488 адам ғана көрген екен.

Әлеуметтік желіде жұртқа үндеу жолдап, ақылы ағып отыратын әккі қудың әлгі айтқанын әуелде 500 адам ғана көрген дегенге сенуге әбден болады. Себебі қазақтілді аудиторияның басым бөлігі Әбіләзовті пір тұтпайды. Ол – қазақ тілді орта үшін билікке шын оппонент болатын адам емес. Ал қазір қоғам қазақыланғанын ескерсек, келісмек тілде кемеңгерсіп отыратын, қазақ тілін білмейтін, білсе де сөйлемейтін Әбіләзов – ешкім емес еді.

Міне, сол «ешкімнің» ешкім білмейтін, бықсып жатқан акциясының түтінін үрлеп, қоламтасын қоздырған Қалмұхамбет Қасымовтың қызметкерлері болды. Қазақстанның Ішкі істер қызметкерлері алаңға алаңсыз шыққан елдің қолынан көк шар көрсе болды көлікке сүйреп, беталды тергеп-тексеріп, ит әуіреге салды. Бала-шағаның қолындағы көк шарға бола екінің-бірін ретті-ретсіз тізімге алып, алаңдағы ағайынды әбігерге етті. Тіпті, көк шары барларды шетінен ұстаймын деп ақ-тер көк тер болғандардың өздері бұл әрекеттерін түсіндіре алмай жатты.

Содан кейін-ақ, Әбіләзовтің әлгі үндеуі әлемжелінің басты трендіне айналып шыға келді. Рас, әуел баста «әбіләзовшыл» бірлі-жарым адам базарларда көк шар сатып, таратқаны рас. Бірақ, қарапайым жұрт байрақ түстес көк шарды Әбіләзовті қолдағаннан емес, Наурыздың сәні ретінде, Мемлекеттік ту түстес болғандықтан ұстап жүргені анық емес пе?

Бас ал десе шаш алатын шолақбелсенділер сонша неден шошынды? Әбіләзов шынымен билік үшін қауіпті адам ба? Әй, қайдам... Тек, оның биылғы Наурызды саясиландырып жібергені өкінішті. Әбіләзов дейтін әңгүдік сол жолы «22-наурызда мыңдаған жақтасым көшеге шығады» деді. Қанша адам алаңғы шықты? Қанша адам Әбіләзовті қолдады?

Қазақ қоғамы саяси сауатты. Әрненің шегін біледі. Кімнің-кім екенін де екшелеп отыр. Өкініштісі: билік мұны білмейді. Білгісі де келмейді. Білсе өстір ме еді?.. Мемлекет үшін басты қауіп – шар ұстаған баладан емес, қару асынып қақпа алдында тұрған террористен, балақсыз вахабистен, сақалды сәләптан, жат тілде сөйлейтін жамаубет жансыздан, тілінен безген тілсізден, тегінен жеріген тексізден.

Көк шар. «Көк түсті шардан ресми органның үркуі ақымақтық қана емес, шарасыздықтың көрінісі. Сондай-ақ, бұл елді тыңдау, онымен санасудың орнына жаппай тыйым салу мен қаралау саясатының шегіне жеткені», - депті саясаттанушы Расул Жұмалы. Алып-қосарымыз жоқ. Бұл – абсурд.

Мендегі жалқы сұрақ мынау – кешегі КСРО-ның саңғырығы қызылкөз коммунистер мен «путиншіл», ресейшілдер КСРО-ның қызыл жалауын, бүгінгі Ресейдің қызыл-ала жалауын желбіретіп, георгий лентасын тағып шықса, «қой» дейтін қазақ билігі табыла ма?

Көк шар акциясынан кейін дәндеп қалған Әбіләзов енді 9 мамырға қарай: «Менің мыңдаған жақтасым алаңға георгий лентасын тағып шығады» деп ақпар таратар, бәлкім... Қысқасы баланың қолындағы шармен алысқан биліктегі шолақбелсендінің бұл әрекеті барып тұрған бейшаралық болып шықты.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

10 пікір