Жұма, 26 Сәуір 2024
Асқанға - тосқан 8549 37 пікір 16 Наурыз, 2018 сағат 18:19

СІМ Лавровтың бетін қайтарды

Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров күні кеше ғана мәлімдеме жасап, Қазақстанның ішкі шаруасына араласқан еді. Бұған қатысты "Сыртқы саясаттағы әр қадамымыз үшін Лавровтан рұқсат аламыз ба?"  деген мақала жазған едік.

"Қазақстан АҚШ-пен визасыз режим орнатуы үшін бізбен ақылдасуы керек еді. Мұндай мәселе міндетті түрде келісім жасауды талап етеді. Себебі, Еуразиялық одақ аясында да визасыз режим орнаған. Адамдар емін-еркін келіп-кетіп жүр", - деп шала бүлінген. Оған қоса, бұл жөнінде мәселе Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен сөйлесетінін айтқан.

Басқа мемлекеттің ішкі шаруасына араласпаса басы ауырып, балтыры сыздайтын Кремль саясаткері, саясаткері дегенді тырнақшаға алып, даукесі деуге болатын (Дипломат әлем елдерімен диалог құруды басты мақсат етуі керек. Әйткенмен, Лавровтың бітімге келуінен, кертартпалығы басым) Сергей Лавровтың әдеткі тірлігі ғой бұл. Қазақстан  Ресейден басқа елдермен диалог жасай қалса, осылай күңкілдеп отырады.

Өктем сөйлеп үйреніп қалған Ресей саясаткерлері немесе солардың сойылын соғатындар сойқанды әрекетке барған сайын біздің биліктің де иіні түсіп, иі кетіп қайткенде орыстың қыбын тауып, ығына жығылуға бейім тұратын әдеті бар еді. Сол жаман әдеттен бірте-бірте арылып келе жатқандаймыз.

Кешегі Лавровтың лепіріп сөйлегеніне бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жауап беріпті. Әлгі Қазақстан мен АҚШ арасындағы визасыз режим жайлы айтқан.

"Қандай да бір мемлекеттің адамдарына визалық режимды алып тастау немесе орнату ол - кез келген Тәуелсіз мемлекеттің ішкі шаруасы. Кез-келген Тәуелсіз мемлекеттің құқысы бар. Еуразиялық одақ - саяси бірлестік емес. ЕАЭО-ны құратын кезде саналы түрде бұл ұйымды саясиландырудан бас тартқанбыз. Оның ішінде ұлттық, мемлекеттік суверенитет мәселесі де кіреді".  

Бұл сөзді ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов айтқан.

"Еуразиялық экономикалық одақ саяси мәселелерді шешумен емес, экономикалық мәселелерді шешумен айналысуы керек", - депті Әнуар Жайнақов.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

37 пікір