Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
3576 2 пікір 23 Ақпан, 2018 сағат 09:55

AI: 2017 жылы Қазақстанда адам құқықтары үш салада бұзылды

Қазақстандық билік өзгеше ойлайтындарды басу үшін "аса әккі" тәсілдерді қолданады деп мәлімдеді халықаралық Amnesty International (AI) ұйымы "Әлемдегі адам құқықтары" баяндамасында.

AI-дің Қазақстандағы зерттеушісі Хэза Макгиллдің айтуынша, құқық қорғаушыларды 2017 жылы Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақтардың, азаматтық белсенділер мен «билікті сынаған» журналистердің қуғындалуы көбірек алаңдатқан.

Хэза Макгилл Қазақстан билігі былтыр тәуелсіз кәсіподақтарды жауып, олардың қызметін шектейтін ережелер енгізгенін, кәсіподақ мүшелеріне қарсы «заңсыз митингіге айдап салу және қаржы жымқыру» ісін қозғағанын айтады. Ол бұған мысал ретінде кәсіподақ басшылары Лариса Харькова, Нұрбек Құшақбаев және Әмин Елеусіновтің сотталғанын келтіреді.

AI бұған қоса өзі ар-ұждан тұтқыны деп таныған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның өз ой-пікірлерін еркін білдіргені үшін сотталғанын айтады.

Құқық қорғаушылар 2017 жылы «билікті сынаған тәуелсіз журналистерге шабуыл жасау және саяси астары бар іс қозғап, қудалау» оқиғалары болғанын айтады. Ұйым мысал ретінде тәуелсіз «Саяси қалам. Трибуна» газетінің редакторы Жанболат Мамайдың сотпен қудаланғанын және «Журналистер қауіп-қатерде» қорының төрағасы Рамазан Есіргеповке әлдекімдердің пышақ салғанын келтіреді.

Орталық Азия елдерінің биліктері терроризммен күресті одан ары күшейтіп, «қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін» азаматтардың құқығын шектеп отыр делінген ұйым есебінде.

Abai.kz

2 пікір