Жұма, 29 Наурыз 2024
Деп жатыр 4814 1 пікір 6 Наурыз, 2018 сағат 12:24

Қостанайда маман тапшы

Елімізде маман кадрлардың жетіспейтіндігі хақында айтыла да жазыла әбден жауыр болды. Бұл проблема біздің Қостанай облысында да өте-мөте айқын сезіледі. Ол еш уақытта күн тәртібінен түскен де емес. Жергілікті билік мұны оңай да оңтайлы шешу үшін едәуір істер тындырып жүргендігін айтпасақ, әділдікке жатпас. Мәселен, былтырғы жылы әртүрлі бағыттағы мамандарды әзірлеу мақсатымен Қостанайдағы төрт бірдей жоғары оқу орындарына жергілікті бюджеттен не бәрі 41 грант қана бөлінді. Мұның тым аз екендігін айтып жатудың өзі артық секілді. Облыстық билік биыл бұл қателігін түсінген сыңайлы. Сондықтан да болар жастар ісі жөніндегі арнайы кеңесте облыс әкімі Архимед Мұқанбетов осынау өрескел олқылықты мойындауға мәжбүр болды. Енді 2018-2019 жылдардағы оқу жылына барлығы 200 грант бөлінетін болып шешілді.

200 гранттың тең жартысы яғни 100 грантты денсаулық сақтау саласына мамандар дайындауға бөлуге ұйғарылды. Мұның да реті бар. Өйткені бұл саладағы мамандардың тапшылығы барлық жерде де айқын білініп тұр..Қалғандары түп-түгел технологиялық және техникалық мамандардың үлесіне тиеді. Оның өзіндік себептері жеткілікті. Біздің облыста автомобиль жасау өнеркәсібі жылдам дамып келеді. Бұл саланың өзіне Қытай инвесторлары аса қомақты сома - 1,2 миллиард доллар бөлгендігін өткен бір мақаламызда жазғанбыз. Демек, бұл салаға білікті де білімді мамандардың көптеп қажет болатындығы айдан анық. Оның үстіне бізде арнайы индустриялық аймақ ашылып отыр. Бұл жерде бірнеше зауыт бой көтермек. Демек өнеркәсіптің әртүрлі саласы қарқынды дамиды деген сөз. Оған да инженерлер, конструкторлар мен жобалаушылар керек болатындығы белгілі. Мұндайда ертерек дайындалғанның ұпайы түгел болмақ.

Әкім сондай-ақ оқу орындары мен білім беру басқармасына жастарды жергілікті оқу орындарына көптеп тартып, оларды  ауылдық жерлерге көптеп жіберуді қадап айтты.

- Бәрі де қалада қалғысы келеді, - деген ренішін жасыра алмады әкім. - Ал ауылдық жерлерде жап-жақсы, тұрмысқа қолайлы үйлер жеткілікті. Ол ары кетсе бір-ақ миллион теңге тұрады. Ал біз оларға екі жарым миллион теңгені ұстата қоямыз. Бұл дұрыс емес. Неге? Мәселен, бір миллион теңгеге тәп-тәуір үй сатып алып, қалған ақшаны мал сатып алуға, жылыжайлар салуға, болмаса бөтен де тірлікке жұмсамасқа?

Шындығында да бұл дұрыс ұсыныс секілді. Жастар қалада қалғысы келгенімен, мұндағы тірлік ешкімге де оңай соқпайды. Айталық, осы шаһарда баспана алу үшін кемінде 10 миллион теңгедей қомақты қаражат керек. Жаңа ғана жұмысты әзер тапқан (таппағандарын айтпағанда) жас жігіт пен бойжеткен мұндай ақшаны қайдан табады? Жарайды, өйтіп-бүйтіп банктен несие алар. Ол қарызды қайтару үшін кемінде 10-15 жыл бел шешпей жұмыс істеу керек. Ал ауылдық жер мұғалімдер мен дәрігерлерге аса мұқтаж болып отыр.

Осы орайда облысымызда  «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына да айрықша көңіл аударылуда. Мәселен, осы бағдарламаны қаржыландыру мақсатымен биыл 4,3 миллиард теңге бөлініп отыр. Қалғаны бюджеттен алынатын кредиттен құралатын қаржы есебінен жұмсалмақ.

Біздің облыстың негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатындығын, сондықтан да ауылдардың бір-бірінен тым алыс орналасқандығын ескерсек, оларды маман кадрлармен қамтамасыз ету— сол ауылдардың  болашағын ойлау дегенге келіп саяды. Олай етпесек, ауыл секілді алтын діңгегімізден айырылып, орны толмас өкінішке қаларымыз сөзсіз. Осыны қазірдің өзінде мықтап ойланбасақ, күні ертең мықтап ұтыламыз. Өйткені уақыт тез зымырап өте береді. Оған қожалық ете алмайсың. Ал ауылдан айырылсақ, оған тек өзіміз ғана кінәліміз.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

 

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577