Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Алашорда 8180 118 пікір 19 Наурыз, 2018 сағат 10:57

Шыңғыс қаған туралы батырлық жыр

ХIII ғасырдағы Шыңғыс хан заманынан бері Шыңғыс ханның өзі және ол құрған қағанат жайлы алыс-жақын шетелдерден әртүрлі жағдайлармен келген әр ұлттың өкілдері көптеген тарихи жазбалар қалдырған. Олар: Мен Да Бей Лу 1221 жыл, Ибн Аль-Асир 1230 ж., Хей Да Ши Люэ 1237 ж., Плано Карпини 1246-1247 жж., Джувейни (1252-1253 жж),  Рубрук 1253 ж., Марко Поло 1287 ж., Рашид-ад-Дин Хамадани 1300-1311 жж., Ибн Рузбихан 1509 ж. т.т. Алайда олардың қалдырған еңбектері Шыңғыс хан жайлы шынайы ақиқатты ешқашан аша алмайды. Себебі, жеке адамның да, елдің де шынайы өмірбаяны мен тарихын өздерінен артық ешкім жаза алмайды.

Тарих әлемінде олардан да басқа айрықша аталып өтілуге тиіс мынадай еңбек бар: Олар сол кезеңде  Мұңалдардың өз қолымен жазылған «Мұңалдың (Моңғолдың) құпия шежіресі» және кейінірек жазылған Өтеміс қажының «Шыңғыснамасы».

Көптеген зерттеушілер «Моңғолдың Құпия шежіресін» әдейі қасақана бұрмаланып аударылғанын алға тартады. Олардың бұл тұжырымдары негізсіз де емес.

«Мұңалдың құпия шежіресі» бізге аударма арқылы жетсе де бұл еңбектің жазылу стилі (шығарма тек қана қара сөзбен емес, Қазақтың эпостық жырлары сияқты өлең жолдары аралас жазылған), оқиғаларды баяндауда қолданылған жер-су, тау, рулар мен тайпалар, елдер мен елді мекен атаулары, олардың салт-дәстүрлері, ділі мен діні және қолданылған сөздердің (мақал-мәтелдер мен  өсиет сөздердің) мәтіні бізге етене таныс. Бұл еңбекті жазған адамдар оқиғаларды ішінде жүріп,  өз көздерімен көріп, ұлттық идеология тұрғысынан саралап  барып жазып қалдырғаны айқын байқалады. Демек, бұл шығарма бізге бір емес, он аударылып жетсе де ақиқатын ажыратып алуға әбден болады. Себебі, жыр жолдарына «өгей сөздер» қосылса, оны кез келген қазақ баласы айқын ажырата алар еді.

«Мұңалдың құпия шежіресін» Қазақтың Ана тілінде жырланған «Батырлар жырының» жалғасы деуге толықтай негізіміз бар. Дәлел ме? Тыңдап көріңіздер:

«Құпия шежіре», бір қарағанда Шыңғыс хан дәуірінің тарихы тәріздес болғанымен, шынында олай емес, бұл қазақ халқының ежелгі шежіре-дастандарына негізделіп жазылған және сол кездегі қазақтың ән-жыры, шешендік сөздері, термелері, мақал-мәтелдері кеңінен қолданылған бірегей шығарма. 12 бөлімнен тұратын осы шежіренің әр бөлімі сайын кемінде 20-30 өлең қамтылған. Сұхбаттар мен төл сөздер көбінесе өлеңмен жазылған. Сонымен қатар, бұл шығармада қазақ тілінің әуені, жыр ұйқасы (поэзия) және қара сөздік шығарма (проза) үлгісі кең қолданылған. Шығарманың бәрімізге бала кезімізден жақсы таныс «Батырлар жырынан» ешқандай өзгешелігі жоқ. Мысалы, күні бүгінде де ауыздан түспей келе жатқан «Ағасыз ел болмайды, жағасыз тон болмайды» деген қазақ мақалы Боданшардың аузымен «Ағай-ау, ағай! Адамның ағасы, тонның жағасы бары жақсы ғой!» - деп беріледі (30 бет). «Көлеңкеден басқа дос жоқ, Құйрықтан басқа күш жоқ» (41 бет). «Суда белгі, аспанда із жоқ» (44 бет), «Қаршығадан қашқан торғай да бұтаның түбін паналайды, ал бізге адам паналауға келгенде, біз сол құрлы жоқпыз ба» (45 бет),  «Шын дос жол орта да қалмас болар», «Ердің басына түскен іс ортақ» (46 бет) «Досқа күлкі, дұшпанға таба болмай ынтымақтасып жүріңдер» (181 бет) т.т. болып кете береді.

«Әкем марқұм ежелгі досы сізді өз әкемдей көріп, өзім үйленгенде енеміз китке берген қара мақпал ішікті сізге әкеліп отырмын»,-деп ішігін ұсынады. Бұған дән риза болған Уаң хан былай дейді:

Қара бұлғын ішігің

Қар болып текке кетпесін.

Тозғындаған еліңді

Топтастырып берейін.

Әй дейтін болсын ажасы,

Қой дейтін болсын қожасы» (48 бет). Құдалық та кит беру дәстүрі қазірде қолданысымызда бар емес пе?

Жыр шумақтары Шыңғыс ханның тура қазақтар сияқты Тәңірге сыйынғанын былайша береді:

«Пысықтықпен осы мен,

Патша ағзам болғам жоқ.

Жаратқан ТӘҢІР жебеумен,

Жұрт иесі болдым мен.

Жасаған ием демеумен,

Жойдым бөгде жауды мен.

Алғырлықпен, сірә, мен

Абзал қаған болғам жоқ.

Аруақ-бабам қолдаумен,

Халық иесі болдым мен.

Қасиетті ТӘҢІР қорғаумен,

Қатал жауды жойдым мен», - деп сыйынады. (87 бет). Өздеріңіз көріп отырғандай, Шыңғыс

хан жырда Тәңірге сыйынады, Ата-баба аруағының қолдауына және Тәңірдің қорғауына сенеді.

Осы еңбектің 91-ші бетінде Бөрші Шыңғыс қағанды мақтап былайша өлдеңдетеді:

«Жабал – түгел бірігіп,

Жекжат туыс болысып,

Жат жауларды жояйық.

...Өсекшінің сөзіне

Өңмен қағып ермейік.

...Бас кесісер дұшпанға,

Батыл қайрат қылайық.

Бал жаласқан достықтың

Бабын бұзбай жүрейік.

Басқын жаумен айқаста,

Бас сауғалап жүрмейік!»

 

Сондай-ақ Шыңғыс қаған мен Уаң хан екеуі:

«Оқ жыланның тілдері

Ортамызға от болып,

Ойрандаса біздерді

Одыраңдамай жек көріп

Осылайша кеңесіп

Орынды іс етейік.

 

Әбжыланның тістері

Арамызға дерт болып,

Арандатса біздерді

Ата жаудай сескеніп,

Адыраңдамай сөйлесіп,

Ақылды іс етелік», - деген сөздермен айтысып, сенімді дос болысады (100 бет).

Олардың өмірінде алтын, күміс, жез, болат, темір дегендердің өте үйреншікті жағдай екендігін осы шежіре-жырдан айқын көреміз: «Бұл соғыста жүз ат, елу сауыт олжаланады» (87 бет).  «236. Сүбедей батыр темір арбалы әскерін алып жүріп, Тоқтаның Құду мен Шұлуын сынды ұлдарын қуа соғып, Шу өзенінің маңында құртып келеді» (164 бет).

«Темір-болат – дәл маңдай,

Тілі өткір – жез таңдай,

Жүрегі алмас жаралған

Жанары сұмдық қадалған.

Құтырынған төрт арлан

Қыруға дүйім пендені

Шыққандай темір құрсаудан.

Аузының суы шұбырып,

Апшыны келед қуырып» (126 бет).

 

...Өгедейдің жұрағаты «Шөпке ораса

Сиыр жемес...

Майға ораса

Ит жемес

Болып туса, менің ұрық-жұрағатымнан бір өжет ұл туар», - деп болжам етеді (182 бет).

 

Шыңғыс ханның қайын атасы Дай-шешеннің Есекей құдасына айтқан сөзі былайша беріледі:

«Біздің Қоңырат ежелден

Жиені сұлу, Қызы өңді ел.

Басқаның жерін жауламай,

Болдырмай, сірә, дау-дамай,

Бидай өңді қыздарды,

ҚАЗАҚ күйме мінгізіп,

Жетелетіп біз нарды

Желдірте кеп жүргізіп,

Желегін бүркей тұрғызып,

Құтты қосақ еткенбіз! – дейді (36 бет).

 

Осы шежірені Моңғол тілінен қазақ тіліне аударған Мағауия Сұлтанияұлы нұсқасында: «Иесінің (Шыңғысхан) алтын табытын қазақ арбаға тиеп...», «Көрме дөңгелекті қазақ арба оқпанына дейін батып, бес көлікпен тартса да шықпай, дүйім ел қиналғанда, Сөнідтің Гилігетей батыры былайша жоқтау айтады:

«Айналайын хан ием,

Асыл туған жан ием!

Шырқап салған тұйғындай

Ғайып болып жөнелдің.

Шықырлаған арбаға

Тоғанақ болып тиелдің,

Көкке өрлеген құйындай,

Ғайып болып жөнелдің.

Кілкі бірдей арбаға

Жүгі болып тиелдің»

Қазақ арба оқпанына дейін батып, бес көлікпен тартса да шықпай, дүйім ел қиналғанда, Сөнідтің Гилігетей батыры тағы жоқтау айтады:

«Еркін көктен мұратты

Есіл боғда – хан ием!

Ендей жатқан жырақты,

Еліңді тастап кеттің бе?

Тыным тапқан еліңді,

Туып өскен жеріңді,

Тума балаң, жарыңды,

Темужін зар еттің бе?

...Ақтық демі бітсе де

Асыл туған ақ дене

Алып, қорғап барайын,

Бүртгілжіндей ханымға

Бүкіл дүйім халқыңа,

Бақыл етіп берейін», -

Деп еңірей өтінгенде:

Боғда иесі қош көрді,

Батқан арба қозғалды,

Бүкіл жұртқа дес берді,

Бейіш бақша құп алды.

Аруағың мәңгілік,

Хан-жайсаңды қолдасын.

Алып елің табынып,

Ақтық тағзым жолдасын.

Қалың елге жар салып,

Киген киім, ордасын

ТӘҢІРІМ өзі оңдасын» (188-189 беттер).

Түсініктеме: Жоқтау (өлең, жыр) – қазақ халқында өлген адамның артынан айтылатын өте ертеден келе жатқан Ата салты. Жоқтаудың көне нұсқаларының бірі ХІ ғасырда Махмұт Қашқари жазған «Түркі сөздерінің жинағы» деп аталатын кітапқа енген. Онда елдің сүйікті көсемі Алып Ер Тоңға батыр қайтыс болғанда былайша жоқтау айтылған:

«Алып Ер тоңа өлді ме?

Жаман дүние қалды ма?

Заман өшін алды ма?

Енді жүрек жыртылар!

Ер еді асын татырған,

Зұлым жауды қашырған.

Мойнын тұтып қайырған

Өлім басты аударып.

...Заман өтер, кісі тоймас,

Адам ұлы мәңгі қалмас

Заман әбден тозды,

Осал жауыз қозғалды

Өнер біткен сиреді,

Дүние бегі Афрасиаб жоғалып» делінеді. Сол жоқтау күні бүгінде де айтылып келеді емес пе?

«Тірлік бізге не керек,
Тәуекелден айнысақ?
Тірі жүріп не керек,
Туған жерден айрылсақ?
Қорамсақты жастанып,
Қан ғып ұстап садақты,
Қу толағай бастанып,
Құмға батсақ – сол жақсы, деп  жыр жолдары үзеңгілес серіктестерін Атамекен туған жерден айрылғаннан гөрі, өлгеніміз жақсы деп, қайрайды (121 бет).

Немесе, «Ашуы әбден кернесе,
Ажал оғын алады,
Толғай тартса жебені
Талай жерге барады.
Таудың арғы бетінде,
Тажал оғы өтінде,
Жүргендер де домалап,
Жермен-жексен болады.
Соза керіп атқанда,
Сегіз жүз құлаш кетеді,
Солғын керіп тартқанда
Сонау жерге жетеді.
Адам пішінді жалмауыз,
Адам жұтар қанды ауыз,
Дәу Қасар, әне, ұмтылды,
Дәл кәзір жетіп келеді», - делінеді (129 бет). Осы жолдардың «Қобыланды батыр» жырынан не айырмасы бар?

«Кәміл пірлер, жар болмай

Салғаның ба уайым?

Бір өзіңе сиындым,

Жарықаушы Құдайым,

Бұл сөзді айтып Қобланды

Қорамсаққа қол салды, (Жебе салатын қорапқа).

Бір салғанда мол салды,

Көп оғына жол салды,

Әр оғының басында

Жолым үйдей шоқ қалды. (Жолым үй –кішкене қос сияқты керегесіз тіккен киіз үй).

Қалмақты ердің қасы деп,

Нақ кіндіктің басы деп,

Қыз айтқан жердің тұсы деп,

Өлер жерің осы деп,

Салдыр-гүлдір еткізіп,

Оқ масаққа жеткізіп

Қобланды тартты бір оқты,

Бірде болса ірі оқты,

Жанына азап берілді,

Азап емей немене?

Көбіктінің бөксесі

Кеудесінен бөлінді». Өздеріңіз көріп отырғандай, Қобыланды батырда тура Шыңғыс хан сияқты Тәңір Құдайға сыйынады, кәміл пірлері  Ата-баба аруағының қолдауына және Тәңірдің қорғауына сенеді.

«Құпия шежіренің»  275-276 бөлімдерінде Бату хан «Орыс елін иемденіп, жан-жақтағы он бір елді бодан етіп», қоштасар сәтте той жасап, сол тойда хан ұлдарының ең жасы үлкені болғандықтан Батудың ең алдымен дәм татқаны үшін Бөрі мен Күйік, Арғысын үшеуі оның атына қатты, зәбірлеу сөз айтады. Бату осы жағдайды айтып, Үгедейге хат жолдайды. Үгедей қатты ренжіп, Күйіктің сәлемін алмай: «Бұл сотқар сүмелек кімнің тіліне еріп, өзінен үлкен адамды батылы барып келемеждейтін болды екен? Тегі, бұ жаман жұмыртқа шіріген ғой? Аға адамның бетінен алуын қарай гөр!

Он саусағының көбесі

Опырылғанша,

Қалаларда хайуандай

Қақтығысқанша,

Жеменейге қойғызып,

            Мөр – таңбашы болғызып,

Бегдеп берген шаһарға

Бекем етіп қояйын.

Бес саусағының тұяғын

Тоздырып бір жояйын.

Сілімтір Арғысұн кімге еліктеп, біздің туысымызға қайтіп батылы барып, мазақтап жүр? Күйік пен Арғысұнды бірге жіберейін. Әлбетте, Арғысұнды құрту керек еді. Мүмкін, сендер алаладың дер. Бүри туралы Батыға айтыңдар! Шағадай ағайға айтсын! Шағадай ағай білсін!», дейді. Бұл сөздің мағынасы Арғысұнды Жеменейдің қолына беріп, бір қалаға мөр-таңбашы етіп, бес саусағының тырнағы тозғанша қағаз жазғызып қояйық» - деп, олардың да тура қазақтар сияқты жасы үлкенді силайтыны және әділдіктің сақталуы үшін ешкімді алалауға болмайтыны айтылады.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге әбден болады.

Осы жыр шумақтарының «Қырымның қырық батыры», Ер Қосай, Ер Көкше, Ер Тарғын, Алпамыс, Қамбар, Қобланды т.б. батырлар сияқты Қазақтың эпостық батырлар жырларынан не өзгешелігі бар. Бүкіл әлем тарихшылары, оның ішінде қазіргі моңғолдар да (Моңғолия) бұл шығарманың тілі «көне моңғол тілі» деп жазып жүр. Түп-тамырымен қате тұжырым, шығарма тілі жер бетінен жойылып кеткен тіл емес, қазақтың Ана тілінде жазылған.

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы

Abai.kz

118 пікір