Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қазақ жері 6005 111 пікір 27 Ақпан, 2018 сағат 10:25

Шетелдікке үйленген Қазақстан азаматтарына да жер сатылмауы керек

ҚР Президенті Н.Назарбаевқа

ҚР Парламенті сенатының төрағасы Қ.Тоқаевқа

Сенат депутаттарына

 

                                          АШЫҚ ХАТ

Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, өз конституциялық құқығымызды пайдалана отырып, ҚР Парламенті Мәжілісінің екінші оқылымында мақұлданған, халықтың талабы енгізілмеген "Жер заңы" жобасын қабылдамай, Мәжіліске кері қайтаруыңызды талап етеміз. Және де халықтың төмендегідей ұсыныстарын жер заңы жобасына енгізуді сұраймыз.

ҚР Президенті Н.Назарбаев  2016 жылы дау туғызған «Жер туралы» кодекстің кейбір баптарына мораторий жариялғанда: «Халықтың алаңдауы дұрыс. Халыққа ұнамайтын заңның бізге қажеті жоқ», – деп ашық айтқан болатын. Ендеше, ұлт мүддесі көзделмеген, халықтың талабы енгізілмеген заң халыққа еш қажет емес. Ұсыныс-талаптары нақты енгізілмегесін ел-жұрт тағы қатты алаңдауда.

Қазақстан Республикасының 2003 жылы қабылданған  «Жер кодексінің» 24-бабында: «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге меншiк құқығы шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады» деп анық жазылған. Алайда, ҚР Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы № 248 «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Жарлығы бойынша 24-бапқа уақытша 5 жылға мораторий жарияланғанын білеміз. Яғни, 24-баптың заңдық күші мүлде жойылмады, тек 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін уақытша ғана тоқтатылды. Қоғамда  үлкен резонанс туғызып отырған 24-бапқа, мораторий кезінде «Жер кодексіне» өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасына: «Жер кодексінің» 24-бабының 1- тармағының үшінші бөлігі тоқтатыла тұрған кезеңде:

1. «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және шетелдіктер және жарғылық қорында шетелдіктер үлесі 1 пайыз үлесі болса да жер сатылмайды және жалға берілмейді» деп өзгеріс енгізуді талап етеміз.

2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен аралас некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған Қазақстан азаматтарына (азаматшаларына) жер сатылмайды және жалға берілмейді» деп өзгеріс енгізуді сұраймыз.

Қолданыстағы  Жер кодесінінің  6-бабының 6 тармағында: «Егер осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалар жер құқығы қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен  тең құқықтарды пайдаланады және сондай мiндеттер атқарады» делінген. Атап өту керек, бұл бапқа мораторий жарияланбады және жаңа заң жобасында ешқандай өзгерістер енгізілмеді.  Яғни, бұл бап  бойынша шетелдіктер жер қатынасында Қазақстан азаматтарымен тең құқылы екенін нақты  көрсетіп тұр.  Әкімдер және  қолында билігі бар лауазымды тұлғалар заңның осы әлсіз тұсын (осы бапты) пайдаланып, қулығын асырып, шетелдіктердің бізбен тең құқықтығын пайдаланып,  жерді  шетелдіктерге сатуға және жалға беруге  мүмкіндік беруі мүмкін.

Сол себепті, бұл бапқа: «Шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құқығы қатынастарында  еш құқықтар пайдалана алмайды» деп өзгеріс енгізуді талап етеміз.  

Жаңа заң жобасының 23-бабы 4-тармағында: «Қазақстан Республикасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелері шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, ҚР шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) азаматтарының, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалардың және Қазақстан Республикасының шетелдік қатысушысы бар заңды тұлғаларының жеке меншігіне және жер пайдалануына берілмейді» делінген.

Бұл бапта тек мемлекеттік шекара айналасындағы және шекара маңындағы  жерлер  ғана берілмейді делінген. Ал, жерінің көлемі жөнінен дүние жүзінде 9-орын алатын Қазақстан ұлан-байтақ жерді қамтып отыр (жерінің ауданы — 2724,9 мың км²).  Яғни мемлекеттік шекарадан тысқары алыс  жатқан  және орталық аймақтар жерлері шетелдіктерге берілуі мүмкін деген сөз. Бұл Заңның өте әлсіз тұсы.  Заңның әлсіз тұсын пайдаланған әкімдер мен лауазымды тұлғалар, шекара аймағы мен белдеуіндегі жерлерге тиіспей, мемлекеттік шекарадан алыс жатқан жерлерді шетелдіктерге жалға беруі мүмкін деген қауіп туады.

Сол себепті,  бұл бабты «Қазақстанның  тұтас территориясында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері» деген сөзбен толықтырып,   мынадай толықтырулар енгізуге тиістіміз.  «Қазақстан Республикасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан  жер учаскелері, сондай-ақ, Қазақстанның  тұтас территориясында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, ҚР шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) азаматтарының, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалардың және Қазақстан Республикасының шетелдік қатысушысы бар заңды тұлғаларының жеке меншігіне және жер пайдалануына берілмейді
«Жер кодексінің»  қоғамдық резонанс тудырған баптарын мұқият сараптап, халықтың жоғарыдағы ұсыныс-талабын  жер заңы жобасына  енгізу үшін ҚР Парламенті Мәжілісіне кері қайтаруды талап етеміз!

Талғат Қатауов, қоғам белсендісі

 

Халықтан  осы мәселе бойынша  әлеуметтік желі арқылы қол жиналуда

 Abai.kz

 

 

111 пікір