Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жөн-ақ 4537 32 пікір 5 Наурыз, 2018 сағат 10:57

Мемлекет пен қоғам үндестігі заңда көрініс тапқан

Өзі қазақта «иттің боғы зәру болса дарияға тышады» деген тәмсіл бар. Уахабизм де осының кебін киген діни идеологиялық, саяси топ. Оны ресми тыйым салып «бөркін қазандай қылып» алып жүрерміз. Дегенмен бүгінгі қабылданып жатқан заң жобасында «аты аталып, түсі түстелмесе» де осы ағымның сипаттары толық қамтылған. Уахабизм біздің ғасырлар бойы қалыптасқан діни танымымызды бөлшектеуге, бұзуға, жоққа шығаруға бейім діни жат ағым. Сондықтан деструктивті діни ағым қатарына жатқызамын. Енді заңда осындай жат ағымдарға, деструктивті танымдарға қатыстылығын көрсететін сыртқы атрибуттары, киім-кешек үлгісі, өмір сүру салты, әлеуметтік, қоғамдық алаңда ерекшеленіп жүрген, сол арқылы саяси-идеологиялық жіктерін жарнамалап, өз болмысымен қоғамдық орындарда  агрессияларын насихаттап жүрген топ өкілдері  жазаланатын болады. Алғашында мұндай жеке тұлғаларға – ескерту жасалады. Тыйылмаса, заңды құрметтеу азаматтығын көрсете алмаса, елу айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал заңды тұлғаларға ескерту жасауға не бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл біздің қабылданған заңның әлде де болса, жұмсақтығы мен қамқорлық сипаты мен кеңпейілділігін көрсетеді.

Адамның сұхбат алаңы шексіз. Соның бірегейі әрі өте нәзік тұсы осы діни сенімге келіп тіреледі. Діни сенім алаңы ол ақылдың шегімен танылатын мәселе емес. Ол адамның құндылығы. Ол туралы себеп салдар іздеу абсурд. Осындай ерекшеліктер мен танымдарды келемеждеу, намысқа тию, кемсіту, сенің дінің жаман менікі озық, немесе сенікі ширк менікі тура жол деген сияқты «сен-мен» дилеммасын туғызатын даулардың алдын алу заңның талабы. Құқықтық стандарт алаңындағы проблема. Міне осындай өте нәзік психологиялық діндарлық пен діншілдік арасын ашып көрсететін нормалар да осы заңда қамтылған екен. Мысалы, заңды діни қызметке кедергі келтіру, сол сияқты дінге көзқарасы себептері бойынша жеке тұлғалардың азаматтық құқықтарын бұзу немесе дінге сенушілердің және (немесе) дінге сенбеушілердің сезімдері мен қадір-қасиеттерін немесе құдайға құлшылық етуді, діни жоралар мен рәсімдерді  орындауды қорлау; қандай да бір дінді ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылғылар мен орындарды бүлдіру; діни радикализмнің көріністеріне жол беру, егер жоғарыда баяндалған барлық әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса –жеке тұлғаларға – елу, лауазымды адамдарға – бір жүз, заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады делінген. Қарасаңыз заңның негізі айыппұл салумен шектеліп отыр.

Сосын бізде не көп, жекелеген хужралар қаптап кетті. Онда мемлекеттік бақылау мен қадағалау мүмкіндігі жоқ. Ал діни деструктивті психология осы жерлерде қабылданатыны белгілі. Сондықтан діни білім беру ісі белгіленген орындарда, ғимараттарда, нақты уақыты мен лицензиялық талап шеңберінде жүзеге асырылғаны жөн. Бұл туралы да заңда нақты тұжырымдар айқындалған. Дінді оқып-үйрену діни бірлестіктердің ғибадат ғимараттарында (құрылыс жайларында), үй-жайларында, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарында кедергісіз, олардың жарғыларына сәйкес ұйымдастырылады және жүзеге асырылады. Өзге жағдайларда дінді оқып-үйрену облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша ұйымдастырылады және жүзеге асырылады.

Бұған қоса еліміздегі көптеген діни агрессиялық сипаттағы өкілдер негізінен шет елден діни білім алып келген азаматтар. Олардың алған білім стандарттары мақсатты теологиялық бағыттармен ғана шектелгендіктен, біздің қоғам талаптарына сай келмей, діни және зайырлы қағидаттар үндестіктер мен заң талаптары арасындағы психологиялық қайшылықтарды қоса қабат алып келіп жатады. Осы мәселенің шешудің бір тетігі ретінде заңда, Қазақстан Республикасы азаматтарының шет мемлекеттерде рухани (діни) білім алуына Қазақстан Республикасында жоғарғы рухани (діни) білім алғаннан кейін ғана жол беріледі, делінген. Бұл да қазір қоғамда пісіп жетілген проблемалар қатарында тұр еді. Қазір ширек ғасырлық тарихымызда алғашқы, бакалавриат, магистратура, докторантура білім беру сатылары мен мектептері өзімізде де қалыптасып келеді.

Түркістан қаласында арнайы теологиялық кешенді ұйымдастыруды қолға алудамыз. Онда тек қана ислам теологиясы ғана емес христиан, будда теологиясы ғылыми стандарттар шеңберінде, заманауи білім технологияларымен, әлемдік білім беру орындарының тәжірибелерімен үндестікте дайындалатын болады. Білім беру үдерісі ғылыми зерттеу орталықтарымен толықтырылып, орталықтандырылған ғылыми зерттеу журналдары тізімдері мен каталогтары сарапталып, білім беруде қолданылатын болады. Әсіресе ислам теологиясының бүгінгі заманауи зайырлы ұстанымдар негізіндегі мүмкіндіктері мен тәжірибесі арнайы зерттеу орталықтары мен лабораторияларында сарапталатын болады.

Бұл да кешегі егемендік тарихымыздағы алғашқы белес, Елбасымыздың көрсетіп берген «Рухани жаңғыру» бағдары аясында жүзеге асырылатын баянды да келелі іс болмақ.

Досай Тұрсынбайұлы Кенжетай

Қ.А.Иасауи атындағы халықаралық қазақ түрік университеті профессоры, философия және теология ғылымдары докторы

Abai.kz

32 пікір