Жұма, 29 Наурыз 2024
Тұлға 3764 0 пікір 13 Ақпан, 2018 сағат 09:08

Қызық жігіт

Ол өзі қызық жігіт... Елмен көп жұмысы жоқ... Сөзге шорқақ... Көп ашуланбайды. Желкесіне түскен ақ шашын бір сипап қойып күледі... Дұрысы жымиып қояды... Бұл біздің – Болат... Болат Ыбыраев!

Қазақ өнерінде Болаттар бар ғой... Шүкіршілік... Солардың ішіндегі өнердегі жолы ерекше – Бөкең! Назым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесасында бір сөз осындайда еріксіз ойға түседі. «...Аз да болса айбатты, қораш та болса қайратты!». Дәл солай... Сахнаға шыққанда сәл қысыңқы көздері жарқырап нұрланып кетеді. Дауысы күмбірлеп, сахнаны жарып жіберердей екпіндеп сөйлейді. Құдды кешегі Нұрмұхан Жантөрин сияқты...

Болат Қарағанды облысындағы Қарқаралының тумасы. Ақын Мә­ди­дің, өзіміздің Қаллеки-Қалибек Қуанышбаевтың, кешегі ақиық ақын Қасым Аманжоловтың, ал түптеп келгенде Қаз дауысты Қа­зыбек бидің ұрпағы.
Бүгінде өнерге келіп, сахнада жүргеніне қырық жыл толыпты. Ол ешқашан бала кезден армандап, қиялдап өнермен «ауырмаған». Есейе келе мектептің сахнасына шығып, «Батыр бала Болатбекті» оқитын. Соғыстан мүгедек болып келген әкесі Қалыбек совхозда агроном, шешесі Күләндә бас­тауыш­та сабақ беретін. Үйлерінде ап-ауыр дәу сұр кітап бар-тын. «Батырлар жыры». Шешесі Күлән­дә шамның жарығымен үйге кел­ген меймандарға осы жырлардан дастан оқушы еді. Әрине, бұл XIX ғасыр емес. Ильичтың шамы бір­де бар да, бірде жоқ. Көбінде өшіп қала береді. Бірақ соған қа­ра­мас­тан, дастан басталатын. Және жай оқылмайды, әндетіп, нақы­шы­на келтіріліп, біресе көтеріп, біресе сыбырға көшетін. Бірде «Қо­бы­лан­ды», ендігіде «Алпамыс», «Қы­рық қыз»... Әсіресе, «Гүл­әйім»... Кейде Болатқа осы жырды оқып отырған шешесі Күләндә Гүләйім­дей болып кетеді. Үйге жи­налған үлкен кісілер риза болып, Күләндә келіннің суып кеткен шәйін ішіп, көздеріне жас алатын. Кішкентай Болат сонау бұрышта отырып есіл­дертімен осы жыр­лар­ды тыңдай­тын. Бала көңіл жыр­дағы батыр­ларға еліктейтін. Кей сәттерде еш­кімге көрсетпестен көз жасын үнсіз сүртіп те алады. Әсі­ресе, аға­лары мен әпкелеріне көр­сетпеуге тырысады. Болат көп ба­лалы үйде өсті. Шешесі он құрсақ көтерген. Үбірлі-шүбірлі балалар үшін бұл үй – театр, бұл үй – кино.

Кейін де солай болған. 90-жыл­дары кімнің күйі бар-тын? Есі бар епті жігіттердің көбі биз­неске, сауда – саттыққа кетті. Көбі­нің мін­­гені «иномарка». Сол ке­зең­дерде өнерде жүрген талай май­талман сахнамен «қош» ай­тысып жүре берді. Қасыңдағы әріп­тестері де базарға шықты. Ал Болат­тың үш баласы бар. Театрдың жалақысы бірде бар, бірде жоқ. Ба­ла­ларға тамақ керек. Сондай күндердің бірінде бағын­дағы об­лепихадан екі шелек теріп, базарға шыққан... «Шелегіңіз қан­ша?» – дегендердің өзіне «екі мың» дегенді міңгірлеп әрең айтады. Басы сал­бырап, үнсіз отыра берді. Уақыт неткен баяу, жүрмей қалған. Ал екі шелектегі облепиха сап-са­ры маржандай әлі тұр. Ешкім алмай­ды. Тұрып кетуге шара жоқ. Иә, ол күндер де бүгін артта қалды. Адам баласы ұрпақ үшін өмір сү­реді. Солар үшін бәріне ба­­ра­сың. Бәріне дайын­сың. Адам­ның тағ­дыры да, өмірі де осы ұрпақ үшін.
Баяғыда КазГУ-дің «Тарих» факультетін оқи бермей. Жақсы мұғалім болса, бүгінде бәлкім бір мектепте директор болар ма еді. Кім білсін?! Ол кезде КазГУ-дің оқу корпусы бүгіндегі Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академия­сын­да ал «Театр» факультеті кон­сер­­ваторияда болатын. Екі ғима­рат­тың ортасы таяқ тастам жер. Көктем, күзде әртүрлі музыка ас­­пап­­тарының үні, айқайлаған дау­ыстар. Болашақ актерлердің сол маңайда жүргенін Бөкең талай көрді. Дәл сол кездегі мына бір оқиға есінен әлі кетпейді. Кон­серваторияның терезесіндегі бір бойжеткеннің ескерткіштей ұзақ тұрғаны. Үріп ауызға салғандай, бірақ қимылсыз. Бөкең не істерін білмей состиып қалған. Қыз да үнсіз, бұл да үнсіз. Тіпті, жақындап келіп әлгі мүсінге ұзақ шұқшиған-ды. Сонда ғана ол қыздың «тірі» екеніне қуанған. Актерлік өнер дегенді түсінген. Сол кезде барып, «Шіркін, менде артист болсам...» деген ой санасында жарқ еткен.

Тарих... Тарих... Еш құлқы жоқ... Күндердің күні КазГУ-ге «қош» деп, ГДР-ға әскерге кетті. Ақыры Франкфурттан бірақ шық­ты. Қасында кілең орыс жігіттер. Амал не, ол тілді де үйренуге тура келді. Тек баяғы «актерлікке түс­сем...» деген ой маза бермейді. Елге келе сала консерваторияға бет алды. Бағы жанып, КСРО халық артисі Шолпан Жандарбекова мен Татьяна Наурызбаеваның шеберха­насына түсті. Курстағы ересегі де осы Болат. Дипломдық жұмысқа М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Еспембет, А.Арбузовтың «Қатыгез ойындарындағы» Константи­нов­ты, Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыз­дар-айындағы» доцентті ойнады. Содан Жақып Омаровтың айтуы­мен Болат туған елі Қарағандыға тартқан. Таныс өлке, таныс қала... Ауыл да онша алыс емес...

Болаттың алғаш театрға қобал­жып кіргені әлі есінде. Қорық­паған да қалай. Мұнда театрдың алғашқы қарлығаштары Қазақ­стан­ның халық артистері Ж.Шаш­кина, Ә.Молдабеков, М.Сүртібаев, Р.Қойшыбаева, А.Мұсабекова, Әсия Абылаева, Қарғамбай Са­таев. Содан кейінгі толқын Рама­зан Баймағамбетов, Шәміл Жүні­сов, Сердеш Қажымұратов, Рым­кеш Омархановалар шыққан орда. Оның үстіне актерлердің көбі ересектер. Бір Қарғамбайдың өзі бір төбе. Әсіресе, оның Болат Мансуровтың, Толомуш Океевтің фильмдеріндегі рөлдерінен кейін. Тұнып тұрған мұхит. Болат ол кісілермен сөйлесуді, сырласуды қажет ететін. Ал олармен бір сах­нада партнер болу дегеннің өзі қорқыныш емес пе?! Не керек бір күні Жақып Омаров Қалмұқан Исабаевтың «Сапар сыры» деген пьесасын алған. Қобылан деген рөлді берді. Күндіз-түні сол рөл­дің сөзін жаттап, түнде ояна кетіп кейіпкері жайлы ойлайды. Алда тек қорқыныш бардай. Міне, ақыры көркемдік кеңеске тапсыра­тын күн туды. Ел-жұрт айтып жа­тыр. айтып жатыр. «Мүмкін емес, мынау сөйлеп тұрған аты шулы Қ.Сатаевтың өзі ғой...». «Мы­на бала жақсы екен!» Сенерін де, сенбесін де білмейді. Жақып та Болатты мақтайды. Осы рөл оның кішкене жеңісі еді.

Премьера! Болат көрерменге тұңғыш шықты. Әнеукүнгі сдача­дан кейін сәл-пәл өзіне деген сенімділік пайда болды. Шымыл­дық та жабылды. Соғылған ала­қан... Айғайлап, «Браво!» деп мәз болған көрермен. Әрине, Болат алғаш «актерлікке барам» дегенде үй-іші түгел қарсы болмаса да, құптай қоймаған әкесі Қалыбек көз алдына келді. Соған өзін кінәлі де санайтын. Бірде әкесі Бөкеңді өзі шақыртты. «Жарайды, балам! Болар іс болған екен. Не деймін. Жолың болсын! Жағаң кір бол­май­ды екен» деді. Иә, артис­тің жағасы кір болмас ау, ал тер бо­лар екенін Болат сол күні түсін­ген. Өнер де­ген ұлы теңіздің жай­машуақ күн­дері де, тұманды түндері де Айва­зовскийдің «Тоғы­зын­шы көк тол­қынындағы» сурет­тегідей сұра­пыл сәттері де бар екенін сана­сы­мен түйсінген. Осы­лай­ша, Қара­ған­дыдағы он жыл өте шықты. Ол кез­дерде Жақып Ома­ров Шым­кент­ке кетті де, орнына Ерсайын Тәпенов келген. Бірақ Ерекеңді Павлодардан ашыл­ған театрға кетеді деген қауе­сет шық­қан. Ор­нына кім келері белгісіз. Бола­шағы тұманда қалған айдын­дағы ескек­сіз қайықтай. Осындай күн­дердің бірінде Жақаң-Жақып Ома­ров келген. Жүрісі асығыс, қара мұр­тын сипап қойып, Болат­пен дәм­ханаға барды. «Ал Болат. Цели­ноградта қазақ театры ашы­лады. Барасың ба?» Болат ойлан­бастан, «иә» деп жауап қайтарды. Өйткені жалғыз емес. Қасында әріптес аға­лары, достары бар екен. Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген артистері Рымкеш Омарханова, Шәміл Жүнісов, Қай­рат Кемалов, Рамазан Бай­ма­ғам­бетовтар, т.б.

Иә... Бұл жылдары Қазақстан егемендікке ие болған кездері еді. Өз аяғымен өзі тұрған республика орыстанып кеткен өлкелерде қазақ театрын ашуды қолға ала бастаған шақ. Қ.Қуанышбаев атындағы театры да сол егемендіктің, сол тәуел­сіздіктің алғашқы қарлығаш­та­рының бірі болатын. «Онда кет­тік, бауырым! Басында қиналар­сың, кейін бәрі орнына келеді» деді Жақаң. Ескіде бір сөз бар екен. «Ер жігіт кеттік дегенде қай­да демейді, қашан дейді». Нартәуекел! Сөйтіп, Қарағанды театры да, онда ойнаған рөлдері де Болат Ыбыраев мінген машинаға қол бұлғап қала берді. Әттең... Он жыл түк емес ау. Әсі­ресе, Д.Иса­бековтың «Әпке­сін­дегі» – Тимур, Ә.Та­ра­зидың «Жақсы кісісіндегі» – Марат,      Т.Ахта­нов­тың «Ан­тын­да­ғы» – Хан, С.Мұқановтың «Мөл­дір махаб­батындағы» – Бүркіт, Н.Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» – Диуа­наны енді қашан ойнармын деген ой ғана мазалаған. Бірақ «Шешін­ген судан тайынбас» демекші, алға қарай тарта берді.

Жаңа жер! Жаңа қала! Бұл қалада екі-үш қана көше. Оның өзі шаңға бөленіп қала береді. Дәл баяғы студент секілді кезеңдер. Бірде аш, бірде тоқ. Бір күні бірге келген екі дос Рамазан мен Қайрат бұзылған. «Қош, Бөке! Қайтқан мал­да береке бар демекші, Қара­ғандыға қайта барайық!» деді. «Мәссаған!» Онсыз да сағымдай бұзылып жүрген Болаттың көңі­ліне ана екеуі «тұз сеуіп, мұз бүрік­кендей» болды. «Не істей­мін? Қайтсам ба екен?.. Оның үстіне Қарағандыда екі бөлмелі үй бар. Ал мұнда ше? Әзірге ештеңе жоқ!». Болат сол күні кірпік ілмеді. Дөңбекшіп шықты. Тұрып жатқан вагон да суық. Үстіне күрткісін жамылып, далаға шыққан. Таң қы­зарып, ағарып келеді. Қызыл арай ала бұлттың арасынан бұлқынып шығатындай. «Жоқ! – деді Болат, кіммен қарайсаң, сонымен ағар деген халық. Қалам!». Бұл оның соңғы шешімі еді.

Иә, көп ұзамай тіл игеруші­лер­дің мәдениет сарайында қазіргі Конгресс-Холлда Жақып Омаров­тың сахналауында Ғ. Мүсірепов­тың «Ақан сері – Ақтоқтысы» көне қа­ла Ақмолада, Сарыарқаның тө­сінде шымылдығын айқара ашты. Болат кейіпкер Жалмұқанның туын сахнаға желбірете шықты. Қазақ тілін сағынған қарагөздердің қуа­нышында шек жоқ. Бұл үлкен жеңіс еді. Салқын самалы жаныңа ем, жүрегіңе шуақ тастайтын ұлт­тық драма театры дүниеге келді.

Бүгінде сол жас жігіт Болат Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері атанып, алпысқа келіп қа­лып­ты. Бірақ мінезі сол. Өз­гер­меген. Көбінде үнсіз. Дәл баяғы Акира Курасаваның фильміндегі Дерсу Узала дерсіз. Дұрысы сон­дағы КСРО халық артисі, «Оскар­дың» иегері Максим Мунзук секіл­ді. Өз ісінің маманы, сахнаның шебері. Үш баланың әкесі, не­ме­релерінің атасы. Астананың ір­ге­сіндегі кішкене үйде барымен базар. Есік алдындағы бақша, қо­радағы кішкене иті де қожайыны келсе, қуанғандай құйрығын бұл­ғаң­датады. Дәл бір Ш. Айтма­тов­тың «Боранды бекетіндегі» Еді­генің иті Жолбарыстай.

Иә, Едіге демекші... Болат шы­ғармашылығындағы ерекше об­раз... Әлі күнге Ә.Мәмбетовтың көзіндей рөл... Ойлап қарасаң Әзе­кең дәл осы қазақ театрының қара нары – Едігесі екен-ау... Қалай еді?.. «Қазіргі жастардың іші­нeн oндай талапкeр табыла қoяр ма eкeн. Сарыөзeктің разъeз­дeріндe тұру үшін адамда рух бoлу кeрeк, әйтпeсe арам қатасың. Дала – кeнeн, адам – нoқат. Саған жай­лы ма, жайсыз ба – далаға бәрібір. Далада қалау бoлмайды». Сондай-ақ Бөкең Әзекеңмен бірге А.Че­хов­тың «Ваня ағайындағы» – Ваняны, В. Дельмардың «Баянсыз бағындағы» – Мистер Куперді сомдады. Бүгінде ол театр репер­туарындағы қойылымдардың ба­сым көпшілігінде өнер көрсетіп, көрермен қауымның ыстық ықы­ласына бөленуде. Ол осы қырық жыл ішінде сахнада алпыстан аса рөл ойнапты. Солардың ішінде, әсіресе : Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралындағы» – Орманшы;  О.Бөкейдің «Құлыным ме­ніңін­дегі» – Жан; Ғ.Мүсіреповтың «Ақан Сері-Ақтоқтысындағы» – Жалмұқан, Балта; Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібегін­дегі» – Базарбай; М.Әуезовтің «Қара Қыпшақ Қобыландысындағы» – Көбікті, «Қарагөзіндегі» – Жабайы, «Абайындағы» – Оразбай, «Еңлік-Кебегіндегі» – Кеңгірбай биі; Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күніндегі» – Едігесі;  М.Кәрімнің «Ай тұтылған тү­нін­дегі» – Диуанасы; Т.Ахтановтың «Жоғалған дос» – Естемесов, «Күшік күйеуіндегі» – Кубигі; У.Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасындағы» – Пастор, «Гамлетіндегі» – Полоний;А.Чеховтың «Ваня ағайында­ғы» – Войницкий; А.Дударевтің «Кешіндегі» – Мультик; Т.Джюдженоглудың «Көш­кі­нін­дегі» – Ақсақал;
Д.Рамазан «Кенесары-Күнім­жандағы» – Тұрсынбай; М.Фриш «Дон Жуанның дума­нындағы» – Тенорио; Е.Жуасбек «Терең тамырлар­дағы» – Ала ағаш;  Ж.Ануйдың «Жалын жұтқан Жанна Д’арк» – Кошоны; Қ.Жүнісовтың «Сәкен Сұң­қарындағы» – Ахмет Байтұрсынов;
В.Ежовтың «Тыраулап ұшқан тыр­налардағы» – полковник Лу­кья­новы ерекше болып тұр.

Болат екеуіміз сөйлесіп отыр­мыз. Мен шеккен темекiнiң тү­тіні бөлме ішіндегі сәулемен ойнайды.

– Енді қандай рөлді ойнағың келеді? – деймін. Болат тағы да үнсіз.

– Шекспирдің «Ричарды мен Король Лирін» ойнасам. Абылай­ды да ойнау арманым. Әттең, ден­саулық...

– Бұйырса, ойнарсың. Онда жақсы.

– Жақсы – деді Болат. Аппақ ұзын шашын артына қайырып тастап, Бөкең есіктен шыға берді.

Неткен қарапайымдылық... Неткен кісілік. Неткен кішілік деймін ішімнен. Сендердей да­рын­ды жігіттер бар да, қазақ өнері бар-ау. Жасай бер, Болат дос! Жолың болсын!

Талғат Теменов, Қазақстанның халық артисі, профессор

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3558