Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әдебиет 8564 1 пікір 1 Ақпан, 2018 сағат 10:05

Үш эпизод

2018 жыл – Алматы облысының бірқатар аудандары үшін ерекше мерейлі жыл. Ақ айдынды Алакөл ауданы да солардың қатарында биылғы жылы 90 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Осыған орай Алматы облысы мен Алакөл ауданының Құрметті азаматы, қаламгер Ахмет Кендірбекұлының циклді естеліктерін біртіндеп жариялауды бастап отырмыз.

ҮШ ЭПИЗОД

(Әлмен Аханов хақында)

Ол кісімен танысуымның өзі қызық. Көктұмада көңілім көк тіреп жүрген кез. Аудандық газетке өлеңдерім бұрқырап шығып жатыр. Сәкен, Қастек, Ғұсмандар болса Алматыда, бәсекелес аз, алакөлдік ақындардың алды болып, ақ қағаздың ақтаңгеріндей сезінем өзімді. Мансап та ілгерілеп, мектептің тізгінін ұстадым. Өлеңім өрлеп, көңілім төрлеп тұрған кез.

Ауылға ауданнан бір топ комиссия келе қалды. Аралап көріп, ұсыныс пікірлерін айтып жатыр. Мектепке бас сұқты. Кенет бір оңашада тұлғасы келіскен елулердің шамасындағы адам:

- Мен Әлмен Аханов деген ағаң боламын. Сенің өлеңдеріңді оқып жүрмін, інім. Бірақ сенен атақты ақын шықпайтын шығар, - деп басын шайқады.

Мен аң-таңмын. Танымайтын адамның менің «талантыма» баға беріп жатқаны қалай?

- Есіңде болсын, өлең жадау көңілден, жауыр өмірден шығады. Мықты ақындардың бірі де бай болмаған. Ғұмырлары кедейшілікпен өткен. Сен болсаң, астыңа жап-жаңа жеңіл көлік мініп алыпсың, - деді ол.

Түк айта алмадым. Расында кеңестік жылдары машинаң болса, сен ауқатты адамдардың қатарынан саналатынсың. «Волга» емес, «Москвич», «Запорожец» алсаң да, елге «байып» кеткендей сезілетінсің. Ағамыз қайдан білсін, қатарымнан қалмайын деп, қарызданып, қауғаланып жүріп, көлікке әрең қолым жеткенін. Ойыма жетісіне бір рет «обед» ішетін Сұлтанмахмұт пен «Мұқағали, Мұқағали, жаман қатын, аш бала, жұтаған үй» оралды. Оның аржағында берешектері жазылған Пушкиннің «Қарыз дәптері» тұр. Рас, таланттардың бәрі байлықтан кембағал болған. Ойын түсіндім, қалай болғанда да, ағаның сөзін көңіліме дық алып қалдым.

Кейіннен ауданға қызметке ауысқанда да Абай айтқандай, «күшігінде таланған» менің ол кісіге деген көңілімде бір кірбің тұрды да қойды. Аңдап жүрмін, кез келген жиында қатарластарынан оқ бойы озып, бойы десе бойы, ойы десе ойы бар екенін сездіріп, жұртты еріксіз өзіне жалт қаратушы еді. Сөз мәйегінен ол кісінің төгіліп тұрған шешендігін байқайтынмын, қатпар-қатпар ойларды қиюластыра сөйлеуінен бағзының ескі сарқытындай сезілетін. Ол шынында да, өз қатарластарының ішіндегі тұлға болатын. Бір топ адамның ішінде келе жатқанда басқалардан бір бас жоғары тұрса, сөйлескенде елдің, жердің, әдебиет пен мәдениеттің арғы-бергі тарихын, жүз, рулардың, Алакөлден шыққан тұлғалардың шежіресін шерткен кезде, маған бір алқымын аппақ сақал жапқан абыз қариядай елестеуші еді. Бірте-бірте Әлекеңмен қалай жақын араласқанымды да білмей қалдым. Адамның бір-бірімен лебіздес, сарындас, арналас болуы, сірә, көңіл жақындастығынан туар болса керек.

Не керек, Әлекеңмен аралас-құралас болған жылдарымды үлкен бір өмір мектебіне балаймын. Өйткені көргені көп, түйгені одан да мол осы бір сәруар адамнан үйренер үлгі көп еді. Ол ең бастысы қай адаммен қалай сөйлесуді білетін, басшымен басшыша, қосшымен қосшыша шүйіркелесіп, тілін табатын. Мамандығы жағынан филолог болса да, совхоз директоры, Алакөл қант зауыты директорының орынбасары, аудандық көп салалы тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы комбинатының директоры болып биік мансаптарға жетуінің өзі оның сан қырлы ұйымдастырушылық қасиеттерін аңғартса керек.

«Қарақұм» совхозына директор болып жүрген кезде айтқан кәделі бір сөзі ел аузынан бізге жеткен еді. «Сендердің күндерің күн ғой, шіркін. Мен күніне үш терлеймін», - депті әріптестеріне,- «Таңертең  Арқарлыдан шығамын, алдымнан Күн қыздырады, бір терлеймін, аудандық партия комитетінің бюросында бірінші хатшы бір шыжғырады, тағы терлеймін, кешке қайтарда алдымнан Күн тағы да шақыраяды, сонымен үш терлеймін».

90-жылдары елдің отарлық қамыттан құтылып, дүр сілкінген кездерінің бірі еді. Бір күні Әлекең менің жұмыс кабинетіме келіп, әңгіме арасында Алакөл өңірінде жауырыны жер иіскемеген Қараш деген палуан өткенін, өкінішке қарай «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» заманында құрбан болып кеткенін айтты. Мен дереу:

- Палуанның басына кеттік, аға,- дедім.

Әлағаң екеуміз Тентек өзенінің бойындағы Дорбақ қойнауында отырған Қарабұлақ ауылына тарттық. Сол ауылдағы көнекөз, құймақұлақ қарт Сибағат Алпысбаевтан Қараш палуан туралы әңгімеге әбден қанып, қария бастап палуанның жамбасы жерге тиген жерге апарды. Бейіт қоршалмаған, ашық-шашық жатыр екен.

Қайтып келіп, аудан әкімі Әбдіғали Бектеміровке естіген, көрген- білгенімді айттым. Басшы байыппен тыңдай келе, зиратын қоршауды орынбасары Берік Жақыповқа және Қарабұлақ ауылында палуанды еске алу мақсатында үлкен шара ұйымдастыруды маған тапсырды. Рәсім ойдағыдай өтті, ел бір сілкінді, Қараш палуан жұрт зердесіне қайтып оралды. Әлекеңнің арқасында Алакөлдік тұлғалардың қатарынан Қараш палуан да өзінің тарихи  орнын алды. Кейіннен «Белдескенін бүктеген» деген кітап жазып, жас ұрпаққа Қараштың қасиеті мен өсиетін жеткізді.

2000 жыл Әлекең үшін керемет тарту сыйлаған жыл болды. Ғасырлар тоғысы. Мыңжылдықты көру бақыты әрбір 36-ұрпаққа қана бұйырады екен. Сондай бақыт біздің маңдайымызға да жазылды.

Жұмыс кабинетімде отырғам, облыс әкімінің орынбасары Жібек Әмірханқызы шақырды. Көңілім алаңдап қалды, алдында ғана Алакөлге іссапармен кеткен. «Не болып қалды екен?»

- Ахмет, сенің жерің де, елің де, желің де керемет екен! Аңырақай шайқасының сілемін қуалап, сонау Тоқтаға дейін барып қайттық. Алакөл қандай ғажап, тау бөктерінде астаудай төңкеріліп жатыр. Жалаңашкөл жатыр жап-жасыл болып. Қарауылтөбе басына шықтық. Қабанбай батыр Қубас атымен биігіне шыққан Тоқтаға «Соңғы шайқас өткен жер» деп тас қойдық. Батырдың «Тоқта» деген бір ауыз сөзі жерге атау болып төгіліпті. Ой, Ебі желі қандай, басында еркелеп соғып тұрды да, кенет бас бермес асау арғымақтай еліріп ала жөнелгені. Тауға бір-бірімізді жетелеп, әрең көтерілдік. Бәрін айт та, бірін айт. Мен бір жақсы аға тауып қайттым. Әлмен Аханов деген. Не деген терең адам, бүкіл Алакөлдің тарихы мен шежіресін тасқа басқандай таратады.

Басшым екеуміз Әлекең туралы біраз әңгіме тиегін ағыттық. Мен ол кісі туралы өз білгенімді айттым. Сөзінің қорытындысында Жібек Әмірханқызы:

- Мұндай адамдардың қадірін білуіміз керек. Әр өңірде осындай елге ес болатын ағалар болса, ұлтымыздың маңдайы жарқырай түскен болар еді. Сондықтан Заманбек Қалабайұлына өтініш білдіремін, ол кісіге «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын беруіміз керек.

Жібек Әмірханқызы бір сөзін екі етпейтін істің адамы-тұғын. Көп ұзамай ауылдан Әлекең де жетті. Салтанатты жиында атақ тапсырылды. Сондағы ағаның қуанышын көрсеңіз. Жанарына жас үйірілді. Бұл қуаныш жасы еді, тебіреніс жасы еді. Талдықорған облысы тарап, екі облыс қосылғаннан кейінгі Алакөл өңіріне берілген тұңғыш әрі лайықты адамына бұйырған атақ еді. Әлағаны пойызға шығарып салып тұрып:

- Ледокол болып, мұзды жардыңыз, Сіздің соңыңыздан осындай атаққа ие болатын азаматтар ақ айдынды Алакөлден көптеп шықсын,- деп, ақжарма тілегімізді ақтарған едім. Өткен жылы өзім де осындай құрметті атаққа ие болғанымда, Әлағамның қатты толқыған сәті көз алдыма келді. Жақсы ағаның жолы жұғысты болды. Әлағаң екеуміздің арамызда қанша адам осындай атаққа ие болып, жеріміздің, еліміздің атын шығарды. Шүкір!

Тағы бірде Әлағаңның қабырғасы қатты қайысып, жанарының жасаураған сәтін көрдім. Атақты Дінмұхаммед Қонаевтың соңғы демі қасиетті Алакөлдің жағасында үзілгенде қасында біраз ақсақалдармен бірге Әлекең де болып еді.

- Тірі апарып, сүйегін арқалап қайтқанымыз жаныма қатты батты. Жүрегімнің бір тіні үзілген шығар. Қайран, Димаш аға! Омыртқамызды опырып, қабырғамызды қақыратып кеттіңіз ғой, көлеңкең күндік жерге түсетін абызым! Көлеңкеңнің өзін сағынамыз ғой, жан аға!

Домбырасын қағып-қағып жіберіп Абайдың:

Барасың қайда, қайда болмай маған,

Жас өмір алтын-күміс жарқылдаған.

Келер күн келеді екен не дайындап,

Қараңғы, қарағанмен болжай алман,-

деп әнге басты. Әлаға қатты толқыды. Қазаға тек өзі ғана кінәлі болғандай, бар салмақты жүрегіне аудара салды. Көпке дейін арыла алмады бұл қайғыдан. Тек Димаш Ахметұлы туралы «Даңқты баба. Кемеңгер дана. (Алакөл де толқиды, толғанады)» деген кітап жазғаннан кейін ғана көңілі жадырап, арқасынан бір салмақ түскендей болды. «Алакөл де толқиды, толғанады» дегені, - оның өзінің де жан толғанысы болатын.

Әлағаңның қатты толқып, жанарына жас алған тағы бір кезіне куә болдым. Облыс әкімі  Серік Әбікенұлы Үмбетов ұзақ жылғы еңбегін бағалап, ағаға Талдықорған қаласы «Қаратал» шағын ауданынан екі бөлмелі пәтер берді. Ордерді ала салып, екінші қабаттағы пәтерге көтерілдік. Жап-жаңа, сыңғырлап тұр. Көшпелі дастарханымызды ырым етіп, терезе алдына жайып жібердік. Көңіл жіпсіді, көз жасаурады.

- Ахмет, «Қызың - бүтінің, ұлың - түтінің» деген сөз бар қазақта. Сәуле, Алмагүл, Айгүл, Анар өмірден өз орындарын тапты ғой. Алмас пен Абайым мен жетпеген биіктерге жетсе екен деймін де баяғы. Бұл үйде Төкен тәтең екеуміз не тұрармыз, не тұрмаспыз, немерелерім тұрса - «Атам сыйлаған үй» десе болды да. Одан артық қандай бақыт бар дейсің, қарағым.

Көзіне жас үйірілді.

- Сіздей әкесі бар балалар бақытты ғой, көке. Толқымаңыз, Абай айтпай ма «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім! Сабыр түбі – сары алтын» деп, ұлдар да ержетер, текте бар, текке кетпес.

Әлаға екеуміз бос бөлмеде ет пісірім уақыт самбырлап сөйлеп, «сусын» іше отырып, пәлсапа ақтарсақ керек. Сол сырласудың соңы өлең жолдары болып құйылды.

Сырлас, мұңдас, жаны жайсаң, әз аға,

Шындығы сол дәл өзіңдей аз, аға.

Әлекеңдей еңселі ері тұрғанда,

Дала, белі, аруақты елі аза ма?

 

Інің аз ғой, емеурінмен жайды ұққан,

Кейі бопса, қалатын жолайрықтан.

Мен сеземін тау көтерер тұлғаңнан,

Талай мәрте қиындық та қаймыққан.

 

Өмір-тұман басқан кезде мұнардай,

Талай-талай иілгенсің сынардай.

Жабықпадың, қамықпадың, қайтпадың,

Қиындыққа қарсы біткен шынардай.

 

Енді бүгін тағдыр-асу алдында,

Өткен өмір-өткелге көз салдың ба?

Кеше ғана тулақтай жер толайым,

Айналды ғой өрісі кең шалғынға.

 

Жаның да аппақ, арың да аппақ, ақ шашың,

Айқара аштың жүрегіңнің қақпасын.

Өнегеңіз сайрап жатыр еліңде,

Тек келешек үмітіңді ақтасын!

Иә, әке үміті ақталды. Содан бері зырылдап қаншама жылдар өтті. Алмасы - білдей басшы, аудан әкімінің орынбасары, Абайы - жоғары шенді әскериліктен зейнеткерлікке шықса да, азаматтық қызмет атқарып жүр. Бүгіндері Әлағаңнан тараған ұрпақтар Алакөл төрінде әке дарытқан ұлағатпен бақуатты ғұмыр кешуде.

... Кейде бір мәрттігім ұстап, қазіргі ақсақалдарға көңілім толмай қалғанда нар тұлғалы, сөзі салмақты, ойы он сан, санасы мың сан, топ ішінде дара, ақылымен сара ӘЛАҒАМДЫ САҒЫНЫП ЕСКЕ АЛАМЫН.

 

 Ахмет Кендірбекұлы

Abai.kz

 

1 пікір