Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Дат 5018 39 пікір 26 Ақпан, 2018 сағат 10:49

Терістеме. «Бақауов ұлттық құндылықтардың жанашыры боп жүрген азамат»

Біз, Ертіс-Кереку өңірінің бір топ зиялы қауым өкілдері мен ел ақсақалдарының атынан Сізге хат жолдау себебеміз, өткенде өзіңіз басқарып отырған «Abai.kz» порталында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовты қаралауға бағытталған Шәріпхан Қайсар есімді адамның мақаласы жарияланды. Біз осы негізсіз жазылған мақала жайлы өзіміздің пікірімізді білдіріп және жолдап отырған хатымызды «Abai.kz» порталында жариялауыңызды сұраймыз.

Байқағанымыз, Шәріпхан Қайсар (егер бұл автордың шын аты-жөні болса) аталмыш мақаланы біреулердің тапсырысымен жазды ма дейміз. Әйтпесе, бұл жақты көріп-біліп алмай, бас жоқ, көз жоқ, жаптым жала, жақтым күйе деуге бола ма? «...Павлодар облысының тізгінін ұстаған Болат Бақауов сынды әкімдерді ел түстеп танымайды. Әйтеуір осы өңірді басқарып, креслода отыр демесеңіз, Бақауовтың шидің басын сындырғанын естіген адам жоқ» – деп жазған Қ.Шәріпханның қандай дәлелге сүйенгені белгісіз.

Егер де Шәріпхан Қайсар журналистік ар-ұжданы таза, ақиқатын айтатын азамат болса, осы өңірге арнайы келіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық, рухани тірлігімен танысуы керек еді. Бірақ автор олай етпей, Ұлы Абайдың есімін алып отырған интернет басылымды  айдың-күннің аманында жаман атқа қалдырып отыр.

«Бақауов Ел мен Елбасының сенімін ақтай алды ма?» деген мақала облыстың экономикалық ахуалы, әлеуметтік жай-жапсары туралы нақты деректер келтірілмей жазылған. Автордың ойдан-қырдан жинаған алып-қашпа сөзді желеу етіп, тақырыбын айқайлатып қойып жазғандағы мақсаты не?

Мақала авторына да, басқаларға да айтарымыз, егер көрер көз, естір құлақ болса, аймағымызға Болат Жұмабекұлы басшылыққа келгелі, талай ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Соның барлығы болмаса да, біразынан хабардар етейік.

Ақиқатын айту керек, бұл кісі басшылаққа келгелі, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы қарқын алуда. Бұған дейін қанша әкім ауысса да, талай жылдардан бері қолға алынбай келген қордалы мәселелердің де түйіні шешіле бастады. Соңғы екі жыл ішінде облыс орталығының көркін бұзып тұрған, тозығы жеткен екі қабатты барақ үйлер бұзылып, олардың орнына зәулім ғимараттар салынып жатыр. Бұрынғы ескі үйлердің орнында «Сарыарқа» атты шағын аудан құрылып, қаншама жылдар ескі баспаналарда тұрып келген қала тұрғындары кең де жайлы пәтерлердің кілттеріне ие болды.

Болат Жұмабекұлы әр ауылға сапалы ауыз су тарту үшін Парламент депутаттарымен келіссөздер жүргізіп, бюджеттен қомақты қаржы аударуға қол жеткізді. Алдағы төрт-бес жылдың көлемінде облысымыздың барлық ауылдары сапалы ауыз суға қол жеткізеді деп жоспарлап отырмыз. Бұған дейін бүткіл облыс бойынша орталық су жүйесі аудан орталықтарының ішінде Баянауылда ғана болмаған екен. Қазір Баянауылда жер астындағы гранит тастар қопарылып, кент ішінде ауыз су тартылып жатыр.

Одан бөлек аграрлық сала мен индустрия жүйесі өз деңгейінде дамуда. Оның барлығын жаза беруге хаттың көлемі көтермейді. Егер барлығын өз көзімен көрем деген журналист болса, бұл жаққа келсін, ақпарат ұсынып, аралатуға біз қашанда дайынбыз.

Өздеріңіз білесіздер, Павлодар өңірі орыстанудың салқыны қатты тиген аймақ. Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады демекші, ол дерттен әлі де толықтай айыға алмай жатырмыз. Бірақ басшылыққа Б.Бақауов келгелі ұлт руханиятын түлету бағытында да айтарлықтай шаралар атқарылуда.

Жыл сайын дәстүрлі түрде бірнеше мәрте облыстағы зиялы қауым өкілдерімен, қаламгерлермен, ақсқалдармен кездесу өткізіп, олардың талап-тілегіне құлақ асып, айтылған ұсыныстарды үнемі қолдаумен келеді.

Жыл сайын облыстағы Жазушылар Одағының мүшелері мен өнер иелеріне аранулы гранттар бөлінеді. Былтырғы жылы бюджет қаржысына жергілікті ақын-жазушылардың қазақ және орыс тілдерінде кітаптарын шығарып берді. Бұл дәстүр биыл да жалғасын таппақ.

Кереку өңірі қазақтілді басылымға зәрулеу екенін білесіздер. Осыған байланысты арнайы қор құрылып, соның жанынан тарихи-танымдық, әдеби-көркем «Ақбеттау» деген журнал шығып жатыр. Облыс әкімі бұған да рухани қолдау білдіріп, дәл осындай ұлттық бағыттағы игі бастамаларды барынша қолдап келеді. Сәтін салса, биылғы жылы өлкетану бағытында дүниелер жариялайтын «Елмұра» атты қазақ-орыс тілінде тағы бір журнал жарық көрмек.

Былтырғы жылы жергілікті ақын-жазушылар, өнер иелерімен болған кездесулердің бірінде облыс әкімі аймақтағы балабақшалардың бәрінде оқытуды таза қазақ тілінде жүргізсек деген ұсынысын айтқан. Өйткені, баланың тілі қай тілде қалыптасса, сол тілді өмір бойы ұмытпайтыны белгілі. Әрине, бұның бәрі бір күнде іске асып кетпесі белгілі, бірақ игі бастама қолға алынып, өз жемісін беріп жатыр. Қазір басқа ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілге құрметпен қарау балабақша, балалар үйінің қабырғасынан саналарына сіңірілуде. Осының бір мысалы, балалар үйінде қазақ тәрбиесін көріп өскен Алексей Лодочников деген жасөспірім Елбасының алдында Ақан серінің «Балқадиша» әнін шырқап, отырғандарды таң қалдырып еді.

Ертіс-Кереку өңірін оңтүстіктегі облыстармен салыстыруға болмайды. Жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі жаңа ғана 50 пайызға жетіп отыр. Осындай себептерден, бұл жақта бір көшенің атын өзгертудің өзі қаншама қиындықтар туғызады. Болат Жұмабекұлы басшылыққа келгелі бұл шаруа да түзеліп, сонау кеңес уақытынан бері мызғымай келе жатқан Ленин атындағы көше өткен жылы Астана көшесі болып өзгерді. Одан басқа тағы да ондаған көшелер қазақшаланды.

Павлодар қаласында Абылай заманының қаһарманы Малайсары батырға, Екібастұз қаласында ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына ескерткіштер тұрғызуға мұрындық болды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі жанындағы тәу етіп келушілерге арналған замануи қонақүйдің құрылысына да рухани жәрдемші Болат Жұмабекұлының өзі болды. Осының бәрі Кереку өңірінде істеліп жатқан игі шаруаларың бір парасы ғана.

Енді осы хатқа себеп болып отырған Шәріпхан Қайсардың мақаласына келсек, оның сауатсыз жазылған дүние екен көрініп тұр. Өзін-өзі сыйлайтын журналист бұлай жазбаса керек еді. Аз-маз деректерді ғаламтор бетінен алып, тисе терекке, тиемсе бұтаққа деп сілтей берген. Кез келген сауатты журналист біледі, экономика тақырыбана қалам тартам деген адам әуелі цифрларды сөйлетеді. Мысалы, өңірге қанша инвестиция кірді, соның нәтижесінде қанша жұмыс орындары ашылды? Жоспарда қандай бағдарламалар бар? Кәсіпорындардың жылдық тауар айналымы қандай? Облыстың ішкі жалпы өнімі қандай деңгейде? Бұдан жергілікті халық қандай пайда көріп отыр, тағысын тағылар. Ал, Ш.Қайсар мырзаның мақаласы бірыңғай қаралаудан ғана тұрады. Сондықтан, «жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» дегендей, жазам деген қаламгер бұл жақтағы тірлікті өз көзімен келіп көргені дұрыс.

Құрметті Дәурен Қуат мырза!

Кез келген қазақ тіліндегі ақпарат құралы өзін ұлт рухының қорғаушысымын деп санайды. «Abai.kz» порталы жайлы біз де солай ойлаймыз. Сондықтан солтүстіктегі үлкен аймақта ұлттық құндылықтарымыздың жанашыры болып жүрген Болат Бақауов сынды азаматты сіздер қараламай, керісінше қолдауларыңыз керек деп ойлаймыз. Шама келсе, «өсер елдің баласы – бірін-бірі батыр дейді» деген аталы сөзді ұстанайық. Біздің айтайын дегеніміз осы еді. Әрдайым істеріңіз алға басып, оқырмандарыңыз көп болсын !

Ізгі ниетпен Павлодар облысы зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдарының атынан:

Бөкен Қызғарин, Социалистік Еңбек ері

Сағадат Ысқақов, Социалистік Еңбек ері

Мұрат Рахметов, Павлодар облысының құрметті азаматы

Мүкарам Шүленбаев, Павлодар облысының құрметті азаматы

Қорабай Шәкіров, Павлодар облысының құрметті азаматы

Қани Арман, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры

Социал Әйтен, журналистика ардагері

Байбосын Сайлау, ҚЖО мүшесі, аймақтық «Ақбеттау» журналының редакторы.

Жайықбаев Нұрбол, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің редакторы

Сүлеймен Баязитов, ҚЖО мүшесі,жазушы

Ақын Алақан, ҚЖО мүшесі, жазушы

Виктор Семерьянов, ҚЖО мүшесі, ақын

Қабдраш Абзал, Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі

Айбек Оралхан, «Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық саяси журналының жауапты хатшысы (қол қоюшы барлығы 80 адам).

Abai.kz

39 пікір