Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жөн-ақ 3852 64 пікір 12 Ақпан, 2018 сағат 10:13

Әліпби құрастыруда ескерілмеген мәселелер, еміле ережелерін жасауда ескеріле ме?

Қазақ тілі дыбыстық жүйесінде қанша дыбыс бар екенін Ахмет Байтұрсынұлы бұдан жүз жыл бұрын анықтап, нақтылап, дәлелдеп кеткеніне және соның негізінде латыншаланған қазақ әліпбиі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында жасалып қойылғанына, ол әліпби қазақ жұртына он-он бес жылдай (1926-1940) тәп-тәуір қызмет еткеніне қарамастан, біз сол латынша әліпбиімізді сәл жетілдіріп пайдалана беруге бармай, «белесебетті қайта ойлап шығарғандай» болып жаңа әліпби құрастырдық. Бірақ оның кемшін тұстары жеткілікті екенін қоғам жаппай айтып жатыр. Біздің ойымызша, оның басты кемшілігі – ұлттық тілдің өзіндік өзгешелігін ескермеуде жатыр. Енді осы әліпбимен емле ережелерімізді бір оңтайға келтіріп алсақ та, аз олжа емес сияқты.

Ұлттық тілді өзге тілдерден ерекшелейтін басты белгілердің бірі әрі бірегейі – дыбыстық жүйесі. Ол ұзақ дамуды өткеріп, басқа тілдерден бөлектеніп, өзінше болып қалыптасады да, ондағы дыбыстардың өзіндік тіркесуінен ұлттық тілдің өзіне ғана тән сөздік құрамының барлық сөзі жасалады. Сондықтан да қандай тілдің болсын, әбден қалыптасып, шыңдалған дыбыстық жүйесіне жат дыбыстар өз бетімен жеке-дара ене алмайды. Ене қалса, сіңісіп кетуі – өте сирек құбылыс (мысалы, қазақ тіліне араб тілінен енген «ә» дыбысы). Олар тек бөтен сөздер арқылы ғана сол сөздердің иесі қалай айтып-жазса, сол қалпында екінші тілде де солай болуы талап етілген жағдайда ғана орныға алады. Ол үшін, ең әуелі, басқыншы тіл (ұлт) өз сөздерін бұлжытпай айтуды міндеттеп, солардың құрамындағы өз дыбыстарын екінші тілдің дыбыстық жүйесіне телиді. Қазақ тіліне бағытталған бұндай басқыншылық қитұрқы саясат орыс тілі тарапынан болды және күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

Ұлттық тілді тұтынушылар арасынан «неге бөтен сөздерді бұлжытпай айтуымыз керек?» деген күдік-күман, наразылық туындап кетпеуі үшін латын, грек, ағылшын, француз т.б. тілдерден орысшаланып алынған, яғни орыс тілінің дыбыстық (фонетика), құрылымдық (грамматика) заңдылығына негізделініп айтылып-жазылатын кірме сөздерін «біз оларды өзгертпей алғанбыз, өйткені олар «халықаралық терминдер» деп бізді алдаусыратып, тіпті арбап сендірді.

Пайымдап қарасақ, «халықаралық термин» деген ұғым посткеңестік елдерден басқа бірде-бір елде (тілде) жоқ екеніне көз жеткіземіз. Орыстандыру саясатына уланған біздің солай деп ойлап жүрген сөздеріміздің баршасы – бізге кезінде араб-парсы тілінен қазақшаланып енген «ғылым, ғалым, ілім, ұстаз, мұғалім, шәкірт, кітап, дәптер» т.б. сөздер секілді орыс тіліне де латын-грек тілінен орысшаланып сіңген, қазір нағыз орыстікі болып кеткен сөздер екен.

Рас, орыс тілінің сөздік құрамындағы кейбір сөздер латын-гректік түбірге 100 пайыздай сәйкес келіп қалатын кездері болады, алайда бұл – орыс тілі еуропалық тілдердің барлық сөзін еш өзгеріссіз алған дегенді білдірмейді. Орыс тілі үнді-еуропа (флективті) тілдері тобына жататын болған соң, дыбыстық жүйесі мен тілдік құрылымы оларға қазақ тілінен гөрі бір табан жақын. Сондықтан да кейбір сөздердің грек-латынша дыбысталуы орыс тілінің табиғатына толық сәйкес келіп, еш өзгертілмей алынған.

Егер жат жұрттық сөздер белгілі бір заманның саяси ықпалымен жасалған ереже-қағидалар негізінде тілге зорлықпен енетін болса, тілдің табиғи жүйесіне сәйкес келмейтіндігінен, бәрібір олардың бөтендігі әрқашан сезіліп тұрады. Керісінше, халық орыс сөздерін қабылдағандай, айтып-жазса (ағылшын, орыс, неміс, кәріс, жапын, шешен т.б.) онда олардың бөгделігін арнайы үңіліп зерттеген маман адам (лингвист) болмаса, кез келген жан аңғара бермейді.

Ал қазіргі қахақ тілі сөздік құрамымындағы ХХ ғасырдың екінші ширегінен (1938 ж.) бастап орыс тілінен және осы тіл арқылы басқа да шетел тілдерінен «халықаралық термин сөздер» деген жалған желеумен орысшаланып, тіліміздің табиғи заңдылықтарына бағынбай, түр-тұлғасын еш өзгертпей сан мыңдаған сөз енді. Оларды нағыз қазаққа айту да, жазу да қиын. Сол «термин сөздер» үнемі түбір қалпында қолданылмайтыны да, оларға әртүрлі қазақша қосымшалар жалғауға тура келетіні де баршаға белгілі.

Әдетте қазақ тіліне жанашырлардың арасында жат тілдік дыбыстары бар сөздер ғана тілдің табиғи бітім-болмысын бүлдіреді деген түсінік бар. Шынында да, олардың ойраны қазақтілді кез кезген жанның көзіне бірден шалынады. Ал жат тілдік сөздер құрамындағы қазақ тіліне де тән дыбыстардың өзгеше, мәселен, орысша тіркесуінің тіл бұзарлық әлеуеті (потенциялы) жат тілдік дыбыстардан да ерекше күшті. Бірақ біз «орыс-қазақ» әліпбиімен сауат ашып, сосын орыс тілінің сөздері мен орыс тілі арқылы орысшаланып енген өзге тілдердің сөздері орысша қалай жазылса, қазақша да солай болуын талап ететін қазақ тілінің «жасанды» емле ережелерін жаттап өскендіктен, олардағы қазақ тілі табиғатына жат дыбыс тіркесімдерінің тіл бұзарлық ойранын сезе бермейміз. Айталық, «г» дыбысы мен «а» дыбысының тіркесі қазақ тіліне жат. Сол себептен «газ» сөзінің қазақтың өз сөзі емес екенін кез келген қазақтілді қазақ бірден аңғарады.

Сондықтан да латын негізді әлііпби бойынша қазақ жазуын қалыптастыруда оның өзіндік табиғи ерекшелігі қатаң ескерілуі керек. Осыған орай оның төл дыбыстары мен олардың өзара тіркесімі мәселесіне арнайы тоқталар болсақ, бұл орайда, ең әулі, қазақ тілі дыбыстық жүйесінің табиғатына қатысты басты-басты заңдылықтарды анықтап, екшеп алғанымыз жөн болар. Біздің зерттеп-зерделеуімізше, олар – мыналар:

1. Қазақ тілінің өз сөздерін дыбыстап айтуға арналған төл дыбыстары бар. Олардың дыбысталуы дыбыс шығару мүшелерінің сан мығдаған жыл бойы қалыптасқан артикуляциялық (дыбыс шығаруға ауыз-көмей мүшелерінің қатысуы, дыбыстардың жасалу орны) және акустикалық (дыбыс шығару кезінде демнің өкпеден шығу жолы мен қарқыны) заңдылықтарына негізделген;

2. Қазақ тілі дауысты дыбыстары жуан-жіңішке, еріндік-езулік болып жұптасып келеді. Сол себептен буын үндестігі – қазақ тілінің басты заңы болып есептеледі;

3. Қазақ тілі дауысты дыбыстарының ішінде «о» дыбысы түбір марфеманың тек алғашқы буында ғана қолданылады. Басқа дауысты дыбыстар барлық буында айтылады, демек жазылуға тиіс. Бұл заңдылық, әсіресе күні бүгінге шейін «емлелік жасанды ережеге» қор болып, жазылуы мен айтылымы арасында үлкен айрмашылық пайда болған «ә» дыбысы мен еріндік дауысты дыбыстарға (ұ, ү, ө) және осы дыбыстар екінші-үшінші буындарда қолданылатын сөздердің жазылуына тікелей қатысты.

4. Қазақ тілі бүкіл түркі тілі сияқты жалғамалы (агглюнативті) тілдер тобына жатады. Демек, түбір сөзден афикстік морфемалар арқылы туынды сөздің жасалуы және олардың түрлі грамматикалық мағыналарға ие болып түрленуі – оларға жалғанатын қосымшалардың жуан түбірге жуан, жіңішке түбірге жіңішке жалғанып, үйлесіп келуі арқылы жүзеге асады;

5. Қазақ тілінің тағы бір өзіндік бір заңдылығы – еріндік дауысты дыбыстардың да үндестігі. Бұл заңдылық қолдан жасалған айтылым сөздігінде ғана ескерілмей, емле сөздігімізде де көрініс табуы керек.

6. Қазақ тілінді еріндік дауыстылар (о, ө, ұ, ү) ғана өзінен кейін келетін қысаң «ы» мен «і» дауысты дыбыстарын еріндікке айналдырады деп жасанды ереже шығарғанша, олардың орнына жаңа емле ережемізде еріндік дауыстылар жазуымыз керек. Бұл заңдылық үнді дауыссыз дыбыс «у» дыбысына да тікелей қатысты. Қазақ тіліндегі «У» дауыссыз дыбысы өзінің алдында да, өзінен кейін де «ұ» мен «ү» еріндік дауыстыларының айтылуын талап етеді. Демек, жазған кезде, болашақ емле ережемізде осыны да мұқият ескеруіміз керек.

7. Қазақ тілінің түбір марфемасы құрамында екі дауысты дыбыс қатар тұра (дыбыстала) алмайтыны сияқты екі түбір морфема біріккен кезде екі дауысты дыбыс қатар тұра алмайды. Сондықтан оларды біріктіріп жазатын болсақ, біреуін түсіріп (қаларалық), не болмаса оларды тіркес сөз ретінде (қала аралық) ғана жазу керек.

8. Қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан, қазақ тілінің түбір сөздері мен туынды сөздері, сөз түрлендіруші жұрнақты сөздері буын үндестігі (сингармонизм) заңына бағынып айтылады және жазылады;

9. Қазақ тілінің үнді дауыссыз дыбыстарынан «м» мен «н» ғана сөз басында қолданыла алады. «Ң» үнді дауыссыз дыбысы ғана емес, сондай-ақ «р», «й», «у», «л» үнді дауыссыз дыбыстарынан да сөз басталмайды, демек олар жалаң түрде, яғни «ы», «і», «ұ», «ү» даусты дыбыстарынсыз жазылмауы да керек;

10. Қазақ тілі сөздері қос дауыссыздан басталмайды.

11. Қазақ тілі сөздерінде үнді мен қатаң дауыссыз дыбыстардың (й+т, л+т, н+т, р+т) тіркесімі бар болғанмен, сөз соңында екі дауыссыз дыбыс айтылмайды.

12. Сөз ішінде (түбір морфемада) бірдей екі дауыссыз дыбысты қосарлап айту қазақ тілінің табиғатына тән емес.

13. Қазақ тілінде «з», «ж» дыбыстарынан басқа ұяң дауыссыздар сөз соңында қолданылмайды.

14. Қазақ тілінде сөз екпіні (екпінді буын) деген нәрсе жоқ, ол қазақ тілі сөздерінің лексикалық мағынасын өзгерте алмайды. Сол себептен екпін барлық буынға бірдей түседі және екпінді, екпінсіз делініп дауысты дыбыстар ерекшеленбейді. Демек, орыс тіліндегі екпінсіз айтылатын дауысты дыбыстар орысша қалай айтылса, қазақша да солай айтылып-жазылуы керек. Мәселен, мамонт – мамынт, портал – партал, ректор – іректір, томография – тамағырап(ы)йа, трактор – тірәкт(і)р т.б.» делініп.

15. Орыс тіліндегі «и», «у», «ы» дыбыстары осы әріптермен таңбаланып жүрген қазақ тілі дыбыстарына мүлдем сәйкес келмейді. Осы әріптер қолданылатын орыс тілі сөздері қазақ тілі дыбыстарымен алмастырылып, яғни қазақшаланып жазылуы керек.

Қазақ тілінің осы аталған ерекшеліктеріне енді ретіне қарай тоқталайық. Өйткені қазақ тілінің өзіндік осы ерекшеліктері мен табиғи заңдылықтары латынша әліпбиге көшкенен кейінгі қазақ жазуын (емлесін) дайындау, қалыптастыру кезінде қатаң ескеруді қажет етеді.

Сондай-ақ жіңішкелік белгісіне немесе екі дауыссыз дыбысқа аяқталған орыс сөздеріне қосымша әртүрлі жалғанып жүр. Себебі қазақ тілінде түбір морфема мен негіздік морфеманың (туынды сөз) басында да, аяғында да екі дауыссыз, әсіресе екі қатаң дауыссыз қатар айтылмайды, сондай-ақ бір дыбыс түбір сөз құрамында қатарынан екі рет айтылмайды. Демек, «Сарыарқа», «қалааралық», «махаббат», «ләззат» т.б. сөздердің жазылуы кате. Өйткені жоғарыда ескерткеніміздей, қазақ тілінің түбір морфемасы құрамында екі дауысты дыбыс қатар тұра (дыбыстала) алмайтыны сияқты екі түбір морфема бірігіп, бір лексикалық мағына беретін тұтас сөз ретінде қолданылған кезде екі дауысты дыбыс қатар тұра алмайды. Сондықтан оларды біріктіріп жазатын болсақ, біреуін түсіріп (қаларалық), не болмаса оларды тіркес сөз ретінде «қала аралық» деп жазуымыз керек.

Егер өзгетілдік сөздер «ст», «зд», «дж», «кс», «зм», «рс» т.б. дыбыс тіркесімімен аяқталса, қазақ тілінде олардың арасына «ы», «і» қысаң дауысты дыбыстары қосылып айтылады. Мысалы: миннистір, коледіж, кодекіс, экстремизім, курыс т.б.

Міне, қазақ тілінің осы сияқты т.б. заңдылықтары, тіпті Халел (өз атын көп жағдайда «Қалел» деп жазған. авт.) Досмұхамедұлы «Сингармонизм түрік (түркі. авт.) тілінің айрықша өзіне біткен қасиеті» деп ұлықтаған тіліміздің буын үндестік заңы ескерілмей дайындалған емле (орфография) ережелеріміз оның жазба тілін ғана емес, жанды (ауызша) тілінің өзін де табиғатынан алшақтатып барады. Сол себептен қазақтілділер қазақ тілінің жаттілдік сөздерді қалай жазу керек екені туралы қазіргі емле ережелерін жатқа білсе де, қазақ тіліне өзгетілдік дыбыс тіркесімдерімен енген сөздерді әркім өзінше дыбыстап, өздері дұрыс-ау деп ойлаған қосымшаларды жалғап жүр. Өйткені қазақ тілінің қазіргі емле ережелерінің көбісі орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден орысшалашып енген сөздерді сол қалпында алып, оларға қайтсек, қазақша қосымшалар жалғаймыз деп жасалған ережелерге толы. Оған қазіргі жазба тіліміздің материалдарынан көптеген мысал келтіруге болады.

Орыс тілі әліпбиі және оның тілімізге өзгеріссіз енген сөздерін жазу ережелерінің ықпалынан болар, қазақ тілінің төл сөздерін айтып-жазуда да кінаратты жақтар баршылық. Мәселен, қазақ тілі дауыссыз дыбыстары және олардың сөз құрамындағы өзге дыбыстармен тіркесімі біраз мәселені қайта қарауды қажет етеді. Қазақ тілінің кейбір дауыссыз дыбыстары сөздің барлық орнында (позициясында) келе беретін болса, енді біреулері сөз басында айтылмайды. Сондай-ақ «з», «ж» дыбыстарынан басқа ұяң дауыссыздар сөз соңында қолданылмайды. Оның өзінде «ж» дыбысымен бар-жоғы «тәж» және «баж (баж салығы)» деген екі сөз ғана аяқталады. Енді бұған өз ереже-қағидасымен қазақ тіліне еш өзгеріссіз енген сөздердің айтылым-жазылым мәселелерін қоссақ, онда оның (қазақ тілінің) өз табиғатынан біртіндеп алшақтап бара жатқанын анық аңғарамыз.

Қазақ тілі жазуында (графикасында) үнемділік заңын сақтаймыз деп тағы бір өрескел қателікке жол бердік. Нәтижесінде «м» мен «н» үнді дауыссыздары секілді «р», «й», «у», «л» үнді дауыссыздарын да сөз басында жазатын әрі айтатын болдық. «Ң» үнді дауыссыз дыбысынан сөз басталмайтыны секілді бұл дауыссыздардан да сөз басталмайды, сондай-ақ қос дауыссыздан басталатын және қос дауыссызға аяқталатын шет тілдік сөздердің жазылуы қазақ тілі заңдылығы бойынша өзгеше. Өйткені әр тілдің өзіне тән дыбыстары, олардың тіркесуі, сондай-ақ олардың сөз басында, сөз ортасында, сөз аяғында келуі тәрізді өзіндік заңдылықтары бар.

Қазақ тілінде сөз соңында «йт», «нт», «рт», «лт» (айт, жент, құрт, кілт, т.б) сияқты үнді мен қатаң дауыссыздар тіркесімі бар болса да, басқаша тіркесіммен айтылмайды, демек жазылуы да мүмкін емес. Ал сөз ішінде үнді дауыссыздар өздерінен кейін келетін дауыссыздардың барлығымен тіркесе береді, солай болғанымен, біздің ойымызша, «қм», «рм», «сл», «мл», «см», «др», «хн», «қр» дыбыс тіркесімдерімен жазылып жүрген кейбір «кірме» сөздердің (рақмет, құрмет, мемлекет, ислам, медресе, сахна, мақрұм, ресми, емле т.б.) аражігіне, тіліміздің өзіндік табиғи бітім-болмысын сақтау мақсатында ешқандай жазу үнемділігін ескермей-ақ, «ы/і» қысаң дауысты дыбыстарын жазып-айтуымыз қажет сияқты. Мәселен, «ырақымет», «құрымет», «мемілекет», ыйсылам», «медіресе», «сақына», «мақұрым», «іресім(і)й», «еміле» деп жазсақ, қазақ тілі айтылымына (орфоэфия) барынша жақындай түсетіні анық.

Қазақ тілі жалғамалы (агглютинативті) тіл болғандықтан, оған өзге тілден (орыс тілінен) енген сөздердің соңындағы қосарлы дауыссыздарға баса назар аударған жөн. Бұл жерде екі дауыссыз дыбысқа аяқталған сөздердің қазақ тілінде дыбысталуында жүзеге асатын эпитеза, эпентеза, диэреза заңдылықтарын ескеру қажет.

Протеза бойынша дыбыс сөздің алдынан қосылса [95, 260], эпитеза бойынша дыбыс сөздің соңынан қосылады. Сол себептен сөз соңы екі дауыссыз дыбысқа аяқталған сөздердің соңына дауысты дыбыс қосып айтуды тіл білімінде эпитеза деп атайды [96, 404 б.]. Мысалы, өзбек тілінде орыс тілінен енген киоск, танк, пропуск, диск деген сөздер киоска, танка, пропуска, диска түрінде айтылады және жазылады. Ал қазақ тілінде бұл сөздердің жазылуы орысша түрінде сақталғанмен, олар айтылуда киоскі, таңкі, пропускі, дискі түрінде айтылып, оларға қосымшалар дауыссыздан басталып жалғанады. Мысалы, киоскіден, таңкіге, пропускіні, дискіні. Бұл жерде өзбек тіліндегі «а» әрпі «ә» болып оқылатынын және қазақ тіліндегі сияқты «к», «г» дыбыстары оларда да жуан дауыстылармен тіркесе алмайтынын ескеру қажет. Демек, оларда «киоск» сияқты сөздердің айтылуы - күйөскә.

Сөз аяғындағы қос дауыссыздардың жазылуына бірдей қарауға болмайтыны сияқты екі қатаң дауыссыздан басталатын жаттілдік сөздерді жазуда да ескеретін тағы бір үлкен мәселе бар. Мәселен, қатаңнан кейін үнді келетін кредит, кристал, климат, президент, прокурор, пленум сияқты сөздердегі «к», «п» дыбыстарынан кейін «ы», «і» қыстырма дауысты дыбыстарын қоспай-ақ, үнемдеп жазуға болатын болса (өйткені орысша дыбыс тіркесімін сақтап жазсақ та, нағыз қазақ «ы/і» дауыстыларын қоспай, бәрібір айта алмайды), стратегия, скат, спикер, сцена сияқты екі қатаңнан басталған сөздерде міндетті түрде протеза құбылысы (ы,і-мен жазу) ескерілуі қажет, себебі екі қатаң дауыссыз дыбысты сөз басында айтуға қазақ тілінің дыбыс жасау (артикуляциялық) мүмкіндігі жоқ. Әлбетте, біртіндеп орысқа айналып бара жатқан «сәбіременій» қазақтың оған тілі келеді.

Исхан Бейбіт Жәлелұлы, ф.ғ.к., доцент

Abai.kz

 

64 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499