Жұма, 29 Наурыз 2024
Жанайқай 7696 18 пікір 16 Ақпан, 2018 сағат 11:21

Президент ашқан шаруашылықты жергілікті басшылар бытыратып жібермек пе?

Жақында редакциямызға Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданынан Сәбит Сұлтанов есімді оқырманымыз хабарласып, жанайқайын жеткізді. Біз құлақ түрдік. Ол кісі бізге бүгінгі күннің барымташылары, анығырақ айтсақ әлдебір шенділердің әпербақандық әрекеті жайлы баяндап берді.

Ауылдағы акционерлік қоғам – Республика үздігіне айналған кез

Жамбыл облысына қарасты Тұрар Рысқұлов ауданы, Юбилейный ауылы. Мұнда 2013 жылға дейін облыстағы ең озық «Подгорный» АҚ атты серіктестік болған. Иелігінде 5 мың бас қой, 2 мың бас ірі-қара, мың бас жылқы болған. Тіпті сүт өңдейтін арнайы зауыт ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып тұрды. Егістіктен жиылған дәнді алыпсатарлардың тиын-тебеніне бермес үшін, 500 мың долларға астық қабылдау пунктін ашып, тәулігіне 60-70 тонна бидай тартып отырған. Жоғары сұрыпты ұнның 3 сорты өндірілетін.

Аудан орталығы Құланды ауылы. «Подгорный» АҚ-тың арқасында мұнда да жұмыс қызу жүріп жататын. Шұжық зауыты болған. Бұрын «Подгорныйдың» фермасынан ет келіп, шұжыққа пайдаланылатын. Зауыт қазір де жұмыс істеп тұр екен. Тек етті басқа тасымалдаушылардан алып отыр. Ал ауданның өз кәсіпкерлері әлдебір әтігөрлердің кесірінен қып-қызыл шығынға батып отырған көрінеді.

«Біз аудандағы 40 мың тонна астық сиятын элеваторды сатып алдық. Себебі, ол кезде элеватор қаңырап, іске алғысыз болып тұрған. Сөйтіп біз ол жерге Түкриядан екі диірмен сатып алып, орнаттық. Аудандағы шаруашылықтардың бидайын біз сатып алатынбыз. Оған қоса, аудандағы жұмыс жасамай тұрған сүт зауытын алдық. Оған да Түркиядан 500 мың долларға сүт өнімдерін әзірлейтін аппараттар мен техника сатып алдық. Күніне 15 тонна сүт өнімдерін әзірледік. Төңіректегі жұрттың барлығы сүттерін бізге өткізетін. Қазір бұның барлығы тоқтап тұр», - деп әңгімелейді Сәбит Сұлтан мырза.

Кәсіпкер Сәбит Сұлтанның өзінің айтуынша, ауылшаруашылық қожалықтары жекешелендіруге түскенде, талан-таражға түспеген жалғыз Подгорный совхозы екен. Ауылдың бірлі-жарым тұрғыны аздаған үлесін алып кеткені болмаса, көпшілігі, дәлірек айтсақ 367 еңбекші бірігіп әрі қарай жұмыс істей беруді жөн көрген. Сөйтіп акционерлік ұйым құрады. Оны 1995 жылдың 7-желтоқсаны күні Жамбыл облыстық әділет басқармасына тіркетеді. Сөйтіп, ауыл азаматтары ұйымдасып шаруашылық құрады.  Оның басында Сәбит Сұлтан мырза болған. 2004 жылы 5-қазанда акционерлердің жиыны өтіп, 27-қазан күні «Подгорный» АҚ атымен қайта тіркеледі. Айтпақшы, осы жиында келіскендей, АҚ қайтадан ЖШС болып қайта құрылған.

«Біздің шаруашылық алғаш құрылғанда 1995 жыл еді. 1994 жылы Парламенттің қабылдаған Жер кодексіне сәйкес, 1995 жылдың 1-қаңтарына дейін пай үлескерлері не жерді сатып алуы немесе ЖШС құрамына енуі тиіс болды. Әйтпегенде, Үкімет ол жерлерді қайтарып алуға құқылы еді. Сөйтіп, біз ЖШС құрдық. Сөйтіп біріктік. Керек десеңіз, «Подгорный» элиттық дәнді-дақылдар шаруашылығы» ретінде тіркелген облыста жалғыз шаруа қожалықпыз. Министрлікте солай тіркеліп тұрмыз. Күні-бүгінге дейін облыста басқа элиттық дәнді-дақылдар өндіретін шаруашылық жоқ. Тіпті, академик Рақым Уразалиевтен сұрасаңыздар да, осына айтады», - дейді Сәбит мырза.

Акционерлік қоғам әрі қарай жұмыс жасау үшін жер қажет. Совхоз ыдырағанда ауылдағы жұрт үлеске алған жерлерін  «Подгорныйға» пайдалануға берген. Бәрі заң шеңберінде жүзеге асып, АҚ тізгіншісі Сәбит Сұлтанмен келісім жасасады. ҚР Жер кодексінің 107-бабы, 4-тармағына сәйкесінше, әрине. Шарт мерзімі 49 жыл деп белгіленеді. Пайдан үлесі бар жұрттың жалпы саны – 170 адам. Олардың өздері де акционерлер қатарлы саналады.

ЖШС-ның жарғысы бойынша «Подгорный» АҚ-тың үлесі 94,4, жердің үлесі 5,6 пайыз болған. Басқасы басқа, нарыққа өту кезеңінде көп жұрттың тіршілігі тұралап тұрғанда, «Подгорный» иелігіндегі аудандық элеватор, шұжық зауыты, сүт өңдеу зауыты, нан зауыты қарқынды жұмыс жасап, аудан түгілі облыста озық атанады. Мұның барлығын Сәбит Сұлтан мырза ұйымдастырып, ауыл тұрғындары өз қолдарымен жасады. Жұмыс та бар, инвесторлар да көп. Доллармен есептегенде миллиондаған табысқа жетті. Қазақстанды айтпағанда шетелдік ауылшаруашылық секторымен бәсекелесе алды.

«Біз Қазақстанда ең бірінші болып бидайымызды долларға саттық. Сол кезде Үкімет белгіленген норманы үш еселік көлемде орындаған шаруашылықтарға ақыны доллармен төлейтін. Біз сол үш еселік норманы орындап жүрдік», - дейді кәсіпкер.

(С.Сұлтан Президенттің қабылдауында)

Президент оң бағасын берген шаруашылықты жергілікті басшылар бытыратып жіберді

Сөз арасында айта кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Сәбит Сұлтанның шаруашылығында екі мәрте қонақта болыпты.

«Мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның қасына еріп, шетелге сапарларға да шықтым. Аталған салада тәжірбие алмасу секілді, шетелдік инвесторларды елге әкелу секілді шаруаларға алғаш болып кіріскендердің бірі болдым. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Елбасымыздың қасынан табылдым. Керек десеңіз, Қазақстанға ауылшаруашылық секторына алғаш болып шетелдік инвестор әкелдім. Президентіміздің қолдауымен АҚШ-қа барып, арнайы Халықаралық бизнес мектептен білім алып келіп, сол білімімді Қазақстанның ауылшаруашылық секторын дамытуға пайдаландым. Ауыл тұрғындарының жағдайын жасауға бар күшімді салдым.

Нұргелді бауырым, дәл осы «Подгорныйға» Президенттің өзі арнайы екі рет келіп кетті. Бірінші жолы щұжық зауытын өзі ашты. Екіншіде, біздің шаруа қожалығымыздың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Оң бағасын берген.

Мен Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында, ҚазАрго холдингтен 3 миллион долларға лизингпен американдық техника алған едім. Қазір сол техниканың барлығы бекер тұр. Себебі, шаруашылықты әлдебір дөкейлер барымталамақ болып, қазір жұмыс тоқтап қалған. Біздегі техника озық сапалы. Қазірдің өзінде облыста екі-үш шаруашылықта ғана бар шығар, бұндай техника. Қалғандарының барлығында совет өкіметінен қалған ескі-құсқы комбайндар мен тракторлар.

Міне, Президенттің өзі жоғары бағалап кеткен шаруашылықты жергілікті басшылар бытыратып жіберді. Бұған не деуге болады, енді?..», - дейді Сәбит мырза.

Бандиттер әлі бар екен

Ал «Подгорный» АҚ төрағасы Сәбит Садықов (кейінгі құжаттарда Сәбит Сұлтан деп көрсетілген) 30 жасында осы шаруашылықтың тізгінін ұстаған. Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары әкімдік қызметте істеген. Ол кезде аудан аты – Луговой болған. Кейін әкімдік қызметін өз еркімен тапсырып, осы «Подгорныйға» қайта келеді.

«Мен ауданның бірінші әкімі болдым. Сол жылдары шаруақожалықтарын жекешелендіру, совхоздарды пайға үлестіріп беру саясаты жүріп жатты. Мен ауылдағы қожалықты таратып жіберуге қимадым. Сөйтіп, әкім қызметімді өз еркіммен тапсырып беріп, «Подгорныйға» қайттым. Ауылдастарды жиып, акционерлік аштым. Есесіне, күні кешеге дейін сол бірлестігіміз Республикада озық атанып тұрды. Ауылда жұмыс жеткілікті болды, отандық өнім өндірдік. Тіпті, шетелмен бәсекелесетіндей болдық», - деп әңгімелейді Сәбит мырза.

Бірақ, осындай табысқа ие болып, Республикадағы ауылшаруашылық секторына айтарлықтай табыс әкеліп отырған шаруашылық күйреген.  Тұп-тура 5 жыл бұрын. Машина-трактор стансасы қаңырап, гараждар үңірейіп, наубайхананың ойраны шыққан.

Шаруашылықтың шаруасының шайқалуына бірден бір себеп – қайсыбір шенді мырзаның «рейдерлік» әрекеті көрінеді. Сәбит Сұлтан мырзаның өзі осылай дейді. Енді сол жайлы сөз етейік.

«Бәленің бәрі менің демалыс үйімнен басталып отыр. Оның бұрынғы совхоз, қазіргі акционерлік қоғамға еш қатысы жоқ. Өзімнің меншігімде 100 гектардай жерім болды. Сол жерге демалыс үйін салып, жанынан мал фермасын ашқан едім. Мың түп жеміс ағашын ектік. Онда да түгел ауыл адамдары, аудан адамдары жұмыс жасады. Демалыс орны іспетті жасадық. Онда осы Тараздан, Алматы мен Астанадан есім-сойы елге мәлім көп азамат келіп демалып кетті ғой. Солардың бірінің көзі түсіп, әлгі демалыс орнына таласты.

Қысқасы, жігіттерімен келіп, «1 аптаның ішінде мына жерді маған рәсімдеп бер» деп әлімжеттік жасады. Мен сонша еңбекпен жасаған дүниемді жайдан-жай бере салмаймын ғой. Қасарысып тұрып алдым. 90-жылдары болса, түсінікті ғой. 2010 жылы болған оқиға, бұл. Ол да «онда, өзің біл. Ісім сенімен болсын» деп кетті», - деп баяндайды болған жайды.

Сот істерінің хронологиясы

Сәбит Сұлтанның жеке меншігінен басталған талас акционерлік қоғамның жұмысына кеп жетеді. Сөйтсе, Сәбит Сұлтанның пайшыларға қарызы болған екен. Сынықтан-сылтау іздегендер ұзын-сонар сот процессін бастап кетеді. Әуелгі мәселе – пайшылардың ішінен екі азамат 2004-жылғы 5-қазандағы шешімді терістеу жайлы арызданады. Енді рет-ретімен айтайық:

2013 жылдың 28-ақпаны. Жамбыл облысының ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты шешім шығарып, С.Сұлтан пайшыларға 14 миллион 524 мың 775 теңге және мемлекеттік алым төлеуі керек болады.

2013 жылдың 22-мамыры. Жамбыл облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы шешім шығарып,  алдыңғы сот шешімін өзгертеді. Ол бойынша, әуелде келісілген 5,6 пайызы – жер үлесінен, 94,4 пайызы Қоғамның негізгі қор түрін­дегі үлесінен деген хаттамасы күшін жояды. Сондай-ақ, банкке жерді кепілге қою туралы хаттама мен ке­пілдік туралы келісімшарт та күшін жояды. Және 14,5 миллион қарыз 8 миллион 91 мың 449 теңгеге азаяды.

2017 жылдың 7-қарашасы. ҚР Жоғарғы соты азаматтық әстер жөніндегі сот алқасы қаулы қабылдап, жоғарыдағы хаттамаларды терістейді. Облыстық сот актілерін тоқтатады. Істі Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қайта қарауға жібереді.

Ал 2018 жылдың 11-қаңтары. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы тағы сонау 2013 жылғы шешімді қайталаған.

Қарыз дереу арада төленеді. Бірақ Серіктестік заңсыз болып шығады. Ауылдағы тіршілік тоқтайды.

«Жоғарғы сот біздің пайдамызға шешім шығарды. Қазір жерлерін бөліп алған жұрт мүлде бөлек біреулерге жалға беріп отыр. Олардан ауылға келіп-кетер пайда жоқ. Ауыл тұрғындары баяғыдай емес, әрқайсысы жан-жаққа тентіреп кеткен, жұмыс іздеп. Менің сұрайтыным біреу-ақ. Жамбыл облыстық соты Жоғарғы соттың шешіміне сай, алдыңғы екі шешімді жоққа шығарса деймін ғой. Өкінішке орай, бұл қиын болып тұр қазір. », - дейді Сәбит мырза.

Ортақ іс оңға баспай тұр десек те, «барлығын қайта қалпына келтіруге әлі де болады» дейді Сәбит мырза. АҚШ пен Еуропадан, Араб елдерінен инвесторлар да бар екен. Олар «Подгорныймен» жұмыс жасауға дайын отыр дейді.  Тек жұмысты бастау үшін шаруашылықты ретке келтіріп алу керек, әрине.

«Күзде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына келіп, мұндағы ауылшаруашылық секторына өте төмен баға беріп кетті. Мен сізге бір қызық дерек айтайын, біздің «Подгорныйды» бытыратып кеткен сол кездегі облыстық ауылшаруашылықты басқарып отырған кісі еді. Тікелей қиянат жасады. Әуелде аудан әкімі еді. Сол кезде маған хабарласып, «бір кісілер демалыс орнын рәсімдеп берсін деп жатыр» деген кісі сол. Кейін ол облысқа ауысып, әкімнің ауылшаруашылық жөніндегі орынбасары болды. Қазір Сенатта депутат», - дейді кәсіпкер.

Агросектордың жайын басқа-басқа Асекең білуі тиіс-ақ

Түйін: Рас, Мемлекет басшысы елдегі шағын және орта кәсіпті дамытуға жасап жатқан тың бастамаларын білеміз. Елбасы өз сөзінде «кәсіпкерлерді жөн-жосықсыз қудалай бермеңдер» деп ескерткен-тін.

Біз бұған дейін де бандитизм мен рейдерліктің құрбаны болған азаматтар жайлы жазған ек. 70-тегі Атыраулық кәсіпкер шарасыздықтан Елбасынан араша сұрап, БАҚ-қа жария салды.

Банктердің қулық-сұмдығынан қып-қызыл шығынға батқан Алматылық кәсіпкер де басындағы жағдайын бізге баяндап берген.

Талдықорғанда шендімен шекіскен кәсіркер Бас Прокуордан араша сұрады. Ол аз десеңіз, өткен жылы Ақмола облысында шарасы таусылған 61 жастағы кәсіпкер Өмірбек Жанпбозов өз-өзін атып жібергені белгілі.

Естеріңізде болса, Бас Прокуратура былтырғы есебінде кәсіпкерлерге жасалып жатқан қысым 82 пайызға азайған деп еді. Сондағысы міне. Кәсіпкерлерге қысым жасауға жол берілмеуі керек деп депутаттар да, Үкімет те жиі айтады. Ал нәтиже қане?

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 10-қаңтары күні жасаған жолдауында басқа-басқа емес, дәл осы ауылшаруашылық секторы жайлы айтты. Басымдық берілетінін айтты.

2018 жыл. Қазақстан Халқына жолдау. Үшінші тарау: «Ақылды технологиялар» - агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытудың мүмкіндігі.

«Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек.

Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін күшейтеді.

Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек.

Мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс»,-деп айдан анық жазды. Бұл Президенттің Жолдауында бар. Хат танитын, Жолдаумен танысып шыққан әрбір адам бірден түсінері анық.

Әсіресе,  Премьер-министрдің орынбасары, Ауылшаруашылық министрі болған Асқар Мырзахметов мырза бұл жолдарды жатқа білсе керек. Асқар Исабекұлы қазір Жамбыл облысының тізгінін ұстады. Ендеше, Президент тапсырмасын қалтқысыз орындау, әсіресе өңірдегі өлімші хәлге түскен агросекторды, басқа-басқа Асекең жақсылап қолға алуы керек-ақ. Бұрынғы басшылардың «бандиттік» әрекетін Асекең қайталамайды деген үміттеміз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2274
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3591